Жұма, 22 Қараша 2024
Сұхбат 2331 0 пікір 29 Қараша, 2023 сағат 11:57

Не жағдай болса да, Отанды тастап кете алмаймын...

Бүгінгі сұқбатқа қазақстандық философиялық кеңістікте өз айтар ойымен белгілі философ, Әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Философия кафедрасының аға оқытушысы Ерболат Қошқарбаевты шақырып отырмыз. Оның отаншылдық пен елшілдік көзқарастары оқырмандар арасында қызығушылық тудырады деген сенімдеміз.

Әбдірашит Бәкірұлы: Құрметті Ерболат мырза, кейінгі  кездері еліміздің ақпараттық кеңістігінде отансүйгіштік, елсүйгіштік, ғылыми терминмен алсақ – патриотизм тақырыбы кеңінен талқылануда. Мұның себебі не? Бұл, мүмкін, еліміздің мемлекеттік дамуының ескі форматтан жаңа форматқа көшуі кезінде өткірлене түсетін мәселе болар. Бірақ ел қауіпсіздігі үшін қоғамның патриоттық күйін сараптап отыру қажет те шығар, сіз қалай ойлайсыз?

Ерболат Қошқарбаев: Қазақстандықтардың патриоттық көңіл-күйін біліп отыру өте маңызды. Бүгінде оны орта, төмен деңгейлерге бөліп қарауға болатындай. Бұған көптеген ішкі және сыртқы факторлар әсер етеді. Ішкі факторлар адамның жеке дүниетанымынан, құндылықтар жүйесінен, оған бағдарлану деңгейінен көрінеді. Ал, сыртқы жағдайлар өзге елдермен компаративистік, яғни, әлемдегі болып жатқан оқиғалар контекстінде салыстырмалы тұрғыда көрінеді. Мысалы, еліміздегі «Мәңгілік ел» атымен жүргізілген патриоттық қозғалыс мемлекеттің идеология жұмыстарының нәтижесінен көрініс тапты, ол сыртқы саясатқа тікелей әсерін тигізді. Сол сияқты, соңғы уақытта, көптеген қазақстандық фильмдер  басқа елдерде қызығушылық тудыруда. Өнерде де осы үрдіс байқалады. Мысалы, Димаш сынды әншілеріміз арқылы әндеріміз тыңдалуда. Спорттағы жетістіктерді де атап  айтуға болады...

Өздеріңізіге белгілі, өткен жылдан бері Қазақстанға Ресейден ағылған блогерлер біздегі жетістіктерге тамсанып, таңдай қағуда. Әрине, бұл да қазақстандықтардың патриоттық көңіл-күйіне әсер етпей қоймайтын құбылыс. Мен мұндай патриоттық көріністерді «жоғарғы деңгейдегі патриотизм» деп атар едім. Себебі, мұндағы патриотизм халықаралық қатынастармен тікелей байланысты. Біздің халыққа кейбір диктаторлық елдердегідей «неткен бақыттымыз» деп,  өз өзімізбен мастанып жүру жат қылық. Біздің далдалық ойлау қалыбымыз әр нәрсені  аңдауға, не нәрсеге де  салыстырмалы қарауға үйренген. Содан болар, көбіне «Әттеген‑ай!» деп жатамыз. Міне, осы «Әттеген‑айдың» ішінде біздегі патриоттық сезімнің белгілі бір деңгейі айқындалады. Басқаша айтсақ, оны «отандық патриотизм» дер едік.

Ал бізге патриоттық сезім тұғысында үлгі боларлық елдерге келсек, мен олардың қатарына Еуропаның бірқатар елдерін, Британия, АҚШ елдерін жатқызар едім... Әлемнің кез келген жерінде өз тілінде өтіңіз, келіңіз, кіріңіз (entrace, exit) деп құшақ жайып, жайылып жастық болып тұрса – олардың көңілдері шат емес пе? Себебі, өндірісі мықты елдердің патриоттық деңгейлері де жоғары. Ендеше, әрбір адамның өз елінің өнімдерін (мейлі автокөлік, мейлі трикотаж не басқасы) көрген сайын, олардың да  патриотық сезімдері ширыға берері анық. Бізге де осы жолмен жүру керек.

Әбдірашит Бәкірұлы:         Өткенде мен «Қазақстандық патриотизм» мен «Қазақ патриотизмі» деген тақырыпта екі түрлі мақала жарияладым. Бірақ, білетін адам бұл екеуінің мағынасы бір‑бірін қайталамайтынын біледі. Бірақ  бұл түсініктерінің байланысы бар екені анық. Осы туралы не айтар едіңіз?

Ерболат Қошқарбаев: «Қазақстандық патриотизм» көп жағдайда «қазақ патриотизмімен» үндес.  Екеуінің тамыры бір. Бірақ бір өзектен жарып шыққан бұл бұтақтар екі жаққа кеткен. Қазақстандық патриотизм ядросында – халық жатса, қазақ патриотизмі ядросында – этнос, ұлт жатыр. Халықтың әл-ауқаты, тыныштығы мен бейбіт өмірі «қазақстандық патриотизмді» айқындаса, «Қазақ патриотизмін» одан да ауқымды сауалдар толғандырады.  Содан болар, «Қазақ патриотизмінде» алдыңғысында жоқ міндеттер бар. Олар: «ұлттық бірегейлік», «ұлттық болмыс», «ұлттық құндылықтар», «дәстүрлеріміз», «төл мәдениетіміз» және «ана тіліміз» т.б. мәселелер. Оның ең қарапайым мысалы деп мынаны көрсетсек жеткілікті: мәселен,  «қазақстандық патриотизм» Алаш идеясына, оның тарихына салқындық танытады. Ал, «Ққазақ патриотизмі» бұны ешқашан айналып өте алмайтыны анық...

Әбдірашит Бәкірұлы: Олай болса, сізге қоғамда айтыла‑айтыла  әбден жауыр болған Ұлттық патриотизм  және Ұлтшылдық ұғымдарының арасында қандай ерекшеліктер бар деген сұрақты қоюға тура келіп тұр...

Ерболат Қошқарбаев: Екеуі өзара байланысты ‑ көтерген жүгі бір, бірақ көрінісі мен әдістері әртүрлі. Ұлттық патриотизм мінберлерде, зияткерлік ортада, баспасөзде, порталдарда, публицистикада көрінеді және ол патриотизм өзінің толеранттылығымен, ақылға қонымды рационалдылығымен ерекшеленеді. Ал, «ұлтшылдыққа» келсек, ол ‑ рационалдықтан біршама алыстау болып келеді. Онда эмоция басым тұрады да, бар жақсылықты тек титулды ұлтқа телігісі келеді.  Көп жағдайда әсірелеушілікке де алып кетіп жатады. Мәселен, бүгінде «арнайы соғыс операциясын» жүргізіп жатқан ресейлік империялық шовинизмді бәріміз ұнатпаймыз. Ол – бүгінгі күннің трагедиясы.  Ал, бірақ, ресейліктердің «өз елдерінің ұлтшылдары» екенін қалай жоққа шығарамыз? Ендеше, ондай «ресейлік ұлтшылдықтың» сыртқа бағытталған түрін әлем «ұлы халықтың өзге халықтарға қысымы не шовинистік агрессиясы» ретінде қабылдауда. Өйткені, мұндай «ұлтшылдықтың» арғы жағынан өзге ұлттарға деген «жек көрушілік»  сезімі қылтияды. Осы ретте мен біздегі «ұлтшылдық»  ұғымның орнына «ұлтжандылық» ұғымын қолданғанымыз дұрыс па деп ойлап қоямын...

Әбдірашит Бәкірұлы:  Мүмкін. Сіздің сөзде де бір шындық бар. Алайда, Қазақстан унитарлы мемлекет ретінде «қазақстандық және ұлттық патриотизм» терминдерінен бас тарта алмайды. Ендеше біз,  қалай болғанда да, осы екі ұғымның аражігін ажыратып отыруға мәжбүрміз деп ойламасыз ба?

Ерболат Қошқарбаев: Бұл жерде ең дұрысы «қазақстандық патриотизмге» қарағанда, «ұлттық патриотизмге» басымдық беру керек. «Қазақстандық патриотизм жалған»,  ал, «ұлттық патриотизм жалаң» болмастығының ақиқатты жолы осы! Біз ұлттық мүддені бәрінен жоғары қоюымыз керек. Екеуі байланысты дей салу – сұрақтың түпкі мағынасына, ішіне үңілмеу. Байланысты екені рас, бірақ «қайсысы қайсысына байланғанын» анықтау ‑ көп жайттан хабар береді...

Әбдірашит Бәкірұлы: Патриотизге ықпал етуші күштер қандай?

Ерболат Қошқарбаев: Біріншіден, ұлттық дүниетаным. Ол патриотизмнің өзегі. Себебі, ұлттық дүниетаным адам бойына там-тұмдап берілмей, оған сынадай егілуі керек. Мемлекеттің осыны атқарушы әлеуметтік институттары болуы қажет. Бұл қажеттілік біліммен, білім берумен, ғылыммен үйлескенде іске асады. Мектептердегі шамадан тыс көп математикалық сағаттарды біршама азайтып орнына патриотизм қалыптастыруға бағдарланған сағаттарды қойған ләзім. Аты бар заты жоқ «Алғашқы әскери дайындық» сабағын кеңестік кездегідей күшейткен дұрыс. Негізі, патриотизмнің шеберханасы осы сабақ! Қоғамда діни дүниетаным да маңызды рөл атқарады. Бір қуанарлығы, бүгінде діни уағыздарда тек шариғат нормалары мен сүннеттер ғана баяндалмай, Мәшһүр Жүсіп, Абай, Шәкәрім ойлары да айтыла бастады. Сонда да, еліміздегі діни дүниетаным осал және солқылдақ болып тұрғанын мойындауымыз керек. Өйткені, еліміз діни фанатизм шабуылына ұшырай бастады. Ол уағыз айтушылардың «Қазақ әуелі мұсылман, содан кейін ғана қазақ» деген сөздерінен айқын байқалуда. Міне, осы тенденция ұлттық патриотизмен үндесе қояр ма екен? Меніңше, жоқ. Бірақ, біздің қоғамның зайырлы болуы, бүгінде неше түрлі діни секталардың қаптауына жақсы өріс болып жатқан сыңайлы...  Осы жағдайда, мемлекеттің «ешбір дінге басымдық бермеу» саясаты көпшілік көңілінен шығады. Кім болмасын, қай сенімде болмасын өз Отанын қастерлеуге, құрметтеуге, қорғауға міндетті. Осы үшін ғылым мен білім қал-қадірінше күресуде. Бірақ нәтиже төмен. Себебі, ғылым аудиториясы аз. Мәселен, ұлттық құндылықтар мен патриотизм туралы бар жоғы елу не жүз данамен шығып жатқан ғылыми зерттеулер кімге жетеді? Ол тираж екі мыңнан жоғары мешіті бар, көп халықты бір мезетте жинайтын діни шараларға ықпал ете ала ма? Етпейді. Одан өзге, біздегі ұлттық мәдениет патриотизмнің ауыр жүгін арқалауда. Қазір жандана бастады. Дипломатиялық протоколға ене бастады (өткендегі түркі мемлекеттері жиналысындағы тұмақ киіп президенттерді қарсы алу рәсімі т.б.).  Біз патриотизмді қалыптастыруда бәрінен де бұрын өнерді сарқа пайдануымыз керек. Себебі, өнер аудиториясы миллиондардан тұрады және ол ешбір шекараға бағынбайды.

Біз дәстүрлерімізді дәріптеуіміз қажет. Өзге дәстүрлерге ревизия жасап, тазарту жұмысына кірісу керек. Осы тақырыптағы фильмдер түсіруді алайық. Тарихи фильмдер түсіргенде тек қылыш серметпей, дәстүрлерімізді, ұлттық болмысымызды паш етуіміз керек. Шілденің шіліңгір ыстығында басына тұмақ,   үстеріне жұлым-жұлым шоқпыт кигізбей малынып тұрған қызылды-жасылды киім кигізсек, дастарханды самсытып, аспен майыстырып тастасақ, жұпыны, сүреңсіз сұрқай дала орнына жайқалған жасыл бауды көрсетіп Ханзада Жумоң, Қуан Ге То, Кэбек, Сон Док секілді корей дорамдарынан асатын қанық түсті фильммен, анық патриотизмді көрсете білсек өрлегеніміз. Солардан үйренуіміз керек. Бізде ешкім Корей тарихын оқымайды. Бірақ бәрі осы сериалдар арқылы Чосон, Пуе, Когуре, Силла, Пекче елдері болғанын, Хэ Мо Су, Тоқман ханшайым секілді хас патриоттар болғанын біледі. Міне өнердің, кино өнерінің рөлі мен маңызы! Насихат жұмыстары көптеп керек.

Әбдірашит Бәкірұлы: Студенттер арасында патриотизм қандай жағдайда тұр?

Ерболат Қошқарбаев: Негізі студенттер арасында патриотизм қандай жағдайда екенін айту қиын. Бұл өлшенбейді, бұған мониторинг жоқ. Салыстырмалы түрде қазақ топтарында патриотизм жақсы, орыс топтарында патриотизм төмен деп те айта алмаймыз. Осы студенттер ертең әлдебір бағдарламамен шетел асып оқып, сонда тұрақтап қалса ше... Бұл жағдайда да кесіп айту қиын. Өзімізде жүріп елді құрдымға тартқандар немесе шетелде жүріп ақ елімізді көтеріп жатқандар қаншама.

Әбдірашит Бәкірұлы: Біздегі этнопедагогикада осы туралы ойлана ма?

Ерболат Қошқарбаев: Этнопедагогикадағы өзгерістер мен жаңалықтар кабинеттер мен дәліздердерден әупірімдеп шығып жатыр. Бірақ, біз оны балабақшадағы бағдарламалар мен әдістерден, басқа да тар шеңберлерден көреміз. Оны  ұлттық деңгейге көтеру керек, жарыққа шығару керек. Телеарнадан «Балапан» арнасынан басқа да арналарда оған уақыт беру керек. Мектептерде нақты сабақ сағатын көздеу керек. Міне, ең өкініштісі, осы мәселелермен айналысуға тиісті ғылым ордаларында бұл мәселеге деген салқын бір леп бар. Олардың тірлігі құдды бір арктикадағы құпия жобалармен айналысып жатқан секілді, көрінбейді, естілмейді. Аясын кеңітпесе жекелеген оқу орындарындағы және басқа мекемелердегі этнопедагогика жоққа тән болары анық. Жоқ болар себебі – көрінбейді. Көрінбеу себебі – отандық этнопедагогиканың әлемдік озық ілімдерінің шаңында қалып қойғаны.  Ізденіс керек, жаңаша серпінді ойлатын ғалымдар керек!

Әбдірашит Бәкірұлы: Сіздің патриоттық санаңыз қандай әрекеттеріңізден көрініс табады?

Ерболат Қошқарбаев: Әлбетте, патриотпын. Ол менің әрбір ісімнен, әр қимылымнан, әрбір жазбамнан, әр жұтқан демімнен көрінеді деп айтқым‑ақ келеді. Дегенмен, бәрі де менің айтқаныммен өлшенбейді ғой. Себебі, әр адамның жеке пікірі қашанда «субъективті пікір» болып қалады. Мысалы, өткенге көз жүгіртсем, мен әр жылдары ұлт, дәстүр сабақтастығы туралы жазған екенмін. Ұлт тарихын балама түрде жазыппын. Тіл полициясын (Алматы арнасындағы журналистердің «Тіл сақшысы» хабары емес) ресми орган ретінде құруға ұсыныс жасаппын. 2014 жылғы шыққан «Құқық негіздері» оқу құралында Конституцияның 7 бабын өзгертуді ұсына отырып, бүгінде сынға ұшырап жатқан мынадай нормаларды өзім жазып беріппін: 1. Қазақстан Республикасындағы бірден бір мемлекеттік тіл – қазақ тілі; 2. Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында халық мемлекеттік тілді толық меңгергенше орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады; 3. Мемлекет қазақ тіліне басымдық бере отырып, Қазақстан халқының тілдерін үйрену мен дамыту үшін жағдай туғызуға қамқорлық жасайды...

Бүгінде жағдай тіптен басқаша қалыптасуда. Сондықтан, егер осыны маған қайта жазу керек болса, онда мен оны басқаша жазар ем...

Әбдірашит Бәкірұлы: Шет елден сізге жақсы жұмыс ұсына қалса Отанды тастап кете аласыз ба?

Ерболат Қошқарбаев: Менің бармасым анық. Себебі, жақын жандарымды шетелге алып кете алмаймын. Ең бастысы, мен өзімді тек ақша табу үшін не жақсы жұмыс істеу үшін де өмір кешіп жүрген адам қатарына жатқызбаймын. Бұл, енді, тек өзіме қатысты субъективті нәрсе. Ал, шет елге барғанды да сөкпеймін. Шет елде жүріп те ұлтқа қызмет етуге болады. Бұрынғыдай емес коммуникация мен стандартизация дамыған заман ғой қазір.  Мәселен, өз елімізде жүріп‑ақ өзіміз күнделікті қолданатын «Яндекс такси» арқылы шет елге қызмет етіп жатқан жоқпыз ба? Оның пайдасын кім көріп жатыр?

Не болмаса ғылымды алайық...  Ғылым аясындағы «Скопус» базасы, ағылшын тілін желеу қылған сүлік бағдарламалар IELTS, TOEFL және басқасы біздің ғылыми ойды шет елге берудің төте жолы емес пе? Одан өзге, Корея мен Британияның егістіктерінде қара жұмыс жасап жатқан отандастарымызды айтпағанның өзінде,  руханиятта қанша қазақ Оксфорт пен Кембриджде жүр.

Бір замандарда ғылым іздеп Әл-Фараби бабамыздың өзі шет ел асып кетпеп пе еді? Қазір көңілге «Сол заман қайта оралып жатқан жоқ па?» деген күдік ұялайды...

Бүгінгі информациялық‑техногендік дәуірде қазақтың «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» мэмі ескіріп бара ма деп күйзелем. Себебі, Қазақ Еліне қызмет ету жолында бұл даналық сөздің қуаты мен мәні  әлі де күшін жойған жоқ еді ғой деген пікірдемін...

Сұқбатты жүргізген Әбдірашит Бәкірұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1463
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5320