ХАМАС-Израиль соғысы: Газа кімдікі болады?
Әлемді дүр сілкіндірген Израиль ХАМАС соғысы өз шегіне жеткен сыңайлы. Араб мемлекеттері лигасы және Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының кезектен тыс саммиті Сауд Арабиясының астанасы Эр-Риядта өтті. Осы саммитке Қазақстан Республикасының Сыртқы Істер Министрі Мұрат Нұртілеу қатысты.
Саудияға жиналғандардың не дегенін алға тартатын болсақ. Ең әуелі өз елімізден бастағанды жөн көрдік.
Қазақстан Республикасының Сыртқы Істер Министрі Таяу Шығыстағы қақтығыс құрбанына айналған бейбіт тұрғындардың жағдайына алаңдаушылық білдірді. Жиында сөйлеген сөзінде Палестина мемлекетінің заңды құқықтарын толық қолдайтынын жеткізді. Сыртқы Істер Министрі Мұрат Нұртілеу Египет билігінің Газа азаматтарына медициналық және гуманитаралық көмек жеткізу үшін дәліз ашу туралы шешімін жоғары бағалады. ҚР Сыртқы істер министрі: «Қазақстан Палестинаға жәрдемдесу ниетімен бір миллион АҚШ доллар қаржылай көмек бөлген еді. Бұдан бөлек қосымша гуманитарлық көмек көрсетуді жоспарлап отыр,-дей келе,- Қазақстан Таяу Шығыстағы қақтығыс қимылдарын дереу тоқтатуға шақырады. Қазір 150-ге тарта отандасымыз шабуыл шекарасынан өте алмай отыр. Осы мүмкіндікті пайдаланып, қақтығыс алаңында қалған бейбіт тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіру үшін тиісті шаралар қабылдауға шақырамын. Тек Таяу Шығыста ғана емес, әлемде тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін батыл шешімдер қабылдануы тиіс»,-деді.
Осы орайда сарапшылар: «Иран, Түркия және Саудия басшыларының бірге жиналып, Газадағы қанқасапты талқылауы – Батысқа жасалған үлкен дабыл», - дегенді алға тартады.
ҚЫРҒЫЗСТАН (ПРЕЗИДЕНТ САДЫР ЖАПАРОВ):
«Бұл қанқасаптан зардап шеккен, отбасы, жақындарынан айырылып, оқ пен оттың ортасында нағыз агрессияны бастан кешіріп жатқан Палестина жұртының қайғысын Қырғыз елі тең бөліседі. Әрбір жоғалған өмір - бұл трагедия. Өз кезегінде Қырғыз Республикасы Газа секторындағы қарапайым халықты қолдау үшін гуманитарлық көмек көрсетуге даярмыз.
Біз Палестиналық бауырларымызға сыртқы агрессияны және бейкүнә адамдардың өлімін тоқтатуға қолдау көрсету және гуманитарлық көмек көрсетуді біздің жалпы ортақ міндетіміз деп есептейміз. Газадағы қанқасаптан Палестиналық жұрт азапқа душар болды. Израильдің Газадағы қырғыны, сәбилер мен әйелдердің, бейкүнә адамдардың қазасы Халықаралық деңгейде айыпталуы тиіс!
Инфрақұрылымдарға, мектептер мен ауруханаларға соққы жасау - гуманитарлық құқықты бұзу ғана емес, адам құқықтарын да бұзу. Біз Палестинаның өз мемлекетін құру құқығын қолдаймыз! БҰҰ бас хатшылығы Газадағы қырғынды тоқтатуы керек!», - деді.
ТҮРКИЯ (ПРЕЗИДЕНТ РЕЖЕП ТАЙЫП ЕРДОҒАН):
«Израиль министрі ядролық қарудың бар екенін мойындады. Ендеше оны тексеру керек. Ядролық қару бар болса, тексерілуі тиіс! Өз елін, жерін қорғап жатқан ХАМАС-ты басқыншы санау қателік. Үнемі адам құқығы жайлы айтатын Батыс елдерінің Палестина қырғынына көз жұма қарауы ұят. Израиль Батыстың ерке баласына айналды. Израиль билігі Палестинаға оккупация үшін өтемақы төлеуі тиіс!», - деді саммит мінберінен бір тепсініп алды.
ИРАН (ПРЕЗИДЕНТ ИБРАГИМ РАИСИ):
«Иран барлық Ислам елдері Израильмен сауда қатынасын тоқтатуы керек деген ойда. Біз бұл жерге өз ұлтымыздың атынан келген жоқпыз. Күллі мұсылмандар атынан Палестина халқына қалай көмек қолын соза алатынымызды талқылау үшін жиналдық.
Қазір тарихи сәтте тұрмыз. Әл-Ақса мешітін қорғау күні болуда. Әлем бойынша миллиондаған адамның Палестинаны жақтап, акцияларға шығуы әлемнің кімді қолдайтынын көрсетті. Біз Газадағы оқиғаларға Құдай алдында жауап береміз.
Үнсіз қалатын сәт емес. Әр ел, әр адам өз позициясын анықтайтын сәт туды. Ал АҚШ Израиль қылмысына қатысушы тарап саналады. Израильдің Газаға шабуылы сұмдық қылмыс. Олар аймақты ұзақ жылдар бойы түрмеге айналдырды, енді қырғын салуда», - деп қалыптасқан жағдайға қатысты Батысқа бір кәрленіп алды.
МЫСЫР (ПРЕЗИДЕНТ АБДУЛ-ФАТТАХ АС-СИСИ):
«Газа халқына жасалып жатқан қылмысты ақтау мүмкін емес. Аймақты құрсауға алу, күштеп тұрғын үйлерінен қуу, жазықсыз жандардың өлімін көріп отырмыз. Біз дереу арада соғысты тоқтатуды талап етеміз. Соғыстың ауқымы ұлғайса, аймақтың тыныштығына кері әсер етеді. Ұрыс қимылдары тоқтауы тиіс», - деп бірқалыпты сабырмен жиналғандарды сабырға шақыра сөйледі.
ИОРДАНИЯ (ПАТША АБДОЛЛА ИБН ХУСЕЙН II):
«Палестин халқына қарсы әділетсіздік пен қуғын-сүргін 7-ші қазанда басталған жоқ, 70 жыл бұрын басталды. Біз Газадағы қырғынға көз жұмып, үнсіз қарап отыра алмаймыз. Екі ел құру шешімі ғана Палестина халқының қайғысын тоқтатып, аймаққа тыныштық әкеледі. Палестин мәселесі дұрыс, әділетті шешім таппаса, әлем ол үшін үлкен құн төлеуі мүмкін», - деп дөңайбаттың бір шетін қылтитты.
ПӘКІСТАН (ПРЕМЬЕР-МИНИСТР АНУАР ХАҚ ҚАҺАР):
«Израиль Палестинаны оккупациялады. Қазір этникалық сипаттағы қырғын, қуғын-сүргін болып жатыр. Бұл өркениетті дәуірде нағыз сұмдық әрекет саналады. Дереу соғысты тоқтатуға шақырамыз», - деді.
МАЛАЙЗИЯ (ПРЕМЬЕР-МИНИСТР АНУАР ИБРАГИМ):
«Газа халқы геноцидке ұшырауда. Соғыс тоқтатуы тиіс. Дереу арада қырғын тоқтатылсын», - деді.
ҚАЗАҚСТАН СІМ МҰРАТ НҰРТІЛЕУ:
«Біз Палестина халқының өзінің тәуелсіз мемлекетін құру құқығын қолдаймыз! БҰҰ шешімі орындалуы тиіс», - деді.
Осы саммитте пікірлер қаққа жарылса да жиналғандардың бәрі Құдыстың тәуелсіз мемлекет болуын БҰҰ талап етті.
Осы Саммитті қалт жібермей бақылаған ИЗРАИЛЬ: ГАЗАНЫ БІЗ БАҚЫЛАЙМЫЗ! деп шорт кесті.
ИЗРАИЛЬ (ПРЕМЬЕР-МИНИСТР БЕНЯМИН НЕТАНЯХУ) осы орайда:
«Біз Газаны толық қоршауға алдық. Енді онда ХАМАС билігі де болмайды, Палестина азаматтық билігі де болмайды. Олар өз балаларын Израильді жек көруге, израильдіктерді өлтіруге тәрбиелейді. Әлі күнге дейін ХАМАС-тың 7 қазандағы Израильге шабуылын айыптамаған Махмұд Аббас та Газаны басқара алмайды!», - деді.
Саммит соғыстан кейін Газаны кім басқарып, бақылайды?деген сауалды көтергенімен ашып еш нәрсе шеше алған жоқ. Бірақ Палестина Президенті Махмуд Аббаспен кездескен АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Газа секторында соғыс аяқталғаннан кейін оны Палестинаға өткізіп беру мәселесін сөз еткен болатын. Махмуд Аббас та Газа секторын бақылауға алуға дайын екенін, бірақ ол үшін соғыс тоқтатылуға тиіс екенін бұған дейін мәлімдеген.
Саммиттің қол жеткізген басты жетістігі дәл қазір Батыстық тарап (АҚШ пен Еуропа) Газаны басқару үшін Араб елдерінің коалициясы құрылып, Израильмен келісе отырып басқарылуы тиіс деп санайды.
Бірақ әсіреұлтшыл топтан сескенген Израиль билігі Газаны өзі бақылап, демилитаризациялайтынын айтуда. Соғыс аяқталған соң Газада Израиль әскері қалады деген сөздің жаны бар.
Фото: ашық дереккөзден
Abai.kz