Сенбі, 23 Қараша 2024
Абай мұрасы 3395 1 пікір 11 Қаңтар, 2024 сағат 13:05

Көшпенді мен отырықшы өмір айырмашығы

Батыс пен Шығыс өркениетінің айырмашылығы үлкен. Оның себебі, көшпенді және отырықшы өмір салтының ықпалына байланысты. Бұл айырмашылықтың себебін білу өзіміздің ұлттық болмысымызды толығырақ түсінуге мүмкіндік береді.

Ежелгі адамдар өмірін зерттейтін ХХ ғасырда пайда болған палеоантропология ғылымы бойынша адамзат өмірі жүздеген мың жылдарға созылған көшпенділіктен басталған. Әуелде жеміс-жидек теріп, балық аулап, аңшылық құрып көшпенді өмір сүрген адамдар кейіннен малды қолға үйретіп өмір сүрген. Алғашқы отырықшы өмір Таяу Шығыста тек соңғы 10-13 мың жылда басталып, Еуропада соңғы 4-5 мың жылда ғана жалғасқан. Осылай адамзаттың өмірі өзгермей, бірқалыпты болуы оның көпшілік өмірі көшпенді болғандықтан, деген тұжырым береді. Ал адам өмірінің және табиғаттың өзгеріске түсуі отырықшылыққа өту кезеңінен, және өте қысқа мерзімде болған. Осылай қазіргі заттық өркениеттен шыққан адамзат зардаптарының себебі – отырықшы өмір салты екенін көреміз.

Бірақ осы қарапайым түсінікті батыс адамдары қабылдай алмайды. Оның да себебі бар. Батыс адамы басымен өмір сүрсе, ал Шығыс адамы – жүрегімен. Баста ми орналасқан, сондықтан батыс адамы өмірді ойлау жүйесімен, интелект арқылы қабылдайды. Жүректе жан орналасқан, сондықтан шығыс адамы өмірді жүрегімен қабылдайды. Тән құмары мидан шығады, ал жан құмары жүректен шығады. Батыс адамы тән құмарына жақын болса, ал шығыс адамы – жан құмарына жақын. Олардың өмірді қабылдауы екі бөлек. Сондықтан кейде олар тіпті бірін-бірі түсінбей жатады. Батыс ой жүйесінің не себептен көшпенділердің үнемі жеңіп отыратынын түсінбеуі де осы себептен.

Қазақ шығыс адамы болғандықтан, жан құмарына бейім. Ол «жаным – арымның садағасы» деп ары үшін, яғни ұят жолында өлімнен де қорықпайтын болған. Әділет жолында оған ешқандай кедергі жоқ. Тіпті, өлімнің өзі кедергі емес. Бұл оған ерлік, жәуәнмәрттік қасиет берді.  Сондықтан оның жолында қарабас қамы үшін ар-ұятынан айырылған отырықшы елдің адамы бөгет бола алмайтын.

Ақыл заттық әлемге жататындықтан, батыс адамы заттық өркениетке жақын. Заттық өркениеттің дамуы Еуропада он бесіншы ғасырдан басталып, бүгінгі күндері үлкен күш алып отыр. Ол бүкіл адамзаттың ой-өрісіне сіңіп, қазіргі заманда бүкіл әлемді жаулап алды. Сондықтан бүгінгі адам рухани күштің не екенін білмейді, түсінбейді де. Олар үшін заттық өркениеті жоқ елдің барлығы – жабайылар. Кейбір қазақтардың батыс ой жүйесін қабылдап, өздерінің бұрынғы ата-бабасын жабайылармен теңеп жүргендері де осы себептен.

Ал шын мәнінде, кім жабайы? Табиғатпен үйлесімді өмір сүретін көшпенділер жабайы ма, әлде тек өзінің қарабас қамы үшін бүкіл табиғатқа зиян келтіріп, адамзат өміріне қауіп төндіріп отырған заттық өркениет жабайы ма? Енді бұл маңызды сұрақтың жауабы кімге болса да түсінікті болса керек.

Осылай халқымыздың ұлттық болмысының тарихын  дұрыс түсіне отырып, еуроценристік ой жүйеден арыламыз. Евразияның үлкен кеңістігінде билігін жүргізіп, империялық мемлекеттер құрған халықтардың барлығы да көшпенділер екенін көреміз. Олар жершарындағы халықтарға бейбіт өмір берді. Көшпенділер евроцентристердің ойындай «варвар» емес, адамзат өмірін алға тартып отырған негізгі күш болған. Оған екі дәлел келтіруге болады.

Бірінші дәлел: көшпенді өмір мінсіз.  Көшпенділер өздерін табиғаттың бір бөлігі ретінде сезініп, Тәңірге табынған. Тәңір дегеніміз аспан, табиғатты білдіреді. Қазіргі кездегі қазақтардың адам «өлді» демей, «қайтты» деп, табиғаттың келесі деңгейіне өткенін білдіріп, аруақтарды ұмытпай, олармен үнемі байланыста отыратыны осыны білдіреді. Олар әлемдер байланысын бұзбай, табиғатпен үйлесімді өмір сүрген. Осылай көшпенділер Тәңірге құлшылық етіп, табиғат ықпалымен, өздерін болмыстың бір бөлігі ретінде сезінген. Әлеммен біртұтас болып, біріккен. Әлемді кемшіліксіз бір Жаратушы жаратып, оны Өзі басқарып отырғандықтан, мұндай өмірде де кемшіліктің болуы мүмкін емес. Ендеше көшпенділер өмірі де кемшіліксіз болды. Жан табиғат аясында эволюция бойынша үздіксіз жетілу барысында. Кемшіліксіз көшпенділер бүкіл адамзат өмірін реттеп, бір бағытқа салып отырған негізгі күш болды десек артық болмайды. Тән құмарына беріліп, эволюциялық жолдан шыққан халықтарды жөнге салып, оларды үйлесімді өмірге қайтарып отырған. Көшпенділердің отырықшыларды бағындырып, ұлы мемлекеттер құрғанда елде тыныштық орнап, өзара қарым-қатынастың жақсаруы, халықтың өмірі бір қалыпқа келуі осының дәлелі. Көшпенділер осылай адамзат өмірінің эволюциялық өркендеуінде негізгі күш болған. Оның себебі де бар. Көшпенді өмір салты өлшеусіз Алла тағаланың құдіретімен жасалған мінсіз, ал отырықшы өмір – адамның шектеулі ақылымен пайда болған жасанды, міні көп өмір. Адам баласы өзінің шектеулі ақылымен Өлшеусіздің жасағанын жасамақ түгілі, оны түсіне де алмайды. Абай өзінің отыз сегізінші қара сөзінде «Алла тағала – өлшеусіз, біздің ақылымыз – өлшеулі. Өлшеулімен өлшеусізді білуге болмайды» деп жазады. Ендеше Өлшеусіз жасаған көшпенді өмірді шектеулі жасаған отырықшы өмірмен қалай салыстыра аламыз? Ал шектеулі жасаған өмірді Өлшеусіз жасаған өмірден артық дегенннің өзі, ислам тұрғысынан (тіпті қай дін тұрғысынан болса да) алғанда Жаратушыға күмән келтіру болып шығар еді. Бұл – жабайылардың отырықшылардан кем емес, керісінше артық екеніне бір дәлел.

Екінші дәлел: өркениет пен жабайылықтың арасындағы тартыс – жан құмары мен тән құмарының үздіксіз күрес айнасы. Жан құмары тән құмарынан жоғары екені айтылды. Тән құмары жеңіп, жан құмары күйзелгенде көшпенділер келіп жан құмарын қайта қалпына келтіреді. Мысалы, көшпенділер іріп-шіріген Бұхар хандығын, өзара күресіп біріге алмай жүрген орыс князьдерін, рухани құлдыраған ертедегі Рим империясын осылай құтқарды. Жаны сау адамның тәні де сау, сондықтан ол тән құмарындағы адамнан жоғары тұрады. Оның рухани күші бар. Рухани күш пен заттық күш күрескенде әрдайым рухани күш жеңеді. Себебі рухани күштің қолдаушысы – Жоғары Жаратушы. Оған сүйенгенді ешқандай күш жеңе алмайды. Ал заттық күш тек қана өзіне ғана сүйенеді. Сондықтан, ол әрқашан жеңілісте. Рухани күші бар көшпенділер тән құмарымен әлсіреген отырықшыларды оңай жеңіп, оларды түртіп, ұйқыдан оятып отырады. Осылай көшпенділер адамзат өркениетінің қозғаушы күшіне айналған. Егер осындай күрес болмаса адамзат рухы әлдеқашан терең ұйқыға батып, қоғам іріп-шіріп, кейбір ұлы империялар тәрізді жер бетінен жойылып та кетер ме еді, кім білсін.

Көшпенді өмірдің әлем үйлесімділігінің бір көрінісі екенін біле отырып, ұлттық болмысымыздың қалай қалыптасқанын түсінеміз. Осындай жолмен қалыптасқан ұлттық болмысымыз – біздің негізгі рухани байлығымыз.   Бұрынғы қазақтың ер мінезді болуының себебі де осындай ұлттық болмыстың болуынан десек артық болмайды.

Абай мұрасын қолдана отырып көшпенді елдердің тарихи-әлеуметтік жағдайын осылай түсініп, таразылай аламыз. Осылай, көшпенді өмір сүргендер жабайы емес, керісінше, отырықшы өмір сүргендерден артық болғанын түсінеміз. Себебі көшпенді өмір отырықшылыққа қарағанда үйлесімді өмір.

Досым Омаров,

Абайтанушы, теолог-ғалым

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5434