Жұма, 20 Қыркүйек 2024
Дін 1815 1 пікір 18 Қазан, 2023 сағат 14:23

Дін ақ мата секілді. Кір қолмен ұстағандар ұсқынын кетіреді!

Қазіргі таңда біздің елімізде «исламофобия» ұғымы исламнан қорқу емес, қайта дәстүрлі қазақи исламнан алшақтау деген ұғымды білдіреді.

Осы жайында белгілі саясаттанушы әм шығыстанушы Расул Жұмалы өзінің сұхбатында: «Соңғы кезде Қазақстанда исламофобияның өрши түсу үрдісі белең алып барады. Меніңше, бұл – кесірлі құбылыс. Қазақстанда орын алған барша террорларды тек қана исламмен байланыстыру қате түсінік. Дін иелері иманына адалдық пен дін атын жамылып, жымысқыланып қылмыстық топ құрушылықтың арасындағы айырманы жұртқа таныта білуі керек. Бұл маңызды мәселе! Исламофобияның өрши түсуі - еліміздегі діни сауаттылықтың жоқтығынан туындап отыр. Бәрін бала-матам қылған соң барып, бидайды кебегінен айыруға кірісетін тіршілікке ұрынамыз», - деп есептейтінін ашып айтқан болатын.

Біз де осы бір өте нәзік тақырыпқа қатысты пікірлерді Abai.kz ақпараттық порталының тұрақты сарапшылары әм авторылары, дін өкілдерінен білген едік.

Дәулет қажы Тілеуберді, «Ислам Нұры» газетінің редакторы:

- Жалпы қазіргі еліміздегі исламофобияны әлеуметтік құбылыс деп білгеніміз жөн. Бізде кеңестік идеологияны қазақи идеология алмастыра алмаған соң, ұлттық құндылықтарымыздың мәнісі кетіп, оның орнына жастарымыздың санасын зорлық-зомбылық пен ақшаға табыну жайлады. Әрі билік бір бөлек, дәстүрлі жастар тәрбиесі бір бөлек өмір сүріп келді. Қандай шара өтпесін, оны дәстүрлі исламнан алшақтатып, атеистік ұстаным көзге ұрып тұрды.  Міне, осы билікті жайлаған атеистік ұстаным идеологиялық алапестікке ұрындырды. Осы рухани алапестіктен арылу үрдісі өзіміз тұрып жатқан Шығыс аймағында, оның ішінде Абай облысында, орын ала бастағаны көңілімізді қуантады.

Абай облысының қоғамдық даму басқармасының басшысы Айдар Садырбаев дін мәселесін үнемі жіті назарда ұстайды. Облыс аумағындағы барлық конфессия өкілдерінің басын қосқан форумдар жиі өтіп тұрады. Онда дәстүрлі исламның құндылықтары аймақтық БАҚ өкілдері арқылы жұрт арасына тиісті деңгейде насихатталып жатыр десек, артық айтпаймыз. Жақында болған форумның ашылуында Абай облысы әкім аппаратының басшысы Жасұлан Сәрсебаев қатысушыларды «Рухани келісім» күнімен құттықтап, діни қызметкерлерге алғыс хаттар табыс етті. Оған облыстағы барлық конфессия өкілдері қатысты.

Осы форум барысында Абай облысының қоғамдық даму басқармасының басшысы Айдар Садырбаев: «Рухани келісім күні қарсаңында кезекті діни қызметкерлердің басын қосатын облыстық форум ұйымдастырудамыз. Біздің облыста барлық конфессияларды білдіретін 170-тен астам діни бірлестіктер тіркелген. Олардың барлығы ұлтаралық және конфессияаралық келісімді нығайтуға үлес қосуда. Өңірімізде діни бірлестіктер басшыларының клубы белсенді жұмыс атқарып жатыр. Қазіргі таңда облыстағы діни ахуал тұрақты. Мұның кепілі – елімізде орныққан достық көпірі. Біздің міндетіміз – қалыптасқан ұлтаралық және дінаралық бірлестікті нығайтып, болашақ ұрпаққа аманат ету!

Асқар Мұқанов, Шығыс өңірінің Бас имамы:

- Дәстүрлі исламның қазақ арасында алатын орны бөлек, онда өзге діни ұстанымдағыларға қатысты сенім мен өзара сыйластық айрықша орын алады.

Тақырыбымызға тұздық болып отырған бұл құбылысты Расул Жұмалы «исламдық контрмодерн» деп атайды. Өйткені, мен келтіріп отырған терминнің нақты мағынасы қазақ арасындағы дәстүрлі исламға ұлттың ешбір рухани-мәдени дамусыз оралуы дегенді ұқтырады. Сондықтан осындай қайтып оралу кезінде діннің атын жамылушылар қазақи исламның болмысын өз қалауынша өзгертіп, саяси мүддесі үшін барша қазақ мұсылмандығының құндылықтарын тәрік етеді.

Қазақи исламды ешқашан Сауд Арабиясы немесе Иран елдеріндегі исламмен салыстыруға еш болмайды. Сондықтан дәстүрлі дінімізді пікірталастар алаңына айналдырудың еш қажеті жоқ. Бұндай пікірталастар ұлттық бірегейлігімізге сызат түсіреді. Әрі дәстүрлі қазақи діни ұстанымдарды бұрмалап, жұрт арасында қате түсінік қалыптастыруға әкеп соғады. Әрі исламды ұстанушы жамағат бір-бірін күстәналап, Қасиетті Құран Кәрім түрлінше тәпсірленіп, діни ортамыз кімнің сөзіне бейіл қоярын білмей дал болады. Сондықтан ҚМДБ маңына топтасып, барша діни ақпараттық шабуылдардың алдын ала білуге осы бастан қам жасауға тиіспіз.

Рахат қажы Алтай, «Қазақ Үні» газетінің тілшісі:

- Қазақ еліндегі дәстүрлі ислам үлгісі Ирандағы діни өзгешеліктен бөлектеніп тұрады. Көзі қарақты жан дәл қазір елімізде ұлттық дініміздің тағдыры көкпарға салынып жатқанын аңғара алады. Бұл әзірше дінге қатысы жоқ жандардың дін туралы пікірталасқа арласуына таң қалмайтын болдық. Бұны қазақ «өзің білме, білгеннің тілін алама» дейді. Діннен құбыжық жасаушылықтың түбі жақсылыққа апармайды. Арты қарлуы қақтығысқа ұрынуы да ықтимал. Өйткені, дін нәзік мата сықылды. Оны кір қолымен ұстағандар ұсқынын кетіреді. Өз басым депутаттардың кейбірінің дін туралы көбіне қисынсыз пікірін айтуларын «әкесі тұрып, баласы сөйлеушілік» деп білемін. Біз сайлаушы ретінде осы мәселеге қатысты Парламент отырысына ҚМДБ өкілін сөйлетіп, соның пікірін білгені жөндігін депутат мырзалардың есіне бір қайыра салғымыз келеді.

Депутаттар пенде ретінде қатты қателеседі. Дін жолындағы жан болғаннан кейін еліміздегі қалыптасқан діни ұстанымның хал-ахуалынан тыс қала алмаймыз. Керек десеңіз сырттай бақылаушы болып, екі қолды қалтадан алмаушлықтан түк те ұтпаймыз. ҚМДБ ел арасындағы беделі артып, дәстүрлі емес, исламдық ағымдардың әсері азайып, оның соңына түсушілердің саны да жоққа тән болып кеми түскені қуантады.

Дәл осы жағдайда діннен құбыжық жасаушылықтың не керегі бар деген заңды сауал туады. Оған жауапты алыстан іздеп керегі жоқ. Діни сауаты жоқ жандар ғана діни ұстанымды дау-дамайға айналдырады.

Билік тарапынан қолға алынып отырған барлық ресми диспуттар ҚМДБ қатысуынсыз өтетіндігі, бұл енді барып тұрған жігітті сыртынан үйлендіре салушылықтың бір көрінісіндей көрінеді. Билік ресми исламнан алшақтадың деп, кейбір діндәр бауырларымызға сырттай кінә тақпай, түрмемен қорқытып үркітпей, заңмен қудалауға түсірмей, бәрін ақылға салып, ҚМДБ тізе қосып, насихаттық науқанды қызу қолға алуы керек-ақ.

Әріпжан Қожанұлы, имам:

- Қазір елімізде дәстүрлі екі діни ұстаным отандастарымыздың басым көпшілігін өз маңына топтастырып отыр. Бірақ бір өкініштісі тек мұсылмандық діни ағымдар ғана түртпекке алынып, христиандық кертартпа сектантық үрдістер сөз етілмейді. Бұл енді биліктің ескеретін бір дүниесі.

Исламдық діни ағымдардың ішінде елімізде кең тарағаны салафизм еді. Соңғы кезде оның елімізді қамту ауқымы тарылып, мұсылмандар арасында бұрынғыдай қолдауға ие болушылық қабілетінен мүлдем айырылды. Және біздің Отанымыз зайырлы мемлекет болып табылады. Одан Иран мен Сауд Аравиясын қолдан жасаушылықтың керегі жоқ. Мұсылманшылыққа қарсы саяси науқан жүргізушіліктің еш қажеті жоқ. Қазақстанның 80 пайызын құрап отырған мұсылман қауымы төңірегінде исламға қарсы пікірталас ұйымдастырушылық қоғамда кері пікір туындауға әкеп соғатындығын да ескеруге тиіспіз.

Қауіпті радикалдар билік тарапынан ауыздықталып, дәл қазір түрмелерде отыр. ДАИШ тобына кіргендер Сүрия мен Иракта көз жұмды. Олардан елімізге келіп кетер қауіп жоққа тән. Діни экстремизм дәл қазір Қазақ Еліне еш қауіп төндіріп отырған жоқ. Бұның барлығы ҚМДБ тындырымды жұмыстары арқасында мүмкін болып отыр.

Талғат Ғиззатов, имам:

- Бұрын дәстүрлі ислам өзге ағымдардың көлеңкесінде қалып қалғандай көрінсе, соңғы кездері жұрт өзге исламдық ағымдардың соңынан ерушіліктен сап тыйылып, барша қазақ ата-баба діни ұстанымының соңына біржола түсті. Ендігі жерде бұрын өзге исламдық ағымдарды ұстанған топтардың ауқымы тарылып, өз мүшелерімен шектелінушілік құбылысына да куә бола бастадық. Дәл осындай тарихи сәтте дәстүрлі исламға да бір ұштығы тиіп кететін исламды қаралау науқаны еш опа әпермейтін тірлік десем артық айтқандығым емес.

Өзгелерге өз пікірін таңатын, арты оларды «дінсіз» деп айыптауларға ұласатын түрлініше «тәпсірлеу» жосықтары пайда болады. Бір мұсылмандардың екіншілерін жағадан алып, дін жолынан алшақтадың деп кінә тағып, оған келіспейтіндердің көзін жоюға тырысушылық қалтықсыз құбылыс айналып кетті.  Осы бір исламды бұрмалау ел-жұртты одан алшақтатып, исламофобияны тудырады.

Abai.kz

1 пікір