Жұма, 18 Қазан 2024
Бірлігіміз жарасқан 1714 4 пікір 24 Қараша, 2023 сағат 13:27

Ассамблея өкілі: Татулық пен достықтың мекеніміз

Елімізде татулықты ту еткен Қазақстан халқы Ассамблеясының әр өңірде бөлімдері бар. Республикамыздың түкпір түкпіріндегі этномәдени бірлестіктердің басты мақсаты Ассамблеяның жұмысын жандандырып, көп ұлтты елімізде достықты сақтау. Атырау облысы «Светоч» славян этномәдени бірлестігінің төрайымы Раиса Биткова Қазақстан халқы Ассамблеясының басты міндеті мен елімізде алатын орны жайы әңгімелеп берді.

– Раиса ханым, ең алдымен Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлі мен маңызына тоқталсаңыз.

– Еліміз үшін Қазақстан халқы Ассамблеясының дәрежесі ең үлкен мәртебе дегім келеді. Бізде әр ұлттың өкілі тұрады. Жалпы Ассамблеяны  о баста құрудағы мақсаттың өзі айқын дер едім. Оның мақсаты - ең бастысы еліміздегі тыныштық пен достықты сақтау. Бүгінде біздің Атырау облысы бойынша Достық үйінде әр ұлттың этномәдени бірлестіктері татулықта қызмет етіп жатыр. Қазір өңірде жиырмадан астам этномәдени бірлестік қалыпты жұмыс жүргізуде. Әр мәдени орталық әр ұлттың өкілінен құралғанымен бізді Қазақстан деген ортақ Отан біріктіреді. Қалай айтсам екен... «Жер сыйлағанды- халық сыйлайды, халық сыйлағанды- тіл сыйлады» дейді емес пе! Біздің славян этномәдени бірлестігінің де басты ұстанымы- өзгелерді сыйлау. Өзге ұлттың мәдениеті мен салт-дәстүріне сыйластықпен, құрметпен қарау.

– Этномәдени бірлестіктіктің басты мақсатын атап өтсеңіз, сіздерге жүктелген міндеттер қандай?

– Бірлестігіміздің ең басты мақсаты-Қазақстандағы жастарымызды патриоттық сезімге, патриоттық ұстанымға тәрбиелеу. Біздің ұжымда әр түрлі интернационалды отбасылар бар. Одан бөлек поляк, орыс, украин, өзбек, қазақ деген саны басым ұлттарды бір-бірінен бөлмеу. Ол ұлттың өкілдерінің салт-дәстүрін қадірлеу. Одан бөлек біздің бірлестіктің екінші мақсаты-аналар институтын дамытып, осы бағытта жастарды тәрбиелеу. Неге осы бағытта аса мән берді десеңіздер, қазір жас ұрпақтың отбасында алған тәрбиесі ең құнды тәрбие. Әр баланың адам болып қалыптасуы үшін отбасының беретін үлгі өнегесі көп. Сондықтанда біз үшін саналы ұрпақ тәрбиелеу алға қойған ең жоғарғы міндеттеріміздің бірі. Кішкентайынан үлкенді сыйлауды білген баладан, болашақта жаман адам шықпайды. Этномәдени бірлестіктің аналар институты тәрбиеге мән береді дегендегі ең басты ерекшеліктер осылар. Біз жастарға қазірден бастап бағыт-бағдар беріп үйретпесек, ертең олар ештеңе білмейтін болады. Заман өзгерді, ғаламтор келді, қазіргі жастардың көзі ашық дейміз. Дегенмен рухани тәрбие ешқашан көптік етпейді. Біздегі келесі мақсат-жастарға өз ділін, дінін тануда дұрыс бағытты көрсету. Өйткені өздеріңіз білесіздер қазір неше түрлі адамның санасын улайтын деструктивті ағымдар көбейді. Жастарымызда оған қатысты білім жоқ. Көбісі ғаламтордағы теріс ақпараттарға алдануда. Сондықтан олардың жат ағымнан алдын алу үшін өз діні, тілі туралы нақты ақпаратпен қамтылуын қадағалау. Оларға осы бастан жат ағымның зиян тұсын түсіндіру. Мен мысалы қазақ ұлтының салт-дәстүрлерін өте жоғары бағалаймын. Әр дәстүрдің мәні мен мағынасы бар. «Құда  түсу», «сырға салу», «құрсақ көтеру», «тұсау кесу», «беташар»  сынды дәстүрлерін құрметтеймін. Меніңше біздегі көп ұлтты бір-бірімен біріктіріп тұрған нәрсе-ол әрбір ұлттың бір-бірінің салт-дәстүріне деген құрметі. Өйткені өздеріңіз білесіздер, біздегі әр этномәдени бірлестіктің мақсаты-өз ұлтының салт-дәстүрін сақтай отырып, құндылықтарын дәріптей отырып Қазақстан елінің дамуына, көркеюіне септігін тигізу. Ол дегеніміз біздегі әрбір ұлт өзінің тілін сақтай отырып қазақ тілінің де жанданып, өзге ұлттар арасында мәртебесінің өсуіне мұрындық болу. Өз тілімізді білумен қатар, қазақ тіліне де үйрету. Өйткені біз еліміздің мемлекеттік тілін құрметтеуіміз керек.

– Айтқыңыз келгені, әр ұлт өз тілімен бірге қазақ тілінің дамуына да үлес қосады ма?

– Мен мұны неге айтып отыр десеңіз? Біз Қазақстанда тұрамыз, сондықтан қазақ тілін білуді, үйренуді азаматтық борышымыз деп санаймын. Өйткені бұл сенің тілің. Сенің еліңнің тілі. Бірінші қазақ тілі мемлекеттік тіл. Екінші орыс тілі-ол достық тілі. Біздің этномәдени бірлестік «Светоч» деп аталады. Ол қазақ тілінде «жарық» дегенді білдіреді. Жарық деген атымызға лайық әр істе ашық-жарқын, шынайы жұмыс істейміз дегеннің белгісі. Ассамблеяның мақсаты айқын оны білесіздер. Еліміздегі 100 ден астам ұлттың бір-бірімен тату-тәтті өмір сүруіне күш салу. Көбісі Ассамблея десе мерекелік шараларда әр ұлттың ұлттық киімімен өнер көрсетуі деп санайды. Мүлдем олай емес, Ассамблея еліміздегі барлық қоғамдық-саяси, рухани-мәдени іс шаралардан бөлек, аудандық, қалалық, республикалық деңгейде өтетін барлық іс-шараларға белсене араласады. Ассамблея бірнеше бағыт бойынша жұмыс істейді. Бізде «Ақсақалдар алқасы», «Аналар кеңесі», «Жастар қанаты» сынды Ассамблеяның ұйымдары бар. Біз Атырау облыстық Ассамблея филиалымен тығыз жұмыс істейміз. Одан бөлек мектеп оқушылары мен колледж студенттеріне арналған тақырыптық тренинг кездесулерге Ассамблея өкілдерімен бірге барып, өз үлесімізді қосамыз. Жалпы қаламызда өткен кез келген мәдени, рухани, танымдық, ақпараттық кездесулердің барлығында белсенді қызмет етіп, бар білген түйген ақылымызды айтып жүрміз.

– Этномәдени бірлестік қашаннан бері жұмыс істеп келеді? Байқағанымыз, қазақ тілін жетік меңгеріпсіз, тіл үйренуде қиындық болған жоқ па?

– Біздің бірлестік 2017 жылдың 6 маусымынан бастап жұмыс істейді. Ал нақты этномәдени бірлестік болып  сол жылы аккредитациядан өттік. Алғаш жұмыс бастағаннан  бері біз жастарымызды үш топқа бөліп, қазақ тілін үйрену курсын аштық. Балар кіші, орта, үлкен топ болып бөлінеді. Біздің этномәдени бірлестіктің ерекшелігін айтқым келеді. Бізде интернационалды отбасылар көп. Жоғарыда да атап өттім. Мен өзім Қазақстанға келген кезде бір ауыз қазақша білмедім. Ресейде туылдым. Кеңес үкіметі кезінде Украинада білім алдым. Ауылға жұмыспен келген кезім есімде. Бірде бір қазақ тілінде сөз білмеймін. Бірақ ауыл халқы маған жылы қабақ танытып, өз қызындай құшақ жая қарсы алды. Өзге ұлттың қызы деп өзегімнен теппеді. Сол үшін қазақ халқына басымды иемін. Қазақ халқы маған бірте-бірте тілді үйретті. Қазір мен қазақ тілінде еркін өз ойымды жеткізе алатынымды мақтан тұтамын. Өйткені мен қазақтың арасында өзімді бөтен санамаймын. Сен оларды сыйлайсың, олар сені сыйлайды. Қазір мен қазақ тілінде, украин тілінде, өз тілім  орыс тілінде емін-еркін сөйлей аламын.

– Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамға ықпалы қандай? Ассамблея не берді деп ойлайсыз?

– Не берді? Ең алдымен Ассамблея бізге тыныштық берді. Басқа елдерді алып қарайық, қақтығыс бір-бірімен текетірес болып жатыр. Тіпті кейбір көрші елдердің өзінде тыныштық жоқ. Ал бізде қалай? Халық бір-бірімен тату, араздық деген жоқ. Бейбіт күннің астында өмір сүріп жатырмыз. Бұл біздегі басты  бақыт дер едім. Өйткені  қазір еліміздің тыныштығы ең бастысы болып тұр. Жұртымыздың амандығы бәрінен жоғары дегім келеді. Ассамблея бізді адамгершілікке үйретіп жатыр. Бізді қазір бейбітшілікті сүйетін мемлекет ретінде бүкіл әлем таниды. Бір-бірімізбен қай ұлттың өкілі болмасақ та, бізді татулық пен ынтымақ, бірлік пен достық біріктіруде. Бұл біздің мемлекетіміздегі мақтанышпен айта алатын үлгі дер едім. Өйткені Ассамблея арқылы депутаттарымыз сайланып олар да мемлекетіміздің дамуына өз үлесін қосуда. Осылайша Қазақстан халқы Ассамблеясы өзінің айқын мақсаты мен жоспарына сай алға жылжып келеді. Біз ең алдымен артымыздан еріп келе жатқан жастарымызға үлгіміз. Біз өз міндетімізді жоғары деңгейде атқару арқылы, болашақ ұрпағымызға да мол мұра қалдыра аламыз. Ал ол мұра көп ұлтты еліміздің бір- біріне деген сыйластығы. Мен қазақстандықпын деп қуана айта аламын. Осы жерде балаларым өмірге келді, өсіп өніп жатырмыз. Немерелерімізге де тәлім-тәрбие беріп жатырмыз. Ең бастысы ұрпақтар сабақтастығы бар. Ал біздің бастаған ісімізді әрі қарай жалғастыратын жастар өсіп келеді. Ұлтаралық татулық ол біздің Қазақстанда мекен ететін әрбір ұлттың басты құндылығы. Көп ұлтты халықты бір шаңырақтың астында жинап, татулықты ту еткен Қазақстан халқы Ассамблеясының еліміз үшін де маңызы зор.  Ал біздің міндетіміз Ассамблеяның қызметін әрі қарай жүргізіп, алға қарай нық сеніммен қадам басу. Біздің этномәдени бірлестік татулық пен достық жолында қызмет ете беретін болады.

Abai.kz

4 пікір