Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Жаңалықтар 7461 1 пікір 30 Қыркүйек, 2013 сағат 06:09

Қуандық Шамахайұлы. Қоғамдық телевизия– ақшаның соңына түспейді

Соңғы кезде қазақ қоғамында «қоғамдық телевизия» мәселесі жиі қозғалып жүр. Бұл кездейсоқтық емес. Демократиялық құндылықтарға ұмтылған сайын халық шынайы ақпарат алуды талап ете бастайды. Ал, біздегі телеарналардың барлығы дерлік сол баяғы кеңес кезінен қалған «үгіт-насихат» құралының деңгейінен аса алмай отырған жайы бар. Бұл тұрғыдан келгенде қоғамдық телевизия мәселесінің қозғалуы құптарлықтай.

Дегенмен, «біреу біліп айтады, енді біреу екі езуін тіліп айтады» демекші, білместігіне қарамай ділмарсып, қайдағыны бықсытып жүргендер де бар. Ондайлар жұртты шатастырып жіберуі де кәдік. Мұндай жағдайда қаласақ та, қаламасақ та бұл жағынан әлемде озық тәжірибесі бар АҚШ журналистикасына жүгінеміз. Әзірше, содан артық тиімді үлгі де жоқ.

2001 жылы Вашингтонға барған сапарымызда АҚШ қоғамдық телерадио корпорациясының президенті Роберт Кунрад мырзаның қабылдауында болған едік. Президенттің айтуына зер салсақ, әлемде мұндай корпорация жоқ екен. Олар хабар жүргізуде дербестік сақтағандарымен федералдық үкімет тарапынан қаржыландырылады. Корпорация 1967 жылы Конгрестің бастамасымен құрылған. Бүгінгі таңда елдегі барлық телерадио компанияларға бағдарламалық қызмет көрсетумен қатар біліктіліктерін жетілдірулеріне көмектеседі. Сонымен қатар қаржы жағынан да қолдау көрсете алады екен.

Соңғы кезде қазақ қоғамында «қоғамдық телевизия» мәселесі жиі қозғалып жүр. Бұл кездейсоқтық емес. Демократиялық құндылықтарға ұмтылған сайын халық шынайы ақпарат алуды талап ете бастайды. Ал, біздегі телеарналардың барлығы дерлік сол баяғы кеңес кезінен қалған «үгіт-насихат» құралының деңгейінен аса алмай отырған жайы бар. Бұл тұрғыдан келгенде қоғамдық телевизия мәселесінің қозғалуы құптарлықтай.

Дегенмен, «біреу біліп айтады, енді біреу екі езуін тіліп айтады» демекші, білместігіне қарамай ділмарсып, қайдағыны бықсытып жүргендер де бар. Ондайлар жұртты шатастырып жіберуі де кәдік. Мұндай жағдайда қаласақ та, қаламасақ та бұл жағынан әлемде озық тәжірибесі бар АҚШ журналистикасына жүгінеміз. Әзірше, содан артық тиімді үлгі де жоқ.

2001 жылы Вашингтонға барған сапарымызда АҚШ қоғамдық телерадио корпорациясының президенті Роберт Кунрад мырзаның қабылдауында болған едік. Президенттің айтуына зер салсақ, әлемде мұндай корпорация жоқ екен. Олар хабар жүргізуде дербестік сақтағандарымен федералдық үкімет тарапынан қаржыландырылады. Корпорация 1967 жылы Конгрестің бастамасымен құрылған. Бүгінгі таңда елдегі барлық телерадио компанияларға бағдарламалық қызмет көрсетумен қатар біліктіліктерін жетілдірулеріне көмектеседі. Сонымен қатар қаржы жағынан да қолдау көрсете алады екен.

      - Біз телерадио компаниялардың табыс табу үшін жарнама көбейтуіне тосқауыл жасамаймыз. Бірақ, керермендердің мүддесін ешқашан аяққа таптауға жол бермейміз. Айталық, қоғамдық теледидарлар үшін жарнаманың мөлшері үш секундтан аспауы керек - дейді Роберт мырза.

1993 жылғы мәлімет бойынша Құрама Штат аумағында 11 мың 500 радиостанция жұмыс істейді деген дерек бар екен. Олардың 1600-і коммерциялық емес, яғни, жарнамалық қызметпен айналыспайтын тек қана жаңалықтар, танымдық талдау-сараптама материалдар таратумен шұғылданады. Мұны олар қоғамдық, ағарту радиостанциялар деп атайтын көрінеді. Бұлардың дені университеттер, колледждердің студиялары арқылы эфирге шығады екен. Осындай телевизиялар да бар. Өз бетімен пайда таба алмайтын яғни, шығынмен жұмыс істейтін телерадио орындары қаржыны қайдан алады? - деген сұрақтың тууы заңды. Бұл сұрағымызға корпорация президенті Роберт Кунрад мырза:

-Оларға көбінесе, қоғамдық қорлар, жеке меншік ұйымдар демеушілік жасап және қалалық, аймақтык, федеральдық қаржы көздері көмек көрсетіп отырады. Сонымен бірге өздері әртүрлі байқауларға қатысып, гранттар жеңіп алады, - деп жауап берген болатын.

Әдетте Америка баспасөзін өзге елдер ірі коммерциялық телеарналарымен ғана елестетеді. Шын мәнінде, Американдықтардың әлеуметтік дамуы үшін тек өз халқына арнап сонау 1967 жылы негізі салынған дәл осы қоғамдық телевизиясы жайындағы мағлұматты екінің бірі біле бермейді. Қазақстанда өтіп жататын түрлі медиа форумдарда Еуропа елдері мен Жапонияның, Австралияның қоғамдық телеарналары туралы ғана сөз болып жатады.  Оның да өзіндік сыры бар. Еуропада Англияның Би-Би-Си-і, Азияда Жапонияның Эн-Эйч-Кэй-і сынды корпорациялар қоғамдық телевизияның алғашқы қарлығаштары ретінде коммерциялық телевизия тумай тұрып, пайда болғаны тарихтан мәлім.  Сондықтан, алдымен солардың тәжірибелері сөз етілуі заңдылық болса керек. Сол секілді Германияның  Дойч Велле, Австралияның Эй-Би-Си телевизиясы жайында да әртүрлі деңгейде айтылып жатады.  Ал, дәл осы Американың қоғамдық телевизиясын зерттеген, оны таныстырғандар жоқтың қасы. 

Жалпы, қоғамдық  телевизияның құрылуына сол елдің халқы өздері мүдделі болуға тиіс. Англияның отарлауын ғана есептемегенде, ешкімге кіріптар болмаған,  Англия мен Жапония секілді  хандық билікке бағынбаған, коммунистік режимді көрмеген,  тоталитарлық диктатураның қол астына өтпеген  Америка секілді еркін елде неге қоғамдық  телевизия қажет болды?    

Америкада  қоғамдық телевизия жайында айтыла бастаған 60-жылдары жұрт  Си-Би-Эс (CBS немесе Columbia Broadcasting System), Эн-Би-Си (NBC немесе national Broadcasting Corporation), Эй-Би-Си (ABC немесе American Broadcasting Corporation) секілді коммерциялық ірі телевизиялардың көңіл көтеру бағдарламаларына ессіз аңсарлары ауған кезең болатын. Сол тұста Си-Би-Эс арқылы 1952 жылдың мамыр айының 9-нан бастап жалғасып келе жатқан «Мен Люсиді сүйемін» атты әзіл шоудың кезекті бөлімін көруге асыққан жұрт алды-артына қарамай үйлеріне қарай зытатын. Сондай-ақ, Си-Би-Эс және Эн-Би-Си телевизиясы 1956 жылдың қыркүйек айынан бастап, атақты рок-эн-ролл әншісі Элвис Преслиді студияларына таласа шақырып, көрермендермен жүздестіріп жататын. Оның үстіне телевизия өз ақпаратының жеделдігімен газетті күйреуге ұшыратады деп сәуегейлік жасайтын сыншылар мен зерттеушілер  де көбейген.

Ал, Америкада сол кездің өзінде 600-ден астам коммерциялық  телевизиямен қатар жергілікті өлкелерде 120-ның үстінде оқу телевизиясы қызмет жүргізді.  Ең алғашқы коммерциялық емес телевизия 1949 жылы Калифорнияның Бөркли қаласында ашылған. Оқу телевизиялары университеттер мен коммерциялық емес білім мекемелерінің құзыретінде болды. 1964 жылы желтоқсанда телеарналардың бәрінің басын қосатын Ұлттық одақ Американың білім министрлігімен бірлесіп, оқу телевизиясын қаржыландыру мәселесін зерттейтін комиссия құру сөз болған.   

Сол тұста Нью-Йорктағы Карнеги корпорациясының президенті болған Жон Гарднер аталмыш бастаманы белсенді түрде қолдаған. Корпорация  комиссияның қызметін қаржыландыратын болды.  Осылайша, Оқу Телевизиясының Карнеги Комиссиясын 14 мүше, бір басшы,төрт атқарушы қызметкердің құрамымен жасақтаған. Комиссия мүшелерінің құрамына университет ректорлері, елшілер, штат әкімі, музыкант, мемлекеттік емес ұйымның өкілі,  корпорация президенті енді. Комиссия төрағасы болып Массачусетс Технология институтының ректоры  Жэймс Киллан тағайындалған.

Олардан ең алғаш талап етілген дүние өте қарапайым еді. Комиссия бар болғаны, коммерциялық емес  телевизия туралы зерттеулер жасау, оның халыққа қызмет көрсету жұмыс аясына жіті назар аудару, оны дамытудың жолдарын белгілеу ғана болды.

1963-1969 жылдары АҚШ президенті болған Линдон Жонсон аталмыш комиссияның мақсатын айқындаған хатында: «Еліміз ұлт ретінде қалыптасқан кезден бастап, біздің қауіпсіздігіміз халықты ағартудан басталған. Бостандығымыз көп арнадан әртүрлі көзқарастарды өзара бөлісуден тұратынын біз мойындаған болатынбыз. Оқу телевизиясы АҚШ пен бүкіләлемнің келешегі үшін маңызды боларына сенемін. Комиссия жасайтын тұжырыммен кешікпей аса қызығушылықпен танысатындығыма сенімдімін» деп атап көрсеткен.

Карнеги Комиссиясы бір жыл мерзімде  статистикалық зерттеулерді қарқынды жүргізіп, қоғамдық телевизия жайында жарияланған мақалаларды жинақтап, 92 оқу телевизия қызметімен тікелей танысып, ресми түрде сегіз рет жиын өткізіп, оның жалғасу мерзімін есептегенде 28 тәулікпен тең келген. Жиналыстар  аралығында кеңесу басқосуларын тұрақты өткізген және 225 ұйым мен жеке тұлғалар олармен кездесіп, хат ұсыныстар жолдаған.  Қоғамның өкілдері болып табылатын сол адамдардың ұсыныс, пікірлері негізінде жасалған тұжырымдарын комиссия мүшелері есептерінде көрсеткен. Есептік қорытындысы «Қоғамдық телевизия: Іс қызмет бағдарламасы» (1967) деген атпен кітап болып басылған. Кітаптың алғысөзінде «Оқу Телевизиясы Карнеги Комиссиясының аталмыш есебін  Америка халқына арнаймыз» деп жазған екен.

Одан ары қарай «Біз көп адамнан бағыт-бағдар беруін өтініп, көмек сұрағанбыз. Олардың ешқайсы сөзімізді жерге тастамады.  Комиссия мүшелерінің алдында бәрінің есіктері ашық болды.  Мәселенің өзекті әрі қарбалас екендігін олардың түсінгендіктері біздің жұмысқа қосқан үлестерінен көрініс тапты» деп жазған. Қоғамдық телевизия жайында принциптік мәселе көтеріп, көпке түсінікті етіп жазған кейбір адамдардың пікірлерін комиссия есептеріне қосқан көрінеді. Осылайша қоғамдық телевизияның құрылуына қатардағы американдықтар да өз үлестерін қосқан.

Американдықтар да өзгенің тәжірибесін зерттеген. Карнеги комиссиясы Англия, Жапония, Канада, Италия, Германия, Швеция жеті елдің телевизиясымен сонда барып танысқан. Олардың бәрі де жоғары сапалы бағдарлама жасау үшін барын салып салуларының арқасында едәуір табысқа жеткен көрінеді. Алайда, сол елдің әлеуметтік жағдайы мен дәстүрлерінің талаптарын қамтамасыз ете алған телевизия ғана табысқа жеткендігі аңғарылған.  «Ол елдерден біз бәрін импорттап әкелген жоқпыз. Біз де өз кезегімізде дәстүрімізден туындаған қажеттілік пен талапқа негізделген нағыз Америка жүйесін ұсыныс етеміз» деп Карнеги Комиссиясының есебінде жазылған екен.

Олар коммерциялық телеарналармен бәсекелесуге әзірленген Англия, Жапония қоғамдық телевизиялары секілді емес, керісінше,  олармен қатар тұрып, қоғамдық биік талаптың үдесінен шығу үшін олармен бірлесіп жұмыс істейтін қоғамдық телевизияны Америкада қалыптастыруды ұсыныс еткен. Анығырақ айтқанда, Би-Би-Си, Эн- Эйч-Кэй телевизиялары алпысыншы жылдардан коммерциялық телеарналармен бәсекелесу үшін бағдарламаларының арасында жарнама бере бастаған. Дегенмен, қоғамдық деген мазмұнына сай болу үшін жарнаманы жаңалықтар бағдарламасының, киносының ортасынан үзіп беруге тиым салған.

Американдықтар қоғамдық телевизия пайда табуды көздемейді деп санап,  тауар, өнім, қызмет көрсету жарнамаларын жасамайды. Керісінше, бағдарламаларының басында немесе соңында белгілі бір телехабарға демеушілік жасаған ұйым, компанияларды таныстырып өтеді. Оны олар өзіндік жарнама яғни, promotion деп атайды.

АҚШ-та өз патшалықтарын әлдеқашан құрып алған коммерциялық  телевизиямен бәсекелесуден қорыққандықтан олар жарнама нарығынан шегінген жоқ. Қоғамдық телевизияны саяси, экономикалық топтардың ықпалынан аулақ, бейтарап дербес тұрып, қоғам алдындағы міндетін мінсіз атқаруына бағыт белгілеуді көздеді.

Өз кезегінде коммерциялық телеарналар да 1961-1965 жылдар аралығында оқу телевизияларын техникалық құралдармен қамтамасыз ету,  демеушілік жасау жолдарымен 250 мыңнан 2 миллион  долларға дейін берген екен.  Кезінде коммерциялық телеарналарды көру үшін әрбір американдық шаңырақ теледидар сатып алғандығы  қоғамдық телевизияға жайлы жағдай жасаған болып шықты.

Коммерциялық бола ма, қоғамдық бола ма, қай телевизияның болсын қоғам алдындағы міндеттері ортақ. Бірақ, сол міндетін атқару барысында қайсысы нені алға шығаратындығы ғана өзгеше. Коммерциялық телевизия үшін ең біріншісі, жарнама, екіншісі, көңіл көтеру,  үшіншісі, ұлттық және халықаралық жаңалықтар. Ал, қоғамдық телевизияда мұның бәрі керісінше болып, орын алмастырады.

Жарнаманың өзі кейде адамдарға теріс түсінік беретін көрінеді. Одан сын, сөгіс те туындауы мүмкін. Жарнамада асыра әсірелеу мен түрлі көркемдік шешімдер қолданылатындықтан қоғамдық телевизия көрермендерінің сенімін жоғалпау үшін одан бойларын аулақ салады. Коммерциялық телевизия хабарлары тым қысқа, шектеулі, терең зерттеулері жеткіліксіз болса, қоғамдық телевизия журналистиканың негізгі талаптарын қанағаттандырады, көрермендерге  толық ұғым беретін бағытты ұстанады.

Коммерциялық арналар көңіл көтеру бағдарламалары арқылы адамдарға ықпал етуге тырысқанда кейде қызығушылық тудырмақ тұрмақ жиірендіруге дейін барады. Форма қуған, жасанды әрі сапасыз төмен деңгейде жасалған бағдарламалары деңгейі жоғары, көзі ашық тұрғындарға ұнамайды. Ал, ішінара сәтті шыққан мазмұнды бағдарламаны өзге телеарналар жаппай көшіріп тіпті бүкіләлемге таратып жіберуі де мүмкін. Ал, қоғамдық телевизияның көңіл көтеру бағдарламаларының өзі танымдық бағытты ұстанатындықтан оған өзге телеарналардың еліктеп кетулері оңайға соқпайды.

Негізінде, телевизия мен радионың қызметі технологиялық дамуға тәуелді болып келетіндіктен қоғамдық жалпыға ортақ бағдарламаларды кеңінен тарату үшін  коммерциялық телевизиямен бәсекелесуге тура келеді. Осы мағынасына сай Американың қоғамдық телевизиясы коммерциялық телеарналардан бұрын кабелдік желіге қосылғаны тарихи шындық. Қазіргі таңда дижитал жүйеге толықтай көшіп бітті. Сондай-ақ, электрондық парақшалары ақпараттық мазмұнының сыйымдылығымен, көркем безендірілуімен көз тартатындықтан вэб-сайт тізіміне енеді. (Сіз міндетті түрде www.pbs.org, www.pbskids.org www.pbs.org/rtl, www.npr.org сайттарына кіріп көріңіз)

Оқу телевизиясының қоғамдыққа алмастырылуы. Оқу, білім (Educational) деген сөз әу баста Карнеги комиссиясы мүшелеріне аса ұнай қойған жоқ. Себебі, ол көп нәрсеге шектеу қоятындай көрінген. Оқу дегенді мектеп, дәрісханалар арқылы ғана елестететін адамдарды бұл сөз телевизиядан үркіп жіберер еді. Сонымен қатар коммерциялық болсын, басқасы бола ма, телекөрерменін ағартуға, танымдық бағыт беруге тырысатындықтан жалпылама түрде босаңдау болып тұрған оқу телевизиясының құрылымына жүйелік өзгеріс жасағанда атауын да алмастыру қажет деп тапқан.

Сондықтан, іс қызметі ұлттық деңгейде мойындалған, пайда көздемейтін, үкіметтік емес, Қоғамдық Телевизия Корпорациясын (CPT яғни, Corporation for Public Television) құру ұсынысын Конгреске жолдаған. Карнеги корпорациясының есебінде көрсетілген осы ұсынысты АҚШ-тың 90-Конгресі қабылдап,  10 айдан кейін қоғамдық бағдарламаны мемлекеттен қаржыландыру туралы «Қоғамдық 90-129-заңды» 1967 жылы 7-қарашада бекіткен. Оған радионы да қатыстыру үшін  аталмыш заңға 1968 жылы 26-сәуірде өзгеріс енгізіп, басқарушы ұйымын Қоғамдық Хабарлар тарату Корпорациясы  (CPB яғни, Corporation for Public Broadcasting) деп атаған.

Баспасөз ақпаратының дербестігін, еркіндігін ежелден қастерлейтін американдықтар қоғамдық телевизия, радионың үкімет орнынан тікелей ақша алуын қаламады. Себебі, журналистиканы үкіметке кіріптар етуге болмайтын еді.  Сондықтан, ақшаны қабылдап алып, жеткізетін корпорация құруды ұсыныс еткен.  Нәтижесінде, Қоғамдық Хабарлар тарату Корпорациясын Колумбия ауданына коммерциялық емес ұйым ретінде заңды түрде тіркетуді Конгресс тарапынан заңдастырған. Шын мәнінде, қоғамдық телевизияға мемлекеттен бөлініп отырған ақша азаматтардан алынған салықтан түскен табыстың негізінде құралатындықтан халық ұсынған байғазы, көмек есебіне жатқызылды. Ал, телевизияның қоғамды қамтыған іс қызметі игілікті шараға баланды. Осылайша, американдықтарша айтқанда, «501 Си» яғни, бізше болғанда қоғамға қызмет көрсететін коммерциялық емес, пайда көздемейтін ұйым болып саналды.

Аталмыш корпорацияның сипаттарын үш негізгі жайтпен анықтайды. Біріншіден, Корпорация құнды қағаздар, акция пакеттерін шығаруға құқығы жоқ.  Екіншіден, Директоры мен қызметкерлері кірістік табыс көздерінен, дүние мүліктен үлес алуларына болмайды. Олар тек жалақылары мен өтемақыларын ғана алады. Үшіншіден, Корпорация қандай бір саяси партияларға немесе сайланбалы лауазымға ұсынылған үміткерлерге қаржылық та, моралдық та қолдау көрсетпейді. Жалпы АҚШ-та демеушілік пен ізгілікті қаражаттың негізінде қаржыландырылатын ұйымдар саяси қызметке араласатын болса, ішкі кіріс туралы заңның негізінде ол мекеме таратылады.

Корпорацияның негізгі іс қызметі сапалық жоғары деңгейде дайындалған, тепе-теңдік пен шынайы жағдайды қамтамасыз еткен біліми, танымдық бағдарламаларды, сериалдық хабарларды мейлінше көп ақпарат көздерінен алып, қоғамдық телевизия мен радиоларға тарату; коммерциялық емес радио, телевизияны құрып дамытуға көмек көрсету; АҚШ көлеміндегі  қоғамдық радио, телевизия аралығындағы байланысты қамтамасыз ету; жергілікті жердегі қоғамдық радио-телевизия бағдарламаларының мазмұнына сыртқы күштердің араласуына, бақылау жасауына жол бермеу; жеке адам, штат, үкіметтік агенттіктермен қаржылық келісім шарттар жасасу; шығармашылық элементтермен, жеке адамдармен, радио, телевизия станциялары мен бағдарламасын қаржыландыруға шарт жасасу; біліми, танымдық бағдарламаларды ел және аймақ көлемінде тарату; қоғамдық радио-телевизиялардың шығындарын есептеп, оларға қаржылық қолдау жасау; коммерциялық емес телевизияның кітапханасын, мұрағаттарын құрып дамытуына бағытталды. Корпорация өз тарапынан ешбір телерадио хабар, бағдарламаларын дайындамайды. Олар қызметтік және қаржы-қаражат мәселері,  табыс, жетістік, тұжырым, ұсыныстарын паш еткен есептерін жылына бір мәрте Конгресс пен ел президентіне ұсынуға міндетті болды.

«Қоғамдық телевизия туралы» заңға  АҚШ Президенті  Линдон Жонсон қол қойған кезінде: «Бір сыншының айтқанындай «біздің асқақ арманымызға дем беріп, эстетикаға деген ашқарақтығымызды  басатын, рухани саяхатқа шақыратын, оқиға ортасына енгізетін, ғажайып сазды әуен мен драмаға бөлейтін, теңізді, мұхитты, аспан әлемін, боран-шашынды, тау-тасты сездіретін» осы құдіретті құралдан біз әзірше қалағанымызды алып үлгерген жоқпыз. Коммерциялық емес телевизия әр саланың таңдаулы дүниелерін көрермендеріне ұсынып, таңдай қақтыратын болады.  Экономикалық жағынан келгенде, пайда табуды көздемейтін телевизия адамдардың көзін ашып қана қоймай оларға рухани дем беріп,  алға жетелейтіндігіне мен кәміл сенемін» деген екен.

Ақшаны бөлу қиынға соққан. Карнеги комиссиясы қабылдаған қоғамдық телевизияның жаңа үлгісіне сәйкестіріп, Артур Ди Литтль корпорациясы қаржылық есеп-қисаптарын жасаған соң  тоғыз миллион доллар қажет деп тапқан. Мұндай есепті жасау үшін 1966 жылы жазда білім және коммерциялық телеарналар мен өзге саланың  30 өкілін қатыстырған конференцияны Массачусетстің Дедхэм қаласында ұйымдастырып, жұмыс күші, бағдарламалар, қаржы, танымдық телехабарлар жайында талқылау өткізген.

Конгресс олардың есептеген деңгейіндегі қаражатты бекітпеді. 1968 жылғы бюджетте алғаш рет бес миллион доллар бергенде  президент Линдон Жонсон «Американың коммерциялық емес телевизия, радиолар мемлекеттен қаржыландырылып отырғанымен  бағдарламалары тұрғысынан келгенде федералдық үкімет орнынан тыс әрі еркін болуға тиіс. Конгресте айтқанымдай,  қоғамның иелігіндегі әуе толқыны арқылы қоғамдық мүдде ғана көрініс табуға тиіс» дей келіп, оған бөлінетін ақшаны жыл сайын қосып отыратындығын уәде еткен.

Ол сөзінде тұрды, 1969-2001 жылдардың қаржы кірісінен белгілі болғаны, бір ғана жылды есепке алмағанда мемлекеттен бөлінген ақша 10, 20 миллиондап өсіп отырған. Рональд Рэйган ел басқарған 1983 жылы ғана бөлінген ақша 35 миллионға төмендеген. 1991-1993 жылы ғарыштық байланыстың сателлайт жүйесіне енуге арнап, 200 миллион доллар бөлген.  Қоғамдық Хабарлар тарату Корпорациясына  2005 жылы 390 млн, 2006 жылы 400 миллион доллар  берген екен.

Корпорация алғашында  телевизия және радио деген екі салаға қаржы бөлуге келгенде қатты қиналған.  1981 жылы ғана Конгресс оны 75:25 деген ұстаныммен бекітіп берген соң бөлінген ақшаның үштен бір бөлігін телевизияға, қалғанын радиоға беретін болған. Қоғамдық Хабарлар тарату Корпорациясы телевизияға бөлінген ақшаны  Пи-Би-Эс (PBS яғни, Public Broadcasting System)-ге  бергенде, телевизия шығармашылығының негізгі ұйымы болып табылатын аталмыш ұжым ақшаның 75 пайызын жергілікті телевизия станцияларына, 25 пайызын ұлттық деңгейде тарайтын бағдарламаларды қаржыландыруға жұмсайтын. Ал, радиоға арналған ақшаның Эн-Пи-Ар (NPR яғни, National Public Radio) 70 пайызын жергілікті радио станцияларға таратып,  жеті пайызын бағдарламаны үйлестіруге жұмсап, 23  пайызды ел бойынша тыңдалатын ұлттық деңгейдегі бағдарламалар дайындауға берілетін. Сонымен қатар әрбір бағдарлама, телехабарлар бюджетінің шығыны барлық жұмсалатын ақшаның бес пайызынан аспауы тиіс. Ал, алтыға дейін пайызын техниканың тозуына орай ұстап қалып, ресурсқа сақтауға міндетті. 

Конгресс балалар мен білім беру бағытындағы бағдарламаға арнап, жеке бюджеттік қор бекітіп берген. Техникалық шығындарға қажет ақшаны да арнайы нұсқау бойынша бергендіктен корпорация басшысы шығынды көбейтті делінетін сөгістен құтылған екен. Жоба қорынан бөлінетін ақшаны дербес шығармашылық ұжымдармен арнайы келісім шарт жасалып, балаларға, аз ұлттарға, әлеуметтік топтарға және ағылшыннан өзге тілдерде бағдарламалар дайындауға бөліп отырған. Техникалық шығындарға арналған ақшаның 50 пайызын телерадио  станцияларға тікелей үлестіріп, қалған 50 пайзыны олардың аралық байланыстарына үйлестіріп есептейтін болған.

Жергілікті телевизия мен радио үшін негізгі қаржы көзі болатын мемлекеттен алынатын ақша енді штат пен жергілікті салық есебінен алынатын көздермен қоса есептегенде барлық кірістің не бары үштен бірін ғана құраған. Қалған үштен екісін мүшелік жарнадан, бизнес құрылымдарынан, түрлі қорлардан табады.

Шығармашылық негізгі екі ұйым болып табылатын Пи-Би-Эс және Эн-Пи-Ар коммерциялық емес, жекеменшік ақпарат құралдары. Пи-Би-Эс-ке 350 телеарна, Эн-Пи-Ар-ға 700 радио мүшелікке өтуінегізгі кіріс көзіне айналған. Жергілікті телеарналар негізінен штаттарда тіркелген коммерциялық емес ұйымдар болатын. Кейбір штат әкімшіліктері қалалық  телеарналарын жинақтап шағын жүйе етіп басқарады. Ал, радио станциялар қызметін университеттер үйлестіреді. Телевизия секілді радио жергілікті жүйеге енбейді.  Телерадионың барлық станциялары Федералдық байланыс  комиссиясынан лицензия алады. Олар бейтарап түрдегі шығармашылық ұйымдардан келісім шарт негізінде сатып алған туындыларының авторлық құқын үш жылдық мерзім бойынша иеленеді.

Тұңғыш басшыларды Президент тағайындаған. 1967 жылы жаңадан құрылымдалған корпорациялық директорлер кеңесінің алты мүшесін АҚШ Президенті  Сенатпен келісіп тағайындаған. Заң бойынша барлығы 15 мүше болуы тиіс. Алдын ала тағайындалғандары қалған тоғыз мүшесін сайлайды да ортасынан басшысын таңдайды. Американың қоғамдық бағдарламаларының саясатын белгілеуге тиіс осы 15 адамды «біліміне, мәдениетіне, азаматтық позициясына» қарай екшегенде радио-телевизия ұжымдарын қатыстыра отырып, өнер саласында абыройлары биік АҚШ азаматтары ішінен іріктейтін. 

Корпорация жұмысының жауапкершілігін жүктейтіндіктерін және іс-қызметке пайдалы жағын ойластырып, елдің әр түрлі өңірлерінен, мамандықтарының, өмірлік тәжірибелерінің, дарын-қабілеттіліктерінің жай-жапсарын да негізге алатын. Сондай-ақ, директорлер кеңесінің мүшелерінің жаппай бір партия мүшелерінен жасақталмауы да ескерілетін.

Директорлер кеңесі мүшелері алты жылдық мерзімге тағайындалады. Осы мерзімнен кейін бір мәрте ғана қайтадан сайлана алады. Барлығы 15 мүше толық жасақталғаннан кейін кеңес мүшелерін өздері дербес түрде сайлайтын болған. Мүшелерінің құрамын екі жыл сайын бес-бестен алмастырып отыратын жүйе қалыптастқан. Директорлер кеңесі мүшелері жан-жақтан келіп жиын өткізгенде тәулігіне әр мүшеге 100 доллар көлемінде іс-сапарлық өтемақы төлейді. 

Ал, директорлер кеңесі өз кезегінде корпорация президентін тағайындайды, күнделікті жұмыс-шаруаларды басқарып жүргізетін қызметкерлердің жалақыларының, өтемақыларының көлемін бекітеді. Корпорацияда қызмет еткен уақытында қызметкерлердің өзге қаржы көздерінен еңбекақы, сыйақылар алуына тиым салынған.  Қызметкерлерді жұмысқа қабылдағанда, тағайындау кезінде саяси және кәсіби шеберлігін анықтайтын сынақтар мен емтихан өткізілуіне де рұқсат берілмеген.

2003 жылғы зерттеулерге негіздеп айтсақ, қоғамдық телевизияны әр аптада 51 мың шаңырақта 87 миллион адам көреді деген есеп белгілі болған. Тәулік бойы 24 сағат үзіліссіз бірнеше арна арқылы жұмысын жалғастыратын Пи-Би-Эс телевизиясы  американдықтардың бірнеше буынын тәрбиелеген. Аталмыш телевизияны барлық адам жайбырақат отырып қарай алады. Себебі, онда зорлық-зомбылық көріністері атымен жоқ. Оның есесіне балаларға тың ой салатын, ақыл қосатын мультфильмдер көрсетілетіндіктен ата-аналар бұл телевизияға сенім артады. Негізінен классикалық туындылар бойынша жасалған Жи (G rated немесе For General audience) жоғары дәрежелі киноларды отбасымен түгел отырып көруге аса қолайлы.

Ұлттық жаңалықтарда тепе-теңдік сақталады және желі бойынша бір сәтте жергілікті барлық телеарналар арқылы тарайды. Жергілікті хабар-ошарларды жүргізу мүмкіндігі де мүше болып табылатын телевизияларға берілген. Әлем жаңалықтарын ұсынғанда ең зор қабілеттілікке баланатын «Уорлд Би-Би-Си» ақпараттық бағдарламасын келісім шарт бойынша алып көрсетеді. АҚШ қоғамдық телевизиясының жайы осындай.

Abai.kz

 

1 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1963