Сенбі, 23 Қараша 2024
Мәдениет 2300 7 пікір 15 Қыркүйек, 2023 сағат 14:06

Толассыз той-думан

Қазір әнші де көп, ән де көп. Бірақ олардың деңгейіне тыңдарман жұртшылықтың көңілі тіпті де толатын емес. Біреуге әні ұнамайды, біреуге сөзі ұнамайды, енді біріне әншінің өзі ұнамайды. Соған қарағанда сан әлі сапаға айнала қоймаса керек.

Қазақ эстрадасының даму жолы – қазақ тілінің қоғамдағы өз орнына ие болуға ұмтылысы секілді, ауыр жол. Тыңдарманның ес-түсін көрші елдің өнерпаздары алып, қазақ сахнасында төрт-бес әнші ғана төбе көрсеткен кездер де бастан өтті. Тәуелсіздік алған 90-жылдары да ұлт өнерін ұлықтау өте сылбыр жүргізілді. ХХІ ғасырдан бастап қана қазақ эстрадасы еңсе тіктеді. Өйткені тұрғылықты ұлттың үлес салмағы артты, саны көбейді, «КСРО» деген империяны еміс-еміс естігені болмаса, «жыға танымайтын» жаңа ұрпақ қалыптасты. Оларға ресейлік эстрада қажет болған жоқ, олар тек қазақ әнін талап етті. Міне, осы кезеңде өнер сахнасына «МузАрт» шықты. Жас буынның ұлттық эстрадаға деген ұлан-асыр қызығушылығы 2000 жылдары басталған еді.

Ал қазіргі қазақ эстрадасы бірсарындылыққа ұрынып тынды. Радионы ашып қалсаң да, теледидарды қосып қалсаң да, еститінің – инкубатордан шыққан балапандарша бір-бірінен аумай қалған әндер. Егер жүргізуші алдын ала хабарламаса, барлығы кезектесіп бір ғана композитордың әндерін шырқап жатыр екен деп ойлап қалғандайсыз. Бүгінгі авторлар саздылық, әуенділік, әуезділік секілді ұғымдарды түгел жиыстырып қойып, не сызылып-сыздап айтатын, не ышқынып-қышқырып орындайтын әнсымақтарды, «тисе – терекке, тимесе – бұтаққа» дегендей, бытыраша бытырлатып жатыр.

Мәселен, бірде радиодан мәтіні мынадай ән естідім:

«Алтыжарым, жеті жарым, сегіз жарым... мазам жоқ,

Күте-күте көзім талды, өзіңнен бір хабар жоқ...

Тоғыз жарым болды сағатым,

Таусылып бітті тағатым,

Қайдасың сен, аяулым,

Сені күтем деп ауырып қалды аяғым...».

Ертеңіне мына бір ән «құлақтан кіріп, бойды алды»:

«Жоғал әрі!

Сүймесең одан әрі!

Сенсіз де бақытты болам әлі!»

Біздің жастардың тыңдайтыны – шынымен-ақ осындай әндер ме?

Демек, бізде әнші де, ән де көп болғанымен, оның сапасы туралы мәселе ашық күйінде қалып отыр. Ең әуелі, қазақтың өзі тыңдайтын әнді, қазақтың өзіне қадірлі әншіні құрметтейік, насихаттайық, көтермелейік.

Бұрын кеңес дәуірінде аптасына бір рет көрсетілетін «Терме» деген телехабар болушы еді. Әскербек Еңкебаев жүргізетін, студияға қонақ болып Қаламқас Орашева, Қатимолла Бердіғалиев, Шымболат Ділдебаев және т.б. келіп, әжік-күжік әңгіме өрбітетін, талай терме мен жырдың тиегі ағытылатын. Тәуелсіз ел атанғанымызға отыз жылдан асып кетті, ал біз көп мәселеде алға жылжудың орнына кері кетіп бара жатқан сияқтымыз. Терме, жыр, дәстүрлі ән туралы арнайы бағдарлама ашпақ түгілі, өнерпаздарымызды эфирге жолатпай, жатырқайтын жағдайға жеттік. Әспеттейтініміз – тек эстрада «жұлдыздары». Олардың ішінде де талай талантты әншілер бар ғой, бірақ біздің телевизия солардың ең сорақыларын (әлде өлермен-пысықтарын?) сұрыптап алып, «заманымыздың бұлбұлдары – осылар, қане, тамсаныңдар, таңданыңдар, табыныңдар!» деп, өз таңдауын байғұс көрерменнің танымына зорлап таңады.

Әйтеуір теледидар бүгінде толассыз той-думанға айналды. «Той-думан» деген арнайы телеарна да ашылған. «Гәкку-ТВ» дегені тағы бар. Осыдан жиырма жыл бұрын «Шіркін-ай, күндіз-түні қазақтың әні әуелеп жатар арнайы арна ашуға қашан қолымыз жетер екен?» деп армандаушы едік. Сол арман ақыры орындалды, бірақ... «Той-думан» мен «Гәккудегі» әндерді тыңдасаңыз, «біз армандаған арна осы ма еді?» деп ойланып қаласыз. Орыстың, қырғыздың, түріктің, өзбектің, үндінің, румынның, гректің әндерін қазақшаға сәл ыңғайлап алып, конвейерше заулатып жатыр. «Қазақтың әні» деген сипаттамаға лайық ән ілуде бір кездеседі. Басқасы – сөзі қазақша болғанымен, әуені, ырғағы, болмысы, табиғаты, өзегі бөтен, шата, дүрегей дүниелер. Тәулік бойы төпелейтін осы нәрсіз әнсымақтар арқылы жас буынның музыкалық талғамы бұзылып жатыр. Бұл – бүгінгі «рейтингшіл» уақыттың айықпас дерті.

Шөл далада ерні кеберсіп ілбіп келе жатқан дәруіш алдынан кенет шыға келген мөлдір сулы құдыққа қалай ұмтылса, кіл «бақсы-құшнаштың» гөй-гөйінен шаршаған тыңдарманның құлақ құрышын қандырған құдірет – Димаш Құдайберген болып тұр. Оның Лондонда, Нью-Йоркте, Мәскеуде және т.б. ірі шаһарларда табыспен өткен концерттері – қазақ өнерінің орасан зор табысы. Димаш әншілік шеберліктің деңгейін шырқау биікке бір-ақ көтерді де, осыған дейін «әнші» атанып жүргендердің талайының әуселесі белгілі болып қалды...

Қалай болғанда да, бәрінің төрешісі – қалың тыңдарман, мәртебелі халық. Әнсүйер қауым қазір ышқырып-қышқырғандардан әбден жалықты. Жүрек қылын шертер қазақтың қоңыр әнін аңсайды.

Сәкен Сыбанбай

Abai.kz

7 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1483
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5504