Қазақтың дау кетпейді сау басынан
Қызық. Анда-санда әлеуметтік желіге бір үңіліп қояйын дейсің. Сөйтсең, ол жерде күндіз-түні таусылып бітпейтін бір дау болып жатады. Жақ-жаққа бөлініп алған діндарлар, біреуді жерден алып, жерге салған даукестер, бір нәрсенің байбына бармаса да, «Әйтеуір жұрт жазып жатқасын, мен де бірдеме жаза салайын» дейтін даурықпалар, әлдекімдерге, әлденеге қарадай қаны қарайып, жаны жараланған жандар, т.с.с. айта берсең шет-шегі жоқ.
Осындайда:
- Су шықпас қазғанменен тау басынан,
Қазақтың дау кетпейді сау басынан, – деген Ақан серінің жыр жолдары ойыңа оралады. Бәлкім, қазіргі «көзі ашық, көкірегі ояу» қазақ қоғамында пікір алуандығы мен ой қайшылығы, түрлі дәрежедегі таным-түсініктер, ескілі-жаңалы көзқарастар болғасын мұндай даудың туындап жатуы да заңдылық болар?!
Сонымен, соңғы даудың басты кейіпкерлері – Қырғыз еліне қазақ халқының атынан арнау айтқан Біржан деген бауырымыз, Алаштың аймаңдайлы ақыны, мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай және Қырғыз елінің Президенті Садыр Жапаров мырза.
Дау неден туындап еді? Иә, әлдебір санда да, сапада да жоқ шымкенттік ақын қырғыз елінде өтіп жатқан халықаралық жиында қырғыз халқына, сол жиынға арнайы қатысып отырған ел Президенті Садыр Жапаровқа қазақ халқының және оның Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан арнау айтады. Сөз парқын білетін жанға бұл арнау емес, қасиетті сөз өнерін, бабадан қалған ақындық өнерді қорлау десе болғандай. Олай дейтін себебім, әлгі ақынның айтып тұрған өлеңінде, егер ол өлең деп айтуға келсе, не ұйқас, не мән-мағынасы жоқ балдыр-батпақ бірдеңе.
Ол жердегі сөз қадірін білетін қырғыз бауырларымыз анандай жер-көкте жоқ арнауды тыңдағанда қандай күй кешкендерін қайдам, өзім бейнежазбасын көріп, «Бетті бастым, қатты састым..,» дегендей, жерге кіріп кете жаздадым. Құдай-ау, өлең дегенде екі-үш жолдан кейін болса да бір ұйқас, әсерлі теңеу, мағыналы сөз деген болмаушы ма еді?! Біздің арнау айтқыш ақынымызда оның бірі жоқ қой. Не үстіне ұлттық нақышпен оюланған қазақы шапан да кимеген.
Қайсыбіреулер жазып жатқандай, көшеден келсе, көшеден келгендей.
Өлеңінің сиқы әлгіндей бола тұра:
- Садыр байке! Мен Шымкенттен жаяу келдім, енді мені жаяу қайтармай, астыма ат мінгіз, - дегені нағыз беті қалың адамның немесе ақыл-есінде кемістігі бар жанның сөзі болды. Әйтпесе, есі дұрыс адам бір мемлекеттің пілдей бір президентіне барып, «Мен осында жаяу кеп едім, еліме мініп қайтатын ат берші» деп жалбарына ма?
Жалпы, менің ұғымымда ақын бол, кім бол, сұрамшақтық, тілемсектік деген өте бір сүйкімсіз дүние. Осы сүйкімсіздік арнау айтушы ақынымыздың бейбастақ қылығы арқылы бүткіл қазақ дейтін халықтың бет-бейнесі іспетті көрініп қалды. Сол жерде отырған жұрт: «Е, қазақ деген жүрген жерінде осылай сұранып, тіленіп жүретін бір бейшара халық екен-ау?!» деген ойға қалды.
Осыған намыстанған Аманжол ақын өзінің «жыр арнаушыдан» жасы үлкендігін, сондай-ақ, Халықаралық ақын-жыршылар және термешілер одағы орынбасары екендігін ескере отырып: «Мына жігіттікі дұрыс болмады. Сөзінің түрі анау, өзінің сиқы мынау. Мұқым бір елдің патшасынан ұялмай-қызармай ат сұрап, қазақ ұлтын күллі әлемнің алдына жерге қаратты!» деген ағалық сөзді айтуды өзіне парыз санаған екен.
Құдай сақтасын!
Аманжолдың жаулары ма, жоқ болмаса айтыс өнерінің көреалмас дұшпандары ма, желідегі желауыздар Аманжолды жерден алып, жерге салды. Одан барлық айтыс ақындарына күл шашты. «Пікір білдіргеннің жөні осы екен» деп айтпағанды айтты, шатпағанды шатты, қарғады, сіледі. «Ішің тар бейшара екенсің, сен Жүрсіннің құйыршығысың, пәлен-пәштуан» деп, айдалада сырқаттанып жатқан Жүкеңді де қосақтарына ала кетті.
Ал енді осындай байыпсыз байбалам салғандарға: «Ағайындар-ау, бұларың дұрыс емес, Аманжолдың шыр-пыр боп айтқаны өзге елдің алдында төмендеп кеткен еліміздің ақындық өнері мен намысы емес пе?! Оны неге «іштарлық, көреалмаушылық, тағы бірдеме» деп бұрмалап, былайғы жұртты жаңылыстырып отырсыңдар? дегендерді де аямады, желідегі желігіп алғандар. «А» деп ауыз ашқанының соңына ит жүгіртіп, құс салып, алты қырдан асырып тастады.
Менің бұл жазбама да үнсіз қалуды өздеріне қор санап, өре түрегелетіндер табылар. Мейілі, кімнің аузына қақпақ боларсың?! «Аталы сөзге арсыз ғана тоқтамайды» деген.
Менің айтайын дегенім, мүлдем бөлек дүние. Құдай бетін аулақ қылсын! Біз мына түрімізбен, ертең ел басына әлдеқандай күн туатын болса, жаудың көмегіне жүгінбей-ақ, бір-бірімізді атып, асып, одан қалса, сыртынан көрсетіп сатып жіберетін шығармыз. Оның шет жағасын өткен жылы «Соғысқа қатыспаймыз!» деп Ресейден ауа қашқандарды құшақ жая қарсы алғанда-ақ байқағанбыз...
Садыр Жапаров та азамат екен. «Күллі қырғыз ұлтының атына сөз келмесін!» деп ат мінгіздім!» дейді. Сосын, «Бұл жерден ешқандай саясат іздеудің керегі жоқ!» деп жақауратып қойыпты.
Қайсыбіреулердің ойынша саясат деген екі елдің арасындағы дүрдараздық немесе кескілескен майдан ғана емес қой?! Менің ойымша кез келген адамның сәл болса да ақылға салып, ойланып жасаған әр қадамы, өзінше саясат. Егер Жапаров мырзанікі саясат болмаса, дәл сол жерде «Күллі қырғыз ұлтының атына сөз келеді» дегенді ойлап, әлгіндей қадамға барар ма еді? Сондықтан, мұны да бір «Саяси қадам!» деп қабылдауымыз керек.
Ал, енді қайсыбіреулер айтып отырған Аманжолдың «іштарлығына» келетін болсақ, 1990 жылы Павлодардың Ертіс ауданында қазақтың дауылпаз ақыны Иса Байзақовтың 90 жылдық тойы болып, республикалық ақындар айтысы өтті. Сол айтыстың бас жүлдесін қазылар алқасының шешімімен Қарағандыдан келген жас ақын Аманжол Әлтаев иеленген еді. Жүлде тапсыру салтанатында әлгі қарағандылық жас ақын, ел күтпеген «оқыс мінез» көрсетті.
Сөйтті де, ұтып ап тұрған бас бәйгесі, күміс ертұрманды, жүген, өмілдірікті ақбоз сәйгүлікті:
«Қадірлі ағайын! Мен осы сырт жерден алып тұрған тұңғыш бәйгемді, өзімнің аса қадір тұтатын ақын ағам Серік Құсанбаевқа мінгізсем деп едім!» деді. Мен, әрине Аманжолдан мұндай сый да, сияпат та күткен жоқ едім.
Аманжолдың іші тар болса, Аманжол қайсыбіреулер күндеп отырғандай сараң, қарау болса, екінің-бірінің қолынан келе бермейтін осындай мәрттікке барар ма еді?!
Сол кезде Аманжол бар болғаны 20-ақ жастағы бозбала болатын. Аманжолдың қасиетті Арқа жігіттеріне тән мұндай атымтай жомарттығы мен мәрттігіне одан кейін де сан мәрте куә болғанбыз. Бұл – әрі-беріден соң біздің қазақ айтыс ақындарының арасында қалыптасып кеткен дәстүр десе де болғандай.
Сондықтан қадірлі ағайын, жер-жаһанға байбалам салып, «жау шаптылайтындай!» бас жарылып, көз шыққан жоқ. Кімнің кімге мінгізбей жатқан сырты түк, іші боқ бір жылқысы?! Бір-бірімізді жөнді-жөнсіз табалап, бір-бірімізге орынды-орынсыз абалағанды қойып, досқа күлкі, дұшпанға таба болмаудың қамын ойлағанымыз абзал.
Серік Құсанбаев
Abai.kz