Жұма, 20 Қыркүйек 2024
Дей салдым-ау 2583 2 пікір 7 Тамыз, 2023 сағат 13:33

Путиндік Ресей Моңғолиядан айырылды

Моңғолия премьер-министрі Лувсаннамсрайн Ойун-Эрдэнэ АҚШ-ты «маңызды стратегиялық үшінші көрші» деп атады. Өткенде Моңғолия премьері АҚШ-қа барды. Онда екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікті кеңейту және тереңдету туралы келісімге қол қойылды.

Бірақ, осыдан бірнеше онжылдықтар бұрын бұл ел (Моңғолия)  КСРО-ның бір бөлігі болғысы келді. Орыс тілі моңғолдар үшін екінші ана тілі дерлік болды, ол мектептерде міндетті тіл ретінде оқытылды. Ал бүгін бәрі өзгерді. Моңғолия Парламентінің көктемгі сессиясында негізгі шет тілі ағылшын тілі болуы керек деген шешім қабылданды.

Сәтсіздіктер мен жеңілістер бірінен соң бірі жалғасып жатқанда, Путиндік Ресейдің дипломатиялық машинасы тағы бір жеңіліске ұшырады. Қытайдан қорқатын және Ресей экономикасымен тығыз байланысы бар Моңғолияны жоғалту үлкен жеңіліс. Бұны болдырмау үшін Кремль барын салды.

Алғашында Мәскеуде стратегиялық әріптестікті дамыту жөніндегі ұсыныстар мен бастамалар мүлде еленбей, моңғол министрлері Ресей министрлерінің қабылдау бөлмелерінде әріптестерімен кездесуді сағаттап күтетін. Жиырма жылдан астам уақыт бойы Кремльдің Моңғолиямен әріптестікке қатысты ұстанымы осы болды.

2003 жылы ресейлік кәсіпкерлермен кездесіп, бұл елдің минералдық ресурстарын моңғолдармен бірлесіп игеру және бұл жобаларға мемлекеттік қолдау көрсету мүмкіндігі туралы сұраққа Путин ашық айтты: «Бұл сізге керек - сіз мұны өзіңіз жасайсыз, мемлекет оған мүдделі емес», - деді.

Ал, бұл жағдайда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік мәселесі көтерілгенде – мемлекет рубль береді, бизнес тағы екі қосады – Ресей президенті бұлыңғыр түрде «ойланамыз» деп уәде берді.

«Осыдан соң 2000-шы жылдардың алғашқы онжылдығында Қытайдың Моңғол экономикасына ықпалы артты. Ел билігі қанша қарсылық танытқанымен, бизнес 90 пайызға дейін Қытаймен байланысты болды. Ең ірі көмір кені (Таван-Толгой) және ең ірі мыс және алтын кен орындарының бірі (Оюу-Толгой) Қытайға бағытталды», - делінген жақында жарияланған аналитикалық зерттеуде.

Кремль бұл жағдайға бей-жай қарады. Дегенмен, мен тағы бір рет атап өтейін, оның бұл үшін құралдары болды, ал қазір Вашингтон Моңғолия үшін Бейжіңмен күреске кірісті.

Америка шенеуніктеріне Моңғолия премьер-министрі Оюун-Эрдененің Америкаға сапарын және осы орайда арнайы жағдайды дайындау үшін бар болғаны бес ай қажет болды, оның негізі «АҚШ пен Моңғолия арасындағы стратегиялық әріптестік туралы бірлескен мәлімдеме» болып табылады.

Оған, атап айтқанда: «Экономикалық ынтымақтастықтың жол картасы», «Пайдалы қазбалар және энергетика саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум», сондай-ақ қорғаныс саласындағы ынтымақтастық кіреді.

Сонымен қатар, америкалықтар Моңғолияда мүмкіндігінше көп ағылшын тілі мұғалімдерін дайындау үшін Эрдэнэт қаласында ағылшын тілін оқыту бағдарламасын бастайды. Ал USAID пен Моңғолия Қаржы министрлігі арасында Моңғолиядағы «демократиялық құндылықтарды» дамытуға, әрине, американдық жолмен, жалпы сомасы 25 миллион долларға дейін гранттар беру туралы келісімге қол қойылды.

Бір қызығы, Қытай ықпалына қарсы әрекет ретінде АҚШ-пен қарым-қатынасты дамыту моңғолиядағылардың бәріне ұнай бермейді. Бірақ Кремль бұған немқұрайлы қарап отыр. Осылайша Кремльдегілер Африкадағы ауқымды жобаларды армандап жатқанда, қолдарында бар нәрсені қалай пайдалану керектігін білмей – Моңғолияны уысынан шығарып алды.

Керімсал Жұбатқанов

Abai.kz

2 пікір