Жолтай Жұмат. Бумеранг
(хат-хикаят)
Бірінші тармақ
Оралу
Жерде жетім жыласа,
Көкте періште күңіренеді.
(Халық сөзі)
1
(хат-хикаят)
Бірінші тармақ
Оралу
Жерде жетім жыласа,
Көкте періште күңіренеді.
(Халық сөзі)
1
Поездан түсті. Жолсерік есікті ашып болғанша, іштей шыдамсызданып та кетті. Неге осыншалық аптығып-асыққанын өзі де түсіне алмаған. Табаны қара жерге тигені сол еді, тұла-бойы ду-у етіп, бүкіл денесінен ток жүріп өткендей болып, дел-сал күйді бастан кешірді. Мынау қара жер, мынау бопса топырақ бұның көңілін яки жан сарайын сонша толқытып жіберетіндей нендей құдіретті еді? Екі-үш адым аттады да, одан әрі жүре алмады. Табанына дәу қара тас байланып қалып, қозғалтпай тұр. «О, қасиетіңнен айналайын туған... жо-жоқ, өскен топырақ-қ!...»
Тілінің ұшына осынау екі-үш ауыз сөздің орала бергені сол еді, енді көмейіне әлде өксік, әлде өкпе, әлде реніш-әйтеуір бірнеңе кептеліп тұрып қалғандай болды.
Бұл-балалық шағы өткен жер! Осында ес біліп, осында оң-солын танып, осы жерден үлкен өмірге аттанғанын анық біледі. Ал, бірақ...
Қай жерде дүниеге келді? Кімнің отбасында іңгәлап жарық әлемнің есігін ашты? Әке-шешесі кім еді?
Оның өмір бойы жанын жегідей жеген, қай кезде де есінен бір сәт шықпаған, үнемі мазалаумен болған ауыр да ащы сауалдар – осы! Осы сұраққа өмір бойы жауап іздеді. Ғұмыр бойы жауабын таба алмады. Бәлкім, жауап табуға талпынбады ма?
Қонысбай бүкіл өткен өмірін тап бүгін көз алдынан өткізер болса, бақытқа бөленген күндерінен гөрі қиналыс пен күйзеліс сәттері басым.
Әсіресе, бала кезгі суреттер көз алдын көлбесе, езіліп те, егіліп те еске алар сағаттар аз емес! Кісі өз маңдайына жазылғанды ғана көреді деседі. «О баста шыр-р етіп дүние есігін ашқанда өзіңе тиесілі нәрсені қайтсең де көрерсің, көрмей көрге кірмейсің» дегенді көп еститін. Жас күнінде соған оншалық көңіл бөлмегенімен, жас ұлғая келе қайта жаңғырып, еске түскенде «о, тоба, сол рас екен-ау» деп жаға ұстағаны бар. Жетім деген сөз Қонысбай үшін маңдайға тоқпақпен қойып қалғандай өте ауыр естілетін. Жаны сыздайтын. Жүрегі қысып, басы зеңіп кететін. Жетімдік ғұмыр Қонысбайдың тек жас күнінде тартар азабы ғана емес, бүкіл өмірінде, барша тірлігінде айнымасқа серік боларын кім біліпті!
Баяғыда-а... осы А.стансасы бойындағы екі қабатты ақшаңқан үйдің ауласында доп қуып, ойынның қызығына түсе, терлеп-тепшіп жүгіріп жүрген
сәтінде өзінің жетім екенін, әке-шешесінің кім екенін білмейтінін де ойламапты. Оны ойландырған – жетімдер үйіндегі жағдай емес, адамдар көңіліндегі алалық болды. Адамдар осынша қатыгез болар деп ойлап па сол кезде! «Адам адамға дос болуы керек, қиналғанда қол ұшын беруі керек» деп ойлайтын. Адамға сана сол үшін берілген деп қиялдайтын. Өзінің де сол саналы адамдар арасында өсіп келе жатқанына қуанып та қоятын.
Бірақ, баланың сол бақытты сәттері мен көңіл қуанышы көпке созылмады. Бәлкім, ұзаққа созыла берер ме еді, кім білсін, бәрі де аяқ астынан, ойламаған жерден бұзылып сала бергені.
Сол аулада алаңсыз доп қуалап жүрген күндердің бірінде қасындағы досы Сембектің қатты тепкісінен ала доп зулаған күйі биік шарбақтың сыртына бір-ақ ытқыды. Қонысбай қарап тұрған жоқ, қоршаудан асып түсті де, ала допты қуалап берді. Қырсыққанда әлгі доп көшедегі бір кісінің желкесіне тиіп, онда да тоқтамай, одан әрі домалады. Қонысбай алқынып жүгіріп жетіп, енді ала бергенінде бір әсем киінген кісі бұны желкесінен нұқып қалып:
- Жолымды кес-кестейтін кімсің, әй!-деп зекіді. Доп желкесіне тық етіп тиген кісі осы болды.
Қонысбай имене қарап:
- Мен... мен допты алайын деп...-деді сөзінің басын біріктіре алмай.
Әсем киінген кісі оқты көзімен ата қарады да, мұртын екі-үш рет жыбырлатып, мұны итеріп тастап, жүріп кетті. Жәй кеткен жоқ, кетіп бара жатып бұған:
- Қу жетімек!-деді.
Бала ызалана, ызғарлана қарады. Әлгінде ол әсем киінген мейірімді әрі мәдениетті ағайды көрген сияқты еді, енді артынан қарап тұрса, мына жарық дүниедегі ең сұмпайы, ең жексұрын адам осы сияқтанып кетті.
«Мен жетімек емеспін!...»
Бұл-Қонысбайдың ішкі ойы. Оны дауыстап айтқан жоқ. Ішінен ойлады.
Әлгі кісі біраз жер ұзап барып, артына тағы да бұрыла қарап:
- Жетімектерде мәдениет қайдан болсын!-деді. Сосын «Тфу» деп жерге шырт түкірді.
«Мен жетімек емеспін! Жетім емеспін-н...»
Бала жерге отыра қалып, ызадан жарылардай боп, жылап жіберді. Әлгі сөздерді дауыстап айтты ма, жоқ ішінен айтты ма – оны да білмейді. Әйтеуір ызаға булыға ұзақ-қ жылады.
Қасына Сембек досы келді.
- Неге жылайсың?-деді ол. – Саған біреу тиді ме?
- Жоқ!
- Ендеше неге ызаланып жылайсың?
- Ештеңе емес.
- Жоқ, біреуге ызалысың!
- Айттым ғой, ештеңе емес деп. Мені неге тергей бердің!...
Сосын орнынан тұрды. Тұрды да аулаға қарай беттеді. Артынан Сембек те емпектеп еріп келеді.
***
А.стансасы абыр-сабыр. Теміржолды жағалай өңкей қыз-келіншектер қапшық көтеріп, қоларба сүйрелеп, шаң-шұң етіп, басына көтеріп жүр.
- Қуырылған балық алыңдар!
- Арыстың дәмді қауынын сатып алыңыздар!
- Сусын ішпейсіздер ме?
Дәл осы көрініс Қонысбай үшін әбден таныс. Баяғыдан таныс. Осыдан әлде отыз, әлде қырық жыл бұрын да осындай болатын. Тек ол кездегі қыз-келіншектердің киімі жұпынылау көрінетін. Ал, мыналардың үстіне кигені мүлде басқа. Бірінде – спорт киімі, бірінде джинсы, бірінде – тері костюм.... Сауда жасауға шықты демесең, әрбіреуінің киім киісі, паң жүрісі һәм сыздана сөйлеген даусы соншалық кедей кейіпті байқата қоймайды.
- Арақ алыңдар!
- Сыра да бар!
- Қымызға қалайсыңдар!...
Сауда жасаушылар, негізінен, қазақ әйелдері. Араларында бірлі-жарым қоңқы мұрын, көк көз өзге ұлт өкілдері де бой көрсетіп қалады. Бірақ олар да қазақша сайрап тұр, тіпті қазақтың өзін шатастырады.
- Қазы-қарта аласың ба?
- Құрт жейсің бе?
- Ірімшік алмайсың ба?
Қонысбай бір келіншекті тоқтатты.
- Маған екі түйір құрт беріңізші!
- Екі-ақ түйір ме!-деп келіншек мұрнын шүйірді. - Өзіңіз келісті киінген кісі екенсіз, немене бір қалтасын алсаңыз, ақшаңыз азайып қала ма?
- Азаймайды ғой,-деді Қонысбай. – Бірақ... оның бәрін қайтем? Тек ауыз тисем деп едім...
Келіншек шайпаулау екен.
- Кемпіріңе апарып берерсің. Екеуің отырып алып, өткен-кеткенді айтып тауысқанша жеп қоясыңдар. Алмайсың ба молырақ...
Қонысбай күрсіне тіл қатты.
- Менде кемпір жоқ.
- Е, ендеше келініңе...
- Келін де жоқ.
- Болмаса немерелеріңе...
- Ол да жоқ.
Сатушы келіншек одан әрі не дерін білмей, аңтарылып тұрып қалды. Қонысбай бұрылды да, адымдап кете барды.
Әр адымын шоттап басып келеді.
«Мен жалғызбын ғой. Жалғыз адамға не керек? Бір қалта құртты қайтем!...»
Жүріп келе жатып, кілт тоқтады.
«Жо-жоқ, неге жалғызбын! Мен өз үйіме келе жатқан жоқпын ба! Күні кеше, иә, баяғыда-а өзім тұрған, оқыған, ержетіп, үлкен өмірге жолдама алған ақшаңқан үйге келе жатыр екем-ау! Соны неге ойламаймын! Онда қазір де балалар тұрып жатыр. Олар да менің басымнан кешіргенді кешіріп, бірі тұңғиық ойға беріліп, бірі намысқа жарыла жаздап, ал енді бірі «мен жетімек емеспін» деп аһ ұра өмір сүріп жатқан өз үйім ғой...»
Артына бұрылып қарады. А.стансасы кәдімгідей құжынаған халық. Айқай-шу. Барқыраған дауыстар.
- Қауын алыңыздар!
- Қымыз ішпейсіңдер ме?
- Сыра мен арақ бар.
Сол топ арасынан енді әлгіндегі шайпаулау келіншекті іздеді. «Ол қайда кетті екен!» Ары өткенге де, бері өткенге де көз тоқтата, ерекше ынтамен қарайды. Ол емес. Бәрі де басқа. Кенет... желке тұсынан бір дауыс естілді.
- Шынымен-ақ ешкіміңіз жоқ па?
Бұрылып қарап еді, бағанағы шайпау мінез келіншек екен. Қонысбай күлді.
- Жәй айтам. Әзілдегенім ғой. Ана бір қалта құртты маған беріңіз.
- Е, солай демейсің бе бағаналы бері! Үлкен кісі үйге құр қол бара ма екен. Ең болмағанда немерелерді алдауға керек қой.
Шайпау келіншек дереу бір қалта құртты Қонысбайдың қолына ұстатты да, ақшасын алып, зытып отырды.
Бір қалта құрттың осынша салмағы болатынын енді байқады. Ішіне тас салып қойғандай. Амал жоқ, қолтығына қысып алып, алға қарай басты. Адымы ашылар емес. Жүрісі өнер емес. Тек қазір ме? Бағаналы бері солай. Поездан түскелі бері адымы ашылмай-ақ қойды.
Баяғыда-а... балалар үйінде алаңсыз ойнап-күліп жүрген шағында есінде қалған тағы бір сурет көз алдынан көлбеңдейді.
Бір жолы осында жақсы киінген ер кісі мен әйел келді. Оларды балалар үйінің директоры Бадамбек ағай бипаздап таныстырып әлек.
- Балалар, бұл кісілер алыстан келді. Сонау Түркістаннан. Осында бұрынырақ марқұм болған бір туысының баласы бар екен.
Қонысбай мен Сембек бір-біріне қарады. «Біз емес пе екенбіз» деген үміт көңіл.
Бадамбек сөйлеп тұр.
- Сол баланың жағдайын біле кетейін деп соғыпты. Ол бала-мына біздің Жанахмет...
Осыны естіген сәтте Жанахмет қоқиланып, бәріне айбат көрсете орнынан тұрды. «Міне, көрмейсіңдер ме, менің туыстарым бар, олар мені арнайы іздеп келді» дегенді қимыл-қозғалысымен байқатты.
Жанахмет әлгі кісілердің қасына барып, оны бетінен алма-кезек емірене сүйіп жатқанда Қонысбай да, Абылжан да, Сембек те іштей қызғанды. «Бізді неге ешкім іздемейді екен» деп қиналды.
Қонақ кісілер көп бөгелген жоқ, кетіп қалды. Жанахметке бір қалта құрт қалдырыпты. Енді соны жалына сұраса да, Жанахмет ешкімге бермейді. Тығып қойып, өзі ғана сорып жейді.
Бір күні Қонысбайға Сембек:
- Әй, соның құртын ұрлап алайық,-деді.
- Қой, ұят болар,- деді Қонысбай.
- Жоқ, ұят емес. Өзі сараң болмасын әйтпесе,-деді Сембек.
- Сараңның сазайын осылай тартқызған дұрыс,-деп, Абылжан да Сембекті қостады.
Құрт ұрланған күннің ертесіне Жанахмет күні бойы жылады. Кімнен көрерін де, кімді кінәларын да білмеді. Бір жағы соның да ызасы бойын кернеп кетсе керек.
Әлгіндегі стансадағы бір қалта құрт Қонысбайға сол оқиғаны еріксіз еске түсіріп еді.
(Жалғасы бар)
Abai.kz