Жұма, 22 Қараша 2024
Қоғам 3400 0 пікір 26 Қазан, 2023 сағат 17:54

Республика күні: Кешегі күн несімен есте қалды?

Еліміз кеше «Республика күнін» екінші рет мерекеледі. Еліміздің түкпір-түкпірінде мерекелік іс-шаралар болып, көгілдір экрандардан патриоттық тақырыптағы бағдарламалар мен фильмдер көрсетілді. Сонымен, кешегі күн несімен есте қалды? Кеше болған басты оқиғалар мен мемлекеттік маңызы бар қалаларда өткен шараларға аз-кем тоқталып өтейік.

(Сурет Азаттық радиосынан алынды)

Биылғы «Республика күні» ұлттық мерекесі қарсаңында бірнеше қалада митинг ұйымдастырылмақ болды. Бірақ олардың өтуіне жергілікті әкімдіктер рұқсат бермеді. Соған қарамастан әр қалада көшеге шықпақ болған бірнеше қаралы кісіні полицейлер ұстап әкетіп жатты. Жалпы халықтан мерекелік көңіл-күй сезілмегені де рас.

(Сурет Ақорда сайтынан алынды)

Бұдан бөлек, «Республика күні» Ақордадан марапат жауған күн болды. Сатырлаған медальдардың арасынан бұғып өткен адамдар ғана аман өтті деседі жұрт. Созбаққа салмай, Ақорда таратқан ақпаратты алдарыңызға жайып салайық.

Республика күні қарсаңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен еліміздің әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі мен белсенді қоғамдық қызметі үшін бір топ азамат мемлекеттік наградалармен марапатталды. Олардың қатарында өндіріс, бизнес, білім беру, денсаулық сақтау салаларының көрнекті өкілдері, әскери қызметшілер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, спортшылар, еңбек ардагерлері, мәдениет және ғылым қайраткерлері бар.

(Сурет Ақорда сайтынан алынды)

Сонымен, «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы 3 адамға, «Отан» ордені 4 адамға, І дәрежелі «Барыс» ордені 4 адамға, ІІ дәрежелі «Барыс» ордені 3 адамға, ІІІ дәрежелі «Барыс» ордені 6 адамға, «Парасат» ордені 7 адамға табысталды.

Президенттің тапсымасымен биылдан бастап «Ел бірлігі» ордені тағайындалды. Аталмыш сыйлық ұлт бірлігін нығайту және қоғамдық татулықты қамтамасыз ету жолындағы жемісті еңбек еткен жандарға табысталады. «Ел бірлігі» орденімен 7 адам марапатталды.

Биыл құрметті марапаттар қатарына «Қазақстанның халық жазушысы» және «Қазақстанның халық әртісі» атақтары қосылды.

Т.Әбдікұлы, С.Елубаев, Б.Нұржекеев, С.Сматаев, А.Аширов және Л.Шашкова «Қазақстанның халық жазушысы» атанса, Д.Ахимовқа, М.Токарев, Д.Ақмолда, Ш.Әбілов, Т.Күзенбаев, Р.Стамғазиев, Д.Құдайберген, А.Үлкенбаева «Қазақстанның халық әртісі» құрметті атағына ие болды.

Бұдан бөлек, «Құрмет» ордені кемі 5 адамға, ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордені 94 адамға, ІІ дәрежелі «Достық» ордені 1 адамға, «Ерен еңбегі үшін» медалі 3 адамға, «Ерлігі үшін» медалі 2 адамға, «Шапағат» медалі 1 адамға, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы 31 адамға, «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағы 1 адамға,

ҚР Құрмет грамотасы 143 адамға табысталды.

Әскери және қызметтік борышын үлгілі атқарғаны, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде, елдің ұлттық қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетін нығайту кезінде көрсеткен ерлігі мен қажыр-қайраты үшін әскери қызметшілер мен құқық қорғау органдарының өкілдері І және ІІ дәрежелі «Даңқ» ордендерімен, ІІ және ІІІ дәрежелі «Айбын» ордендерімен, «Ерлігі үшін» және «Жауынгерлік ерлігі үшін» медальдарымен марапатталды.

Ал мегаполистерде қалай аталып өтті, соны айтайық.

(Сурет Астана әкімдігінің сайтынан алынды)

Астанада Республика күнін мерекелеу аясында орай үкіметтік емес 200-ден астам мәдени-бұқаралық, білім беру, спорттық және әлеуметтік іс-шаралар ұйымдастырылды.

Сонымен қатар, Елорданың бірқатар тұрғыны «Құрмет» ордені,

«Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медалдарымен марапатталды. Бұдан бөлек, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдеріне де марапаттар табыс етілді.

Сондай-ақ, Республика күнін мерекелеу аясында елорда тұрғындары «Менің елім – Менің туым!» челленджін жасады. Астананың бес ауданында терезелер мен балкондарға және көше бойына 1000-нан астам ту ілінді.

(Сурет Алматы әкімдігінің сайтынан алынды)

Ал Алматы қаласының әр ауданында таңғы 10:00-ден кешкі 20:00ге дейін оннан астам іс-шара (мерекелік концерт, спорттық жарыстар, көрме, жәрмеңке) ұйымдастырылды. Осынау мерекелік шараларға әкім Ерболат Досаев бастап, қоғам қайраткерлері, мәслихат депутаттары, қаланың шығармашылық зиялылары және т.б. қатысты.

Бұдан бөлек, Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының ғимаратында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан 75 тұрғынға мемлекеттік наградаларды тапсырды. Олардың ішінде денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, бизнес, көлік салаларының өкілдері, еңбек ардагерлері, сондай-ақ қоғам және саяси қайраткерлер бар.

Мемлекет басшысының Жарлығымен 1 дәрежелі «Барыс» орденімен «Қ.И. Сәтбаев атындағы Геология ғылымдары институты» ЖШС директоры Герой Жолтаев марапатталды. Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері құрметті атағы композитор Эльмира Дехганиге мәдениеттің дамуына қосқан үлесі үшін берілді.

2 дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен «Алматыэлектротранс» ЖШС автобус жүргізушісі Әкімжан Жұмабаев марапатталды.

Сондай-ақ, қала әкімі Мемлекет басшысының атынан алматылықтарға «Парасат», «Құрмет», 3 дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордендерін, сондай-ақ «Ерен еңбегі үшін» және «Шапағат» медальдарын  тапсырды.

Шарада Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасын он адам иеленді.

(Сурет әлеуметтік желіден алынды)

Шымкент қаласы да Республика күніне орай бірнеше шара ұйымдастырды. Олардың ішінде салтанатты кештен бастап, спорттық жарыстар, бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі де бар. Қала әкімі түрлі салада қызмет атқарған бірқатар азаматқа «Құрметті азамат» атағын беріп, «Барыс», «Парасат», «Құрмет», «Еңбек Даңқы» ордендері мен «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медалдарын табыстады.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5308