Сенбі, 23 Қараша 2024
Ақмылтық 2482 0 пікір 17 Қазан, 2023 сағат 14:05

Унитарлы мемлекет және Ұлттық патриотизм

Өткен тақырыпта біз «қазақстандық патриотизм» тақырыбын сөзге арқау еттік. Ондағы негізгі айтар ой – «қазақстандық патриотизм» түсінігінің «мемлекет» пен «мемлекеттік даму» бағыттарымен сабақтас әрі сәйкес екендігі болатын. Келесі кезекте біз «ұлттық патриотизм» тақырыбына тоқталамыз. Оның мазмұны неде, ол қоғамда қандай қызмет атқарады,  не пайдалы – не зиянды және т.т. мәселелерге тоқталамыз.

Ұлттық патриотизм ‑ мемлекеттің Конституциялық негізімен байланысты әрі сол негізде дамиды. Әлемдегі көптеген мемлекеттер Конституцияларында өз елдерін «Унитарлы мемлекетпіз» деп жариялаған. «Унитарлы» деген сөз саяси мағынасында «біртұтас», «бөлінбеген» деген мағынаны білдіреді. Яғни, бұл ‑ мемлекеттің территориясы мен экономикалық‑шаруашылық тұтастығы оның ұлттық тұтастығымен бірлікте екендігін білдіреді. Сөйтіп, унитарлы мемлекет дегеніміз – бір халықтың өзі мыңдаған жылдар өмір сүріп, сол территорияға тарихи иелік етуінің арқасында, сол территорияда пайда болған мемлекет екенін паш етеді. Нақты мағынасында бұл оның Ұлттық мемлекет екендігін айтып тұр.

Тәуелсіздіктен кейін Қазақстан өзін «унитарлы мемлекетпіз» деп жариялады. Алайда, онда «байырғы қазақ жерінде» деген сөз бар да, «қазақ халқының құрған мемлекеті» деген сөз ‑ белгілі‑бір саяси ойындардың әсерінен болар – енбей қалды. Бұл болашақта ұлттық патриотизмның сипатына елеулі әсерін тигізді. Себебі, қазақ халқы КСРО ыдырап, «тәуелсіздік шеруі» деген атпен тарихқа енген саяси‑тектоникалық өзгерістер басталған кезде өзге республикалар сияқты өзінің ұлттық мемлекетін құрамыз деген сенімде болды. Бірақ, оның орнына қазақ халқы азаматтық  бағыттағы «көпұлтты» мемлекетке ие болып шықты...

Сол себепті, өткен ғасырдың 90­‑шы жылдарындағы ұлттық патриотизм «тарихи әділеттілік» принциптерін алға шығарды. Елімізде жаппай миграциялық процестер басталып, қазақ ұлтшылдары Орал,  Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Өскемен, Астана, Алматы және бірқатар өңірлерде «Қазақстан – қазақ мемлекеті» екенін дәлелдеуге кірісті. Өзге халықтарға мұның тарихи әділеттілік екенін, ондағы әрбір халықтың өздерінің тарихи Отандары бар екенін түсіндірді. Сөйтіп, ол кезде «ұлттық мәдениет», «ұлттық болмыс», «тіл мен діл», «дін», «отансүйгіштік» және басқа құндылықтар «мемлекеттілік үшін күрестің» көлеңкесінде қалып отырды. Себебі, егер олар Ұлттық мемлекетті толық мойындата алса, онда ұлттық құндылықтар да онымен бірге доминанттық сипатқа көшеді деп сенді...

Бірақ, одан кейінгі орын алған тарихи шындық олай болмай шықты. Қазақ халқы өзінің ұзақ уақыттарға созылған бодандық жылдарында өзге мәдени құндылықтарды бойына терең сіңдіріп, рухани тұрғыда ол бодандық құрсаудан тез арада айыға алмайтындығы анықталды. Қазақ мектептерінің саны артқанымен, іс жүзіндегі мемлекеттік тіл орыс тілі болып қала берді. Біздің ұлттық құндылықтарымыз өзге халықтарды өзіне сіңдіруші потенциалға ие  болмай қалғандығы белгілі болды. Қайта, керісінше,  мемлекеттегі «жетекші ұлт» емес, әлі де өзге құндылықтарды бойына сіңдіруші «жетектегі ұлт»  екендігі сезілді. Міне, осы мәселе айқындалған кезеңнен бастап, ұлттық қозғалыстың бастапқы риторикасы да өзгере бастады. Енді алдыңғы қатарға «Ұлттық құндылықтар» мәселесі шықты:

1. Қазақ ұлты өзінің тарихи жәдігерлерін бүкіл әлемнен іздеп, өз тарихын түгендей бастады;

2. Өздерінің ата‑бабалары кім болғандығын зерттеп, өз батырлары мен даналарын, тарихи тұлғаларын іздей бастады;

3. Халықтың салт‑дәстүрлерін қайта жаңғыртып, ұлттық мәдениеттің болмысына үңіле бастады. «Мәдени мұра» деп аталған арнайы мемлекеттік бағдарлама қабылдауға қол жеткізді;

Міне, осылайша ұлт «ұлт болып қалыптасудың» жаңа кезеңіне аяқ басты. Соған сай Ұлттық патриотизмнің  сипаты да «өзіне өзі дем беріп, жепе‑жекке шыққан» бұрынғының батырларына ұқсап шыға келді...

Әрине, бұған қарсы сын айтушылар да табыла кетті, олар: «Қазақтар өзінің өткен тарихымен, бабаларымен мақтанудан басқа түк білмейді» деп кіналады. Бірақ, бұл, шын мәнісінде:

1. Қазақ ұлтының әлі де Унитарлы мемлекет құру деңгейіндегі ұлттық сипатқа жетпегенінің;

2. Қазақ ұлты өзінің ғасырларға созылған бодандық заманында өзінің бұрынғы «мемлекет құрушы әлеуетінен» біршама айырылып қалғанының;

3. Қазақ ұлты, енді, осы «олқылықтың» орнын өзінің тарихын мадақтай отырып, өз бабаларының ерлігі мен мемлекеттілігін дәріптей отырып, салт‑дәстүрін жаңа заманға лайықтай отырып толтыруы тиіс екенінің және өзін «мемлекеттік ұлт» ретінде көтеруге ұмтылысының белгісі болатын.

Бірақ, дәл осы кезңде әбден күш жиып алған авторитарлы билік  саясатына мұндай – «еркін ойлы ұлттық патритотизм» аса ұнай қойған жоқ. Себебі, қазақ ұлтының даналық дәстүрі ерлік пен өрлік пафосына толы еді ‑ сонау бір кездері «Елім‑ай» деген зарзаманнан басталатын «елдік қасиет» оның кейінгі тарихында үнемі көрініс тауып отырған болатын. Одан бергі тарихтағы Ұлттық тәрбие жүйесін құраушы қазақ даналығы да ұжымдық‑демократиялық сипатта еді... Бұл, әрине, ендігі коррупциямен жалғасқан авторитарлы билікке қайдан ғана ұнай қойсын!

Сондықтан, саяси өрісте мұндай патриотизмге мейлінше тосқауыл қою үрдісі астыртын түрде орын алды. Ұлт патриоттарына жағымсыз мағынадағы «ұлтшыл» деген айдар таңылды. Олардың мемлекетшілдік көзқарастары «мемлекет мүддесіне сай» деп емес, олардың ұсыныстары «жеке адамдардың жеке көзқарасы» деңгейінде қалып отырды...

Осылайша «Ұлтшылдық» пен «Патриот» ұғымдарының арасы жасанды түрде ажыратылды. Көп ұзамай, ұлтшылдықтан ажыраған «патриотизм» көбіне жалаң деклорация күйіне түсті. Мұндай жағдай ‑ халық тарапынан қойылатын ұлттық мүдделердің  мемлекетті толық бақылауына алған билік мүддесімен сай келмегенде орын алатын заңды құбылыстар.  Бұл – барлық авторитарлық‑диктаторлық сипаттағы мемлекеттерге тән ортақ құбылыс.

Әрине, ұлттық патритоизмнің қарқынды дамуына кедергі болған көптеген қосымша факторларды атап кету керек. Ол факторлар объективті және субъективті деп екіге бөлінеді.

Объективті факторлар қатарына мыналарды жатқызамыз:

1. Ұлт тарихына қатысты деректерде бірізділік болмауынан және көптеген деректердің сол заманғы саяси конъюктураға сай бұрмалануының нәтижесінде тарихқа қатысты айқын көзқарастың болмауына әкелді. Ол тарихи санамыздың тұтастығына нұсқан келтіріп отырды.

2. Осындай тұтастыққа қол жетпеген соң, тарихи санамызды өзге күштердің ‑ мейлі, ол сыртқы империялық күштер болсын, мейлі, авторитарлы өз билігіміз болсын ‑ жіктеп‑жіліктеуіне мүмкіндік беріп отырды. Оған қарсы тұруға ұлтшылдар тарапы дайын болмай шықты. (Бұны, өз кезегінде, біздегі жетекші ұлттың әлі де қалыптаспағанының көрсеткіші десе болады).

Ал, субъективті себептер қатарына мыналарды жатқызар едік:

1. Қоғам санасына еліміздегі демократияның әлі де жетілмей жатқандығы, халықты сол себептен «қолмен басқару» қажеттігі;

2. Сыртқы қауіптер ұлтшылдыққа жол бермей отырғаны туралы аңыздар.

3. Ел билігіндегі тұлғаның (ұжымдық тұлға десек те болады) Ұлттық мемлекет құруға құлықты еместігі;

4. Ұлттық‑мемлекеттік күрестегі рулық жікшілдіктің орын алуы.

Міне, осы факторлардың бәрі жинақтала келе, Қазақстандағы ұлттық патриотизмнің өз мүмкіндігі деңгейінде дамуына жол бермеді десек болады...

Қазір жағдай өзгерді ме?

Егер, мәселеге геосаяси тұрғыда келсек, қазір Қазақстан халқы өзінің мемлекеттік қауіпсіздігі үшін бірігуі қажет екенін айқын ұға бастады.  Ол арадағы рулық‑жершілдік кедергілерді сылып тастап, мемлекеттік тұтастыққа қарай ұмтылуда. Соған сай ұлттық патриотизм қайта жаңғыру жолына түсіп келеді десе болады. Мұндай тұтастық тәжірибесі бізде бар. Мысалы, 2016 жылдары қазақ халқы «жер сату» мәселесінде патриотизмнің озық үлгісін көрсете алып еді. Одан кейінгі орын алған бірнеше оқиғаларда да қазақ халқы өз мойнына мемлекеттік жауапкершілікті алуға біршама дайын екендігін сездірді.

Бүгінде, халық «Мемлекеттік тіл» және «Мемлекеттік қауіпсіздік» төңірегінде бірігу үстінде. Ол өз құзырына мемлекеттің «мемлекеттік жауапкершілігін» алу арқылы,  ұлттық мәдени құндылықтарын «Қазақстан халқын біріктіруші әрі бірегейлендіруші фактор» деп ашық жариялай бастады.

Міне, жаңа кезеңдегі ұлттық патриотизмнің сипаты осы. Ол – бастапқы «Мемлекеттік бірліктен»  біртіндеп, небір қиыншылықтардан өте келе «Қазақстан халқының рухани‑мәдени тұтастығына қол жеткізуі» жолына қарай бет бұрды!  Халық осылай біріксе, оған қарсы тұрар күш болмайды.

Әбдірашит Бәкірұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5489