Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Сұхбат 3417 2 пікір 1 Желтоқсан, 2023 сағат 14:37

«Қытайда жері бар шаруалар өзін бай санайды»

Байболат Мұратбек 1961 жылы 7 сәуірде Қорғас қаласының Интал деген жерінде дүниеге келген. 1978 жылы Қорғас ауданы, Сарбұлақ ауылының орта мектебін бітіріп, сол жылы қыркүйектен бастап оқытушылықпен айналысады. Ол 1984 жылы Іле педагогикалық институтының Әдебиет факультетіне барып, екі жыл білімін толықтырып келгеннен кейін, Талқы мектебінің оқушыларына қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ береді. Еңбегі еленген Байболат мұғалімге Іле аймағы «ХХ ғасыр ағартушылар алтын сандығы» альбомына есімін жазады. Ол орта мектептің жоғары дәрежелі оқытушысы атағын алады және Іле облыстық тіл зерттеу ғылыми қоғамының мүшесі болады.  Б.Мұратбек 2012 жылы құрметпен зейнеткерлікке шығады.

Ұстаз Б.Мұратбек оқушыларына сабақ бере жүріп, қосымша әдеби жасампаздықпен айналысады. Ол әр тақырыптарда қалам тербеп, өзінің шығарма жазудағы шеберлігін шыңдап, тың ой, соны іздермен жүріп, көркем әдебиеттің шалқыма жанрында тәрбиелік маңызы зор туындылар жариялайды. Зейнеткер ұстазбен Алматыға келген сапарында кездесіп сұхбаттасқан едік.

– Байболат Мұратбек мырза, Қазақстанға қашан келдіңіз?

– Біз қазақ еліне биыл ақпанның 22-сі күні өттік.

– Қай жерге қоныс тептіңіз?

– Біз Қорғас кеденінен өткен соң, бірден Астанаға тарттық.

– Астанада кім бар еді?

– Астанада екі ұлым, екі қызым тұрады. Соларды қара тартып бардық.

– Балаларыңызды қазақ еліне өткізіп жіберіп, өздеріңіз Қытайда қалып қойған екенсіздер ғой.  

– Жұбайым екеуіміз 2012 жылдың қараша айынан бастап келіп, кетіп жүргенбіз. Балдардың алды 2009 жылы келген. Кейде жазда жайлап, кейде қыста қыстап кетіп жүргенбіз. 2017 жылдан бері келе алмай қалдық. 2019 жылы үйімізді сатып енді жылжимыз деп тұрғанда, пандемия басталып кеттіп шекара жабылып, біз қалып қойдық. Сонымен шекарадағы Қорғас қаласына келіп пәтер жаллап 4 жыл отырдық. Биыл шекара ашыла салысымен, алғашқылардың бірі болып бері өттік.

– Алматыға қыдырып келдіңіздер ме?

– Екінші ұлымның жұмысы Алматыға ауысқан соң, солармен бірге ере келдік. Мектепте оқитын немерем бар. Қазір үй жалдап тұрып жатырмыз, балалар кішкене орнығып алған соң, біз Астанаға қайтатын шығармыз.

– Айтуыңызға қарағанда ұл-қызыңыз түгел жоғары білімді секілді ғой.

– Құдай берген екі ұл, екі қызымыз бар. Төртеуі де жоғары білімді.

– Бөке, біздің оқырмандарға өзіңіз туралы айта отырсаңыз?

– «Қорғас» деген сөз айтылса шекараның аржақ-бержағындағы Қорғас көз алдына елестейтіне анық. Қазір Қытайда екі қорғас бар. Бірі – жаңа бой көтерген шекараның түбіндегі Қорғас қаласы, енді бірі – шекараның аржағында 30-40 шақырым жердлегі Қорғас ауданының орталығы. Бұл екі Қорғас кезінде екі аудан болған екен. Шекарадағы Қорғас өз атымен аталған аудан болса, ал жаңа Қорғас бұрын Сүйдің ауданы аталған екен. 1962 жылғы мамыр оқиғасы кезінде шекара өңіріндегі халықтың көбі бұрынғы Кеңес одағына көшіп кетеді. Осдан кейін Қытай билігі екі ауданды қосып, оның атын Қорғас ауданы атайды.

Мен 1961 жылы 7 сәуірде ескі Қорғаста қызметші отбасында дүниеге келген екенмін. 1968 жылы әкем қызмет бабымен Сарбұлақ ауылына ауысып барады. Мен осы Сарбұлақ ауылының толық орта мектебінде 1 сыныптан оныншы сыныпқа дейін оқыдым. 1978 жылы тағы да әкемнің қызметінің ауысуына байланысты Талқы фермасына көшіп кеттік те, ары қарай жоғарылап оқу орайынан айырылып қалдым. Ол кезде қазақ мектептерінде мұғалім жетіспейтін еді. Аудандық білім бөлімінің ұйғаруымен сол жылы күзден бастап оқытушылық жұмысқа орыналастым. Мектепте мұғалім болып екі жыл істегеннен кейін, білім бөлімінің біртұтас емтихан алуының нәтжесінде 1980 жылы мұғалімдік штатқа іліктім.

– Сол кезде Сарбұлақ ауылында орта мектеп болған екен ғой.

– Бұрын ескі Қорғастың Шиншихозы деген жерінде толық орта мектеп болған екен. 1966 жылы екі аудан қосылғанда бұл мектеп жабылып қалыпты. 1976 жылға келгенде бұл мектеп қайта құрылған, екі жылдан кейін тағы жабылып қалады. Кейін қазақтар көп қоныстанған Сарбұлақ ауылында толық орта мектеп ашылады. 1980 жыллы толық орта Қорғас ауданына жөткеледі де, Сарбұлақ ауылында сегіз жылдық  бастауыш-толықсыз мектеп қалады.

Іле облыстық азық-түлік серіктігінің шаруа майданы біздің Талқы фермасында болды, мен осындағы бастауыш мектепке мұғалім болдым. Мұнда тұрақты және көшпелі мектеп болды. Сол көшпелі мектеп 1983 жылы біртұтас түйінді, жатақты бастауыш мектеп болып Көкдаладан құрылғанға дейін жалғасты. Мен осы аралықта Қорғас білім толықтыру колледжінде бастауыш мектеп оқытушыларының білімін жетістіру курсында оқыдым. Кейін Талқы мектебіне ауысып барып қызмет істедім. 1984 жылға келгенде ұйымның орналастыруымен, мектептің талабымен Іле пед институтының әдебиет факультетіне барып қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша екі жыл білім толықтырып келдім. Мектепке келгеннен кейін оқушыларға қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ бердім.

– Талқы мектебі таза қазақ мектебі болды ма?

– Мен алғаш Талқы мектебіне келгенде 47 мұғалім, сегіз жүзге тарта оқушы, жиырма неше жұмысшысы бар жатақты мектеп екен. Бұл мектеп ШҰАР-дың жатақты мектептерді жалпыластырудың түйінді мектептерінің бірі саналып 1987 жылы қайта құрылды.

– Демек, үкімет көшпелі халықтың балаларын жатақханаға жатқызып оқытуды қолға алған екен ғой.

– Өзі де сондай болғаны анық. Бұл мектепке Талқы ферманың, үшінші ферманың, Көксала орман мекемесінің, Кеңсай тасжол жұмысшыларының және Ластай ферманың балалары түгел келіп оқитын.

– Балалар сегізінші сыныпты бітіргеннен кейін толық ортаны қайда барып оқитын?

– Оқушылар сегізінші сыныпті бітіргеннен кейін Қорғас аудандық толық орта мектепке және Құлжа қаласындағы Іле қазақ автономиялы облыстық №1-қазақ орта мектебіне барып оқитын.

– Сіз зейнет демалысына шыққанға дейін осы Талқы мекетебінде болдыңыз ба?

– Мен осы мектепте табаны күректей 34 жыл сабақ бердім. Онымен қоса мектептің одақ комитетінің хатшысы,  жұмысшылар кәсіподағының төрағасы, оқыту бөлімінің бастығы, партия ячеканың жорасы, ақылақ мүдірі қатарлы міндеттерді атқардым.

–Талқы мектебінің тарихы қай жылдан бастау алады?

– Талқы мектебі 1937 жылы құрылып, қазақ балаларын ескіше және жаңаша білім берген. Сол тұста ел ағалары мал жинап, қаржы шығарып мектепті кеңейтіп салдырған екен. Бұл мектепте 1931-32 жылдары Қазақстаннан келген оқымыстылар мұғалім болыпты. Осы мектеп жалғасын тауып, 1949 жылы ҚХР-құрылғаннан кейін үкімет өз қарауына алады. 1954 жылы көлемді толық күндік бастауыш мектеп болып Айтбек деген адам мектеп меңгерушісі болған екен. Кейін аты шулы «Мәдениет төңкерісі» басталғанда мектеп жабылып, көшпелі мектепке айналып тек халықтың сауатын ашуды негіз етіпті. 1973 жылы Тұрсын, Солтан Тақия, Әбілмәжін Мағыраж қатарлы оқытушылар бас болып оқудан шегінген балаларды жинап, сегіз жылдық толықсыз орта мектеп етіп құрып, оқу-ағартуды қайта жолға қояды. 1978 жылдары түйінді мектепке айналып, міндетті тоғыз жылдық оқу-ағартумен шұғылданады. Бұл мектепте қызмет істеген Арыстан Мұқаш, Кәрім Мұқан, Әкімбек Қасымқан, Байболат Мұратбек, Бейсенғазы Нәбиұлы қатарлы ұстаздардың еңбегін ерекше атап айтуға болады.

– Қытайдың қос тілді оқу-ағарту бағдарламасы қай жылы жолға қойылды?

– Қос тілді оқу-ағарту алғаш 2000 жылдан бастап айтыла бастады. Негізінен Шынжаңда қос тілді оқу-ағарту 2001 жылдан бастап мектептерде жүргізілді, ал кейбір мектептерде 2003 жылдан басталды. Біздің мектеп  қос тілді оқу-ағартуды 2001 жылы бастап кеткен. Қазақ балаларына тек қазақ әліппесін ғана өттік, қалған дәрістерді ханзу тілінде алып бардық.

– Қазақ тілі мен әдебиеті пәні өтілмеді ме?

– Бастабында қазақ тілі мен әдебиеті қазақ тілінде өтілді, ал жаратылыстық ғылымдар ханзу тілінде өтілді.

– Бұл қай жылға дейін жалғаты?

– Бұл 2009 жылға дейін жалғасын тапты.

– Одан кейін не болды?

– Ары қарай ептеп жалғасын тапқандай болғанымен, 2013 жылға келгенде қазақ тілі мен әбебиеті пәні мектеп бағдарламасынан алынып тасталды.  Жалпы пән мемлекет тілімен (ханзу тілімен) сабақ өтіле бастады.

– Қос тілді оқу-ағарту бағдарламасы жолға қойылғанға дейін әр ұлт халқы өз тілінде сабақ өтіп келген ғой.

– Шынжаңда Оқу-ағарту меңгермесі бар. Осы меңгерменің құзырымен Шынжаңдағы әр үлт оқушыларына арналған оқулықтар құрастырылып, баспадан басылып шығатын. Жаратылыстық, саяси мазмұндағы кітаптар аударма арқылы басылса, ал қазақ тілі мен әдебиеті оқулығы қазақ мамандарының құрастыруымен түзілетін. Таяздан тереңге, оңайдан қиынға қарай ілгерілетіп оқытылатын.

Әдебиет оқулығында қазақтың ақын-жазушыларының шығармалары енгізілетін бе еді?

– Әр сыныпқа арналып құрастырылған әдебиет оқулықтарына Қазақстанның ақын-жазушылары мен Шынжаңдағы танымал ақын-жазушылардың таңдамалы шығармалары кіргізілетін. Одан сырт қытайдың, орыстың классиктері мен шетел классиктерінің шығармалары енігілетін. Бұл оқулықтар өте жүйелі, құнды еді. Бұл қазақ оқушыларының қазақ әдебиеті мен әлем әдебиетінен де хабар тауып, өздерінің ой өрісін кеңейтіп, рухани әлемін байытып отыратын еді.

Шыны керек, біз сол кездегі қазақ тілі мен әдебиеті пәнін оқушыларға өтіп қана қоймай, сол арқылы ұлттық құндылықты, ұлттық рухты, салт-дәстүрді жүйелі түрде сіңіріп отырдық. Теория мен пракиканы бірлестіріп отырдық. Кейін сапалы оқу-ағарту деген жолға қойылды. Осы сапалы оқу-ағарту ұлттық оқу-ағартуға өте тиімді, қолайлы, жайлы болып еді.

– «Сапалы оқу-ағарту» деген қайдай оқу-ағарту?

– Мұның бір жақсы жері әрбір оқушының ерекшелігіне, үлгіріміне қарай сабақ беру. Бойындаға таланттын ашу немесе ерекшелігін байыту. Орташа оқушыны негіз ету, алдынғы оқушыны шабыттандыру, соңғы оқушыны жетектеу. Сол арқылы біртұтас білімді оқушыны тәрбиелеу.

– Алдыңғы, орташа, соңғы оқушы деген кім?

– «Алдыңғы оқушы» деген сабақ игеруі, үлгірімі мықты, әрі өзі жасампаздық жарата алатын таланты оқушы. Өзі оқыған білімін ісжүзіне асыратын, дермес жасампаздық жарата алатындар. «Орташа оқушы» деген жалпы білімнен хабары бар оқушы, ал «соңғы оқушы» деген өздігінен ізденбейді, сұрасаң жауап қана беретін оқушы. Бірақ оны жетелесең орташаға қосуға болады. Орташаны алдығылардың қатарына шығаруға болады.

– Осы сапалы оқу-ағарту өз нәтижесін берді ме?

– Өз жемісін берді деуге болады. Мен сабақ берген оқушылардан қазір танымал ақын-жазушы болғандар бар. Мәселен, Бақытжан Тілепалды, Жеңіснұр Байұзақ, Тоқтарбек Оспан, Ерназар Манапқан. Тұрсынқан Боранбай, Ермек Қанатбек, Жаңқазы Бекқожа, Досжан Әкімқан қатарлылар қазір әңгіме, өлең, шалқыма жазып, баспасөзде жариялап жүр.

– Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен басқа пәндерде осылай оқытылды ма?

– Әр саладағы қоғамдық, жаратылыстық пәндер бойынша осылай оқытылды. Мұндай оқытудың нәтижесінде оқушылардың әр пәнге деген қызығушылығы артып, оқуға деген ынтасы күшейді.

Бұрынғыдай мұғалімдер 45 минут сөйеп, сабақты оқушыларға түсіндіріп жатпайды. Керісінше сапалы оқу-ағартуда оқушылар өзі сабақтан алған әсерін, білгенен сөйлейді. Оқытушы тек оқушыларға жетекшілік етеді, жол сілтейді, ал балалар өздері ізденеді. Сапалы оқу-ағартудың бұрынғы бағдарламадан өзгешелігі де осында болса керек.

– Жаңа сіз «мен қазақ тілі мен әдебиеті пәніненен сабақ беріп жүргенде небір таланттардың жұлдызы жанды» дедіңіз. Кейін де осы дәстүр жалғасын тапты ма?

– Қос тілді оқу-ағарту жалпыласқанан кейін де бойында тума таланты бар оқушылардың әдебиетке қызуғы болды. Бірақ жалпы беттік солай деп айтуға келмес. Өйткені, мемлекетің тілін игеру, мемлекет тілінде сөйлеу керек деген талап басты орынға шықты. Тіпті, ата-аналарда қазақ тілі мен әдебиетін оқысаң өрісің тар болады, жоғарылап оқи алмайсың, жақсы қызметке тұра алмайсың, ханзу тілін білсең жолың ашық болады, болашағың зор болады деген идея пайда болды. Содан бәрі солай ауып кетті. Осы аралықта мен зейнет жасына толып, демалысқа шығып кеттім. Қазіргі жағдайда не болып жатқанынан толық хабарым жоқ.

–  Дегенмен, сіз сол халықтың ортасында жүрдіңіз ғой.

– Несін жасырамыз, қазіргі кезде қазақ оқушыларының өз ана тілінде сөйлеуі некен-саяқ. Жоқ деуге де болады. Той-томалақ, өлім-жітімдерге барып қалсақ, есіктің алдында ойнап жүрген балалар бір-бірімен қытай тілінде сөйлеседі. Толықсыз, толық орта мектеп бітірген оқушылар өз ойын қазақ тілінде толық жеткізіп бере алмайды. Тіпті көрген түсін де әке-шешесіне қаза тілінде айтып бере алмайтын шығар. Соған қарағанда олар түсісті де өзге ұлттың тілінде көретін сияқты. Өйткені, оқу-ағарту бүкілдей өзгеріп кеткен. Бұрынғыдай әр ұлт өз тілінде, өз мамандары  оқулық түзетін заман жоқ қазір.

– Қазақ балаларын ішкі Қытайда оқыту деген бағдарлама бер екен. Бұл қандай бағдарла ма?

– Қазақ балаларының ішкеріден оқыту деген әр түрлі ғой. Сіздің айтып отырғаныңыз, ішкеріде толық орта мектеп оқитын балалар болар. Мейлі қайсы ұлт балалары болсын, олар толықсызды бітіргенен кейін бір тұтас емтихан тапсырады. Емтиханнан озып шыққандар толық ортаны ішкеріде оқиды. Бұл «бағдарламалы оқу-оқыту» деп аталдаы. Ішкерде толық ортаны бітіргенен кейін мемелекеттік емтиханға біртұтас қатысып, өздері таңдаған мамандықтар бойынша жоғары оқу орындарына түсіп оқиды.  Ата-аналарына бұрынғыдай ауыртпалық салмайды. Олар мамандық алып шыққаннан кейін, көбі Шынжаңға қайтып келеді. Ал кейбіреулері ішкі Қытайда қалып өз мамандықтары бойынша жұмыс істеді.

– Студентер оқу бітіргеннен кейін жолдамамен барып жұмыс істей ме?

– Студенттер оқу бітіргенен кейін мамандықтар бойынша жұмысқа қабылдау бәсекесіне түсіп, емтихан тапсырады. Емтиханан өткендер ғана қоғам қажетіне қарай еңбек етеді. Бұрынғыдай біртұтас жолдамамен жіберілетін заман қазір жоқ. Өздері қалаған мекемелерге, кәсіпорындарға, фермаларға, кен орындарына барып жұмыс істейді.     

– Сіз Мау Зыдұң төрағаның кезінде балалық шағыңызды өткізіпсіз. Одан кейін Дың Шаупіңнің саяси, экономкалық реформасы жүргізген кезде мектеп бітіріпсіз. Жаң Зымин, Ху Жинтау басқарған еркін дәуірді бастан өткеріпсіз. Енді Ши Жинпың билік жүргізген кезді де көрдіңіз.

– Ши төраға билікке келгеннен бері қоғамның қауіпсіздігі жақсарды, жемқорлар негізінен жойылды. Барылық адам заң алдында тең деген принцип орнады. Ұры-қары, алаяқтар қазір жоқ. Бұл қазіргі саясаттың үлкен жемісі деп айтуға болады. Бірақ аз санды ұлттардың тіл-жазуы тоқтады. Бұл Қытай мемлекеті үшін дұрыс саясат, оған біздің басқадай айтуымызға келмейді...

– 2017 жылы Қытайда жүргізілген саяси реформа сізге салқынын тигізген жоқ па?

– Ол кезде мен зейнеткермін ғой, зейнеткерлерге бұл саясаттың салқыны тие қойған жоқ. Үкімет зейнетақымызды уағында беріп, хал-жағдайымызды сұрап тұрды.

– Сіз ағартушы ғана емес, шығармашылық адамы екенсіз. Шығармашылығыңыз туралы айта кетсеңіз?

– Мамандығым қазақ тілі мен әдебиеті болғандықтан азын-аулақ жазушылықпен айналысқаным рас. Алғашында екі озат оқушым туралы «Қос жүйрік» деген очерк жазудан бастап, газет-журналға хабар-ошар, мақала, юмор жазуып жүрдім. Кейін Іле пед институтының әдебиет факультетін оқып келгеннен кейін очерк, эссе, шалқыма, әңгіме жаза бастадым. Жазған дүниелерім, «Іле айдыны», «Іле жастары», «Іле газеті» қатарлы басылымдарда үздіксіз жарияланып тұрды. Одан сырт оқу-ағарту саласына қатысты ғылыми мақалдар жазып «Шынжаң оқу-ағартуы» журналы, «Шынжаң оқу-ағартуы» газеті, «Іле оқу-ағартуы» журналына жариялап тұрдым. Менің шалқымаларым көбінесе отбасы, бала тәрбиесі мен ұлттық ерекшелікке ие отбасын құру, мораль жөнде болды. Сол арқылы ұлтты, ұрпақтарды тәрбиелеуге құлшындық. «Келіндерге кеңес», «Әйелдерді аялайық», «Ананың ақылы», «Әкенің өсиеті» деген секілді шалқымаларым осының айқын мысалы. Бүгінге дейін «Сыйланудың сыры», «Қарымжы», «Шырға», «Әсен ата» секілді он неше әңгіме, елуден астам шалқымаларым жарияланды.

– Сіздің айтып отырған «шалқыма» жанры ханзу әдебиетінен аударма арқылы келген ғой. Мұны қытайлар «сануын» деп атайды ғой. Шалқыма жанрын қазақ әдебиетіне кіргізу үшін әдебиеттанушы, ғалым Әуелқан Қалиұлы көп зерттеді, еңбектенді әрі осы жанрда шығармалар жазғанын білемін.

– Өзің айтқандай әдебиеттанушы, ғалым Әуелқан Қалиұлы шалқыма жанрын Қатайдағы қазақ әдебиетіне бір жанр ретінде дәлелдеп кіргізіп кетті. Шынжаңда бұл жанрда шығарма жазазбайтын қаламгерлер аз болар. Өйткені, шалқыма сезімге, қиялға, оқиғаға құралып жазылады. Бір сөзбен айтқанда – «қарасөзбен» жазылған өлең секілді дүние. Мұнда автор өзінің көңіл күйін біресе таудан, біресе баудан әкеліп айтып, түрлендіріп еркін бейнелеуге болады. Қаламгерге пәлендей артық талап, қатаң шарт қойылмайды. Шалқыма бейнелеу тәсіліне қарай – оқиғалы шалқыма, оқиғасыз шалқыма және лрикалық шалқымаға бөлінеді.

– Сондықтан қазақстандық қаламгерлер «шалқыма» деген не нәрсе деп жатырқамауы керек дейсіз ғой.

– Мен Астанаға ақпан айында келдім, рухани, мәдени, әдеби ортаға әлі толық кіріге алмай отырмын. Немере бағу, оларды мектепке апарып, әкелу сияқты жұмыстармен айналысып кеттік. Екінші ұлымның қызметі Алматыға ауысуына байланысты бірге келіп жатқаныма аптадан асып барады, газет-журналдармен әлі таныса алмадым. Әлеуметтік желілерден эссе дегенді оқып қаламын, шалқыманы көргенім жоқ. Соған қарағанда өзің айтқандай бұл жақта шалқыма жанры жоқ секілді. Ал эссе деп жүргендері бұрынғы очеркке жақын дүние ме деп қалдым.

– Демалысқа шыққаннан кейін немен айналыстыңыз?

– Шынжаңдағы «Береке» деген әлеуметтік желі бар, солардың ұсыныс етуімен әдебиет теориясына  қатысты лакция оқып жүрдім. Одан сырт қазақ әдебиеті тарихы туралы бір-екі рет лекция оқыдым. «Қорғас қоңыр әуендері» деген текшеміз бар болатын, оған шалқымалар жазып жариялап тұрдым.

– Бөке, сіздің Қытайда тұрған жеріңіз ауылды жер ғой, көршілеріңіздің көбі диқан, малшы болар. Қытай үкіметі халыққа жерді қалай бөліп берді?

– Қытайда шаруаларға көтереге беруді (жалға беруді) негізінен 1982 жылдан бастады. Жерді көтереге алмай қалған диқан, малшы деген болған жоқ, бәріне өз үлестерін теңдей бөліп берді. Қытайда көтереге алған жері бар шаруалар өзін бай санайды. Үкімет алғашында жерді 30 жылға көтереге берді, кейін оны 50 жылға ұзартты. Қазір диқандар бұрынғы дәстүрлі жолмен егін егуден ғылыми жолмен егін егуге көшті. Мәселен, аул шаруашылық техникасына сүйеніп егін егу, жерге салапан төсеп егу, химиялық тыңайтқыш беру, тамшылатып суару, көкөністерді жылыжайда өсіру деген секілді ғылыми жолмен егіп, баптау, басқару жалпыласты. Жер пайдалану, басқару әр диқанның өз құзырында. Біреудің жерін біреу рұқсатсыз пайдаланбайды, ал біреуге жалға беремін десе ол өз ерікінде. Қазір жерді жалға берсе бір му жердің бір жылдық жалақысы 1000 юань (1 гектар жер 15 му). Біздің кейбір қандастар жерін жалға беріп қойып, бизнеспен, мал саудасымен айналысып жатады. Қазақстанға көшіп келген қандастардың арасында көтереге алған жерлерін басқаларға жалға беріп, жерінің игілігін әлігедейін көріп жүргендер бар.

– Кейінгі туылған балаларға жер бөлісі деген бола ма?

– Жаңа туылған балаларға беретін жер де жоқ. Қазір адам саны өсті, бірақ жер өскен жоқ. Жері барлар жерімен айналысса, ал жері жоқтар саудамен, үшінші кәсіппен (әртүрлі кәсіппен) шұғылданып тұрмыстарын оңалтуға үкімет жағынан жол берілген. Диқандардың шарт-жағдайы қазір жаман емес.

–  Диқандар алған өнімдерін қалай сатады?

– Диқандар алған өнімін қайда өткіземіз деп бас қатырмайды, нарықтық бәсеке бойынша өздері қалаған компанияларға келісімшарт арқылы сата алады. Бұрынғыдай базарға апарып сататындар азайған, өнімді алушылар атыз басынан алып кетеді.

– Жер салығы алына ма?

– Диқан мен малшыдан жер салығы алынбайды. Үкіметтің жер салығын алмау туралы қаулысының күшіне енгеніне 15 жылдан асты.

– Малшылардың жағдайы қандай?

– Үкімет жерді диқандарға көтереге берген  кезде, малды да шаруаларға темір мал ретінде берген болатын. Үкімет темір малының санын ғана таниды, малшылар малдың санын төмендетпесе болғаны. Ал басы өскен малда  үкіметтің шаруасы жоқ. Малшылардың көктеу, жайлау, күздеу және қыстау жерлері бар. Егер кейбір малшылардың көктеу, күздеулері үкіметтің жер реформасына ілігіп, жолға, құрлысқа кетіп жатса оған үкімет оның қаржысын есептеп, төлемін төлеп жатыр. Табиғаты көркем жайлым, жайлауларға үкімет  саяхат райондарын ашып жатыр. Малшылардың саяхат райондарына кеткен жерлеріне де үкімет төлем төлейді, Жерді үкімет шаруалардан ақысыз нмесе күштеп қайтарып алмайды. Жалпы малдың санын, малдың сапасын арттыру малшылардың өз құлшынысыңда. Мал бағып байыған қазақ шаруалары өте көп.

– Малды қорада бағу түзімі жолға қойылған деп естідік.

– Оныңыз рас. Қазір бұрынғыдай көшіп-қонып жүретін малшылар азайған. Дәстүрлі мал бағудан, жылжымай бір орында бағу, қорада бағу, ғылыми жолмен бағу деген секілді басқарулар жолға қойылған. Малды сонау алыс отарға апармайды, алыс отарға апарған күннің өзінде жүк көлігімен апарады. Бұрынғыдай апталап, айлап көшіп-қону деген негізінен қазір азайған. Осы сияқты ғылыми жолмен мал бағу жалпыласқандықтан, өзге ұлттар да малды қорада бағуды қолға алды. Түйені қорада бағу, шуатын мен түйе жүнін сатуды жолға қойып, жаңалық жаратып жатқандар бар. Жапа-машақатты рақатқа айналдыру деген бір жақсы саясат жалпыласып келе жатыр. Егер үкіметтің қажетіне қарай жерінен айырылып қалған малшылар мен диқандарға үкімет ақшасын беріп, басқа кәсіппен айналысуына қолдау көрсетіп отыр.  Үкімет ешкімді далада қалдырып жатқан жоқ.

– Қазақстан азаматтығын алдыңыз ба?

– Шекарадан өте салып Астанаға тарттық дедім ғой, астаналықтар жылы қарсы алды. Сонда тұрақты тіркеуге тұрып, Қазақстан азаматтығына құжаттар өткіздім. Азаматтығымыз екі айда шығып, қолымызға жеке куәлік пен құжатты жұбайымыз екеуіміз алдық.

– Қазақстан Республикасының азаматты болғаныңызбен құттықтаймын!

– Көп рақмет!

– Шығармашылық адамысыз ғой, Астанадан әсем қала Алматыға келіп жатырсыз. Алматының күзгі көркем көрінісі шабытыңызды шалқытқан жоқ па?

– Алматыға келгеннен бері «Шаңырағыңды шайқалтпа» деген шалқыманы бастап жазып жатырмын. Алматы мен Астанада өзіме кездескен халық, көрші-қолаң жылы қабылдады. Танысын, танымасын жатырқамай жақын тартты. Саламы дұрыс, әңгімелесе кетсең аққылдап бәрін айтады екен. Үдірейе қарайтын ешкім жоқ секілді сезілді маған.

– Түріңіз қазақ, тіліңіз қазақ, жаныңыз қазақ, өзіңіз қазақ болған соң сізді өзіндей көрінген болар.

– Осы жағы маған қатты ұнады. Сені жатырқамай тұрған соң, сенде оларды жатырқамайды екенсің. Қаймағы бұзылмаған өзіміз секілді ауылдан келген қазақтар болар.

– Артыңызда қалған қара орман еліңіз бар ғой, Қазақстанға көшіп келсек деп армандап, қарекет жасап жүргендер бар ма?

– Халық болған соң болады ғой. Олардың жолы болып, тезірек елге көшіп келгенгін қалар едім.

Сұхбатты жүргізген Әлімжан Әшімұлы

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2053