Жұма, 22 Қараша 2024
Ой түрткі 2461 27 пікір 30 Қаңтар, 2024 сағат 13:48

Аман-сәлем айналасында адасып жүрген екі сөз

Суреттің авторы: Ерлан Омар, EQ сайтынан алынды.

Ерлердің бір-біріне сәлем беруі мен әйелдердің сәлем етуі қазақ жұртында арыдан жалғасқан әдеп - ибаны, іззет-құрметті білдіретін тамаша салттардың бірі.

Сәлем беру және сәлем ету жолдары:

Халқымыздың атажолында кішілер үлкенге, жәяулар аттыға, жүрген адам отырғандарға, жалғыз адам топты адамға, ерлер әйелдерге, есіктен кірген адам үйдегілерге, үйде адам жоқ болғанда шаңыраққа сәлем береді.

Әулеттің шаңырағына түскен келін әулеттің өзінен үлкендеріне екі алақанын тізесіне қоя еңкейіп (кей өңірлерде оңжақ тізесін бүге оң алақанын бүккен тізеге, сол жақ алақанын оның үстіне қойып иіле) сәлем етеді.

Сәлемдесудегі мақсат:

Сәлем беруші сәлем қабылдаушының өз басының, отбасының, денсаулығының және мал-жанының аман-саулығы мен хал-жағдайын ұғысу арқылы өздерінің жақын-жанашырлығын білдіру. Түскен келіндері сәлемету арқылы әулеттің өзінен үлкендеріне құрмет көрсетіп, көргенділігін, ибалылығын, тектілігін білдіре сыйластықты арттыру.

Қалай аман-сәлем жасап келдік?

Қазақ жұртының ер-азаматтары бүгінге дейінгі мөлшермен арысы мың жыл, берісі бес жүз жыл айналасындағы аман-сәлемі араб ұлтының емес, жалпы ислами діни жоралғы негізінде әуелі, «әссәләму әликумнан» (жаратушы иеміздің сәлемі болсын) басталып, сосын, амандықты, денсаулықты, мал-жан, тұрмыс-жағдайын ұғысу көлемінде болды. Ұзақ уақыт жалғасып амандасу дәстүріне айналған мұндай салтты мемелекет те, ата заң да, зайырлы мемелекет жолға қойып отырған дәстүрлі дін де шектеп отырған жоқ, жалпы көлемде әлі де жалғасын тауып жатыр.

Енді бірі, қазақы аман-сәлем ылғи да сұраулы формада келеді. Мысалы: Сәлеметсіз бе? Амансыз ба? Аман-сәлем алынып, сөзсіз жауап қайтарылады. Егер амандасушының аманына жауап қайтарылмаса, ол «аманын алмаған» кісі қатарында қаралып, аман әдебіне қайшы «тәкәпарлық» саналады.

Әйел адам сәлем еткенде «рахмет», «көп жаса», «тәңір жалғасын» деген сияқты ризалық білдіріп, алғыс айтады.

Бұлардан тыс, «Қайырлы таң!», «Кеш жарық!» деген сияқты да тілек сипатты аман түрлері де болады. Оған да ризашылық білдіріп, рахмет айтылады.

Орнын таппай жүрген екі сөз:

1. «Сәлем ету» дегендегі «етудің» орнына таласып жүрген «салу» сөзі.

Тіліміздегі жекелеген сөздердің дұрыс қолданылуы мен қолданылмауын білуде қолданылатын сөздер мынадай өлшемдермен сараптау ғана заңды ғылымилыққа үйлеседі.

Бірінші, аман-сәлемдегі мақсат пен әдепке үйлесуі.

Екінші, қазақ «тіл заңы» есептелетін грамматикалық өлшемдерге түсуі.

Үшінші, логикалық талаптарға (ой-қисын өлшемдеріне) сай келу.

Төртінші, қолданыста барлығын тарихи дәлелдермен растау.

Ендеше сараптап көрейік:

1) «Салу» сөзінің түбірі «сал» бұйрық райлы етістік. Мысалы: қапқа сал. Енді бірі, зат есім. Мысалы: судан өтуде пайдаланылатын қатарластырыла матастырылған ағаш материялдары.

«Сал» сөзінің түбіріне «у» жұрнағын қосып едік, «салу» деген туынды етістік пайда болды. Бұл етістіктердің қай-қайсысы да адамның іс-қимылына қолданылатын «сәлем» атты дерексіз зат есімге емес, нақты зат-ыдысқа салынатын затқа немесе атызға салынатын егін т.б. қатарлы нақты заттарға қаратылып тұрғаны жәй сауатты адамдардың қай-қайсысына да түсінікті.

2) Логикалық жақтан талдайық, қолмен ұстап, көзбен көретін емес, «сәлем» деген дерексіз зат есімді бір нәрсеге салу ой-қисынға да түспейді.

3) Арғы тарихта да, қазақ жұртының қай өңірінде де сәлем етуді «сәлем салу» деп қолданғаны туралы тарихи дерек жоқ. Бұл атау Қазақстан жерінде Шымкент, Тараз өңірлеріне өзбек жұртынан, Қытайдың Шынжаң өлкесінің Іле-Шәуешек өңірлеріне ұйғұр ағайындардан жұғысты болып, жәй- жәйімен ау жайып барады.

Сараптау нәтижесі «сәлем салу» - «сәлем ету» мен «сәлем беру» сөздерінің орнын баса алмайтынын дәлелдеді. Ендеше нақты ғылми сарапқа жүгіне отырып, дұрысын (сәлем ету деп) қолдануымыз қажет!

2. «Армысыз» сөзі қазақы аман ба?

Қазақ жұртының сонау исламияттан бергі аман-сәлемі «әссәләм...» арқылы ұлы жаратушының атымен бастала барып, аман мақсатына ойысатынын о баста айттық.

Қазір ел ішінде әсіре қазақшылдыққа бой ұра, тарихи дәлел-пәктіге жүгінбей, асыра сілтеп жүрген аздаған азаматтар: «Әссаламу- әликум» арабтың аманы, біз араб емеспіз, қазақтың өзінің аманы болу керек. Ежелден қазақ бір-біріне «армысыз» деп амандасқан. Ол «арлымысың», «арың таза ма» деген мағана беріп, адамның арын бәрінен жоғары қойғандықты білдіреді», - деген уәж айта, көріп келгендей қазақ жұртының аман-сәлем мақсаты мен әдебіне, айтылмыш сөздің тектік мәні (этимологиясы) мен қолданыстағы ой-қисынына қарамай, көсілтіп жүргендердің қарасы барған сайын артуда.

Қазақы аманның болуы, әрине, құптарлық жәйт. Әлем халықтарының ішіндегі тілге ең бай алдынғы ұлттардың қатарынан орын алатын қазақ жұртында аман-сәлем мақсаты мен әдебіне лайық «сәлем!», «аман-есенсіз бе», «сәлеметсіз бе» т.б. қатарлы сәлемдесу үлгілері болды. Бұлардың қай-қайсысы да тіліміздегі айтылым заңына да, ой-қисынға да үйлесімді. Тарихта да, бүгінгі қолданысымызда да бар, жалпыға түсінікті, оңай қабылдайды. Ежелден қолданыста бар осынау ұнамды аман-сәлемнен айналып өту немесе тарихта аман-сәлемге қолданылмаған «армысызға» жұртты қисынсыз бұрмалау қаншалық дұрыс, қазақтың амандасу мақсаты мен аман әдебіне үйлесе ме?

Руханият әлеміне мәнсух мұндай терміндерді талдауда ғылыми тұжырымдар мен тарихи дәлелдерге жүгінуден өзге жол жоқ.

Ендеше мұны да жоғардағы сияқты, ғылым және тарихи дәлел-пәкті безбеніне салып көрейік:

Бірінші, аман мақсаты, әуелі, амандасу обьектісінің ар-намысын анықтау емес, аман обьектісінің өз басының, отбасының, денсаулық жағдайын және мал-жан, ауыл-аймағының амандығын ұғысу. «Армысыз» бұл мақсатқа үйлесіп те, мақсат мазмұндарын қамтып та тұрған жоқ.

Екінші, аман әдебі үлкенге құрмет, кішіге мейір бағыштай отырып ізгі ниеті мен сыйласымдылығын білдіру. Ал, біреудің арының бар-жоқтығын білдіретін сөзді сәлем беру обьектісін көрген жерден «арың бар ма» дегендей дүңк еткізу әдептілікке жатпайды. Ауырырақ айтқанда, жалпы жұрттың ар-намысына күдікпен қарау теріс пиғылын тудырады. Неге? Қазақ аманында қашанда аман - жанға, ар - амалға қаратылады.

Үшінші, «армысыз» сөзінің түбірі - ар, атау сөз (дерексіз зат есім). Онымен мәндес «ұят», «намыс» қатарлы сөздерде бар.

Осы «ар» түбіріне «мы+сыз» шылауларын жалғап, біреуге «армысыз?» деп сұраулы аитуға бола ма? Болмайды! Өйткені ол ар емес, адам. Мұны қазақ грамматикасының айтылым заңы да, ой-қисын (логика) заңы да көтермейді.

Төртінші, «армысыз» сөзін аманға балап жүргендер Махмұд Қашқаридың «Түрік тілдері сөздігі» мен Бұқар жыраудың бір өлеңін және «Қорқыт ата», «Қазақ хандығы» қатарлы көркем әдебиет санатындағы кино әдебиеттерін дәлелге тартады.

Мұндағы Махмұд Қашқари жазған тарихи сөздікте түрік тілдес ұлттарда «ар» сөзі болғанын, оның ұят, намыс мағаналар беретінін айтқан, бірақ, ол сол халықтың «аман- сәлем сөзі» деген түсінік бермеген.

Бұқар жырауда «армысыз» сөзінен басталатын бір өлеңі бар дейді. 1889-жылы қазіргі көзі тірі классик Мұхтар Мағауин ағамыз бас болып құрастырған «Бес ғасыр жырлайды» атты екі томға бес ғасырдың әйгілі жырауларынан 77 ірі тұлғаның жырлары, толғаулары және қиссалары топтастырылған екен. Мұның ішінде атақты «көмекей әулие» Бұқар жырау атамыздың 1100 жолға жуық жыр-толғаулары бар. «Армысыздан» басталатын өлеңі мұнда жоқ. Осы томдарға қомақты ғылыми сараптау сипатты алғы сөз жазған көрнекті жазушы, тарихшы Мұхтар Мағауин мақаласында да «армысыз» терміні тілге алынбаған. Екі томдыққа шығармалары енген әйгілі 77 тұлғалардың шығармаларында да «армысыз» сөзі аманды қойып атымен жоқ.

Бұқар атаның «Бұқар жырау» атты тағы бір жеке томына бұрын баспа бетінде бар 49 тақырып, кейін ел ішінен жинап толықтырылған 26 тақырыптағы толық нұсқасы топтастырылған, бұл кітаптада «армысыз» сөзі жоқ. Оның үстіне осы кітапта ұлы жыраудың өмірі, жасаған дәуірі, шығармалары туралы  Манаш Қозыбай, Қайым Мұхаметхан, Рахманқұл Бердібай, Мұзапар Әлімбай, Есенбай Дүйсенбай, Иран-ғайып, Серік Жақсыбай қатарлы ғалым, жазушы, тарихшылардың ғылыми сараптамалық мақалаларында да «армысыз» сөзі жәйлі бір ауыз сөз жоқ. Егерде ұлы жыраудың басқалай гәзет, журналдарға жарияланып, мынау ерекше маңыз берген топтамалардан қалып қойған немесе сараптама арқылы кіргізілмеген «амысыздан» басталатын өлең жолдары болса оны аман-сәлем орнына емес, «арлыларым», «жақсыларым» деген сияқты тыңдарман мен оқырмандарының назарын өзіне тарту үшін шеберлікпен қолданған эмосиялық лебіздегі қаратпа сөз деп қарау қисынға келеді.

Ал, «Қазақ хандығы», «Қорқыт ата», «Қыз жібек» т.б. қатарлы жазушылар мен ақындардың көркем өнерлік шеберлігімен жазған көркем әдебиет тарихи дерек бола алмайды.

Бүгінде біраз адамдардың ешқандай ғылыми негіз бен тарихи деректерге жүгінбей, өз ойқалауларымен айтып жүргеніндей исламияттан бұрын қазақ бір-біріне «армысыз» деп амандасқан болса, ұлы данышпан, ойшыл Абай Құнанбайұлы, атақты Шәкәрім Құдайберді, Мәшһүр Жүсіп Көпей әулие, классиктеріміз Мұхтар Әуез, Сәбит Мұқан, Ғабиден Мүсірепов, Ғабиден Мұстафиндер мен әйгілі «Алаш қайраткерлерінің» біреуі болмаса біреуі неге тілге алмаған? Келтірілген бұл дәлелдеріміз қай дәуірде болса да қазақ жұрты «армысыз» сөзін аман орнына қолданбағанын дәлелдейді.

Аман қашанда сұраулы сипатта келетінін жоғарыда айттық, Мысалы: Амансыз ба? Шүкірлік аманбыз! Осы қағида бойынша «армысыз?» десе не деп жауап береді, «армын» деу керек пе, жоқ «арым бар» деу керек пе? Бұл қандай логикаға, этикаға сияды, айтыңызшы?!

Қазақ жұрты ежелден «адам арқауы – жан, амал арқауы – ар» деп қарап аман-сәлемде жанының амандығын, денінің саулығын, малының түгелдігін сұраған. Ал, арды аманға емес, жән дүниесінің кіршіксіздігіне, сөзінің сыпайылығына, іс-әрекетінің шынайылығына, ой-мақсатының адалдығына арқау етіп, адам тәрбиесінің мәйегі еткен.

Түйін сөз: 

1. Өткен мың жылдар көлемінде өз сөзіміздей сіңіп кеткен «Әссәләмуәликум» деген жалғыз ауыз сөзден араб болып кетсек, баяғыда-ақ боларымыз болып кеткен болар едік. Онсыз да тіл ғалымдарының мәліметі тілімізде бізден оларға ма, жоқ, олардан бізге кірді ме белгісіз, (бәлкім, бізден оларға шығар) ортақ қолданылып жүрген 3 мыңнан аса араб, парсы, түркі сөздері бар екенін анықтап отыр. Шүкірлік, сонда да араб болған жоқпыз, әлі де болмаймыз! Араб туралы қауіп-қатер жоқ емес, бар! Ол осы тұтас мұсылман жұрты қолданып жүрген «Әссәләм... да» емес, ел егемендігінен бері қарайғы 30 жыл көлемінде дендей кіріп бара жатқан «уахаби», «сәләфи» мен ақша үшін жан бергелі жүрген дін тонын жамылған «арабқұлдар» қатарлы теріс ағымдағылардың ұлтымыз салтында жоқ, бізге жат киіну, мұрт-сақал қою, тіл қарымымыз жетіп тұрса да қажетсіз араби атауларды тықпалау, ата-бабаларымыздан жалғасып келе жатқан дәстүрлі дін ұстанымында жоқ, басы артық құлшылықтарды көбейту арқылы мешіттің меншікті құлына айландырып, жастарымызды осы заман ғылым-білім, жаңа технология, мәдениеттен алшақтатып тоғұшарландыру пиғылы да жәй- жәйімен ау жәйіп келеді. Араптануға шынайы қарсы тұрғыш болсақ, міне осындай тарту қуаты күшті, сананы біліндірмей салдандыратын уытты сарсаңға түбегейлі қарсы тұрайық, ағайын!

2. «Он қателіктің тоғызы сөзден...» дегендей, кейінгі ұрпақ алдында бетіміз жарық, дәлеліміз анық болу үшін ең әуелі, жастарға болған тәрбиені сөзді дұрыс қолданудан бастауға назар аударайық.

3. Сәлем салынбайды, жасалады. «сәлем салу» емес, «сәлем ету» деп дұрыстап қолданайық.

4. «Армысыз» аман емес, эмосиялық сипаттағы қаратпа сөз!

5. Ежелден қолданыстағы қазақ аманы: «Сәлем!», «сәлеметсіз бе», «амансыз ба»... Денсаулық, туыс-туған, мал-жанға дейін ұғысу, тілектестік білдіру.

Тәңіршіл бағыттағы әріптестерімнің есіне:

Атам қазақ «адам адамға, жән денеге қонақ» дейді. Біреуді құрметтеп, амандығын білу үшін денесіне қонақ жанының амандығын сұрау керек пе, жоқ, жаны бойында болса, оның үстіне санасы жетсе ғана болатын арын сұрау керек пе?

«Ар» сөзінің де орны бөлек, атам қазақ оны да өте жоғары бағалаған, қадір-қасиетін, орнын дұрыстап білгендігінен де ғой, «малым жанымның, жаным арымның садағасы» деп, ұрпағына «ар» туралы аса құнды ақыл қалдырған. Бұл «аман» үшін емес, тәрбие үшін айтылған мәйекті де мәнді ұстаным.

Біліп алыңыз:

Әуелі, жан, сосын, сана, онан соң ғана ар мен харекет болады!

Бұл ең төменгі тіршілік философиясы. Өмірдің осы бір қарапайым қағидасын білмей тұрып, ненің жан аман амандығы, ненің ар-ұят екенінен ауыз ашудың өзі сана салмағыңыз бен білім деңгейімізге сын!

«Боран болмаса бәйтерек өзінің биіктігін елестете алмайды» дегендей, жоғарда атап өткен ежелден бар қазақы аман-сәлемді бойға тоғытпай, тыңнан аман-сәлем үлгісін (сөзін) жасамақ болсаңыз, әуелі, аман-сәлем мақсаты мен әдебіне, тіліміздегі айтылым заңы мен ой-қисын заңына түсетіндей етіп тарихтан дәйек таба, жүгіне отырып сезіммен емес, ақылмен жасаған жөн деп қараймын. Сонда ғана биіктігін жел арқылы білген терек сияқты, жасаған амалыңыздың қате-дұрысын ғылым, тарих және халық арқылы біле алатын боласыз.

Іске сәт!

Жұмашәріп Шаһадат,

Педагок, жазушы

Abai.kz

27 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5329