Жұма, 18 Қазан 2024
Ақмылтық 2456 3 пікір 17 Қараша, 2023 сағат 15:12

Патриотизм – сананың тәуелсіздігі!

Патриотизм, елді сүю туралы бұған дейін талай айтылды да, жазылды. Дегенмен осы тақырып төңірегіндегі сұрақтар әлі толастаған жоқ. Кезіккен кісіден сұрай қалсаңыз, патриотизм мен ұлтшылдықты шатастырып жататынын байқаймыз. Қала берді, «Ессіз сүю көзсіз қателіктерге ұрындырмай ма?» деген сұрақтың бас көтеруі де заңды.

Біз көптің көкейіндегі сауалдарды жас қаламгерлерге жолдап көрдік. Олардың да жауабы бір-біріне ұқсамады.

1) Патриотизм деген сөзді сіз қалай түсінесіз?

2)  Сіздің патриоттық сезіміңізге әсер еткен нақты бір оқиғалар болды ма?

3) Ұлтшылдық пен патриотизмді қалай ажыратамыз?

4) Шамадан тыс патриотизмнің жағымсыз салдары бар ма?

Ерік НАРЫН:

Патриотизм мен ұлтшылдықтың айырмашылығы жоқ

1. Мұның нақты анықтамасы бар ғой, әйткенмен мен еліңнің патриоты болу дегеніміз – Отаныңның жақсы болуы үшін бар жақсылықты өзіңнен бастау деп түсінемін.  Мәселен, айналаңа мейіріммен қарап, қамқорлық таныту; отбасыңа, көршіңе, досыңа, жалпы шама-шарқың жеткенше айналаңдағы жанның бәріне жақсылық жасау. Мемлекетіңе жақсы болсын деп, мемлекетіңнің, аймағыңның, ауданыңның, ауылыңның, көшеңнің мүддесіне жұмыс істеу. Соның мүддесі жолында азғантай да болса қызмет ету. Менің ойым осы. Ал әсіреқызыл сөздерді еріннің ұшымен айтып, «елім, жерім» деп құр кеудені соғу – патриотизм емес.

2. Жалпы, өмірде патриоттық сезімге әсер ететін оқиғалар жиі болады ғой. Ал мен елімнің, ұлтымның өткенін өзек еткен тарихи фильмдер көрген сайын, тарихи деректер оқыған сайын, ұлтымның басынан өткен трагедияларды, қайғы-қасіреттерді естіген сайын патриоттық сезімім оянады. Сондай бір уақытта көресіні көрген еліңе шын жүрегіңмен жақсылық, жарқын болашақ тілейсің, бүгінді берекелі ету үшін, еліңнің әр тұрғынының көзінен тек қуаныш көру үшін не істей аламын деп ойланасың.

3. Патриотизм мен ұлтшылдықтың кереметтей айырмашылығы жоқ деп ойлаймын. Патриотизмді қалай түсінетінім турасында жоғарыда айттым. Ұлтшылдық ше? Ол да солай. Ол да ел үшін, елді құраушы ұлт үшін аянбай еңбек ету, ұлттың күре тамыры – тіл үшін аянып қалмау. Сол ұлттың салт-дәстүрін, таным-түсінігін, бүкіл табиғатын сақтау жолында жұмыс атқару – ұлтшылдыққа жатады деп ойлаймын.

4. Әрине, шамадан тыс патриотизм, керісінше, зиян. Біз қанша этносты құшағымызға сыйдырған елміз. Осыны ескерсек, патриотизміміз фанатизмге ұласып кетер болса, салдарының қандай болмағы айтпаса да түсінікті. Еліңді сүю еліңді басқа елдерден жоғары санау дегенді білдірмесе керек. Сөйте бастасақ болды, елдің тыныштығына залалы тиеді деп ойлаймын. Бұқар жырау Абылай ханға қарата «Еліңе жаулық сағынба» деген екен. Демек, сенің патриотизмің елдің берекесін қашырмауы керек.

Нұртілеу ҚАДЫРҚҰЛ:

Патриотизм эмоциядан гөрі, әрекетке көбірек негізделуі тиіс

1. Патриотизм – сананың тәуелсіздігі. Бүгіннің атынан айтсақ, бізді отарлағандардың ойлау жүйесі мен тілінен азат болу. Қоғамда жүріп жатқан құндылықтар қақтығысында «қару» алып, жат танымдарға төтеп бере аларлық білім жию.  Ең әуелгі ұлттық тұлға-болмысыңның солқылдатпас өзегі осы деп білемін. Сонымен бірге, осы айтылғандар жолында әрекет ету, мысқалдай болса да үлес қосу. Кез келген әділетсіздікте үнсіз қалмау. Яғни патриоттық эмоциядан гөрі, әрекетке көбірек негізделуі тиіс. Жыртығын жамап, жоғын түгендеу.

2. Бала күнімде әлемдік спорттық жарыстарда желбіреген ту мен шырқалған әнұран патриоттық сезімді қозғайтын-ды. Ал қазір жасампаз жандардың жетістігі қуантады. «Осыны қазақ жасапты» деген жаңалықтар жаныңды жадыратады. Ал кейде позитив мәнді өзгерістерден бөлек, қоғамда болып жатқан негатив дүниелер де патриоттық сезіміңді оятады. Күреске шақырады. Қуанып, мәз болып, қалықтап жүргеннен гөрі, сол әділетсіздікке қарсылық жолындағы әрекетте мағына бардай көрінеді.

3. Патриотизмді мемлекетке байланысты ұғым деп білемін. Ұлтшылдық деген ұлтқа қатысты түсінік. Мысалы, Қазақстанда өмір сүретін түрлі ұлт өкілдері бар ғой, олар «мемлекетім менің» деп Қазақстанға мейірленсе, осы елдің туын желбіретуге үлес қосты делік. Ал ұлт жайында әңгіме қозғалса, өзінің ұлтын алға тартады. Жалғыз қалғанда ана тілінде әндер тыңдап алабөтен күйге бөленуі мүмкін.

4. Ультрапатриотизм десек болар. Яғни бұл өз мемелекетіңнің жақсы жақтарын ғана көріп, кемшіліктерге көз жұма қарайды. Сыни ойлау атымен жоғалады. Тағы бір жағымсыз жағы, өз елінен басқа елді төмен санап, Солтүстік Кореяның халқының жай-күйі секілді «жиырылу» процессі жүре бастайды. Яғни адамзаттық құндылықтардан, өркениеттен мақұрым қалып, әлемдік интеграцияға ілесе алмай қалады. Ең үлкен қатерлі тұсы – бұлар, яғни ультрапартиоттар саяси күштердің ықпалына тез түседі. Оларды басқару оңай. Режимге тез бейімделгіш болып келеді. Ал бұнымен қоса, позитив жағын да айта кеткен жөн. Кейбір мемлекеттерде тек өз елінде шығатын өнімдерді ғана тұтыну үрдісі бар. Мұның ел экономикасының дамуына зор пайдасын тигізері сөзсіз.

Айдана БЕЙСЕН:

Патриотизм мен ұлтшылдықты бір кеңістікте қарастырғым келмейді

1. Патриотизм туралы айтылғанда, бірден ұлттық мүддені қолдайтын, оны қорғауға ұмтылатын, тілін, ділін, дінін, ұлтын, елін сүйетін, бар болмысын, тарихын, өткенін құрметтеп, сол жолда күресуге дайын болмысы берік азамат көз алдыма келеді. Өйткені патриотизмде ұлт пен ұрпақтың арасындағы байланыс жатады деп түсінемін.

2. Сондай күйді кешетін сәттерім аз болмады. Басқасын былай қойып, тарихи фильмдерді көргенде, күй мен жырды, дәстүрлі әндерді тыңдағанда бойымды еліме, жеріме деген махаббат кернеп, Қазақстанда туғаным үшін, қазақ боп туғаным үшін бақыттан басым айналарлықтай боламын, еліммен, ұлтыммен мақтанамын.

3. Ұлтшылдық пен патриотизмді ажыратуға келгенде талай талқы туындап, бір тоқтам келу қиынға түсіп жататыны белгілі. Біреулер ұлтты сүюді ұлтшылдық емес, ұлтжандылық дейді. Мұның қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс екенін тіл мамандары айта жатар, әйткенмен мен ұлтшылдықты мүлде бөлек дүние деп ойлаймын.

Мәселен, Алаш арыстарын патриот болды деп айта аламыз ба? Олар сол кездердегі елдің мүддесіне жұмыс істеді ме, әлде ұлттың қамы үшін қызмет қылды ма? Мен екінші нұсқаны дұрыс деп санаймын. Себебі олар қазақты ұшпаққа шығару үшін, қазақтың көкірек көзін ашып егемен ел қылсам деп қарекет етті. Егер  бүгінгі біздің түсінігіміздегі патриотизм өлшемін сол дәуірге салсақ, онда Алаш арыстарын патриот деп атауға аузыңыз бармай қалар ма еді... Сол үшін де патриотизм мен ұлтшылдықты бір кеңістікте, бір сатыда қарастырғым келмейді.

4. Әуел бастан-ақ шамасынан асып, арнасынан тасып кеткен кез келген дүние қандай істе де зиянын тигізіп келеді. Ол ең алдымен, жақсы, жағымды позицияда көрінгенімен, ол шектен шыққан кезінде құлдырай бастайды, түбі құрдымға кетеді.

Шамадан тыс патриотизмнің соңы нәсілдік бөлінушілікке алып келуі мүмкін. Оның салдары ұлттық мүдде мен халықтар арасындағы дауға, келіспеушілікке келіп тіреледі. Есте ұстайтын жайт, кез келген істе әсіребелсенділік түскен соқпағыңнан, бет түзеген бағытыңнан  жолындағы адастырады.

Abai.kz

3 пікір