Сенбі, 23 Қараша 2024
Ақмылтық 1926 5 пікір 3 Қаңтар, 2024 сағат 14:48

Парламент заңдарды қазақ тілінде жаза бастайды

Биыл күзде «Отандастар» қоры өткізген Отандастар форумына келген қандастар жайлы мәселе көтеріп жүретін Германиядағы Өмірхан Алтын бауырым ҚР Премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсеноваға алып кірсеңіз деп өтініш айтты. Мәселе қандастар жайына тіреліп тұрғасын бірден телефон соқтым. Вице-премьер ханым бірден келісіп, күнді белгіледік.

Тамара Босынбекқызы бірер минуттан кейін артынша қайта хабарласып, «Жаңа сіз хабарласқанда алдымда Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев отыр еді. Өмірхан мырзаның атын естіп, елеңдеп, мүмкін болса, өзінің де кездескісі келетінін, өйткені Германияда елшілікте істегеннен бері ол кісіні жақсы танып, құрметтейтінін жеткізді», - деді.

Сөйтіп Өмекең вице-премьерге кездесетін күнге дейін Сыртқы істер министрінің орынбасарымен де кездесіп, кеңесіп шықты.

Өмірхан Алтын Қытайдағы қандастар қысымын 2017 жылғы Дүниежүзі қазақтары құрылтайында президентке ең алғаш жеткізген қандасымыз.

Өмірхан Алтын мен «Атажұрт» қоғамын құрған қандастар мәселесін қорғаушы Қыдыралы Оразұлы екеуі 2018 жылы 5 қарашада, Швейцарияның Женева қаласындағы Біріккен ұлттар ұйымының Бас штабында өткен, 31-ші Адам құқықтарын қорғау жиналысына қатысып, қолдарындағы 2 жыл бойы жинаған Қытай лагерінде қамалған Қазақтар туралы ақпараттар мен олардың туыстары жазған арыздарды көрсетіп, әрі Қытай лагерінде қамалып шыққан бір куәгерді алып барып, әлем алдында Қытай қылмысын айпарадай ашқан еді.

Кейін 11 қарашада Бельгияның Брюссель қаласындағы Европарламенттің Адам құқықтары жөніндегі басшысына Қытайда қамалған қазақтардың арыздарын өткізген еді. Осыдан бастап әлем назары Қытайдың мұсылман халықтарға, қазақтарға қысымына ауып, айыптай бастады.

Кейін бұл жетістікке жолдан қосылған тегі күмәнді айқайшылар ие болғысы келіп, аңқау халықты әбден шатастырғаны белгілі.

ҚР Премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсеновамен әңгімеміз шәй үстінде кеңінен отырып, ұзаққа созылды. Маңызды мәселенің бәрін, мемлекеттік тілдің жайы, қандастар көшін күшейту жолындағы кедергілерді тб қозғап қалдық. Тамара Босымбекқызы біздің парламенттегі жұмыстарымызға тоқталып, ризашылығын білдірді.

- Сіз көтеріп жүрген мемлекеттік тіл мен қандастар көшіне байланысты біраз мәселелерді шегуге тырысып жатырмыз, - деді вице-премьер ханым. - Мемлекеттік тілдің қолданылуы туралы ведомстволық комиссия көп жылғы үзілістен кейін қайта құрылды. Комиссияда өзіңіз де барсыз, жақында отырысы болады, министрліктен өзіңізге хабарласып, күнін айтады. Депутаттық сауалдарыңызда көтергендей, мемлекеттік тілдің қолданылуын арттыру, Парламентте заңның қазақ тілінде жазылуын да шешудеміз. Келесі жылдан бастап кемінде екі заң жобасы қазақ тілінде жазылып барады парламентке.

Қандастар мәселесіне келсек, «қазақ» деген анықтаманы тиісті органдардың беруі де сіздер талқылап жатқан заң жобасында бар. Өзіңіз заң жобасына ұсынған Қазақстан Азаматтығын алу үшін қазақ тілінен емтихан тапсыру да заңға енуде.

Біз де вице-премерьге бұлардан өзге де әлі шешілуі тиіс біраз мәселелерді жеткіздік. Оның ең бастысы әрине, Мемлекеттік тіл туралы заң тұжырымдамасының әлі үкіметте қозғаусыз жатуы.

Тамара Дүйсенова Өмірхан Алтын мырзамен де қандастарымыздың тағдыры мен талап тілектері жәйлі кеңінен әңгімелесті.

Әңгіме қандастар мәселесіндегі «Ата жолы» картасына, оның ерекшеліктеріне ауысқанда Тамара Дүйсенова:

- Басында «Ата жолының» атауы «Қазақ картасы» деп аталған еді, неге екені белгісіз, кейін ауысып кетті», - деп қалды.

Осы кезде бәріміздің басымызда «Қазақ картасы» деген атауды кім өзгертті? деген сауал тұрды.

Менің есіме бірден бұдан бұрынғы, Тамара Босынбекқызына дейін Премьер-министр орынбасары болған Алтай Көлгіновты парламентте бекітуге келгендегі ол кісі екеуміздің арамыздағы осы тақырыпқа байланысты диалог түсе кетті.

Иә, 2022 жылы күзде мен күрделі жүрек отасымен ауруханада жатқанда, парламентте осы қандастар мәселесі қаралған жиын өтті. Ауруханадан онлайн қосылу қиынға соқса да, бір қарағанда вице-премьер Алтай Көлгіновтың қандастарға байланысты «Қазақ картасы” деген атауға тиісіп отырғанын байқап қалдым.

- «Қазақ картасы» деген не атау? Біз көп ұлтты елміз. Атын ауыстыру керек!» - деп шүйлігіп отыр екен.

Ауруханада жүрек отасынан кейін телефон қарауға тыйым салса да, зууммен кіріп отырған мен өз құлағыма өзім сенбей, қан қысымым көтеріліп кетті. Қарсы сөз айтуға оқталып отырғанда кезек тимей, ақырында байланыс үзіліп қалды.

Кейін 2022 жылғы 20 қарашадағы президент сайлауынан кейін 2023 жылы қаңтардың басында үкімет ауысты да, Көлгінов қайта вице-премьер болып тағайындалуға парламентке келісім алуға келгенде осы әңгімені алдына тарттым.

- Ұлттық идеологиямыз жолға қойылмай жатыр әлі. Тәуелсіздікке 30 жылдан асса да, біздің шенеуніктер Кеңес империясы кезіндегідей ұлт десе, тіл десе, шекелері тырысып шыға келеді. Өткенде осы парламентте қандастарға байланысты жиында Алтай Сейдірұлы, сіз «Қазақ картасына» байланысты «Қазақ» деп айтуға болмайды, көп ұлтты елміз» деп айтып қалдыңыз. Егер үкіметтің идеологиялық сала бойынша вице-премьері «қазақ» деген сөзді айтуға болмайды» деп, ұлтымыздың атын атаудан қашып отырса, қайдағы Ұлттық идеология?!» - деп сынадым.

Алтай Көлгінов «Қазақ» деген атау не?» деп айтқан жоқпын. Сіз дұрыс түсінбей қалған боларсыз», -деп тайқып кетті. (Шындап келсек, ол жиын Мәжілісте видеоға түсірілген). Бірақ бәрібір ескі сүрлеуіне қайта түсіп: «Біз көп ұлтты ел екенімізді ұмытпайық», - деп қайта қайталады.

Сол кезде маған идеологиялық вице-премьердің сөзінің идеологиялық қателігін шығаруға тура келді:

- Біз, Қазақстан ешқандай көп ұлтты ел емеспіз. Бізде тек қазақ ұлты бар, қалғандары диаспоралар. Қазақстан унитарлы мемлекет екені Конституцияда жазулы тұр. Сондықтан «көп ұлтты елміз» деген сөзді айтуды доғару қажет!» - дедім.

Бұл сөзімнің видеосы әлеуметтік желіде қатты тарап кетті.

Иә, бұл жоба шетелдердегі этникалық қазақтарға арналғандықтан, «Қазақ картасы» деген атау нақты да, сәтті қойылған еді. Тәуелсіздік алсақ та, сол баяғы көлеңкесінен қорқатын шенеуніктер атын ауыстырып тынды «Қазақ» деген өз ұлтының, мемлекет құраушы негізгі ұлттың атын да атауға қорқып..

Осы оқиғаны еске салуға тура келді қазіргі идеологиялық вице-премьер Тамара Дүйсенованың сөзіне жауап ретінде.

ҚР Премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсеновамен өте мәнді өткен бұл кездесу туралы ертеңіне Өмірхан Алтын өз парақшасында «КІШІПЕЙІЛ, ЕРЕКШЕ ҚАЗАҚИ БАСШЫ» деген тақырыппен ризашылығын білдіріп жазды.

Бүгін сол Өмірханның жазған сөзін ықшамдап келтіре кеткенді жөн көріп отырмын.

- Жалмауыз пандемия өршіп ҚАЗАҚ БАЛАСЫ да шетінен қынадай кырылып жатқан бір кезде Атамекенге титтей болса да көмек болсын деп Мюнхен қаласындағы ағайындар аса қажетті дәрі-дәрмектер алдық. Өкінішке орай, Қазақстан консулдығы тапсырылған көмекті тездетіп жібере алмай әлсіздік танытты. Соған қатты ашуланып 30.07.2020 күні жазған бір постым елде аса күшті резонанс тудырған еді.

Сол күні арадан бір екі сағат өтпей жатып, «Мен Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі Тамара Дүйсенова боламын, туындаған жағдай үшін кешірім сұраймыз. Алаңдамаңыз, дәрі-дәрмектердің тез арада елге жеткізілуі үшін қолдан келгенінше көмектесеміз», - деп Қазақстан уақыты бойынша түнгі сағат 01:00 шамасында бір қарындасым жанға жылы, тап-таза қазақша сөйлеп, хабарласып тұр. Ол уақытқа дейін ел президенті көмекшісі түгілі жәй бір ауыл әкімі көмекшісінің өзі түнді қойып күндіз, онымен қоймай таза қазақша хабарласып көрмегендіктен, мені бұл жағдай өте таң қалдырып, екінші жағынан қатты қуантқан еді. Ертеңгісін ол кісі айтқанындай жинаған көмегімізді тездеп елге жеткізіп берді», - деп есіне алады Өмірхан бауырымыз.

- Кеше ел ордамыз Астанада ұзақ жылдардан бергі досым, Қазақ ұлтының нағыз жанашыры, әрдайым ұлт мүддесін қорғаушы Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса бауырымыздың дәнекерлігі арқасында сол пандемия оқиғасынан бері сырттай танысып, бірнеше рет телефон арқылы сөйлескен, қазіргі таңда премьер-министрдің орынбасары Тамара Босымбекқызы Дүйсенова ханымның жеке қабылдауында болдым.

Ашық-жарқын жағдайда, бетпе-бет өткен кездесуден кейін Тамара қарындасымның шын мәнінде ұлттық құндылықтарды басшылыққа алушы, ұлтының болашағын ойлаған, қайбір салада болмасын қолынан келгенінше халқына жақсылық істеуден тартынбайтынын байқадым.

Асыра мақтаған емес ол кісінің көрген-білгені, тәжрибесі мол, бәрінен бұрын ақ көңіл, кішпеиіл, ел-жұртына шын көңілімен қызмет ете алатын, қазіргі таңдағы үкімет мүшелерінің алдынғы қатарында орын алатын нағыз қазақи мінезді бір басшы екеніне көзім әбден жетті.

Тамара Босымбекқызы қарындасыммен әсіресе шет елдердегі миллиондаған қандастарымыздың тағдыры, олардың талап тілектері жәйлі ұзақ әңгімелестік.

Әрине АТА БАБАДАН мұра кең байтақ жері бар, жер асты мен үстінде аса бай қазыналары бар, текті жұрты бар ҚАЗАҚ ЕЛІНІҢ бүгінінде кездестірілетін ұлттық мүдделерге қайшы кейбір келеңсіз жағдайлардың әр салада толықтай тәуелсіз, нағыз ұлттық бір ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТІН аңсаушы барша бауырларымызды қатты қынжылтып кележатқаны сөзсіз.

Бірақ та ұлтының шынайы жанашыры Тамара қарындасымдай жоғары дәрежелі мемлекеттік қызметкердің бар екеніне өз көзім жеткеннен кейін, ұлтымыздың болашағына деген сенімім одан әрі күшейе түсті.

Қазақстан республикасы Премьер-министрінің орынбасары Тамара Босымбекқызы Дүйсенова сыяқты нағыз қазақы мінезді мемлекеттік басшылар мен қай уақытта болмасын ұлттық мүдделерді қорғау барысында аянбай еңбек етіп келе жатқан Қазыбек Иса сияқты ұлтшыл депутаттарымыз көп болсын.

Мен олаға шын жүректен ризашылығымды білдірем!

Алла тағала да оларға разы болып, қасиетті ҚАЗАҚ ЕЛІНЕ қызмет ету барысында қажымас қайрат, күш-куат, ұзақ ғұмыр, зор денсаулық, мол бақыт берсін!

ҚАЗАҚ ӨЗ ӨЗІМІЗДІ СЫЙЛАЙЫҚ - ЖАТ ЖАНЫНАН ТҮҢІЛСІН!

Қазыбек Иса,

ҚР Мәжілісі депутаты

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377