Жұма, 20 Қыркүйек 2024
Ақмылтық 3568 7 пікір 19 Қыркүйек, 2023 сағат 12:13

Ресейдің қазақтары бізге қаншалықты жақын?

Бізде кейде оп-оңай шешілетін дүниені үлкен дауға айналдырып жатамыз. Анау бір Ресейде аты танымал сайқымазақ Азамат Мұсағалиев дегенге «Қазақстанға келмесін, концертін қоймасын» деп әлеуметтік желіде ұлардай шулар жатыр.

Сондағысы, ол Украинаның Ресей оккупациялап алған Донецк деген жеріне барып концерт қойып, басқыншыларды қолдапты. Әрине, мұны ешкім де дұрыс дей алмас. Ондайлардың біздің елден аулақ жүргендері де мақұл. Ақыры оның концерті өтпейтін болып, көңілді бір демдедік.

Алайда, бір нәрсені анық түсінген мақұл. Ол Ресейде туып-өскен, солардың астамшылық идеологиясы санасына мықтап сіңіп, әбден зомбиланған адам. Ресейдің толық қанды азаматы. Оны қазақ екен деп босқа арамтер болу адасқандық. Ол қазақ тілінен мүлдем мақұрым. Оны айтасыз, бір жолы қазақ тілін «курлы-мурлы» деп, ашықтан-ашық мазақ еткені бар. Енді бірде: «Маған Қазақстан мен Белорусьтің еш айырмашылығы жоқ», - соққанын да естігенбіз. Енді оның Ресейдің басқыншылығына бүйрегі бұрып, Путиннің таратқан шүленінен дәметіп жүргендігіне несіне таң қаламыз?..

Оның үстіне мұндай тек ақшаға құныққан, ел мен жер деген қасиетті ұғымнан мүлдем хабарсыз «Ресей патриоттарын» қолдайтындар өз ішімізден де табылады. Өзгесі-өзге, классик-ақын Хамит Ерғалиевтің қызы, өзін керемет оппозиционер әрі атақты журналист санайтын Гүлжан Ерғалиева: «Онда тұрған не бар? Келіп, концертін қоя берсін», - деп қарап тұр. Сірә, орысша оқып, тәлім-тәрбие алғандарды мәңгүрттік ортақтастындыратындығы рас шығар. «Скрептонит» деген лақап атпен бүкіл Ресейге танымал әнші, қазақ жігіті Әділ Жәлелов Ресейдің агрессиясы басталған бойда өзінің тәуелсіз ел -Украинаны қолдайтындығын ашық айтып, Қазақстанға қарай біржолата ат басын бұрған ерлігін айтсаңшы. Ол сондағы мол ақшадан айырылса да, қыңқ етпеді. Ал өзіміздің Сабуров әлі сонда жүр. Мол дүниені қимайтын шығар. Мінекей, жақсы мен жаман қатар түскенде кімнің кім екендігі байқалып қалады.

Жайберген Болатов

Abai.kz

7 пікір