Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 2546 3 пікір 20 Қазан, 2023 сағат 16:27

Мәжілістегі талқы: 8,4 млн адамның қарызы бар...

Бүгін Мәжілісте «Халықтың шамадан тыс кредит алуын азайту және қаржы сауаттылығын арттыру» тақырыбында Парламент тыңдауы өтті.

Парламент тыңдауында халықтың бас ауруына айналған несие мәселесіне қатысты бірқатар жайт талқыланды. Мәселен, парламент төрағасы Ерлан Қошанов халықтың қаржы ұйымдарынан алған несиесін қайтара алмауының бір себебі деп қаржы институттарын атады.

«Халықтың несиесін жаба алмауына қаржы институттарының да үлесі бар деп ойлаймын. Қаржы институттары тартымды жарнамаларын да кеңінен жариялап жүр. Бұл ретте, несие алу процедурасының жеңілдігін ескеріп, адамдар қарызға батып жатыр. Қазір 14-16 жастағы жасөспірім де онлайн несие ала алады, яғни смартфон мен интернет арқылы оңай рәсімдей салады. Бұл жаста қаржылық жауапкершілік алған дұрыс па? Кейін бұл несиелерді олардың ата-аналары мен ата-әжесі төлейді», – деді Е. Қошанов.

Мәжіліс спикерінің сөзінше, екі немесе одан да көп несие алу әдеттегі тәжірибеге айналып кетті және бір адамның бір адамның микроқаржы ұйымдарынан жиырмаға дейін несие алған жағдайлары да бар. Әрине, бұл қарыздан құтылмақ болғандар бұрынғысын жаңа несие алып жабу үшін амалсыздан банктердің табалдырығын тоздырады.

«Несие беруге қойылатын талаптарды заңнамалық деңгейде күшейту керек. Қарызын өтей алмайтын азаматтарға несие беруге тыйым салу қажет. Онлайн несие беру саласын қатаң реттеген жөн, сондай-ақ несие берудің шарттарын қайта қарастыру да маңызды. Жеке адамдарға берілетін несиелер бойынша шекті пайыздық мөлшерлемені төмендету керек. Осы несиелерді коллекторлық ұйымдарға сатуға толық тыйым салынуы тиіс. Кәмелетке толмаған балалары бар отбасылардың жалғыз баспанасынан айырылып, көшеде қалуына жол бермеу қажет. Осының барлығын заң жүзінде бекіту маңызды», – деді Ерлан Қошанов.

Сонымен қатар, мәжіліс төрағасы қазіргі уақытта халықтың 84 пайызында, яғни 8,4 миллионнан астам адамның қарызы бар екенін айтты. Ал 90 күннен кешіктірілген қарыз көлемі – шамамен 1,4 трлн. теңге. Яғни, 1,7 миллион адам қарызын уақытылы төлей алмай отыр деген сөз. Осының бәрі несие проблемасының қаншалықты асқынып кеткенін көрсетеді.

Мәжіліс депутаты Ерлан Саиыров болса, халықты несиелендіру мәселесі азаматтардың кедейлігіне байланысты екенін айтты.

Ол билік жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заңның нәтиже бермегенін жеткізді.

«Банкроттыққа өтінім берген 68 мың азаматтың 5,5 мыңы ғана мақұлданды. Елімізде несие алу серпіні артып келеді. Тек бір айдың ішінде 2,5 млн азамат несие алды, ал кредиттік берешек 8,9 трлн теңгеге жетті. Азаматтарды несие ала береді деп айыптауға болмайды, олар кедейліктен, нан, макарон және ет сатып алу үшін несие алуға мәжбүр. Біз қазір себеппен емес, нәтижемен күресіп жатырмыз», – деді Е.Саиыров.

Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев: «Мемлекет алдында барлығын банкрот деп тану міндеті тұрмайды», – деді. Бірақ ол несиелерді жиі алу мәселесі халықтың табысының төмендігіне байланысты екенін мойындады.

«Бізде жыл сайын халықтың табысын 20-30%-ға арттыруға мүмкіндік беретін жоспар бар. Бюджетіміз әлеуметтік бағдарланған, барлық шығындардың 46%- ы әлеуметтік төлемдерге жұмсалады. Кірісті арттыру мәселесін бірден шеше алмаймыз. Басты мәселе – азаматтарды жұмыс орындарымен қамтамасыз ету», – деді қаржы министрлігінің басшысы.

Парламент тыңдауында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мадина Әбілқасымова да сөз сөйлеп, бірнеше мәселеге тоқталды. Оның айтуынша, қазіргі таңда 297 мың адамның 37 млрд теңгеге проблемалық онлайн-микронесиесі бар.

«Мұндай онлайн-микрокредиттер немесе жалақыға дейінгі қарыз қашықтан беріледі. Көп жағдайда қарыз алушы тиісті деңгейде сәйкестендірілмейді, оның төлем қабілеттілігі бағаланбайды. Осыған байланысты агенттік 45 күнге дейін берілетін және сомасы 50 АЕК-тен (172 500 теңге) аспайтын шағын кредитті толығымен алып тастау туралы бастама көтерді», – деді агенттік төрағасы.

Алайда онлайн несиелеу компаниялары өз қызметін жалғастыра береді. Айта кететін ақпарат, елімізде 254 микроқаржы ұйымының ішінде 50 компания онлайн несиелеумен айналысады екен.

Мадина Әбілқасымова қазақстандықтардың тойға несие алуына заңнамалық деңгейде тыйым салу мүмкіндігіне қатысты сұраққа жауап беріп, ең алдымен қарыз алушының төлем қабілеттілігін дұрыс бағалау керектігін атап өтті.

«Біз конституциямен адамдардың құқықтарын шектей алмаймыз. Ең алдымен, қарыз алушының төлем қабілеттілігін дұрыс бағалау керек. Егер ол несие алса, стандарт бойынша оның ай сайынғы төлемдері кірісінің 50 пайызынан аспауы керек.

Сонымен қатар біз қарыз алушы үшін жалпы қарыздық жүктеме коэффициентін енгізбекпіз. Ол ай сайынғы төлемнің қанша екенін ғана емес, кіріске қатысты қарыздың жалпы сомасын да қамтамасыз етеді.

300 мың теңге жалақы алатындар үшін ай сайынғы төлем 150 мың теңгеден аспауы керек. Қазір мұндай есептеулер жүргізілуде. Мысалы 6 жалақыны 300 мың теңгеден алсаңыз, онда барлық қаржы ұйымдарына берешек болуы мүмкін қарыздың ең жоғары мөлшері 1 800 000 теңгеден аспауы керек», – деді ол.

М.Әбілқасымова қазақстандықтардың несиесі бұрынғыдай кешірілмейтінін де айтты.

«Өкінішке қарай, 2019 жылы несие кешірілгеннен кейін біздің қаржы секторында кредит көлемі қайтадан өсіп кетті. Оның ішінде проблемалық кредиттер де өсіп кетті. Егер мемлекет қаражатын бөліп, қайта-қайта кешіре берсек, одан да көп жаңа кредиттер көбейеді», – деді ол.

Агенттік төрағасы сол себепті коллекторлық агенттіктерге жауапкершілікті күшейту көзделіп отырғанын атап өтті.

«Ол қалай болады? Олар енді заң бойынша проблемалық берешекті реттеудің міндетті рәсімін жасау керек. Егер қарыз алушы банкке жүгінсе, ол осындай рәсімді өткізуі тиіс. Осы рәсімді жүйелі түрде қолдану үшін биылдан бастап мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша барлық банктер мен микроқаржы ұйымдары, коллекторлық ұйымдар жеке жобаларын әзірледі. Проблемалық кредиттермен жұмыс істеудің жеке жоспарларын дайындады. Ол жеке жоспарлар ішінде қазір 1 млн 449 мың адамды қамту жоспарланған. Бұл жоспарлар жаңартылады. Оның ішінде банктердің кредиттерді қайта құрылымдауы, екіншіден қарызды ішінара немесе толық есептен шығару шаралары бар. Мысалы, төлеуге қабілеті жоқ болса немесе қарыздың сомасы қатты үлкен болмаса, бірнеше жыл проблемалық кредиті болса, онда банктер өз есебінен ішінара немесе толығымен өз есебінен жауып тастайды, – деді ол.

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5391