Біз – қазақ ежелден... (жалғасы)
Басы: Біз – қазақ ежелден...
Жалғасы: Біз – қазақ ежелден...
Жалғасы: Біз – қазақ ежелден...
Өзіңді-өзің тану тәжірибесінен
11.
Үйсін-усунь жайында жазған ежелгі заман авторлары оларды малға азық пен су іздеп, бір жерден екінші жерге көшіп жүрді деп барынша қысқа қайырады[1]. Қазыбек бек шежіресінде: «Ол кезде атамыз Қаратауды қоныстанады екен де, жаз жайлауы кейде Талас Алатауындағы – Сусамыр, кейде Тұрпан асып Үйсін тауына көшеді екен. Ал Үйсіннің екі інісінің қонысы өзгермей, барлық уақытта Қаратау қойнында Ұзынбұлақ деген жерде болады», – дейді.
Шежіреде әңгіме тарихтағыдай тайпа туралы емес, жеке адам жайында айтылады, тек аталарды тізбелейді: «Үйсін деген кісі ел билеген, сол кезде бүкіл еліне хәкімдігін жүргізгендіктен, бар Ұлы жүз Үйсін атаныпты. Әрине, оның ішінде Үйсіннің ұрпағы еместері де жетерлік болған», – дейді Қазыбек бек. Шежірешінің мәліметіне қарағанда, Үйсін өте көп жасап, хандық құрған кісі екен. Одан хандық құрыпты дегеннен басқа сөз қалмапты. Тек екі-үш жыл сайын Шымбас, Талас, Шуас, Лабас асып «ата-баба қонысын көремін» деп, Тәңір, Ақпан тауларына келіп тұрыпты, одан Мұзарт басып, Арқас, Тұрпан асып, Ерен қабырғаның арғы бетіндегі Үйсін тауына барып, Семкерегеге барып қоныс теуіпті. Үйсіндер көшкенде Үш Алматы арқылы «Үйсін асқан» – Көкайрақпен де жүріпті.
«Үйсіннің Бай, Нақ деген екі ұлының алғашқысы біздің атамыз болады», – дейді Шапырашты Қазыбек бек. Екі ұлдың үлкені, Шапыраштының арғы атасы Бай – әке тағына ие бола алмаған, тек шаруасын күйттеген дәулетті адам екен. Інісі де қойшылықпен күн өткеріпті. Ал Байдың Шора, Ырза дейтін екі ұлы қайта хәкімдікке көтеріліпті – шежіре осылай дейді. Одан Шораның балалары Алым мен Қарнақ екеуінің де екі елді билегені айтылады.
Алым Жетісудың Лабас тауының Бұғамүйіз, Бесмойнақ деген жеріндегі Жаманты өзенінің бойында қайтыс болса керек. Алым бұлағының аты осылай шыққан. Қазір сол жерлерді жайлап-жастап жататын Дулат пен Шапырашты оны әлі де Алым ата бұлағы деседі. Қазыбек бек өзінің 1139-жылқы жылы – аталмыш шежірені қағазға түсіріп отырған уақытынан он бес жыл бұрын «сол ыстық бұлаққа» барғанын айтып, мынандай суреттеме қалдырған: «Жаманты өзені – жаяу кісі өте алмайтын қатты ағысты өзен. Сол өзеннің арнасында, тау ішінде өзен табанында екі бұлақ қатар сығысып, аяғы ағып өзенге қосылып жатыр. Екі бұлақтың арасы бір құлаштай ғана. Табиғатқа таңданбасқа болмайды, әлгі бұлақтың бірінің суы ыстық, тіпті шым-шым десем де болады, екіншісі тау суындай сұп-суық. Сол тұмалардың шығыс бетіндегі таудың бүйірін тесіп тағы бір қайнар шығып жатыр. Ғажап. Әлігі судың бір шелегін ішуге де болады».
Алымның Есен, Жарбол атты балаларының біріншісі – Шапыраштының атасы. Есеннің Асау және Берік деген ұлдары болған. Асау да ел билеп, көп ел мен жерді өзіне бағындырған деседі. Асаудың Жүз, Дүз, Еркіл, Көркіл, Төрен деген балалары болыпты. Олардың ішіндегі Шапырашты бұтағына апаратын «біздің бабамыз Жүзден – Дәу, Бас туыпты. Бабамыздың аты Дәу болмаса керек, ол ірілігіне, батыр түлғалылығына қарай аталған. Өз аты Азан болса керек. Бірақ оны олай ешкім атамаған. Жүртқа белгілі есімі – Дәу», – дейді Қазыбек бек[2]. Дәу би б.з.д. 178-ші жылы қайтыс болған[3].
«Дәудің ұлы Елсау, Жантай мұсылман жылдығынан тоғыз жүз жыл бұрын Шүлен деген жерде дүниеге келіпті. Ағайын ала болып, Дәуді өз туыстары – Үйсін тұқымының бірі өлтіріпті»[4]. Қазыбек бектің бұл мәліметіне қарағанда – Елсау «мұсылман жылдығынан тоғыз жүз жыл бұрын», яғни хижра жылсанағынан 900 жыл ілгеріде туған. Демек, біздің күнтізбемен есептер болсақ – хижра басталатын 622-ші жылдан 900 жыл өмірге келген болса, онда Елсаудың туған уақыты біздің заманымызға дейінгі 278-ші жылға сәйкес келеді. Ал академик Ә. Қайдари бастаған 13 тарихшы-ғалым Елсау бидің өмір сүрген уақытын одан бір ғасыр беріректен бастап, б.з.д. 178–104 жылдар деп көрсетеді[5].
Шежірені одан әрі оқиық. Дәуді өз туыстары – Үйсін тұқымының бірі өлтіргеннен кейін, Дәудің балалары Елсау мен Жантай – «әкесі өлген екі ұл ит көзі түтін танымас ғұмыр сүріп, қабырға ағайыны, әкесінің дүбірі болған Бөже деген кісі қолында тәрбие алған» көрінеді.
Осы деректен кейін ел арасындағы аңыздың бірі – «Елсауды нән бөрі емізді» деген әңгіме келтіріледі. Жетім қалған екі баланың үлкені Жантай жеті жасар екен де, кішісі Елсау бір жарым жаста ғана болыпты. Бөже екі баланы әкесін өлтірген өз туысқандарынан жасырып, тау бауырында өткен жылдан қалған бір мая шөп ішін қуыстап, екеуін сонда орналастырады. Бөже бір күні шөп астындағы ұяда жеті жасар Жантайдың ғана отырғанын көреді. Ол: «Елсауды қасқыр тістеп кетті», – дейді...
...Бөже баланы жан ұшырып іздеп жүргенде, бір үңгірден емшектері салпылдаған барыстың шығып бара жатқанын көреді. Сол жерге зорға жетіп, апанға мойнын созады да, бүк түсіп ұйқтап жатқан кішкентай баланы көреді. Ішін басып көрсе, қарыны қабыспаған, тоқ. Аңның баланы ұрлап әкетіп емізгенін ол сонда барып біледі... Сонымен, барыс емізген бала Елсау ер жетіп, арғындардың көмегімен еліне қайта ие болды дейді шежіреші: «Арғын бауырлары арасында жүріп, соғыс өнеріне әбден жетіледі. Одан өз елінен қашқан аталастарынан қол жинап, қайта өз елін, билікті қолына алады»[6]. Ә. Қайдари, Б. Төлепбаев, К. Нұрпейіс, К. Байпақов сынды ғалымдар Елсау би б.з.б. 178–104 жылдары өмір сүрген деп есептейді[7]. Бұл уақытта үйсіндер Жетісумен қоса неғұрлым байтақ аумақты алып жатқан. Олар туралы алғашқы хабарды Қытайға б.з.б. ІІ ғасырда – бұл шамамен Елсау бидің өмір сүрген кезіне сәйкес келеді – Жетісуға келіп қайтқан Чжан Цянь елшілігі апарған[8].
Бұл кездері ел іші ала болған соң, Бақтиярдың біраз баласының екі-үш ауылы Иран жеріне өтіп кетеді. Оған Ұлы жүздің тағы бірсыпырасы ереді. Соларды қайтарып алу үшін, Елсау көп қолмен сақтарға шабуыл жасайды. «Бірақ атамыздың жауынгерлері жеңіске жеткенімен, олардың бәрін қайтару жөнге келмейді, – дейді Қазыбек бек. – Осы дәуірде олар Бақтияр атпен тауарихқа мәлім. Қазіргі Иран жеріндегі Бақтияр атанатындардың бәрі – бұдан мың сегіз жүз жыл бұрын кеткен біздің аталастарымыз»[9].
Шежіреші атап отырған уақыт шамамен христиан жылсанағына дейінгі 1-ші ғасыр іші болса керек. Бұл шақта, Қазыбек бектің айтуынша, Шапыраштының бабалары Іленің екі жағасын, Көктеңіздің батысын-шығысын, Лабастың (Алатаудың) бауырын алып жатқан көрінеді. Бүгінгі тарих үйсіндердің Орта Азия аумағындағы ежелгі тайпалық бірлестік екенін атап өте отырып, бір кездері олардың иеліктерінің шекарасы батысында Шу және Талас өзендері бойымен өткенін, Қаратаудың беткейлеріне дейін созылып жатқанын айтады. Орталығы Іле аңғарына, астанасы Ыстықкөл мен Іле өзенінің оңтүстік жағалауы аралығына орналасқанын жазады[10]. В. Бартольд қытай жазбаларына сүйене отырып, үйсіндердің бас ордасы – астанасы – Чи-гу қаласы Ыстықкөлдің оңтүстік-шығыс жағасында болған деп санайды. Н. Аристов Чи-гу Қызылсудың жағасында тұрған дейді. Қалай болғанда да, көшпенді халықтың көне құрылыстары қазір таптырмайды, Ыстықкөл жағасындағы ежелгі ескерткіштер – қамалдар мен қалалар бұл күндері Ыстықкөлдің түбінде жатыр[11].
Бұл шақта елінің қатты шарықтап өсіп, халқы да толып, жүз мың қол шығара алатын икемге келгенін айта келе, Қазыбек бек: «Елсауды ел ардақтап Күн би (усунь патшасы гунь-мо деген лауазыммен мәртебеленген[12]) атандырған, – дейді ол. – Жалпы, мен Үйсіндер немесе қазақтар пәлен жақтан түген жаққа көшіп барды дегенге көнгім келмейді. Өйткені осы шақта қытай, иран жазбаларынан сондайды кездестіремін. Үйсіндер де немесе жалпы біздің халқымыз қазақтар қазіргі мекеніне еш жақган көшіп келген жоқ, олар атамзаманнан қазіргі 1154 жылы қоныстанып жүрген жерінде болған»[13].
Сонымен, Қазыбек бек шежіресі бойынша, қазақ «атамзаманнан қазіргі 1154-жылы қоныстанып жүрген жерінде», яғни Жетісуда өмір сүрген. (Мұндағы 1154 жыл – Қазыбек бектің шежіресін жазып отырған уақыты, егер оны шынымен де сол кездегі хижра жылсанағымен дәл көрсетілген деп есептесек – шамамен, христиан күнтізбегінің 1741-ші жылына дөп келеді, алайда автордың өз ескертуі бойынша – көрсетілген жылға 622 деген санды қосып, шежіре жазылған уақытты 1776 жыл деп тән алуымыз керек. Осындайда автор (дәлірек айтқанда – содан бері қолжазбаны қолынан өткерген төрт-бес көшірмешінің бірі) Юлий календары бойынша белгілі мерзімнен 622 деген санды алып тастау арқылы жасанды мұсылманша жылсанақ жасамаған ба екен деген шүбәлі ой да қылаң беретінін жасыруға болмас). Қазыбек бек шұрайлы да ұлан-ғайыр жерін қазақ «қанымен, жанымен, қасық қаны қалғанша қорғаған» дей отырып, «біз сол ата мұрамыз үшін әлі де жан алып, жан беріп жатырмыз» деп өз дәуіріндегі ахуалды да хабарлайды.
Қазыбек бек шежіресінің ерекшелігі тек ата тізіп қана қоймай, әр буын, кезеңге қатысты түрлі аңыз, ертегілерді, тарихи оқиғаларды әңгімелеуде жатса керек. Мұнда Елсау бидің кезіндегі, яғни біздің заманымыздан бұрынғы ІІ ғасырдағы жағдай былай баяндалады: «Елсау билік құрған кезде Үйсіндердің күшейуінен Қытай қатты іш жиып қалған. Оның миллионға тарта жұртынан екі жүз мыңдай сайлауыт шыққан. Қытай патшалығы нақ осы кезден біздің жерімізге көз алартуын көбейткен. Өйткені осыған дейін ұсақ-ұсақ мәмләкәт дәрежесіне көтеріле алмай келе жатқан елдерді көріп, ұзын арқан, кең тұсау салып қоямын, бұл елдер қашанда менің ашсам алақанымда, жұмсам жұмырығымда деп келген. Елімізді ішінен ірітуді де ойлап, не түрлі айла-шарғымен бірімізді бірімізге айдап салып отырған. Ұлы жүздің өзін бірнешеге бөліп, мыналар Үйсін, сендер Ұлы жүз болып бөлініп оларға шабуыл жасауың керек деп, Ұлы жүздің өзін өзіне айдап салу, Қаңлылардың Елсау елінен Ұлы жүз атымен бөлінуі, Бақтиярлардың Бақтияр атпен бөлінуі, Елсау елі кәдімгі Ұлы жүз еместей, Бақгияр Бақтияр еместей көрсетілуі сол шет жұрттардың ел арасына сына қағып, сабан арасына су жібергені болатын. Менің атам Матайдың айтуына қарағанда, қалмақ байқұстарды (байқұс деп аяғаныма ғапу өтінемін) бізге күні бүгінге дейін айдап салып келген де сол арқамыздағы көзі қысық, тісі қисық, тісін жасырып, тілін көрсеткен, беті күліп, іші ұлып жатқан қытай хандарының ісі, пәлесі болатын. Матай атамның айтқанына қарағанда, сол бір Елсау бабамыз ел билеп тұрғанда, бізге келген жансыздарында да сан болмапты. Олар тіпті сауда-саттықпен, байбатшалықпен, көпес-көрімдікпен елді еркін аралап, ішіне бітінәлықпен пәлесін тоқып жүріпті. Олардың бар арманы енді қазақтарды терістіктегі қазақ бауырларына айдап салып, егер соларды шапса, қыз алысып, қыз берісер едік деген құдандалығын да білдіреді»[14].
Бұл ұзақ үзінді Елсау билеуші дәуірінен мол мағлұмат беретіндігімен қызықты сықылданады, алайда, ғылыми дәлелденген тарих бойынша – Қытай императорының сарайындағылар жоғарыда айтқанымыздай, сюннуларға қарсы күресте одақтастар іздеп, Батыс өлкеге Чжан Цянь бастаған елшілік жіберген де, үйсіндер (усуньдер) туралы алғашқы хабарды Қытайға сол апарған. Сөйтіп, қытай елінде б.з.б. ІІ ғасырда ғана, яғни Елсау ел билеген дәуірде ғана усуньдер жайында еміс-еміс қана біле бастаған[15]. Осыған қарағанда, шежіреде, қанша дегенмен, оқиғалардың өткен уақыты шатастырылған болу керек.
Шежіремен одан әрі қарай танысқанда, Елсау бидің әйелін арғыннан алғанын оқимыз. «Біздің шешеміз Ұмай бәйбіше Арғын Аспар деген кісінің қызы екен, – деп сабақтай түседі шежіреші әңгімесін. – Оның үстіне қытай патшалығы да ол кісіге қыз берген. Бірақ би Қытайлардың күнбе-күнгі елшілігі-жаушылығын өзінің Арғын ағайындарымен ғақылдасып, оларды үнемі хабардар етіп отырған». Осы жерде де «қытай патшалығының да ол кісіге қыз бергені» орайында, жоғарыда айтқан шүбәмізді еріксіз еске аламыз. Әйтсе де, шежіренің аты – шежіре...
«Арғын қызы Ұмай – біздің шешеміз – он үш құрсақ көтеріпті. Жалпы, Елсау атамыз бес әйелінен 23 бала көріп, соның оны тіреп тұра қалыпты». Сол 23 баланың үлкені Нулы екен. Одан кейінгі тоғызының аттары: Дулы, Ерте, Кек, Бер, Көнбіс, Шор, Қалыш, Дүр, Көлби. Барлығы он ұл, олар өсіп-өнген, сөйтіп Елсау атаның артында бір рулы ел қалған көрінеді. Бұлардың ішінде Қалыш кейін хан болған дейді.
Елсау бабадан кейінгі Қазыбек бекке қараған тармақ жағында Майқыға дейін ел билеген, басшы болған бірнеше адам болған екен, солардың ішіндегі көрнектісі Дулы болса керек.
Ал Нулы (Шапырашты Қазыбек бектің атасы) әкесі Елсау ұсынған лауазымнан – көрші елдегі тағына отырудан өзі бас тартыпты. Ол тақты тете інісі Дулыға беріпті. Сонда қалған сегізі Нулыға: «Басыңа келген бақты аяғыңмен тептің, өйтетінің бар, неге ортамызға салмайсың?!», – деп, өкпелепті. Сосын әрқайсысы артына ерген біраз елді бірге көшіріп, Алатауды сағалап кетіпті. «Ол шақтар бидің ордасы Барсығанның шығыс жағында екен. Жазда ылғи көл жағасын жайлайды екен, одан қоныс ескірсе, соны керек болса, Кебін асып, Үйсін асқан – Көкайрақ арқылы Үш Алматы келді деседі»[16].
Шежіре бұдан әрі Нулының інісі Дулы такқа отырғаннан соң ағасын ұдайы құрметтеп тұрғанын айтады. Такқа отырып күллі Үйсінді билегеніне мастанбай, Нулыға ылайықты сый көрсесе керек. «Қызметін таңертең оразасын ашпай тұрып ағасына амандасудан бастайды екен, кешке жатарда ағасымен қоштаспай ұйқтамайды екен». Сондықган жеңгелері оны «Есен бек» атандырыпты. «Жужаңдарға қарсы Үрбі одағын құрған Тауарихқа мәлім Естем қаған да осы Дулының тұқымынан болатын. Оның ордасы үнемі Барсығанның шығыс жағында Қүяста болған. Ол – жарты ғасыр қазақ даласын кезіп, жерін жаудан тазартқан адам. Бұл тауарихты Махмұт атам жазғандықтан, мен ондай жерге бара алмадым». Атамыз Нулымен бірге туған Дулы ұрпағы кейін Бәйдібек немересі Дулаттың тұқымымен араласып кетті де, бәрі Дулат болды. Моғол жерін билеген Дулаттар сол арғы Дулы тұқымынан келеді. Моғол деген атау да Абыл ұрпағына берілген есім. Ал Мұхамед Хайдар, яки тауарихшы Дулати ол соңғы Дулат ұрпағынан».
Нулы әкесі Елсаудан бұрын, жиырма екі жасында дүниеден озса керек. Артында төрт ұл: Абыл, Албан, Азық, Санжар (Жөңше нар) қалыпты. Өмірден жиырма екі жасында жас кеткен, өзі ақылды, патшалық таққа қызықпаған, орынын інісіне сыйлаған Нулыны жұрт қатты ардақтап, Үш Қарашқа қойыпты. Бірақ сол жағдайдан кейін Елсау бидің де денсаулығы төмендей беріпті.
«Елсау жетпіс төртке келгенде, Қытай ханы Жетісуға жіберген елшісінен мол мағлүмат тыңдап, Үйсінді алу үшін оларға қыз алысып, қыз берісіп, солар арқылы билеу керек деп қорытынды жасаған. Сөйтіп, қытай патшасы Ұранфай ырғап-жырғап бір қызы Шәйжанды біздің атамызға ұзатыпты, – дейді Қазыбек бек. – Сексенге тақаған, өзінің де бес әйелі бар шал оны алмай, Шәйжанды немересі Санжарға қосыпты. Үйсін ханының нақсүйері боламын, оң тізесін басамын деп, ханша болуға алдарқанып келген шешеміз енді жай ел билеуші көп қазақтың бірінің әйелі болғанына ыза болып, ақыры бес-ақ жыл тұрып қайтыс болыпты». Қазыбек бек шежіресін жазған жылдан 1980 жыл бұрын (яғни 1776–1980= б.з.б. 204-ші жыл) Елсау би қайтқан соң, оның көзінің тірісінде-ақ таққа отырған Санжар – Жөңше нар қытай қыздарына құмарлау болып, бірнеше әйелді қытайдан алған көрінеді. «Ақыры қытайлар дегеніне жеткен, – дейді шежіреші. – Қытай әйелдері қазақтың осы күшті мемлекетінің ыдырауына себеп болған. Өйткені қазақ әйелден туған балалар билікке қолы жетпесе де, олармен алагөз болып, ақыры елдің күші қашқан. Қытайға керегі осы, енді бұл ел өзіміздікі деп есептеген».
Қызық пікір, бірақ, жоғарыда айтқан сәйкессіздік – уақыт жағынан бүгінгі тарихшылардың ғылыми зерттеулер негізінде алынған деректерімен елеулі алшақтық болуы бұған шүбәмен қарауға мәжбүр етеді.
Шежіренің аты шежіре, шежіренің ғылыми негізде жазылған тарихпен сәйкессіздігі жеткілікті, дегенмен ондағы ата таратуды елеусіз қалдыруға да болмайды. Қазыбек бектің аңызбен өрілген шежіресі одан әрмен былай сабақталады: Нулыдан туған төртеудің бірі Абылдан – Абыл елі, Албан билеген уәлайаттан Албан елі, Азық билеген елден Азық елі пайда болыпты. Осы үлкен елдің бәрінің басын Санжар қосса керек. «Бірақ нақ пәле осыдан болған, – дейді шежіреші. – Оның үстіне осының алдындағы Нулының өзіне тете інісі Дулы да оның балалары да Санжардың, Қытай әйелдерінің істеген, іннің түбіне қарап жатқан қылығына келісе алмаған. Ел төрт-беске бөлінген. Елсаудан кейінгі аталарымыз аталы-балалы Нулы, Абыл, Абылдан – Қайыр, Қарғын, Тарғын; Қайырдан – Бақ, Шақ, Асық; Бақтан – Таң, Таңат, Шарт; Таңнан – Пәр, Өрт; Пәрден Мән, Кен, Кеме, Тоқ. Мәннен – Майқы, Мойыл – осы жеті ата, яғни Нулы, Абыл, Қайыр, Бақ, Таң, Пәр, Мән – бәрі де Майқыға дейін ел билемеген, бірақ жүртты ауызына қаратқан, дәулетті жандар болыпты. Сондықтан да өздерін осылардың ұрпағымыз дейтін үйсіндер қашанда «Арғы атам Абьш, Қайыр, Бақ, Таң, Пәр, Мөн» деп отырады, ақындары да сөзін осыдан бастайды».
Қазыбек бек өзінің қытай жазбаларын да, парсы жазбаларын да, тауарих кітаптарын көп қараған адам екенін айтады. Оларда бәрі де шатасып жатыр дейді. Әрқайсысы өздерінікін жөн деп айтпақ болады. Ал қытай үйсіндерді өздерінің бір елі етіп, олардың жерін иемдену тұрғысынан тауарихын түзетіні айқын көрініп отырады дейді. Қай ел қай елге шабуыл жасады, қай ел қай елді бағындырды, одан не ұтты? Оның бәрі тауарих болғанымен, қызық емес, расы да аз деп есептегендіктен де, Қазыбек бек оған әдейі ат ізін салмайды: «Мен болашақ үрім-бұтаққа ата-баба, жетпіс жеті пұсты, түп-тұқыйанды айтып жеткізсем болды деген мақсұт ұстандым, – дейді ол. – Бұдан былай да сол жолды тұтынамын». Шежірешінің айтуынша, Елсаудан кейінгі аталары ел билеп, бүкіл дүние алдына көріне алмаған. Абылдан туған үштің бірі Тарғын Иранға кеткен Бақтиярларға көп батырлық қылған, Ирандарға – қызылбастарға шабуыл жасаған. Қырымға да соғыс салған. Бірақ бұны жырда айтылатын Тарғын дегісі келмейді[17]...
12.
«Ендігі әңгіме Мәннен туған Майқы атамыз туралы», – деп бастап, Қазыбек бек ол жайында көп әңгіме айтады. Майқы есімі тарихта кеңес дәуірінде де аталып жүрген. Ол жайында Қазақ Совет энциклопедиясында едәуір дерек берілген[18]. Бұл іргелі анықтамалық оны Майқы би, Байқы, Баки, Байку деп атайды. Дәл туған-өлген жылдарының белгісіз екенін айта отырып, ХІІ ғасырдың соңы – ХІІІ ғасырдың бірінші ширегінде өмір сүреген атақты би, шешен деген дефиниция береді. Билік, шешендік сөз өнерімен бүкіл қазақ қауымы арасында атағы шыққанын айтады.
Ұлы Абайға сілтеме жасай отырып, анықтамалық Майқы бидің – Шыңғысты хан көтерген 12 бидің бірі болған дейді. Шежіре деректері бойынша, Ұлы жүздің арғы атасы Ақарыстан Ұзынсақал Ыбрайым, одан Кейкі би, одан Төбе би, одан Қойылдыр, Қоғам, Майқы, Мекре тарайтынын көрсетеді. Одан әрі: «Оның есімі қазақтардың шығу тегі жөніндегі көптеген аңыздарда жиі кездеседі және Дешті Қыпшақта түркі қауымдарының негізін құрушы ретінде ұдайы аталады», – дей келіп, парсы тарихшысы Рашид ад-Диннің «Жами ат-тауарих» атты шығармасындағы дерек келтіріледі. Онда Майқы би қошындық Байку деген атпен Шыңғыс ханның ел басқару ісіне көмектескені, ақылшысы, жорықтарға шыққанда орнына қалдыратын биі болғаны, сондай-ақ ХІІІ ғасырда Жошы ханның Батысқа жасаған жорығында монғол әскерінің оң қанатын басқарғаны айтылған. Ал монғол әскердің оң қанаты ол заманда Жошы ұлысының, яғни Дешті Қыпшақтың ұлан-ғайыр аймағын алып жататын.
Бұдан соң, Майқы есімі «монғол жылнамасы «Алтын топшыда» да аталады» дей келе, сол дерекке қарағанда – Майқы би жас жағынан Шыңғыс ханмен шамалас яки одан гөрі үлкендеу болған деген болжам келтіріледі. Ал әлемді тітіреткен Шыңғыс ханның 1155 жылы туып, 1206 жылы қаһан яғни ұлы хан болғаны мәлім. Тарихи деректер осылай дейді.
Аталмыш энциклопедиялық анықтамалықта басқа жорамал да берілген. «Ал халық аңыздары Майқы би бұдан беріде жасады, қазақтың үш жүзге бөліну кезеңінде үлкен роль атқарды дегенге саяды». Мәселен, Майқы би халық аңызында «Орманбет би өліп, он сан ноғайлы елі бүлінгенде қазақ ұлысын құрған тарихи қайраткер бейнесінде сипатталады»[19]. Демек, бұл кезең ХІV–XVI ғасырларға дөп келетіндіктен[20], Майқы бидің өмір сүрген уақыты Қазақ хандығының іргесі батысқа қарай, Ноғай саяси бірлестігіндегі қазақ ру-тайпаларын қосып алу арқылы кеңейе бастаған тұсқа тура келеді деп есептеуге болады.
Кеңестік энциклопедия келтіретін деректер бойынша – Майқы би қазақ руларын үш жүзге топтаған[21]. Осы анықтамалықтың көрсетуінше – «жүз» деген сөз арабша «бөлік, «бөлім», белгілі бір тұтас нәрсенің бөлігі, саласы деген ұғымды білдіреді[22]. Майқы би «Үйсін бастаған бөлікті Ұлы жүз, Қабанұлы Болатқожа бастаған бөлікті Орта жүз, Қоғамұлы Алшын бастаған бөлікті Кіші жүз деп атады. Ноғайлы хандарының бірі, Қызыл Арыстанның баласы Ахметті (Алаша хан) Ұлытауда үш жүздің ханы көтерді». Ол, сондай-ақ, ұлысқа кірген 40 руға таңба таратып,
таңбаны әр рудың негізгі ерекшелігіне қарай белгілеген. Ұлыста бірінші туды ұстаған Үйсінге «Жалау», ортада жүретін Арғынға «Көз», жауға алдымен шабатын Алшынға «Найза» таңбасын берген. 40 рудың таңбасын жартасқа қашатқан. Таңбалы тас «Майқы таңбасы», кейін жер атымен «Нұра таңбасы» атанған.
Майқы би қазақ ұлысын құра отырып, ұрпақтарына: «Хан ақылды, әділ болса, қарашасы ынтымақты, батыл болса, қара жерден
су ағызып, кеме жүргізеді... Ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен ел болуды ойлаңдар...» деген өсиет қалдырған.
Бұл аңыздар Майқы бидің өз заманында аса беделді, ақылды, ірі адам болғанын аңғартады. Майқыдан бастап би – атақ, лауазым, билік өнер саналды. Халықтың әдет-ғұрып, салтын, жол-жоралғысын заңға айналдырып, қоғамдық қару етуде Майқы бидің алатын орны ерекше. Халық арасында кең тараған «Түгел сөздің түбі бір, сөз атасы – Майқы би» деген мақал бар. Түркі тілдес халықтар ішінде өзбек, татар, башқұрт, қарақалпақ халықтары да Майқы биді өздеріне тән тұлға деп білді. Бұған Төбе бидің Қойылдыр, Мекре есімді балаларының осы халықтардың арасына барып, сіңісіп кетуі себеп болса керек[23].
Жоғарыда келтірілген ақпаратты тәуелсіздік жылдары шыққан «Қазақстан» атты Ұлттық энциклопедия да қайталайды. Сонымен қатар аздаған қосымша дерек те келтіреді. Анықтамасын «аңызға айналған тарихи тұлға, атақты би, шешен» деп тұжырымдап, шежірелерде Майқы би деген атпен өмір сүрген бірнеше тұлға кездесетінін айтады. Солардың бірі ретінде кейбір зерттеушілер оны б.з.б. үйсін мемлекеті билеушілерінің бірі деп есептейді деген мағлұматты алға тартады. Оны Майқы би Мәнұлы деген атпен б.з.б. 178 – 89 жылдары өмір сүрген және аңыз бойынша би атанған тұңғыш адам деп көрсетеді. Одан ары қарай: «Шежірелерде кездесетін екінші Майқы би Төбейүлы (1105 – 1225) Шыңғыс ханның замандасы әрі оны хан көтерген 12 бидің бірі» дей келіп, кеңестік энциклопедиядан мәлім, жоғарыда берілген деректерді қайталайды. Сөйтіп, оның «...қазақ ұлысын құрған және қазақтың үш жүзіне таңба үлестіріп берген абыз-би» болғандығын, есімі қазақтардың шығу тегі жөніндегі көптеген аңыздарда жиі кездесетінін көрсетеді және «Дешті Қьптшақга түркі қауымдарының негізін құрушы ретінде ұдайы айтылады» делінеді. Кейбір шежірешілердің Майқы биді барша үйсіннің бабасы етіп, Ұлы жүздің шежіресін содан тарататын айтады[24].
Екі энциклопедияда да аңыздар мен шежірелерге сүйенген деректер келтірілгенмен, нақты ешкімнің шежіресіне сілтеме жасалмайды. Ал біз арнайы қарастырып отырған Қазыбек бектің шежіресінде оған көп көңіл бөлінген. «Бұл кісі бүткіл қазақ атаулыны билеген, билеу үстінде ғәділдік орнатқан, қара қылды қақ жарған адам болыпты, – дейді Қазыбек бек. – Жұрт оны сөйлетіп қойып, аузына қарап отырады екен. Майқыны заманында «Қарқуардай Майқы» дейді екен. Өйткені ол да шешендігіне байланысты болса керек. Қарқуар деген құс ертеден сайрағаннан талмай түннің біршамасында сайрауын қояды екен. Содан екі бие сауым ғана дем алып, таң құлан иектене қайта сайрайды деседі. Мен ол құсты көрген емен. Міне, Майқы атамыз сондай шешен болыпты»[25].
Шежіреші осы шешен Майқының билікке келуіне дейінгі жағдайды былай сипаттайды. Жанша бастаған ханзулардың (қытайлардың) үйсіндерді билеу әрекеті бірсыпыра жерге барыпты. (Бичуринде Люецзяоми есімді үйсін күнбиіне – усунь гуньмосына – ұзатылған қытай ханшасы Цзянду және оның сарайының сол Чи-гу атты үйсін астанасында орналасқаны туралы дерек бар. Қытай шежірешілері астана атауына қамал-қала үлгісіндегі бекіністі қоныс деген мағынаны білдіретін «чен» деген қосымша жалғауды қош көрген көрінеді. Чигу-чендегі үйсін түтінін түтеткен қытай ханшасының сарайы ежелгі қытай сәулет өнерінің дәстүріне негізделіп салынған тәрізді[26]).
Қытай қыздары Санжар биді өз айтқандарына жүргізген екен. Содан үйсіндерді терістік қазақ еліне қайткенде қарсы қою тәсілін жобалаған көрінеді. Санжар қартайған соң, таққа Дулудың баласы Оңқай отырған, сол кезде ағасы өліп, жесір қалған жеңгесін әмеңгерлікпен Оңқай алыпты. «Бұл, шынында, Оңқайдан гөрі Санжардың тоқалы Жиеудің құрған торы болатын, – дейді Қазыбек бек. – Өйткені Жиеу Оңқайға тию үшін, Санжарды жатқан жерінде буындырып өлтірді деген сөз бар. Жиеу Оңқайдан да үш ұл, екі қыз туып, олардың бәрі уәлаяттарды бөліп алып билеп түрды. Жиендерінің берген мағлұматына сенген ханзулар жер қайысқан қолмен ежелгі жауы терістік қазақтарын жаулап, ерін тұтқындап, малын алып, әбден олжаға кенелді».
Сонымен, Санжардың әйелдерінің бірі Жиеу қайнысы Оңқайға шыққан. Бұл кезде таққа Санжардың басқа әйелінен туған ұлы Айбын палуан отырған еді. Жиеу енді соған тиіп, оны өлтірмек болады, бірақ арам ойы білініп қалып, Айбын палуан аман-есен құтылып кеткен екен. «Осы шырғалаңға қазақтардың еңді көзі жете бастаған соң, әсіресе Айбын палуан (ол да Қытай жиені) бұл ішкі торды үзуге қатты күш салды. Ақыры Жиеудің енді ойы жүзеге аспай, таза үйсін Өжет билік құрды. Осы жерде мысы құрыған Жиеу хан патшалығына төркіндеп барамын деп кетті де, қайтпай қалды. Көп асқанға бір афыт (апат), кесірліге кірафыт деген осы-дағы».
Осындай шым-шытырық арандату әрекеттеріне қандары қайнап жүрген қазақтар өз араларынан ақыры Майқы сияқты шешен шыққанда, ауызбірлік көрсетіп, соның төңірегіне үйіріледі. Сөйтіп, «хижраның жылдауынан бұрын, Ғайса пайғамбар тумастан он екі жыл бұрын немесе Мұхаммед пайғамбарға дейінгі алты жүз отыз төрт жыл бұрын таққа Мән баласы Майқы отырды»[27]. Байқалып тұрғандай, Қазыбек бек бұл жерде Майқының билікке келген нақты уақытын көрсетіп отыр: б.з.б. 12-ші жыл. Бұл датаны мұсылман жылсанағымен де дәйектейді: «Мұхаммед пайғамбарға дейінгі 634 жыл бұрын...», яғни Майқы таққа отырғаннан бері хижраға дейін 634 жыл (б.з.б. 12+б.з. 622=634) өткен.
Шежірешінің хабарлауынша, ол кезде «ел астанасы Үш Қараш астындағы Шығу қаласы еді». Шығу – белгілі шығыстанушылардың еңбектерінен мәлім Чи-гу қаласы болса керек. Әйгілі орыс ғалымы Н.Я. Бичуриннің (монахтық есімі Иакинф, ХІХ ғасырдың алғашқы ширегінде көп жылдар бойы Пекиндегі орыс діни миссиясын басқарған) Қазақ елінің ежелгі халқы мен жері жайында өте құнды мәліметтер беретін «Ерте замандарда Орта Азияны мекендеген халықтар туралы мәліметтер жинағы» деген үш томдық еңбегіне сүйенген біздің тарихшыларымыз «Усун мемплекетінің Чигу (Қызыл аңғар) деген өз астанасы болды»[28] деп жазады. Жоғарыда әңгімелегеніміздей, кейінгі зерттеушілер усун-усунь-үйсін бәрі бір атау екеніне шәк келтірмейді, сондай-ақ, қарастырылып отырған шежіредегі Шығу мен ғылыми тарихтағы Чигу да бір қаланың атауы болса керек. Тек, қазақы шежіреде оның «Қызыл аңғар» деген мағынасы неге аталмайтыны түсініксіздеу.
Қазыбек бек елдің ол кездегі – Майқы таққа отырған шақтағы шекарасын: «қазіргі Жетісу, Тарбағатай, Шымбас, Талас, Лабас, Арқас, Шуас, Теріскес, Күнгес тауларының бәрі...», «терістігі Көкшетеңіздің терістігіне таман, батысы Шу бойын тегіс алып жатқан. Түстік шығысы ежелгі қоныстың бірі – Үйсін тауы» деп көрсетеді. Майқы билікке келгенде, еліміз қорғасын ерітіп, мыс балқытатын жағдаятта болған көрінеді.
«Мысалы, бүгінде Дайырбек ауылында (Дулат-Жаныс-Жайылмыс) ошақпен бірге құйылған тай қазан Сарарқада – Қоңыратта – хижра жылнамасынан 695 жыл бұрын құйылған екен. Бүгін таңда менің үйімде де сол кезде құйылған жорықга артып жүретін, ошақпен бірге құйылған кішігірім қазан (бір қой еті сыйатын) тұр. Оның құйылғанына да міне бір мың жеті жүз жыл болыпты. Ол біздің атамыз Бәйдібек бай ұстаған қазан екен», – дейді Қазыбек бек.
Аңғарғанымыздай, мұнда да нақты уақыт мерзімін көрсететін цифрлар аталады: тайқазан хижрадан 695 жыл бұрын, яғни (695–622=73) б.з.б. 73-ші жылы құйылған. «Оның құйылғанына да міне бір мың жеті жүз жыл болыпты» – осы деректе сәл жаңсақтық бар сияқты. Өйткені, егер бұл сөздерді Қазыбек бектің кітабын жазып отырған 1770-ші жылдардікі десек, онда тайқазанның құйылғанына ол уақытта шамамен 1700+73=1773 жыл толған болар еді. Егер шежіреші жаңылысып, тайқазан құйылған 73-ші жылды біздің дәуіріміздің жылсанағымен есептесе, онда «оның құйылғанына да міне бір мың жеті жүз жыл болыпты» деген деректегі мерзімнің қисыны келеді...
Майқы таққа Сыйлы биден кейін келіп, табандатқан жиырма тоғыз жыл елді биледі деген хабар береді бұл шежіре. Сыйлы би де тақта жиырма жыл отырып, бетіне жан қаратпаған беделді адам болыпты. «Оны Ойжын өлтіргенде, оны халық отқа өртеп жіберген». Майқы би елді билер арқылы басқарған көрінеді. «Содан қалған хан, би жоралғысы бүгінге дейін келе жатыр». Екі уәзірі болыпты. Бірі ел ісін, екіншісі әскерді – екеуі екі қанатты басқарады екен. «Хан қашанда ортада (бірақ майданнан жырақтау), үш сұлтаны немесе бегі, екі биі, екі бақылаушысы. Осылардың бәрі көбіне көшіп жүреді».
Шежіреде елдің дәстүрлі экономикасынан да хабар беріледі. Елсау би кезінде де, Майқы би кезінде де елде қойдан кейінгі көп мал жылқы болған көрінеді. Аталарынан қалған өсиетке қарағанда: «малыңның тіні жылқы болсын, көшсең көлік, майданда серік, ішсең сусын, жесең тамақ» дегенді үйсіндер өте қатты бағалаған да, қадағалаған да екен. Сондықтан да жылқы адам басына сол бір ерте заманда он жылқыдан асып жығылады екен. Қазақтар ол кезде тері илеу, өрмек, кілем тоқу, киіз басу, қысқасы, өз шаруасына керектінің бәрін өздері істеген. Қоңыратта тіпті мылтық құйғанды да жұрт аңыз қылып айтады.
Майқы дәуірінің тыныш, дәулет пен баққа тұнған заман болғанын Қазыбек бек былай әңгімелейді: «Өйткені батысы Бақтияр балалары – Байсын, Исін балалары; батыс терістігі Байтерек балалары – Қаңлы, Шанышқылы, Арыстың Бек балалары; Терістігі, шығыс терістігі Арыстың Жан, Бал, Бол балаларының тұқымы. Сөйтіп, Майқы дәуірі төңірегін өз туысқандары – қазақтары – қоршаған бейқұт заман болыпты». Бұлай болатыны – Майқы ақылымен ел билеп, біртіндеп туысқандарын түгел – Абылдың өзінен басқа үш баласының, Абылмен бірге туған Азықтың, Албанның, Санжардың, Арыстан туған бесеудің (Ақ, Жан, Бек, Бол, Бал) ұрпағын өз қарауында ұстауға тырысыпты. Ондай мақсатына соғыссыз-ақ, туысқандығын, бір ағаштың жеміс-мәуесі екендігін ұғындыруымен біршама жеткен де көрінеді. Сонымен қатар ол әр жерден шешен, көсем адамдарды алдырып, ордасы төңірегіндегі қызметке қалдырған. Бірақ нағыз лауазымды адамдар 12–13 адамнан артпаған дейді.
Қазыбек бектің шежіре-әңгімесіне қарағанда, бір заманда өте күшті елдің, әсіресе Қытай мемлекетінің зәресін алған Майқы би Ар мен Құн тұқымын, Балдың Нау мен Ман ұрпағын, бүкіл Ертіс бойын, Алтай өңірін алып жатқан елді қолына қаратқан. Майқының қара қылды қақ жаратын әділдігі, ойласпай, ақылдаспай іс қылмайтындығы елді тәнті етіпті. Басы біріккен қазақ Жетісудан Арқаға – Алай ормандарына дейін, Арқадан Жетісуға, Алтайдан Ақжайық, Ақеділге және олардан кері көшіп, «малына соны қуалатып, көгалдатып, арыстап, жайлап, жандары тыныш тауып қалған». Қорғаныс қабілеті де күшті болған сияқты. «Қоңыратты арыстаған, Ұлықтауды мекендеген Ар тұқымының жасаған қарулары (темірден), мылтықтары қазақ елі айналасындағы бөтен, бөгде жұртты тітіреткен». Тату да біртұтас ел боп тұрып жатқан жұрттан өзгелер сескеніп жүрсе керек: «Сондықтан да Майқы көз жұмғанша бір ру қыңқ демей, бейқұтшылықта тұруы көрші қызылбастарды, қытайларды, сол кезде жаңа бас көтеріп келе жатқан Жоңғар қалмақтарын қатты іш жиғызған»[29].
Осы жерде Майқы би (б.з.б. І – б.з. І ғғ.)[30] өмір сүрді делінетін дәуірде жоғарыда шежіре атайтын халықтардың (тайпалардың) бар-жоғы да, олардың өзара қарым-қатынасы да Қазыбек бектің атасы Матайға дейін ауызша айтылып келгендіктен, қилы өзгеріске ұшырауы ықтимал екенін есте тұтқан жөн болмағын айта кеткенді мақұл көріп отырмыз. Жалпы, шежіреде әр заман өзара араласып, ажыратылуы қиын түрде айтыла беретін болса керек. Онда тек ұзақ тарихтың ұзын-ырғасы ғана уақыт пен айтушылардың ырқымен көп өзгеріске түсіп сақталуы мүмкін...
Майқы би төңірегінде дана адамдардың, жауырыншы, құмалақшы, балгерлердің де көп болғаны Қазыбек бектің шежіресінде атап айтылады. Майқы би соларды тыңдап, «өз көшін түзеп» отырады екен. Олардың ішінде «аспан ғаламының тілін жақсы білетін, қай жұлдыз қай жерге барғанда мал оңалады, қай жұлдыз қалай айналғанда мал қырылады, Зуһра жүлдызы қай уақта аспанның қай жеріне барғанда ұрыс болады, соғыс қай бағыттан болады, қай елдің патшасы өліп, орнына кім келеді» – осыларды тізіп айтып отыратын Мәді мен Әндір дейтін ағайынды екі жігіт болыпты. Шежіреде солар мен Майқы бидің ақылды сөздері хақында неше-алуан естелік келтіріледі...
Мәді мен Әндірді ерекше ардақгайтындықтан, Майқы би оларды Ордаға аптасына бір шақырып, қасына тартып жүреді екен. Ағайынды екі жігіт келгенде, өзінің ең ардақгы, өте әділ биі Аяз Жаман баласының қасынан оларға орын береді. Сөйтіп олардың аузын бағады.
Бір күні Мәді Майқы биге:
– Би, артыңда қалың ұрпағың қалады, артыңда көп сөз қалады,
бірақ жазылған тауарих болмайды, – депті. – Сонда да бүкіл жұртың сені ұмытпайды, күңде біреуі еске алып отыратын болады. Сенің сөзің ұрпағыңның аузынан түспейді.
Оған Әндір былай деп қосып айтыпты:
– Би, біз осыны айтып отырғанда, өзің де ұрпағыңның
ұсақтайтынын, бет-жүзінің өзгеретінін, өзін-өзі құртуға таяйтынын
біліп отырсың. Сенің жұлдызың: «Майқы өзі біліп отыр», – дейді. Біз аспан шолып, жұрттың шаруасы күйзелмеуін қарайық. Ал басқасын – адам болашағын – бізден гөрі өзің жақсы аңғарасың ғой.
Мәді қосарланып, Майқының жанында отырған оның «ең ардақгы, өте әділ биі Аяз Жаман баласына» қарапты да:
– Аяз би, сен де ұмытылмайсың, – депті, – сенің істерің де үрім-бұтағыңа жария болады.
Сосын екінші биге де жүзін бұрып, былай деп тіл қатыпты:
– Құмырсқа би, сенен із қалмайды.
Майқының Аяз, Құмырсқа деген екі биі де ғажайып ақыл иесі адамдар екен. Бұлар қазылық құрудан гөрі елшілік-жаушылық жасаумен көп айналысыпты. Екі биіне Майқы толық ерік берген деседі. Бірде сондай еркіндіктерін пайдаланып, Майқы сөйлеп отырғанда екі би алдын кес-кестей берсе керек. Сондағы Майқы бидің сөзінен, Қазыбек бектің айтуынша, бүгінде байырғы қазақ ертегілері арқылы әр қазаққа кеңінен таныс: «Аяз би, әліңді біл, Құмырсқа, жолыңды біл!» – деген мәтел қалыпты.
Майқы би Аязды бір топта сөйлеген сөзінен танып алған екен. Ол Майқының үмітін ақтап, елге жайлы да әділ би болыпты. Майқы екі би менменсіп кетпесін, мейманасы тасып жұртты ұмытып кетпесін деген оймен, ауық-ауық екеуін де ел арасына жіберіп алып отырады екен. Жалпы, ол заманда Майқы қол астына қараған елге билеушіні әрбір уәлаяттың, әр рудың, әр ұлыстың өздерінен шыққан, мойны озған, сөйлесе сөзі бар, көрсе көзі бар адамдардан таңдапты. Майқы бидің осы тәжірибесін Төле би мен Қазыбек бидің Әбілмансұр ханға да, Жолбарыс ханға да қатты аңлатып айтып отырғанын Қазыбек бек талай естіген көрінеді. Ол Майқы бидің артында мол мұра қалғанын, тек сақталмағанын айтады.
Шежіреші Қазыбек бек Майқы биден берменгі тікелей өзіне тірелетін аталарын былай түзеді: Майқы би ұлы Ұзын – Ұзын ұлы Сақ – Сақ ұлы Ал – Ал ұлы Иба – Иба ұлы Райым – Райым ұлы Бармақ – Бармақ ұлы Он – Он ұлы Тағар – Тағар ұлы Озбай – Озбай ұлы Оңбай – Оңбай ұлы Егін – Егін ұлы Азбан – Азбан ұлы Әшеке – Әшеке ұлы Үйсіл – Үйсіл ұлы Сақал – Сақал ұлы Ақ (Ақдарлы) – Ақ ұлы Бабыралы (Майып) – Бабыралы ұлы Қараша тараған екен[31].
Әлсін-әлсін аталарының нақты өмір сүрген уақытын көрсетіп қоятын дағдысымен, шежіреші осы жерде Қарашаның туған жылын атайды.
«Біз мұсылман атаулыда, бұл шақта жыл қазақшасынан басқа Мұхаммед пайғамбардың дінді жария еткен кезімен айырылар еді. Сондықган мен де кітабымды Мұхаммедтің (хижра) жыл санауымен бердім»[32], – дейтін Қазыбек бек (Майып) Бабыралы ұлы Қарашаның «ел быт шыт болып, жаугершілік заманда Үш Қараш астындағы Шығу қаласында ...хижрадан 38 жыл бұрын дүниеге келген» деген нақты дерек келтіреді. Демек, Қараша біздің жылсанағымыздың 584-ші (622–38=584) жылы дүниеге келген. Ал VI ғасыр ғылыми тарихта халықтардың ІІ – V ғасырлардағы ұлы қоныс аудару дәуірі қазақ жеріндегі этностық және саяси картаға едәуір дәрежеде өзгерістер енгізіп аяқталған, түркі қағанаты сынды ірі мемлекеттік бірлік билікке келген кезең ретінде сипатталады[33]. Бірақ шежіре бұл құбылысты дәл атамайды.
Қараша (оны Қараш деп те атайды) «әкесінің көзі тірісінде Жетісуды билеген. Сондықтан да ол заманында Қараша би атанған». Ол «36-жылы қазақтың басын қоспақ болып, жүз мыңнан аса қол жинап, қытайлармен соғыс салып, әкесі армандаған Ар мен Құн балаларын қытай тепкісінен азат етуге барып, өзі Қаратау, Ұлытауға көшіп қыстап, жайлап арыстап жүрген. Мамыражай, бейқұт заман отыз жылға созылған. Отыз жылдай ұрыс көрмеген қазақтар ежелгідей ерулік-қарулық берісіп, құда түсіп, құйрық-бауыр асасып, андаласып жағасы жайлау, етегі қыстау болған»[34].
Қараша бидің іс-әрекетіне байланысты нақты жыл аталатынына назар аударайық. Ол «қазақтың басын қоспақ болып», 36-жылы, яғни 622+36=658 жылы әскер жияды да, елін «қытай тепкісінен азат етуге» барады. Ал бұл – Қытайдың Түркі қағанатына шабуыл жасауы салдарынан, VІ ғасырдың басында, содан елу жыл ілгеріде құрылған біртұтас түркі империясы екіге бөлінгелі бері дербес шаңырақ көтерген Батыс түркі қағанаты дәуірлеп тұрған шақ. Ежелгі үйсін жерлерінде ірге тепкен Батыс түркі қағанатының орталығы Жетісуда болды. Қағанаттың халықаралық шаруашылық және саяси байланыстар аясына тартылуына Соғды мен Жетісудың соғдылық көпестері ерекше ықпал етті. Жетісу құжаттарында көбінесе «соғды қалалары» деп аталатын елді мекендерде соғды халқы да, түркілер де саудамен, қолөнермен, диқан кәсібімен шұғылданған-ды. Осылай, қағанат құрамындағы қала мен дала бірін бірі өзара өте байланысқан түрде толықтырып тұратын біртұтас шаруашылық организмді құрап тұрған болатын. Ал қағанаттың астанасы және қағанның қысқы ордасы Шу аңғарындағы Суяб қаласы еді[35].
Алайда аталмыш шежіре Жетісудағы мемлекеттік құрылымдарды – түркі, түргеш, кимек (қимақ) қағанаттары, соғдылар, оғыздар, қарлұқтар жайын атап айтпайды. Негізінен сол кезеңдерге дөп келуі қисынды болғанымен, олар жайында ештеңе демей, тек қана үзілмей жалғасқан ата-баба тізбесін тәтпіштеп түгендейді.
Сонымен, жоғарыдағы тізбеге алынған тікелей бұтаққа қарағанда, Майқы мен Қараша арасында он екі ата жатыр. Егер бұдан бұрынғы тарауда келтірілгендей, жалпы, ғылымда қабыл алынғандай есеппен, әр ата орта есеппен 25 жылда ауысады деп есептесек, аталған 12 буын үш ғасырдай (25х12=300) уақытта өсіп-өнген. Яғни Майқы би өмір сүрген б.з.б. алғашқы ғасыр мен б.з. алғашқы ғасырынан санағанда – Қараша би шамамен ІV ғасырда ғұмыр кешкен болар еді. Алайда шежіреші дерегі бойынша оның туған жылы жоғарыда көрсеткеніміздей 584-ші жылға, яғни VІ ғасырға дөп келеді. Осыған қарағанда, әр буынды жиырма бес жылмен есептей беру де аса тура бола бермейді.
Қарашадан үш ұл қалған. Сол үшеуден тараған «тұқым бүкіл алты Алатауды алып кеткен. Үш Қараш деген ат содан қалған, яғни Қараштың үш баласының тұқымы деген сөз. Тау аты да содан».Үлкені «Бәйдібек хижра жыл санауынан 13 жыл бұрын туыпты да, сексен алты жасында өз ажалынан Қаратауда Бөген өзені бойында қайтыпты».
13.
Сонымен, Қазыбек бектің шежіресіне қарағанда – Бәйдібек 609 жылы дүниеге келіп, 695 жылы өмірден озған. Қазыбек бек кітабын жазып отырған 1776 жылы Бәйдібектің дүниеден өткеніне «міне, 1081 жыл болыпты». Шежіреші атасының ұрпағына сіңірген еңбегін салыстырмалы түрде былай бағалайды: «Әл-Фараби бабамыз артына өшпес мұра қалдырды, ал Бәйдібек бабамыз артына жеті Алатауды тегіс алып жатқан ұрпағын қалдырды».
Ол осылай Бәйдібек бабасының Ұлы жүзге кіретін көптеген ру-тайпалар атасы екенін атап өтеді де, алғысты сезімін: «Бабама құдай тағала өзі рахым қылсың, жаны жаннатта болсын!» – деп түйіндейді. Айтуынша, Бәйдібек бай өте ауқатты, қарымды, шаруасын өргізуге бейімді де, пейілді де адам болған көрінеді. Оның жайлауы, қыстауы үнемі Қаратауда болыпты. Қаратау ол бір заманда «қазіргі біздің уақтымыздағыдай суы азаймаған, сулы да, нулы да, қорыс, тоғайлы жер» болған көрінеді. Қаратаудың іші өзі көзін көрген Жолбарыс хан заманында да жаман емес-тін. (Жолбарыс хан – Ұлы жүздің 1720–1740 жылдарғы билеушісі[36]).
«Сонда да ол бір шақта аң жыртылып айырылар, қорыстың іші толған доңыз, мегежін, терістік етегіндегі қамыста тіпті сарымағын ерткен жолбарыс, өлекшін толып жүреді екен». Мұндай хайуанаттар Қазыбек бек ордада қызмет қылғанда да баршылық болатын. Бертінірек бұл жағдай өзгерді. «Енді бұл күнде адамы қарақұрттай қаптаған Қаратау түгіл, қамысы түйе бойламайтын Көкшетеңіз жалтаңында да жолбарыс шанжағай қалды. Қазір қамаудағы ел бұрынғыдай жолбарыстан қорқа бермейтін болды. Оның үстіне біздің Шерхан батыр да жолбарыстың жүрегін жарып жеп жүр», – деп жазды ол кітабында.
Айта кету керек, оқырман аңғарған болар, біз өткен тарауларда қарастырған бүгінгі заман зерттеушілері Ә. Қайдари, Б. Төлепбаев, К. Нұрпейісов, К. Байпақов, және басқа да ғалым-тарихшылар «Бәйдібек баба – Алып Бәйтерек.Ұрпақтар шежіресі» атты шежіре-кітапқа берген «Бәйдібек баба» деген мақалада Бәйдібек Қарашұлын ел басқарған хан ретінде сипаттайды. Ал ХVIII ғасыр авторы Қазыбек бектің жазуынша, ол кісі әкімдік қызметте болмаған тәрізді, әлеуметтік орынын есіміне «бай» қосымшаны жалғап аталуы да білдіріп тұр ма дерсің: «Атамыз Бәйдібек бай ер көңілді, көбіне байлықпен аң аулап, сейіл құруға бейілді кісі екен»[37].
Одан әрі Қазыбек бек өзінің Бәйдібек бай деп атаған арғы атасының кіндігінен тараған ұрпақты сөз етеді. Бәйдібек байдың «бәйбішесі біздің бабаларымыз Озбайдың (Оразды) он ұлының бірі Отанбайдан тарайтын Арыстан деген бидің қызы Марау – сары бәйбіше атанған. Кейде оны Гүлжамал деп те қояды. Одан тараған тұқым да Сарыүйсін атанған».
Бәйдібек бай жоқ кезде Сарбәйбіше ауылын жау шауып, жылқысын айдап кетеді. (Ол кезде Бәйдібек бай көбіне екінші әйелі Зеріппен тұрған екен). Ә дегенде «мейманасы тасып, кеудесіне нан пісіп тұрған байдың тоғыз ұлы» жаудың артынан қуып береді. Алайда жау тоғызын да жайратып кетеді. Оның алтауы Күйік асуына жақын жерде өлген. Оларды көмген жер «Алтысары» аталады, ал үшеуі олардан кейін Ақсу бойында қайтады. «Сөйтіп, бір соғыста тоғыз ұл бірдей кетеді», – дейді шежіреші. Ағайындыларды кіші шешелері сақтандырғысы келсе керек: жаудың жолында отырған Бәйдібек байдың тоқалы Домалақ тоғыз ұлға «бармаңдар!» деп жалынады. Алайда «бәйбішенің ұлдары тоқалдың, яғни күндестің сөзін не қылсын, жүйткітіп жөнеле беріпті». Сөйтіп, тоғызы да дұшпан қолынан мерт болыпты...
Еске ала кетейік, жоғарыда айтқанымыздай, Бәйдібек 609 – 695 жылдары өмір сүрген. Ал бұл кезеңде Жетісу өлкесі Батыс түркі мемлекетінің иелігінде еді. Қағанаттағы өзара тартыстар, Жетісуда өз үстемдігін орнатуға ұмтылған қытай императоры әулетінің әскери-саяси әрекеттері билікті әлсірете түскен. Бірте-бірте оның тек Батыс түркі қағанаты деген аты ғана қалды. Біздің заманымызға жеткен көне түркі ескерткіші бетіне кезінде қашалған мәтіндегі «...менің шын жүректен шыққан сөздерімді... он жебе ұлдарына және олардың таттарына» жеткізуді өсиет еткен Білге-қаған сөздері[38] арналған Он жебе бірлестігінің құрамына кірген тайпалар Бәйдібек дәуірінде дербестене бастаған.
Олар енді қағанат әміршісінің атынан емес, өз беттерінше, өз тулары астында дербес іс-әрекет жасауды жиілете түскен-ді. Содан, Бәйдібек қайтыс болар мезгілден бір жыл бұрын, 694 жылы таққа Ашина отырады да, шығыста қытай әскеріне қарсылық көрсетуді ұйымдастырады. Осы кезде өлкеде Баға-тархан деген атағы бар Үшлік (Учжилэ) бастаған түргештер де үлкен күш ретінде бой көтереді. Батыс түркі қағанатының сол қанатына кіретін, халқы көп тайпа болған түргештер Шу және Іле қос өзені аралығындағы үлкен аймақты алып жатқан еді. Жетісудағы керуен жолдарының көбін солар бақылайтын. Бірақ олардың қағанаты Бәйдібек дүниеден өткеннен кейін, VIII ғасырдың басында ғана құрылды[39]. Демек, Бәйдібек байдың тоғыз ұлы Батыс түркі қағанаты кезеңіндегі дүрбелеңдердің бірінің құрбаны болса керек.
Сарыбәйбіше – Марау «аяқ-қолы бүріскен, іштен кем» ұл туады. Бәйдібек байдың да, бәйбішенің де баласына көңілі толмай, «құдай тоғыз ұлды алды, келеке қылып берген баласының сүдіні-кейпі мынау» деп менсінбей, атын Сирықты атандырған. Шын аты Байтоқты екен. Кейін әдемілеп Сыйлықсары деп те жүріпті. Сирықты аяқ-қолы кем болғанымен, ақыл-есі түгел боп өсіпті. Ер жеткен соң әйел алған. Ұшан деген бәйбішесінен жалғыз ұл көрген екен. «Баланың атын, сап-сары сары үрпек болғандықган, Сары (Сергексары) атап кетіпті, кейін оған байлығына орай тағы да үйсін ат жалғап Сарыүйсін аталған». Әйтпесе, өзінің әкесі құлағына айғайлап айтқан аты Түргеш екен.
Түргеш немере ағалары Шапырашты, Дулатпен бірдей Абыл, Азық еліне кең мәлім болған. Оның үстіне жауға шапқанда, көбіне батырлау ұл Шапыраштының оң қолында жүріп, жанынан табылып отырған. Немересі Сарыүйсін (Түргеш) үйленгенше Сарбәйбіше – Марау тірі екен. Түргеште де жалғыз ұл болған...
Одан әрі Қазыбек бек әңгімесін: «Бәйдібектің екінші әйелі – өз шешемді әңгімелемей тұрып, кіші шешемізді, яғни Бәйдібек байдың тоқалын – Домалақ енемді әңгімелей жөнейін», – деп сабақтайды. Домалақтың әкесі Үрмәт ұруының адамы екенін айтады. Домалақ ене кішкентай домаланған кісі екен дейді ол. Оның өз аты – Нұрила. Бірақ жұрт оны елге жайлы адам болғандықтан, Нұрбүбі, Алтынбүбі, Бибімариа, Бибажар деп бірнеше түрлі етіп атай берген. Қазіргі үйсін аталатын Абыл, Азық елдерінде ол қасиетті адам деп танылған. Сондықтан да толғатқан әйелдер Мұхаммед пайғамбардың қызы Фатимамен қатар оның есімін де атайды екен…
Домалақтан Бәйдібек бай бір ұл көріпті. Ел аузындағы әңгімеге қарағаңда, Сарбәйбіше (Марау) осы Домалақ (Нұрила) күндесімен өштеу болса керек. Содан болар, ол толғатып жатқанда бір зиянын тигізіпті. Керіп қойған аспалы құрға асылып тұрған Домалақ ененің ішін тартамын деп, бармағын туған (әлде туатын) баланың басына батырып алыпты-мыс. Сондықтан да бала дүниеге жарық шеке болып келген деседі. Оның атын Тілеуберді қойса да, ел аузында Жарықшақ (алғаш Жарықшеке екен) боп кетіпті.
«Біздің шешеміз Зеріп шарқ ұрып, оташы іздеп, ақыры ондай емшіні Қатаған елінен тапқан, – дейді Қазыбек бек. – Жарық шеке балаға оташы Қон Еміс деген кісі ем жасаған. Бала басының сүйегі ойылған жеріне жас тасбақаның сүйегін салыпты. Сөйтіп, аюдың ақ дәрісімен емдеп жазыпты. Қон Еміс ішінде баласы өліп қалған екіқабат әйелдердің баласын да турап-турап алатын болған. Ал оған заманында бүкіл дүние жүзінен науқас адамдар келіп жататын болған».
Бәйдібек байдың екінші әйелі Зеріп – Азық елінің қызы, өте сұлу адам болыпты. «Шешеміз атамыздан он үш жасы кіші екен, – дейді Қазыбек бек. – Оның тапқан балаларынан қалған ұлы — жалғыз Жалмамбет. Шешеміз қартайып, өз ажалынан 81 жасында қайтыпты. Шешеміз қайтқанда, Жалмамбеттің үшінші әйелі (тоқалы) Сыланды да дүние салыпты. Сондықтан екеуін Қаратаудағы Ұзынбүлақ өзенінің кіші Бөгенге қосылар жеріне бірге жерлепті. Содан болу керек, сол жердегі тау «Қосмола» аталады. Енесі мен келіннің татулығын, біріне бірінің мейірімін көрсететін Қосмола ұрпаққа үлгі тұтар елеулі оқиға, үлкеннің кішіге айтар дәрісі, тебізі болмақ. Атамыздың (Бәйдібектің) сағанасы да Кіші Бөген мен Ұзынбұлақ өзенінің қүйылысында беткейге қойылған. Шешеміз Зеріп пен келіні Сыланды екеуі бір бейітке жерленгендіктен, кейде ортақ мүрдені бірде Зеріп шешенің, бірде Сыланды моласы деп жұрт шатастырып та жүреді».
Бәйдібек Зеріптен туған ұлы Жалмамбетті отыз үшінде көріпті. Жалмамбеттен Шапырашты, Ысты, Ошақты туған. Үшеуінің тұқымын Алүйсін, яғни Қызыл үйсін атандырған.
Сонымен, Бәйдібектің үш ұлынан үш ел тарайды. Сирықты тұқымы – Сарыүйсін, Жалмамбет тұқымы – Алүйсін, Жарықшақ тұқымы – Қараүйсін аталған.
Бәйдібек байдың сағанасына (бүгінде Бәйдібек кесенесі – «Қасиетті бес ана» атты тарихи ескерткіштер кешенінің құрамдас бөлігі[40]) Сарыүйсін, Алүйсін, Қараүйсін түгел тәу етіп, күнде тасаттық жасап, құдайы беріп, зиярат етіп қайтып жатады[41].
[1] Қазақстан тарихы. Көне заманнан бүгінге дейін. Бес томдық. 1-том. – Алматы, 2010. – 250-б.
[2] Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлы. Түп-тұқыйаннан өзіме дейін. - Алматы, 2008. – 775–776-бб.
[3] Бәйдібек Баба – Алып Бәйтерек. Ұрпақтар шежіресі. Құрастырған А. Байғазыұлы. –Алматы, 2006. – 15-б.
[4] Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлы. Түп-тұқыйаннан өзіме дейін. - Алматы, 2008. –776-б.
[5] Бәйдібек Баба – Алып Бәйтерек. Ұрпақтар шежіресі. Құрастырған А. Байғазыұлы. –Алматы, 2006. – 15-б.
[6] Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлы. Түп-тұқыйаннан өзіме дейін. – Алматы, 2008. –777-б.
[7] Бәйдібек Баба – Алып Бәйтерек. Ұрпақтар шежіресі. Құрастырған А. Байғазыұлы. – Алматы, 2006. – 15-б.
[8] Қазақстан тарихы. 1-т. – Алматы, 2010. – 249-б.
[9] Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлы. Түп-тұқыйаннан өзіме дейін. – Алматы, 2008. – 777-б.
[10] Қазақстан тарихы. 1-т. – Алматы, 2010. – 248-б.
[11] Бартольд В.В. Очерк истории Семиречья. – Фрунзе, 1943. – 12-б.
[12] Бартольд В.В. Очерк истории Семиречья. – Фрунзе, 1943. – 11-б.
[13] Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлы. Түп-тұқыйаннан өзіме дейін. – Алматы, 2008. – 777-б.
[14] Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлы. Түп-тұқыйаннан өзіме дейін. – Алматы, 2008. –778-б.
[15] Қазақстан тарихы. 1-т. – Алматы, 2010. – 249-б.
[16]Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлы. Түп-тұқыйаннан өзіме дейін. – Алматы, 2008. –778–779-бб.
[17] Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлы. Түп-тұқыйаннан өзіме дейін. – Алматы, 2008. –779–780-б.
[18] Қазақ Совет энциклопедиясы. 7-том. – Алматы, 1975. – 383–384-бб.
[19] Майқы би//Қазақ Совет энциклопедиясы. 7-том. – Алматы, 1975. – 383–384-б.
[20] Ноғайлы дәуірінің әдебиеті//Қазақ Совет энциклопедиясы. 8-том. – Алматы, 1976. – 394-б.
[21] Қазақ Совет энциклопедиясы. 7-том. – Алматы, 1976. – 384-б.
[22] Қазақ Совет энциклопедиясы. 4-том. – Алматы, 1974. – 520-б.
[23] Майқы би//Қазақ Совет энциклопедиясы. 7-том. – Алматы, 1975. – 384-б.
[24] Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. – 6-том. – Алматы, 2004. – 314-б.
[25] Ата шежіре//Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлы. Түп-тұқыйаннан өзіме дейін. – Алматы, 2008. – 780-б.
[26]Қазақстан тарихы. Көне заманнан бүгінге дейін. Бес томдық. 1-том. –Алматы, 2010. – 264-б
[27] Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлы. Түп-тұқыйаннан өзіме дейін. – Алматы, 2008. – 781-б.
[28] Қазақстан тарихы. Көне заманнан бүгінге дейін. Бес томдық. 1-том. –Алматы, 2010. –264-б.
[29] Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлы. Түп-тұқыйаннан өзіме дейін. – Алматы, 2008. – 781–783-бб.
[30] Қайдари Ә., Төлепбаев Б., Нұрпейісов К., Карл Байпақов ж.б. Бәйдібек баба// Бәйдібек баба – Алып Бәйтерек.Ұрпақтар шежіресі. Құрастырған А.Байғазыұлы. – Алматы, 2006. – 13–15-бб.
[31]Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлы. Түп-тұқыйаннан өзіме дейін. – Алматы, 2008. – 783–800-бб.
[32] Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлы. Түп-тұқыйаннан өзіме дейін. – Алматы, 2008. – 772-б.
[33] Қазақстан тарихы. Көне заманнан бүгінге дейін. Бес томдық. 1-том. – Алматы, 2010. – 296-б
[34] Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлы. Түп-тұқыйаннан өзіме дейін. – Алматы, 2008. – 800-б.
[35] Қазақстан тарихы. Көне заманнан бүгінге дейін. Бес томдық. 1-том. – Алматы, 2010. – 300–301-бб
[36] Қазақ Совет энциклопедиясы. 4-том. – Алматы, 1974. – 465-б.
[37] Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлы. Түп-тұқыйаннан өзіме дейін. – Алматы, 2008. – 800–801-бб.
[38] Кляшторный С.Г. Древнетөркские рунические памятники как источник по истории Средней Азии. – Москва, 1964. – 122-б.; Қазақстан тарихы. Көне заманнан бүгінге дейін. Бес томдық. 1-том. – Алматы, 2010. – 300–301-бб.
[39] Қазақстан тарихы. Көне заманнан бүгінге дейін. Бес томдық. 1-том. –Алматы, 2010. – 303-б
[40] Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. 2-том. – Алматы, 1999. – 223-б.
[41] Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлы. Түп-тұқыйаннан өзіме дейін. – Алматы, 2008. – 802–803-, 806-бб.
Бейбіт Қойшыбаев
(«Рух-Сарай», 5-том, «ҚазАқпарат» баспасы, 2012 ж.)
Жалғасы бар...
Abai.kz