«Мен өзіңмін, Отаным…»
Осы тақырыпта Республика күніне орай «ҚазақАкадемиясы» орталығы «Мен – өзіңмін, Отаным...» атты I республикалық онлайн-байқауы өткенін және оның қорытындысын бұған дейін жарияладық.
Назарларыңызға жүлделі болған жастардың эсселерін ұсынамыз. Жас жүректердің лүпілін бірге тыңдайық, қадірлі оқырман!
«Мен өзіңмін, Отаным…»
Ауасымен тыныстап, топырағын басып, табиғатын құшып, бар күйбең тіршілігіңді өткізіп жатқан Отан – әр адам үшін маңызы зор түсінік. Мақсатымыз да, тұлғалық қасиетіміз де, өміріміздің мәні мен сәні де туған жерде қалыптасады. Отан – сенің үйің, қаның, жаның, қалпың, тағдырың. Ал Отанды сүймеу мүмкін бе?
Жоқ, мүмкін емес деп ойлаймын. Қандай жағдай болса да, жүрегіңнің түбінде елге деген сүйіспеншілік жатады. Алайда кейбір азаматтарымыз «Отанды сүймеуге болады» деген өкінішті ойды ойлауға еріксіз итермелейді. Менің елім Қазақстан сонау ықылым заманнан бері өзінің ұлтжанды мінезімен ерекшеленеді. Елін сүйетін батыры мен ақыны көп ел. Бірақ қазіргі ұрпақ отансүйгіштік қасиетін жоғалтып бара жатқандай. Өз тілін, тарихын, дәстүрін білмейтін азаматтар – елінің тағдырына бейжай қарайтын қуыскеуде ұрпақ өсіріп отырған қоғамның көрінісі. Ал мемлекеттің тірегі, жастар, біздер емеспіз бе? Елін сүймеген, оған қызмет етпеген жан ешқашан тұлға болып қалыптаспайды. Біз Отансыз ешкім емеспіз.
Мен ойлана келе Отанға деген сүйіспеншілікті былай тұжырымдадым. Өзін ұлтжандымын деп атай алатын азаматтың бойында 4 маңызды құндылық болуға тиіс деп түсінемін. Оның біріншісі – тіл. Кім қай ұлттың тілінде сөйлесе, жаны сол ұлтқа тиесілі. Иә, өз еліңе деген махаббатыңды ең алдымен оның тілін білумен көрсете аласың. Тіл – ұлтты ұлт ететін басты тұғыр.
Екінші құндылық – тарихымыз. Бабаларымыздың ел үшін жүріп өткен небір ауыр жолдарын білмейтін қазіргі ұрпақ бейбіт таңның қадірін білуші ме еді?! Қазіргі азат өмір үшін қанын төккен, жанын берген тұлғалар мен олардың ерліктерін білмесең, неңмен мақтанбақсың?! Ал ел дегенде кеудесін мақтаныш кернемеген жан қалайша елін сүймек? Меніңше, біздің тарихымыз – мақтануға тұрарлық ұлт екендігіміздің мөрі.
Үшінші құндылық деп дінді атар едім. Өйткені дініміз тарихымызбен егіз деп білемін. Сонау Қарахан мемлекетінен бастап ислам діні халқымызбен біте қайнасып кетті. Ата-бабамыздан мұра боп қалған салт-дәстүріміздің бәрі дінімізбен астасып жатыр. Ал салт-дәстүр – ұлттың қалпы, ерекшелігі.
Төртінші құндылық – тәрбие. Халқымыз тәрбиені басты орынға қойған. Үлкенді құрметтеп, кішіге ізет көрсететін, сыпайылық пен ұяңдыққа баулитын өзгеше зор тәрбиелік ұстанымымыз бар. Ұлттық тәрбие – біздің ең қастерлі асыл қазынамыз.
Осынау төрт құндылық жастардың бойында бар ма? Өзге тілде өзінікіндей сайрап, ал өз тілінің дәрежесін төмен санап, тіпті, білсе де сөйлеуді ар көріп жүрген талай жастар бар. Тарихымыз ше? Оны білуді маңызды санамайтын, өз ұлтының қалай қалыптасқаны қызықтырмайтындар жетерлік. Ал асыл дінімізді түрлі жат ағымдарға алмастырып, оған қоса, адамгершілікке жат қасиеттерді насихаттайтын лас діндердің туын көтеріп жүрген азаматтарымызды да көз көріп жүр. Жас ұрпақ өзге елдің азғын көзқарастарымен сусындаған әлеуметтік желілер мен музыка, фильмдер арқылы тәрбие алып жатқан жоқ па? Осыдан қайта алдыңғы мәселелерге ораламыз. Өйткені өз ана тілімізде тарихымызды, таза дінімізді, ұлттық тәрбиені жеткізетін сапалы дүниелеріміз жоқтың қасы. Осы мәселелерді қолға алуға не кедергі болып жатқанын түсіну де қиын. Алайда өз басым алда бір жарқын болашақтың болатынынан үмітімді үзбеймін. Неге десеңіз, аз болса да, жүрегі ел деп соғатын жастарымыздың Отанға деген сүйіспеншілігі сейілмей, елімізге бір сілкініс әкелетініне сенемін!
Еліміздің қазіргі жай-күйіне мың да бір шүкір! Келер күнді өзімше бір мінсіз бейнеде елестетемін. Мен үшін мінсіз Қазақстан мынадай болуы керек: халқымыздың жасы да, кәрісі де тек мемлекеттік тіл – қазақ тілінде сөйлейтін ұлт. Тарихымыз басты назардағы құндылық болғандықтан, сол бір өткен тарихи нар тұлғаларымыздың орнын басатындай азаматтары көп. Ұлтымыз сондай тәрбиелі, тату-тәтті, басқа елдер қызығып қарайтындай бақытты ұлт болса, шіркін! Бойынан иман пен қарапайымдық, қонақжайлық кетпеген ел болып, бір құдайдан тілеріміз тек жақсылық болып күн кешсек, бұдан артық бақыт бар ма!
Сөздің соңын Отанға деген ыстық сезімнен туған мына бір өлеңіммен түйіндесем деймін:
Ана тілім – қазынасы халқымның,
Асыл дінім, тамырысың салтымның.
Мақтанатын асыл мұрам қашан да
Тарихы мен тәрбиесі ұлтымның!
Туған жерім – кеудемдегі жүрегім,
Сенсің панам, ыстық ұям, тірегім.
Мен өзіңмін, Қазақстан – Отаным,
Бұл фәниде сен деп өмір сүремін!
Аружан ШИНИБАЙ,
Алматы қаласы,
Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университеті
Елімнің ертеңі – менің ертеңім
Егеменді еліміздің ертеңі, берекелі болашағы ынтымағы мен бірлігі бүлдіргендей бүрлеген, жасындай жарқылдаған, біздей білікті жалынды жасөспірімдердің уысында екені айдан анық дүние. Арманымдағы Қазақстан туралы әлдене демес бұрын, ең әуелі тереңге тамыр тартқан тағылымды тарихымыз туралы аз-кем айтсам деймін. Азат таңды сан ғасыр аңсаған бабамыздың теңіздей терең тарихына сүңгідей сүңгіп, уақыттың пырағына мініп өткен шақты бір шолып өткім келіп отыр.
Өр намысты бабамыздың өнегелі өміріне зер салсақ, олардың еткен еңбегі, ұмытылмас ерлігі, адалдан төккен тері, жарғақ құлағы жастыққа тимей, жан дүниелері ластық көрмей жасаған жұмыстарына ойдым оймен ой жүгіртіп парасатпен таразыласақ, осының бәрі Қазақ елінің болашағы жарқын болсын, алтыннан сауыт тағынған сақ пен ғұнның ұрпақтары ешбір елге тізе бүкпесін, өскелең ұрпақ бейбіт күнде өсіп-өңсін, ұрпағымыздың көгінде нұр, жерінде құт болсын деген мақсат-арманмен жасалғанын түйсігімізбен түсінеміз.
Еліміздің қазығын қаққан Керей мен Жәнібек хандардың, Қасым, Тәуке, Есім хандардың көсемдігі, үш жүздің басын қосқан Абылай ханның, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай, Қарақыпшақ Қобыланды, Сұраншы, Саурық батырлардың ерлігі, найза тілі сүңгідей болған Сүйінбай секілді ақындарымыздың сүбелі сөздері, жақұттай жырлары ақ жауындай себелеген Жамбылдың дастандары, Құрманғазының күмбірлей төккен күйлері, асау көңілі бурадай бұлқынып, боратып төккен жырлары бұрқасындай бұрқаған Бұхар жыраудың жырлары, Махамбеттің қында жатқан қылыштай қиып түсер өлең жолдары, қара күздей қабарған көңілдің құлпын көктем болып ашып, жабырқаған жандарды жаздай жадыратқан данада дара Абай Құнанбайұлының жіпке тізген маржандай өлеңдері мен қара сөздері, қазақтың өзі де, сөзі де өлмесін деп әліппемізді жазып, қырық екі әріпті таңдайымызға науаттай басып берген, ұлы ағартушы Ахмет Байтұрсынұлының оқулықтары, «Оян қазақ!» деп сол кездегі қараңғы қазақтың көкірегіне шам жаққан Міржақып Дулатұлының мірдің оғындай болған нақыл сөздері, Ақтамберді, Шал ақын, Шортанбай, Қашаған, Майлықожа, сынды жыраулардың толқыны тоқсан бұралған толғаулары, қара қылды қақ жарып қара сөздің жілігін шаққан Бөлтірік шешен, Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билердің төреліктерімен көне асыл сөздері, Шоқан Уәлихановтың шоқтығы биік зерттеулері, Мұхтар Әуезовтың сап алтындай еңбектері, Бауыржан Момышұлының ерлігімен жазбалары! Қазақтың қамы, ұрпақтың бағы үшін қамшының сабындай қысқа ғұмырда қыршыннан қиылған Қайрат, Ләззат, Сабиралардың ұмытылмас ерліктерін айта отырып, осы азат таңымыз үшін арқа еті арша болған, тағдырдың тауқыметін тартып, жанын берген бабаларымыздың қалдырған зор мұрасы, бойымызға қуат, ойымызға шуақ беріп, болашаққа деген қадамымызды нықтай түседі. Өйткені бейбіт күннің астында өмір сүріп жүргеніміз, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманмен қауышқанымыз бабаларымыздың қан мен тері, дуалы дұғаларының арқасында. Себебі олар осы елдің болашағы үшін қаншалаған ғұламалар ғазиз басын қатерге тігіп, ұрпақ үшін ажалдың да алқымынан алған!
Шынына келсек, өткеннің арнасына сүңгімесек болашақтың болмасы анық. Қазақтың қайсар хандарын, батырларын, ақындарын, жыршы-жырауларың айтқан себебім, сол бабалар қалдырған кең байтақ, көк орай шалғын, дархан жерімізге еге бола алсақ, сол бабалардың дін мен дәстүрі үйлескен ізгі ізімен жүре алсақ, аманат етіп қалдырған аяулы ана тілін сарқыттай сақтай білсек, қазақылық қасқыр мінезді қанымызда қалдыра алсақ, міне, сонда ғана болашағымыз баянды, ынтымағыз ғұмырлы, тәуелсіздігіміз тұғырлы болады. Тарихымызды тану, бабамыздың кім екенін білу арқылы асар асуымыз, жетер жетістігіміз шексіз болады. Бабамыздың тағылымды тарихы, батыр кескіні, өнегелі өсиеті жүрегімізде үміт отын жағып, отанға деген махаббатымызды оттан да ыстық етері сөзсіз. Біз бабамыздың батырлығын мақтан тұтып, кеңдей қалдырған қазыналы білімдерін азық көріп, жалынды жырларынан жанға шабыт аламыз. Тарихын білген елдің болашағы жарқын болады! Себебі, жас буынның пір тұтатын тұлғасы, еліктейтін батыры, болашаққа бағдар көрсетер бағбаны, қараңғылықтан жарыққа шығаратын шамшырағы болуы керек. Жастар сонда ғана өсіп-өне алады. Қуанышымызға орай, Қазақ елінде үлгі-өнеге бола алатын тұлғалар жетерлік. Сол үшін де маңдайымыздағы бағымыз еселі, көшіміз көшелі!
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтайын, ел ертеңі тарихын білген, өз тілін құрметтеп қастерлеген, дін мен дәстүрін ұштастырған, білім мен ғылымға ұмтылған, жұдырықтай жұмылып, бірлігін бекем қылған біздей жастардың қолында! Ендігі жоғарыда айтылған сөздердің менің арманымдағы Қазақстанға қатысы – ет пен сүйектей ажыратылмас дүние! Өйткені менің, дұрысы, біздің арманымыздағы Қазақстан шындыққа айналуы үшін біз өткен ғасырларда кім болғанымызды, қандай сынақтардан өткенімізді ұмытпауымыз керек. Жеріміздің астында бағалы қазына, үстінде саналы халық тұратын егеменді елдің бейбітшіліктен басқа арманы не?! Сондықтан біз арманымыздағы Қазақстанда тұрып жатырмыз деп нық сеніммен айта аламыз! Сондықтан, бүгінгі жастар бір-ақ нәрсені армандай алады, ол Қазақстанның тұғырлы тәуелсіздігі мен бірлігін сүрдей сақтап, күн батыстан шыққанша бабалар аманатын орындау.
Жәукен БОРАНБАЙ,
Алматы қаласы,
Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университеті
Елімнің ертеңі – менің ертеңім
Еліміздің әрбір тұрғыны өз болашағын ойлайды. Ол кім болғысы келеді, қайда жұмыс істегісі келеді, мамандығын өзгертуі керек пе, жалпы оқуы керек пе, соны ойлап, толғанады. Адам күн сайын таңдау алдында тұрады. Менің болашағым еліміздің экономикасы мен саясатына байланысты, өйткені біз қазір өмір сүріп жатырмыз және ертең немесе бір жылдан кейін не болатынын білмейміз.
Ел экономикасы жақсы болса, халықтың әл-ауқаты артады. Мен өзімнің «ертеңімді» экономикасы, мәдениеті мен руханияты жоғары гүлденген демократиялық елде көремін, онда маған еркін ойлау, сөз бостандығы, таңдау, мамандық таңдау құқығы беріледі. Сонымен қатар, менің арманымдағы елде мансаптық өсу мүмкіндігі бар. Мен өз болашағымды әрбір азаматтың құқығы мен міндеті құрметтелетін елде көремін. Менің елім ертең жоғары нанотехнологияға ие болады.
Біздің болашағымыз – өзіміз жасайтын, өзімізге ғана тәуелді өміріміз. Мен мектепті бітіріп, өзіме ұнайтын мамандық бойынша жоғары білім аламын, еңбегім мемлекетіме пайда әкелсін, жалақысы лайықты болсын деп тілеймін. Еліміздің болашағы көп нәрсеге байланысты. Ұрпақтарымызға қандай болашақ қалдырамыз, жердің экологиясын қалай сақтаймыз, соны әр азамат ойлануы керек. Болашақта жеке өмірімде өзара түсіністік пен сыйластыққа негізделген берік, тату отбасын құруды армандаймын, ата-анамның көзқарасы мен үшін үлгі.
Еліміздің «ертеңі» бізге, яғни өскелең ұрпаққа, тікелей байланысты. Бұл ұрпақтың біздің үлкен әлемге не әкелетіні бала кезінен қандай білім алғанына, қандай құндылықтарды игергеніне, адамгершілік ұстанымдарының қалай қалыптасқанына байланысты. Ата-бабамыздан қалған салт-дәстүрді, мәдениет пен өнерді мұқият сақтау біздің қолымызда.
Заман, сән, өмір ырғағы қалай өзгерсе де, ертеңгі күніміз зұлымдықтан, екіжүзділіктен, жемқорлықтан ада болуы үшін біз әрқашан әдепті болып, адал жүріп-тұруымыз, жарқын ойлауымыз керек. Ертеңгі күніміз осындай болуы үшін отансүйгіштікке, адамгершілікке тәрбиелейтін өнер түрлерін көбірек тұтынуымыз қажет. Біз – жарқын болашағымыздың күрескерлеріміз, құрылысшыларымыз, суретшілеріміз. Барлығы өз қолымызда, өз күшімізде.
Ырысалды КИНЖИКОВА,
Павлодар қаласы,
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы инновациялық үлгідегі
жалпы орта білім беру мектебі
«…Нұрлы жұлдыз, бабам тілі, сен қалдың!»
Тіл – жер бетіндегі қай-қай ұлт пен ұлыста да, елдерде де қастерлі де қасиетті, құдіретті ұғым. Ол – әрбір жан баласына ананың сүтімен, әкенің қанымен даритын, ата-бабамыздан келе жатқан халқымыздың ерекше құндылығы. Ресейдің Шығыс зерттеушісі Радлов В.В. «Қазақтардың тілі жатық та шешен, әрі өткір, көбіне іліп-қағып сұрақпен жауап беруге келгенде таң қалдырарлықтай оралымды сөйлейді. Кез келгені, тіптен сауатсыздарының өзі, ана тілінде біздің Еуропада байқап жүргенімізден тек француздар мен орыстардың дәрежесінде сөйлей біледі» –деген пікір қалдырған. Шетел ғалымдарының өзі біздің тілімізді мақтан тұтады және ең шебер тілдердің бірі деп санайды.
Өз ұлтының тілін білген азамат сол ұлттың рухани байлығын бойына құйып, қоршаған ортадағы болып жатқан құбылыстарды ұлттың дүниетанымымен қабылдап, ұлттық санамен ойлануға дағдыланады. Тіл білімінің адамның рухани қалыптасуына, мемлекет азаматы ретінде тәрбиеленуіне әсер етуші бірден-бір құбылыс екенін адамзат баласы озалда-ақ түсініп-түйсінген. Осының негізінде білгілі бір тілдегі сөздік қорды байыту байыту, сан салалы ұғымдарды ғылыми айналым шеңберіне енгізу көзделді.
Сіз қазақ тіліміз қалай пайда болғанын және әліппені кім ойлап тапқанын білесіз бе? Жаһанның айтулы ғалымдары өткен ғасырда әлемдік тілдердің тарихын, оның философиясы мен мәдениетін һәм табиғатын, құрылымын кеңінен зерттеп-зерделей бастаған. Өйткені ғалымдар келер заманда жаһандану үдерісі табиғи түрде жүзеге асып, әлемнің түкпір-түкпірінде ұлттық құндылықтарды басты назарда ұстау мәселесі алдыңғы қатарға шығатынын сол уақытта-ақ сезді. Өткен ғасырдың алғашқы жарты жылдығынның өзінде сол уақытта ғұмыр кешкен қазақ зиялылары ана тіліміздің табиғаты мен құрылымын танып, тәпсірлеп, ұлтымыздың сөз өнерінің мәдениетте алар орнын зерттеуде, оның мәдениет пен ғылымдағы орнын көрсететін өлшеусіз мұра қалдырып үлгерген еді. Қоғам әрі-сәрі күй кешіп, солақай саясат ел тағдырын аумалы-төкпелі жағдайға әкеп тірегенде, соның бәріне қарамастан жаһандық ғылымның тәжірибесі негізінде қазақ тілі ғылымының іргетасын қалады.
Ұлттық тіл білімі қалыптаса бастаған кезең: а)қуғын-сүргінге дейінгі кезең (1912–29); ә) қуғын-сүргіннен кейінгі кезең (1930–88) болып екіге бөлінеді. Ал қазақ тіл білімінің ғылым ретінде қалыптасып, дамуы Ұлт Ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың есімімен тығыз байланысты. А.Байтұрсынов қазақ тілі оқулығы ретінде жазған «Тіл-құрал» атты еңбегі мен көптеген мақалаларында да, баяндамаларында да тіл білімінің өзекті мәселелерін сөз етеді. Сондай-ақ, ол XX ғасырдың басында қолданыстағы араб графикасын жетілдіріп, қазақ жазуына икемдеді. Ұлт Ұстазы осы ретте қазақ тіліндегі дауысты және дауыссыз дыбыстар санын анықтап, үндестік заңдылығын, тілдің фонологиялық ерекшеліктерін айқындады.
Жаңа өмірге қадам басқан сәби жарық әлеммен қай тіл арқылы танысса, ол үшін сол тіл қымбат болмақ. Неге десеңіз, сол тілмен ой өрісі дамып, жан сарайы ашылып, дүниедегі құбылыстарды, сезім-күйді сол тілмен сезініп, сол тіл арқылы болып жатқан үдерісті сана сүзгісінінен өткізіп, көңіл көзесіне құйып, жүрегімен қабылдайды. Мұның бәрінің шығу төркіні сол тілдің сөзімен өзіне ең қымбат жандарын атайды, ең керек нәрселерін таниды. Тіл отбасылық қарым-қатынастың ғана емес, бүкіл қоғамды дамудың маңызды сатысы.
Адам баласы көп тіл білген сайын көкжиегі кеңейіп, ой-өрісі ашыла түседі. Демек, көп тілді игерудің болмысқа зияны тимейді, тек талабы күшейіп, талғамы артады. Алайда биік тұғырда өзінің туған тілі тұруға тиіс. Жұмыр басты жанның болмысы ана тілінде дамып жетілгенде ғана құндылығы артады. Тіл – ұлттың жаны, адамның болмысы. Демек, қазақ тілі – біздің қазақ екенімізді, Қазақстанның азаматы екенімізді айғақтайтын басты құндылық.
Мен қазіргі қазақ тілінің қолданысы жайында көп ойланамын. Өкініштісі, өзімнің құрбы-құрдастарымның арасында да өз ана тілін дұрыс білмейтін немесе мүлде білмейтін, тек ресми тілде сөйлейтін адамдар бар. Мұндайда қатты қынжыламын және үнемі ана тілінде сөйлеуге шақырамын, көмек қолын созуға дайын екенімді де айтамын. Бұл ғана емес, қоғамдық көліктерде де, көшеде де кішкентай балалардың орысша сөйлейтінін байқаймын. Сол балалардың ата-аналары неге елдің болашағын ойламайды екен деп қапаланамын. Өз басым келешекте қазақ тілінің қолданыс аясы кеңейеді деп сенемін және сол үшін қолымнан келгеннің бәрін жасаймын, тым болмаса айналамдағы достарымның қазақ тілінде сөйлеуіне түрткі болғым келеді. Қазақ тілінің иесі – әр қазақстандық, елді құраушы ұлт – кешегі қазақ, бүгінгі қазақ. Қазақ тілінің болашақ мұрагері де – ертеңгі қазақстандық азамат. Сондықтан ана тіліміздің қадірін біліп, өз тілімізде дұрыс сөйлесе білу – Қазақстан азаматының әрқайсысына міндет.
Қорыта айтқанда, тілінен айырылған халықтың дербес мемлекет болып өзге елдермен тең дәрежеде тұра алмайтыны тарихтан белгілі. Сондықтан сан ғасыр бойы арзу-арманымыз болған тәуелсіздікке қолымыз жеткен заманда мемлекетіміздің нышаны ана тілімізді бүкіл тіршілігіміздің негізгі ұстынына айналдыру – әрбір патриот азаматтың басты міндеті.
Айғаным АЙДОСҚЫЗЫ,
Шығыс Қазақстан облысы, Өскемен қаласы
Шығыс техникалық гуманитарлық колледжі
«Азаттығым-ғажап күнім»
«Азаттық таңы атты! Тілекке құдай жеткізді!
Күні кеше құл едік – енді бүгін теңелдік!»
Әлихан Бөкейханов
Мен азаттықты бақыт деп түсінемін. Адам баласының жаны әрдайым азат болуды, еркін жүруді қалайды. Бұл – адамның болмысы. Ал ұлттың азаттығы, мемлекеттің азаттылығы – баға жетпес қазына.
Мен – Қазақстан Республикасының азаматшасымын, зайырлы мемлекеттің тұрғынымын. Мұнда азаматтың сөз бостандығын, ой еркіндігін, құқығын шектеуге ешқашан жол берілмейді. Сол себепті де мен ертеңгі күніме, келешегіме уайымдамаймын. Мен үшін менің елім – еркіндіктің, бақыттың символы. Бірақ біз бұл күнге оңай қол жеткізген жоқпыз. Осы бейбіт заманға, өзге елдермен тең дәрежеде бас көтеріп жүре алатын уақытқа жету үшін қанша оғылан маңдай терін сарп етті, қанын суша ағызды, жанын қиды. Әрине, оңай келген бақыттың салмағы жеңіл болмақ. Сондықтан біздің әрқайсысымыздың бойымызда батпандай салмақ бар. Ол – бақыттың салмағы, ол – сол бақытқа лайық жүріп-тұрудың жауапкершілігі.
Әрине, ел болған соң кемшіліктердің болатыны да өтірік емес. Алайда ондай олқылықтардың орнын толтыруға болады және оны жасайтын мен секілді елін сүйетін жастар. Жастардың көзі ашық: біз әлемдегі ахуалдарды көріп-біліп, түйсініп отырмыз. Мәселен, былтыр басталған Украинадағы соғыстың нүктесі әлі қойылған жоқ; бұл аздық етсе, Таяу Шығыста да қақтығыс өршіп тұр; Әзірбайжан өзіне тиесілі Қарабақты кеше ғана қайтарып алды. Мұның бәрінде де балалар көп зардап шекті: қойша қырылды, жетім қозыдай тұл қалды, ең азы, қорқыныш жүрегіне ендігәрі өшпестей із қалдырды. Ал біздің жағдайымызда қате-кемшіліктерді түзеу – азат күннің, бейбіт өмірдің арқасында, көп күттірмейтін іс.
Қазір туған қаламдағы колледжде 4-курс оқимын. Мені таңертең оқтың дауысы емес, азаттықтың ғажап үні тербеп оятады; тұра сала бетімді көз жасымен емес, Отанымның мөрдір суымен жуамын; әркімнен тіленшілеп жүріп тапқан емес, қалаған асымды жеймін; содан соң тылға емес, оқуға барамын; бейбітшілік салтанат құрған көшемен оқудан қайтамын; жетімдікпен емес, бақытты отбасыммен шаттана көрісемін; шаршап-шалдығып, не қорыққаннан емес, тағы бір бақытты күнді қарсы алу үшін ұйықтаймын; түнгі тәтті ұйқымнан да шошып оянбаймын. Бұл – күнделікті жалғасатын өмірім. Сөз басында азаттықты бақыт дегенімнің мәні осында.
Мемлекеттік туға қарап тұрып Мемлекеттік тілде жазылған Мемлекеттік әнұранды шырқаудың қандай бақыт! Өз Отаныңның топырағын емін-еркін басып жүру қандай ғажап! Біздің басымыздағы бақыт та, астымыздағы тақыт та – осы.
Гулнарам МАГАМЕТОВА,
Жетісу облысы, Панфилов ауданы, Жаркент қаласы,
Жаркент жоғары педагогикалық колледжі
Abai.kz