Жұма, 20 Қыркүйек 2024
Арылу 2101 1 пікір 8 Тамыз, 2023 сағат 13:08

Украина: Қош бол, КСРО символдары!

6 тамыз күні таңертең жұмысшылар Киевтегі «Отан – Ана» ескерткішінің қалқанына Украинаның ресми символын орнатты. Днепр жағасында орналасқан «Отан – Ана» ескерткіші Еуропадағы ең биік, ал әлемде бесінші монументалды мүсін болып табылады. Тұғыры бар ескерткіштің биіктігі – 102 метр. Мүсінде қалқан мен қылыш көтерген әйел бейнеленген.

Тамыз айының басында Украина үкіметінің шешімімен мүсіннің қалқанынан КСРО елтаңбасы алынып тасталды.

«Болды! Оның орнында украин елтаңбасы орнатылды. Бұл күрделі, жауапты, тарихи жоба болды. Осыны жүзеге асырғандардың барлығына – материалдық қолдау бергендер, дизайнерлерге, құрылысшыларға, мүсіншілерге, Соғыс мұражайының қызметкерлеріне, осы өзгерістерді қолдағандарға, барлығына алғыс айтамын», – деп жазды Украинаның экс-мәдениет министрі Александр Ткаченко.

Ал панельді құрастыру жалғасуда. Украинаның Мәдениет және ақпараттық саясат министрі Ростислав Карандеев бұл жұмысты 24 тамызда атап өтілетін Украинаның Тәуелсіздік күніне дейін аяқтау керектігін айтты.

Ескерткіштің өзін өзгерту жоспарлануда. Украина билігі «Отан - Ана» дегеннің орнына «Украина - Ана» деп атағылары келеді. Екінші дүниежүзілік соғыстағы Украина тарихы мұражайының директоры Юрий Савчуктың айтуынша, мұражайдың ғылыми кеңесі мұндай шешімді бекітіп қойған, бірақ оны Мәдениет министрлігі әлі де түпкілікті бекітуі керек. Мүсін 1981 жылы 9 мамырда Печерск тауларында, Днепрдің оң жағалауында, қазір Екінші дүниежүзілік соғыстағы Украина тарихының мұражайы деп аталатын кешен аумағында ашылды.

Бұл мұражайы бар мүсінді тұрғызуға Кеңес мемлекеті 12 миллион рубль жұмсады. Бүкіл кешеннің құны 30 миллион рубльден асты. 2015 жылы Донбасста Ресей бастаған соғыстан кейін декоммунизациялау процесінің бір бөлігі ретінде КСРО елтаңбасын Украина елтаңбасымен ауыстыру идеясы пайда болды. Қымбат шығын мен Елтаңбаны бөлшектеу ескерткіштің тұрақтылығына нұқсан келтіреді деген қауіптен жұмыс бірнеше рет кейінге шегерілді.

2022 жылдың жазында Украина үкіметі «Дiя» мемлекеттік цифрлық платформасында ескерткішпен не істеу керектігі туралы онлайн сауалнама жүргізді. Дауыс беру 7 шілдеден 21 шілдеге дейін созылды, украиндықтарға екі жауаптың бірін таңдау ұсынылды: Біріншісі - барлығын сол күйінде қалдыру. Екіншісі - КСРО елтаңбасын алып тастап, оны Украина елтаңбасымен ауыстыру. Сауалнамаға барлығы 780 мыңға жуық адам қатысты. Соңғы нұсқаны қолдаушылардың саны 85 пайызды құрады.

Ағымдағы жылдың 13 шілдесінде Украинаның сәулет және қала құрылысы мемлекеттік инспекциясы жұмысты бастауға рұқсат берді. «Дизайн шешімдерінде ескерткіштің қалқанына Украинаның мемлекеттік елтаңбасындағы суретке сәйкес келетін трезубец орнату қарастырылған», - деп хабарлады агенттік.

Айту керек, ағымдағы жылдың сәуір айының ортасында Жоғары Рада Украинада Ресейдің имперлық саясатына қатысты рәміздер мен топонимдерге тыйым салатын заң қабылдады, оның ішінде Ресейдің ресми рәміздері (Мәскеу патшылығынан қазіргі Ресей Федерациясына дейін) тыйым салынды. Ресейде басшылық қызметтер атқарған немесе ресейлік имперлық үгіт-насихатпен айналысқан тарихи тұлғаларды насихаттауға да тыйым салынды.

Бірнеше жыл бұрын Украинада декоммунизация туралы заң қабылданып, оған сәйкес кеңестік мемлекет қайраткерлеріне арналған көптеген ескерткіштер бұзылып, көптеген көшелер, алаңдар мен елді-мекендердің атауы өзгертілді. Ресейдің Украинаға басып кіруі басталғаннан кейін Кеңес Одағымен ғана емес, Ресеймен де байланысты атауларды өзгерту басталды. Мәскеу кеңестік елтаңбаның жойылып, мүсіннің атын «Украина - Ана» деп өзгерткеніне ашулы реакция танытты.

«Бұл Киев режимі мен ол басқаратын киборгтардың бүкіл мәні. Ананың атын өзгерту мүмкін емес. Ол бір. Оны тек сүю керек. Олар мұны қалай істеу керектігін білмейді», - деді 6 тамызда Ресей Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова.

КСРО елтаңбасы Мәскеудің орталығындағы Ресей Сыртқы істер министрлігінің бас ғимаратының қасбетінде және басқа да көптеген ресейлік үкіметтік ғимараттарда әлі де тұр.

Керімсал Жұбатқанов

Abai.kz

1 пікір