Сәрсенбі, 27 Қараша 2024
Жазылған жайдың жалғасы... 2248 21 пікір 14 Тамыз, 2023 сағат 16:19

Өмірзақ Ақжігітке жауап: Мәселе Абайда емес...

Редакциядан: 7 тамыз күні порталымызда қоғам қайраткері Жанұзақ Әкімнің «Қара сөзді оқыған сайын қазақ нақұрыстана береді...» атты мақаласы жария болып, қоғамның қызу талқысына түскен еді. Abai.kz ақпараттық порталы еркін ақпарат алаңы. Мұндай ой жарыстырып, пікір таластыруға Қазақстанның кез келген азаматы құқылы. Ал бүгін порталымызда журналист Өмірзақ Ақжігіт мырза Жанұзақ Әкімнің сол айтқан пікіріне жауап мақаласы жарияланды.

Осыған қатысты Жанұзақ Әкімнің Өмірзақ Ақжігітке берген жауабын да Abai.kz оқырмандарының талқысына ұсынғанды жөн санадық.

Тәрбиенің өзегі үлгіде немесе мәселе Абайда емес, жастарды қалай қорғаймыз

- Коррупция неге бала-бақшадан басталады?

- Жыл сайын мемлекеттік құпия болып саналатын ҰБТ сұрақтардың жартысынан астамы неге сатылады?!

- 2008-2018жж елдегі қазақтың саны екі млнға өскенімен, қазақ мектебінің саны неге 139-ға, оған барған балалардың саны 155 мың балаға азайған?

- Қазақ тілін үйренген 1,5 млн (негізінен жастар) басқа ұлт өкілдерінің саны 2012 жылдан бері неге 7-8 есеге азайды?!

- БҰҰ дерегі бойынша 2012 жылдан бері 12-18 жасар қазақ қыздары суицидан әлемде бірінші орында, қазақстандықтар (негізінен қазақтар) 3-4 орында (әлемдегі суицидтің деңгейі 10000 адамға 7 болса, Қазақстанда 30 адам). Аналардың балаларымен бірге жоғары қабаттан секіріп өлуінен де біз алдамыз;

- 1991 жылдан бері Өзбекстан халқының саны 19-дан 34,4 млнға, Қазақстан халқы 17,2 млннан 19,8 млнға өсті...

Бүгінгі қазақтың негізгі мәселесі жеке тұлғаларды талқылау емес, ел болашағы жастардың мәселесін дұрыс шешу болып табылады?!

Тәрбиенің  өзегі сөзде емес, үлгіде немесе істе! Бұл психология ғылымының, педагогика саласында соңғы кезде ашқан жаңалықтары.

Сөзге және тиымға («қызға қырық жерден тиым» т.б.) негізделген қазақы тәрбиенің пайдалы коэффициенті өте төмен болып қалуда?! Жоғарыда аталған кемшіліктердің негізгі себебі, ол парақорлық, ұрлық, коррупция, ұлттық дәстүр мен тілді құрметтемеу, қоғамды жайлаған мәдениетсіздіктің негізі посттоталитарлық және авторитарлық режимдердің моралына негізделген тәрбиенің ұлттық негізден ауытқуы және мемлекетті құртатын жүйеге айналуында. Бұл ұлт пен мемлекеттің болашағына қауіпті үрдіс!

«Егер жастарға қандай тәрбие беріп жатқаныңды білсем, онда жүз ұрпақтан кейін елдің қандай болатынын айта аламын» дейді шығыс даналығы.

Сондықтан, отбасын, ұрпақ тәрбиесін, қоғам мен мемлекетті түзетеміз десек Қазақ, сол мемлекет құрушы ұлттың бір мүшесі ретінде биліктен де, Құдайдан да ештеңе күтпей бесікті, отбасын, қоғамды өзіміз түзете алсақ, ел түзелер! Ал, 30 жыл ұйықтағанды жалғастыра берсек, «екі сиыр емес, тышқақ лақ та бұйырмас»?!

Қара сөздерге байланысты көтеріліп жатқан мәселе негізінен тәрбиеге, оның ішінде педагогика мен моральға байланысты болғанымен, осы сала мамандарының ауыздарын буған көртышқандай болып отыруы, сайлауларда дауыс ұрлауға және мектептерде бітпейтін ақша жинауға машықтанған мұғалімдерден ештеңе күтуге болмайтынын көрсетеді.

Ал, екінің бірі «абайтанушы» болған кездегі жазғыштарға қарасаң, негізгі мәселе, ол оқырмандары Абайдан 70-80 есе көп болса да, «Пушкин Абайдың қолына су құя алмайды», Абай замандастары Шопенгуэр, Ницшелерден асқан философ (болса, онда неге әлем универлерінде Фарабилермен қатар оқылмайды?), Абайдан ұтылған орыс шенеуніктері оның үстінен патшаға арызданған (болыстың үстінен есі дұрыс адам патшаға арызданады ма?)... деген негізсіз мадақтаулары мазаққа жақын, базар әңгімесінен аспаған сандырақтарға толы.

Т.Жұртбайдың мақаласында 20 жыл ел басқарып, болыс-би болған Абайға тоқталады. Ұлттық академияның президенті, ғылым докторы Д. Қонаев, «26 жыл ел басқарғанда зерттеп, саралап, ізденетін ғалымдық қасиеттен айырылдым» дейді. Болыс-би болып барымта, дау, параның ортасында жүрген Абай, содан кейін қалай ұлы ақын, ойшыл болды екен?!

Ал, «Ағартушы, әрі ақын Абай (Ибраһим) Құнанбай болды ма?» деген тіл маманы Зәуре Батаеваның сұрағына жауап беру үшін:

- 1880 жылдары Омбыда 12 жыл бойы шыққан «Дала уәлаятының газетінде» Мәшкүр Жүсіп, Біржан сал т.б. туралы материал жеткілікті болғанымен Абай туралы (Ақылбайдың атымен шыққан екі өлеңнен басқа) ешқандай материал жоқ?

- Семейдің кітапханасында Абай тіркелмеген?!

- Абайдың үйінде айлап қонып жатты деген Михаэлис, Долгополовтар күнделіктерінде ол туралы неге ештеңе жазбаған?!

- Абай туралы жазды деп жүрген А.Янушкевичтің Қазақстанда (деректері 1960 жылдары өзгертілген) күнделігі, т.б. материалдар Польшада шыққан деректерден өзгеше, т.б. сұрақтарға жауап беру керек?!

Ал, Ө.Ақжігіттің жазғанына келсек, ол А.Пушкинді оқымағаны көрініп тұр (оның үштомдығының 1-ші томын оқығанда рухтанбаған жүрек, ол бір кесек ет)  және 2016ж жер сату мәселесі бойынша Үкіметте құрылған комиссия мүшесі ретінде жерді сатуды қолдаған Айтаханов дегенді мысалға келтіруі мүлдем орынсыз болды.

«Жаңа Қазақстан» Президенттің жер сатуға тиым салған 10.06.2021 жылғы Қаулысынан басталады.

Автордың осы тақырыптағы және демографияға арналған мақалаларын Abai.kz және фейсбук Akim.Zhanuzak 7-тен оқуға болады.

3-4 сыныптарға арналған оқулықтардағы Қара сөздің «Қазақтың қазақтан басқа жауы жоқ, моральдық деңгейі төмен, еңбек етпейтін кезбе...т.б. 17 рет өз ұлтын қаралауы (ол жанашырлық емес, елді кемсіту екенін 2020ж Абайға арнап оқыған шенеуніктердің челендждерінен көреміз) және 6-шы сынып оқулығында «қазақтың мал құрлы қадірі жоқ...» деген отарлаушы, не ұлтқа жаулықтан туған сөздер, оны оқыған балалардың миында өмір бойы обыр болып қалады.

Бұл жерде баланың зердесі (интеллект) 9 жаста 90-92%, 15 жаста толығымен қалыптасатыны ескерілген болу керек. Себебі, осы қара сөздерді 20-25 жастағы студенттер негізінен (кейбір теріс тәрбие көргендерінен басқалары) қабылдамайды. Абайдың күрлелілігі оның қасында баланың ойыны болып қалады?! Ұлтты тобыр-құлға айналдыру үшін оны жаулап алу міндет емес, оның миына өз дініңді, тіліңді, идеологияңды немесе санасы оянбаған жастарға сол ұлтты «мал қылатын» идеологияны сіңдірсең жеткілікті! Ол туралы Неру, Манделла, Дин Рид, Каддафи т.б. жазды.

Ал, тәрбиенің ерекшелігі, ол айтылған сөз емес, істелген іс үлгі болып беріледі. Бала әке-шеше мен үлкендердің  қандай істерін көрсе, содан үлгі алып қайталайды.  Бұл аксиома!

Абай өлеңдерінің түсініксіз, күрделілігі, олардың аударуға келмейтіні туралы көп жазады.

Дипломат, ғалым Мұрсал-Нәби Тұяқбаевтың мұрындық болуымен Қ.Аманжоов пен М.Мақатевтың біраз өлеңдері француз тіліне аударылып, оның электрондық нұсқасы франкофонның 12 еліне тарады.

2014 жылы мемхатшы М.Тажинге «алдымен он ақын-жазушының шығармаларын француз, одан кейін ағылшын... тілдеріне аударайық» деп берген  ұсыныс министрлік пен Одаққа барып аяқсыз қалды. Сөзге келгенде «Адамзаттың Абайы...» деп басталып, іске келгенде сиырқұйымшаққа айналатын біздегі істердің сиқы осы. 30 жылда тілашар және әмбибап методикалар шығара алмай отырмыз.

Халықаралық Адам институты әр тілдегі әлемнің он университетінде қазақ тілі мен әдебиетінің кафедраларын ашуды көздеп отыр. Бұл басқа тілдермен бәсекелес жағдайда, тілді дамытып, аударма мәселесін дамытатын тиімді жол болмақ.

1882 жылы Петербордағы А.С.Пушкиннің ескерткішін ашқанда сөйлеген Ф.М.Достоевскийдің (Фб тұр) баяндамасынан кейін Блок, Ахматова т.б. бастаған жүздеген ақын-жазушы, композитор, суретші... «Менің Пушкинім» деп сайраганы 1970 жылдары тоқтады. Қазақтан басқалар мылжыңның да шегі болатынын және біреуді пір тұту перілердің тірлігі екенін түсінді?! Бірақ, одан Пушкин төмендеген жоқ. Сол сияқты қара сөздердегі жоғарыда айтылған кері сөздерді мектеп оқулықтарынан алып тастаса Абай да төмендемейді, бірақ қазақтың абыройы өсіп, рух көтеріледі!

Жанұзақ Әкім

Abai.kz

21 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1555
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3351
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6226