Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Жаңалықтар 5710 0 пікір 30 Қыркүйек, 2013 сағат 06:22

«Жас азамат» газетінің жетінші саны

 

ЖАС АЗАМАТ 

Шығарушы:

Қошмұхамет Кемеңгерұлы

 

Бастырушы:

Алаш серіктігі

7 - сан

1918 жылғы 15 октябрь

Петропавл қ.

ҚАЛА ДУМАСЫНА САЙЛАУ

 

 Дума сайлауында қазақ пайдасына қайшы келетін аспектілер мынау:

 1) Народная свобода партиясы - кадет жалғыз-ақ орыс мерейі үстем болсын, басқа ұлттар жым болсын дейді;

 2) Байлардікі - атына илігіп, қазақ байлары бұған қосылуға жарамайды, қасқырға қой жолдас емес. Москваның фабриканттары Сібір байларына бұл уақытқа дейін фабрика-завод ашқызбай келгендегі байлардың мақсатының бір жерден шықпайтындығын көрсетеді;

 3) Партиясыздардікі - бұған қырық рудан кіреді берекесі жоқ болады;

 

ЖАС АЗАМАТ 

Шығарушы:

Қошмұхамет Кемеңгерұлы

 

Бастырушы:

Алаш серіктігі

7 - сан

1918 жылғы 15 октябрь

Петропавл қ.

ҚАЛА ДУМАСЫНА САЙЛАУ

 

 Дума сайлауында қазақ пайдасына қайшы келетін аспектілер мынау:

 1) Народная свобода партиясы - кадет жалғыз-ақ орыс мерейі үстем болсын, басқа ұлттар жым болсын дейді;

 2) Байлардікі - атына илігіп, қазақ байлары бұған қосылуға жарамайды, қасқырға қой жолдас емес. Москваның фабриканттары Сібір байларына бұл уақытқа дейін фабрика-завод ашқызбай келгендегі байлардың мақсатының бір жерден шықпайтындығын көрсетеді;

 3) Партиясыздардікі - бұған қырық рудан кіреді берекесі жоқ болады;

 4)...сиынатындар көп болады. Осы аспектілердің бірінде қосылмалық.

 Қала қазақтары Алаш атынан бөлек тізім жасауы керек. Ыңғайы келсе, басқа мұсылмандармен, яки іскер партиясымен блок жасау керек. Бай-жарлы, кәрі-жас, төре-қара демей, Алаш аруағына бірігіп, сайлау күні жалпы жар салу керек.

      Россияны көрден жарыққа шығарған Чех халқының социалдары Германияның, Австрияның социалдарына жар салмай, өздерінің байларына салды. Соңғылар да өздерінің социалдарына салды. Жайшылықта өзара қайшыласып жатса да, «Ұлт» деген ұранға келгенде бірігіп кетеді. «Өз өлтірмейді... өлсең де ұлтыңмен бол!» дегенді ұмытпай, думаның сайлауына кірісу керек.

 

* * *

ЗЕМСТВО

Өткен жылы 17 июнь законы бойынша Ақмола облысында земство жұмысын тоқтатып тастап еді. Енді қайтадан орнына қойыла бастады. Ақмола облысының земствосы нағыз жалпақ жұртқа қолайлы, ала көзбен қарамайтын земство деп есептеледі. Бұрынға ішкі Россия земствосы нашарларға сараң қарайтын ақсүйектік еді. Қазіргі земствода ол жоқ. Земствоның шын мағынасы – әр ауданның жергілікті шаруасының өз қолында болу. Земствоға сайланған кісілерді гласный дейді. Сол гласныйлар халық шаруасына үлгі...

Бір болыс елдің мұң-мұқтаждарын қарастыратын волостное земское собрание (гласныйлар жиылысы) болып тұрмақшы. Бір уезд елдің қамы үшін уездное земское собрание болады. Әрі собрание уездің бекіткен игі қаулыларын орындауға земская управа сайлап кетеді, екінші жиылысқа дейін. Енді жақсылықта да, жамандықта да, халықтың өзінен бұрынғы еріксіз қойылатын, шаруаға жаны ашымайтын үкімет төрелері жоқ. Соның үшін управаларға іске ақ жүрек, адал ниетті кісілерді сайлау керек.

Земское собраниеде шешіліп, управа орындайтын жұмыстардың бірі оқу-оқыту. Бұл жұмыс соңғы уақытқа дейін ретсіз қалыпта келді. Мысалға, Ақмола облысын алайық. Бұл облыста қазақ саны 600 мыңдай. Бұдан мектепте оқуға жарамды балалар (8 жастан 13 жасқа дейін) 54 мыңдай, солардан сабақ оқитындары 4 процент (жүзден төрт) ұзын саны – 2329 бала шамасында. Осы қалыппен қазақ балаларының жүзден тоқсан алтысы надан күйде қала бермек.

Міне, земствоның бір үлкен борышы ана 51700 баланы надан қалдырмай, оқыту. Орыстардың оқуға жараған балалары 73 мыңдай. Барлық орыс Ақмола облысында 816 490. Сол 73 мыңның жартысынан көбі (елу бір процент) оқиды. Қысқасы, қазақтан төрт қана бала оқыса, орыстан 51 бала оқиды.

Өткен областное земское собраниеде бекітіліп, қазақ туралы орындалған қаулылар мынау: 1) Омбыда екі айлық мұғалімдер курсы ашылып, одан 70-тен аса мұғалім бітіріп шықты; 2) қазақ балаларына арналған орыс семинарияларында, Омбыдағы орта дәрежелі шаруа школында, Хұсние, Ғалия, Расулие сияқты медреселерде степендиялар ашылды; 3) областной мүғалімдер съезі жасалды; 4) бастауыш мектептерге лайық оқу кітаптары басылып жатыр; 5) Атбасар мен Омбыда екі жылдық мұғалімдер курсы ашылайын деп жатыр.

Бұлардан басқа Қызылжардың уездное земское собраниесі Қызылжар уезінің қазағына деп 67 мектеп ашпақшы. Омбынікі де 30 шамалы мектеп ашпақшы болған. Және областное собрание жасы ұлғайғандарды оқытуға мектеп жасауға һәм бес уезде 5 кітапхана ашуға қаулы бекітті. Соңғыны тезірек іске асыруға қазақтың оқу бөлімдері кірісе бастады. Осындай жұмыстарға областное земское собрания 19-ыншы жылдың басына дейін 247 340 сом шығарды. Бұл соманың жартысы қазынадан, жартысы земстводан. Соңғы ол соманы земский сбордан (салық) береді.

Бұларды жарыққа шығару, көбінесе, ел адамдарының, гласныйлардың, волостная управалардың қолында. Мектепті елдің жиі жерінде ашу, отын-суын уақытында даярлап беру, тәуір, таза үй табу. Оқу жасындағы балаларды мектепке беру адамдардың міндеті.

(Жалғасы бар).

Земство кісісі.

* * *

Керекуден

Биыл жазда жауын болмады. Егін-шөп кем. Тоғайдағы елдер қазақ-орыстан жер сатып алып шапты. 300-400 сомға алған жерден 2-3 шошақ шықты. Үш сыбаға орыс, бір сыбаға қазақ болып ортақтасқанның үстіне, қазақтардан ақша қосқандар да болды. Мың қарасы бар үйлерде 10 шошақ алмағаны бар. Орыс ерте қамтып, тақырдан қырып, қазыналық жерлерді шауып алды. Енді егіннің орнын шауып жатыр. Қысты күні малына шөп таба алмай сасқалақтап, қазаққа сатуға, қазір орыс шөп шаппай тұр, соңына сары аязда артық бағамен сатады. Бұл енді, қазақ жеріне қоныс салған орыстардың ата кәсібі болды. «Жанымызда орыс болмаса, аштан өлер едік» деп ұялмай айтқан қазақтарды талай көрдім. Енді мұжықтар ақшаны керексіз қып, малға сатамыз деген ауыруды шығарыпты. Осымен жалаңаш, жаяу келген мұжықтар қорасын малға толтыратын көрінеді. Қазақ шаруасы күн сайын кейін кетіп кемитін көрінеді.

Бекмұхамет Серкебаев.

* * *

Басқармадан: Неміс жұртын біріктірген білгіш Бисмарк айтқан екен: «Орыс халқы арақты көп ішіп, мас болуын қойса, өнерлі боп кетер еді», деп.

 Тегінде біздің қазақ та бай мен жарлыны, артық-кемдікті ескерттірмейтін қымызды қойса, келешегін ойлап қам қылар еді.

* * *

ЕСКЕРУ КЕРЕК

Кешегі ешкімге бағынбай, елді хан билеп, көсем би билеген заман - киіз туырлықты қазақтың тарихында әркімге белгілі бір дәуір. Ол заман өтті. Одан бергі біздің хал бұлқынбай жатқа бағынудың жолында болды. Кең қазақ даласын әлде неше указ сайқалдап шықты. Көп өзгеріс жаңалықтар болды. Әуелгі қазақтың халықтық қалпы неше толып, неше кішірейіп шым-шытырық түрлерге түсті. Әр түрлі указдардан шыққан өзгеріс халық бақытын мысқалдап, жылжытып, құлдық құшағына тастағалы әкелді. Неше рет қазақ халқы зынданның ернеуіне келіп қайтты.

 Бұл уақытта заман ол тұманды сейілтті. Енді қандай өзгерістер болса да, халық жоғалмайды, бақыт қайта оралып күліп қарайды, деген үміт Алаш жүрегін қуантып тұр.

Бір жұрттың басынан кешкен әртүрлі дәуір, сол халықтың қалпына әртүрлі із қалдырып отыратыны тарих жүзінен белгілі. Бастан кешкен шабыншылық, бұзақы тентектік, батырлар, хандар заманы қазаққа өзге бір мінез беріп, халықтық қалпын басқа бір түрге түсірген. Заман талқысы: шабыншылық, бассыздық еріксіз сондай қылып отырса, кешегі өткен ердің құнын екі ауыз сөзбен бітіретін әділетшіл билердің заманы, жұрт мінезінде о да өзінше бір із қалдырды. Одан бергі, арты бүгінге дейін сейілмей отырған, ел қамқоры басшыдан, берекеден, тәртіптен, намыс-қайраттан айырылып, құлдық пен зорлық арқанында матаулы болған заман, тағы да басқа түрлі із тастап, келешектегі жұртшылыққа өзгеше бір рухты бұл да беріп кетіп отыр.

Енді бұл соңғы айтқан дәуірге басымызда оқыған біліміміз, қолға ұстаған саясат деген құралымыз барлар бір келіп, алынып отырмыз. Әрине, оқығаны бастаған бұл соңғы дәуір де, қазақ жұртын гүлдентіп, ажарландыратын дәуір. Бірақ, көкіректі қарсы айырған арман, қуаныш болып тарқап, көксеген бақыт қанат қағып, қолға елпілдеп келе жатқанда, біздің қолға қазақ қандай күйде тиеді. Соған сын көзді салу керек. Өткен күннің істеген ықыласын есептеу керек. Қазақ бұрын пәлендей батыр еді, ақылды адам еді, деп құр сөзбен желіктіріп, осы күнгі жұртты батыр намыскер қыла қояйын деген ой менде жоқ.

Бірақ заман ыңғайы еріксіз «қорқақты көп қуып батыр қылды ма», жоқ өздігінен сүйегіне сіңген мінезі ме еді, әйтеуір бұрынғы қазақтың бұл күнге дейін бар мінезі әрі екені анық еді. Бұған ешкімнің дауы жоқ. Бұл күнде қазақтың сол нәрлі мінезінің бәрі де азды. Сыртқы халы қысып, күнде айдап, тысқырып отырғандықтан болса да, басшыдан қалмайтын намыскер, шыныққан, тарамыс қайратты елдің орнын бұл күнде қуанышқа -қуана, күйінішке-күйіне білетін салбыраған, намыссыз, қорқақ, ұсақ өтірікші жұрт алды. Бұл ұсақтық - бастан кешкен дәуірдің қазақтың мінезіне қалдырған әсері.

Енді өмір қалпы [өзгеше болып барады]. Қазіргі қалпында жұрт еңбекші мен еңбексізге бөлініп: біреуі еңбек жиюшы, біреу жиғызушы болып, әлі айқындалып шыққан жоқ. Біздің жұртта біреу: табанын жер тесіп, маңдайын күн тесіп, арқасын ауыр жүк тесіп жүргенде, біреу байлықтың, дүниенің алғы рахатына көміліп отырған жоқ. Бұл- мәдениетті жұрттардың ауыруы. Біз мұндай ауырумен ауыратын күйге жеткеніміз жоқ.

 Осы себептен бізде социализм әзір алыс, бізде бұл күнде адамшылық алдында жүзі жарқын, иманжүзді социализм емес, басқа түрі. Бықсыған, ескіден жиылып, осы күнге дейін біздің жұрт өзіне жақын бір билікке бағынбаған соң, тәртіпсіздіктен біреу-біреуге сүйеніп, біреуге-біреу шоқпар болып, ата-тап жігі үлкейіп келді. Әуелгі уақттардағы жауынгерлік, алыс, шабыс тынышсыздық - бір туысқанды бір туысқаннан шет жайылдырмай, біріне-бірін тығып, еріксіз осындай ішкі өмірдің ыңғайы әлгі ата-тап жігін шығаратын болды, шығарды. Бұдан барып көп ата - жуан, аз ата - жіңішке болды.

 Сол жіктің арты бұл күнде неге соғып отыр? Қай елді, қай тапты алсақ та, жаз жайлау, күзеу, қыс қыстауда жуан атаның ортасында он үй бір тілім жерсіз, келімсек болып жүрген жоқ па? Қай жерде болсын ерке, бүлік жуан атаның баласынан шықпайды ма? Жуан ата бақ қуады, өзінше абиыр қуады, біреуге қожаңдап, қорқытқысы келеді. Осының бәрінде бір тайпа ел солардың шоқпары емес пе? Біреудің жесірін тартып алады - есе бермейді, малын тартып, ауылын шауып алады -бітім бермейді. Осындаймен ел ішіндегі бүлікке жаңағы жуан ата бас болады. Елдің тыныштығы да, бүліншілік те солардың қолында.

Мұқтар Әуезов

(жалғасы келесі номерде)

ҚЫСҚА ХАБАРЛАР

Қостанай уезінен қазір жиналып, қалаға келген милиция саны 400-ден асты. Тіленіп кіріп жатқан ұлтшыл азаматтар көп. Ақтөбе уезі 2-нші Бөрте болысынан 57 жігіт алыныпты. Мұнда да тіленіп жазылушылар болыпты. Халық ықыласты дейді. Бұл елден милиция жиналуына көз ашық азаматтар, әсіресе Бақыткерей [Құлманов] мырза, Кейкіұлы өте ыждаһат етті. Өзге болыстардан да жиналып жатыр. Орал облысында жігіттерге әскер өнерін үйрететін офицер инструктрлар курсы ашылып еді. Жаңада бұлар оқуларын бітіріп инстроктр болып шықты.

«Қазақ» газеті

* * *

ӨТІНІШ

Қызылжардағы «Талап» қауымы өз мүшелерінен: 1) екінші жылдың жарнасын салуларын (жылдық-5, құрметті -25, өмірлік-50 сом); 2) квитанция алған агенттердің есеп берулерін; 3) ескілікті әдебиеттерден һәм басқа тарихи нәрселерден жиналғаны болса, соны тапсыруларын өтінеді.

Жоғардағы өтініштердің орындалуы – қауымның жылдық есебін беру үшін аса керек. Сондықтан қауымның басқармасы мүшелердің азаматтық борыштарын өтейді деп сенеді. Кеңес ағасы: Біләл Малдыбаев. Жазушы үшін: Әлімжан Жалмұхамедов

Әдіріс: г. Петропавловск. Акм обл. Почт. Ящик.

№ 95 правлению “Талап”.

 

* * *

Күнбатыс Сібірдің орта дәрежелі мектептерінде оқушылардың аудандық ұйымы, орыс тілінде «Жастар жолы» деген екі жұмалық газет шығармақшы. Газеттің мақсаты жастар тұрмысына сәуле бөлу, шәкірттерді біріктіру һәм жаңа түрдегі мектептің жасалуына кірісу. Газетке төмендегі бөлімдер кіреді: 1) жалпы, 2) шәкірттік, 3) саяси, 4) әдеби, 5) пәни, 6) эсперанто (жер жүзіне ортақ тіл) һәм хабарлар. Бұл газетті орыс жастарының тұрмысы, пікірі, қозғалысы мен таныс болуға Алаштың жас талапкерлері алдырып тұрулары лайық. Жылдығы 4 сом. Әдірісі: г. Томск. почт. ящик №34. Н.Ховес. Для “П.Юн”

 

Түрлі хабарлар

Жетісу қазақ орыстары һәм чехтар 6 мыңдай қазақ әскерімен бірігіп, Ташкент жолындағы «Арыс» станциясын алған. Қырым өлкесінің Министрлер советі ресми жариялайды: Берлиндегі өкілімізден алынған хабарларға қарағанда, Қырым Украинаға қосылмай, бөлек үкімет болмақшы деп.

* * *

Еуропа соғысының шығыны 325 миллиард сомға жеткен. Англия газеттері Польша, чехтарды Германия мен Австриядан құтқару керек дегендеріне неміс газеттері жазған: «Олай болса, Англия Үндістан фасха әмірге бөлектік беріп, өздерінен құтқарсын» деп. Бұған Англия газеттері жауап қайтарған: «Олар мұсылман. Мұсылманға бостандық берілмесе де, адамшылық көрсетілмесе де жарайды» деп.

 

Газеттің сандарын  баспаға дайындаған, түсініктерін жазған

М. Қозыбаев атындағы СҚМУ профессоры

Зарқын Тайшыбай

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1963