Үмітті үш сала
Ауыл шаруашылығын дамыту бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі болған. Бұған себеп қазақстандықтар пайдаланатын азық-түліктің басым бөлігі импортталатындығы. Сонау АҚШ мемлекетінен тауықтың сирағын тасып жүрміз.
Балықтың басым бөлігі тағы сырттан келеді. Жеміс-жидек түгіл көкөністің де көп бөлігін оңтүстік көршілерден сатып аламыз. Демек, Қазақстанға бүгіннен бастап үш салаға ерекше көңіл бөлу қажет секілді.
Біріншіден, құс етімен, жұмыртқамен өзімізді өзіміз қамтамасыз ететіндей құс шаруашылығы кешенін жасауға тиіспіз. Құс шаруашылығын дамытуды астық өндірісімен айналысатын барлық облыстарға міндеттесек, бұл мәселе толық шешілер еді. Егер олар бұл іске жауапкершілікпен қараса, Қазақстан миллиондаған тонна астық экспорттамай, оның орнына салмағы мен көлемі одан еселенген мөлшерде аз құс етін сыртқа сату мүмкіндігіне ие болады. Ал бұл өз кезегінде тасымал шығынын азайтып, жұмыс орындарын көбейтіп, елге түсер кірісті ұлғайтатын сенімді көз болары сөзсіз. Құс жемі болатын дәнді-дақылдар тың аймағының кез келген жерінде өседі. Демек, елімізде құс шаруашылығын қарқынды дамытуға қажеттілік бар да ешқандай кедергі жоқ.

Екіншіден, барлық су көздерінде балық шаруашылығы мекемелерін ұйымдастыруға инвестиция құйса, ол қайтарымды ғана емес, пайдалы да болар еді. Қазіргі таңда Еділ мен Жайық, Арал жағалауларындағы елдер ғана балық шаруашылығын дамытуға көңіл бөлген секілді. Басқа жерлерде ондай бар дегенді естімедік. Ал кейбірі «балық шаруашылығы» дегенді балық аулап, оны базарға өткізіп, пайда табу деп қана түсінеді. Демек, сала үлкен қозғалысты күтіп жатыр. Балық шаруашылығын кешенді дамыту үшін уылдырықтарды шабаққа «айналдыратын» арнайы «инкубатор» керек екенін көпшілік біле бермейді. Демек, бұл іс мемлекет тарапынан қамқорлықты күтеді. Егер балық шаруашылығын дұрыс жолға қоя алсақ, онда Қазақстан өзін-өзі адам ағзасына қажетті фосформен толық қамтамасыз ете алар еді. Ал бүгінге дейін балық импортына шығындалған қыруар валюта өзімізде қалса, немене қалтамызды тесе ме?
Үшіншіден, Елбасымыз Ауыл шаруашылығы министрлігіне, жергілікті әкімқараларға «азық-түлікпен қамтамасыз ететін іс жасаңдар» деп нұсқау бергенде көкөніс шаруашылығын дамытуды ерекше ескерткен болатын. Содан бері елімізде есебі белгісіз жылыжайлар мен қоймалар салынды деген хабар жеткілікті. Бірақ нәтиже шамалы. Қазір Астана түгіл Алматы қаласының өзіне көкөніс Өзбекстаннан импортталады. Шығынды былай қойғанда, нағыз ұят тұс – осы. Қу ағаш түссе көктеп шығатын Жетісуда халықты көкөніспен қамтамасыз ете алмау не сұмдық?! Демек, Үкімет нақты қаулы қабылдап, онда бүкіл аймақтар мен қала басшыларын, аймақ тұрғындарын жыл ұзағына көкөніспен толық қамтамасыз ететіндей іске міндеттеу қажет секілді. Жерінің құнары жоқ Израиль дүниежүзінде көкөніс экспорттаудан көшбасшылардың бірі. Ал жері құнарлы Қазақстан, керісінше, көкөністі импорттайды. Сұмдық! Иә, әр қала тұрғындарының санына байланысты сол қалалар маңында көкөністі жыл ұзағына беріп тұратын жылыжай салу қанша қиын? Демек, бұл мәселені сөзбұйдаға салмай, әкімқараларды нақты нәтижеге жауапты ету – бүгінгі күні қолға алатын мәселелердің бастысы.
Біз ауыл шаруашылығында кезек күттірмей, қолға алатын өзіміз үшін аса қажетті үш сала туралы әңгіме еттік. Көңіл аударарлығы сол – бұл салаларды дамыту «велосипед» ойлап табуды немесе мол қаражатты қажет етпейді. Сондай-ақ бұл салаларға құйған инвестицияның қайтарымы да сенімді. Сонымен бірге сырттан азық-түлікті, әсіресе, көкөністі импорттай отырып, біз ақшаны сыртқа шашумен бірге отандастар өмірі мен денсаулығын қатерге тігіп келген мемлекеттердің бірі болудамыз. Мұны біз емес, Біріккен Ұлттар ұйымының талаптары айтады. Олай болса, еліміз үшін аса қажетті және табысты осы үш саланы қолға алу Ауыл шаруашылығы министрлігі мен жергілікті аймақтық әкімдер басшыларының беделін анықтауда басты талаптардың бірі ретінде қарастырылуы керек секілді.
Осы үш саланы дамыта алсақ, жүз мыңдаған қазақстандық тұрақты жұмыс орнын тауып, миллиардтаған теңге ақшамыз шет ел аспай өзімізде қалуын қамтамасыз етіп, инфляцияны да тежер едік. Бар мәселені толық шешу деген осы емес пе?!