Кузнецов неге құтырады?
Біздің байқауымызша, кейінгі кездері Ресейдің шовинистері тыныш жатқан халқымыздың намысына тиіп, зәрлі тілін сұғып алу жөніндегі алапат бір жарысты бастап кеткен сыңайлы.
Бұрын мұндай арандатушылар қаңсықтарын өз елінің төрінде отырып, аяусыз төгетін. Енді қазір олардың әбден еркінсігендіктері соншалық, сол ауруларын елімізге келіп те тарата бастапты. Мұны жақында ғана Қостанай қаласында "Медиа футбол" лигасы шеңберінде өткен Ресей мен Қазақстан футбол матчы кезінде болған оқыс оқиғадан айқын байқауға болады.
Аталмыш жарыс кезінде Ресей футбол командасының бапкері Дмитрий Кузнецов дегенге бір қазақ төрешісі ұнамай қалса керек, дүйім жұрттың көзінше оны "чукчаға" теңеп, жаман сөзбен сілейтіп тұрып, бір боқтады. Сірә, бұл надан "чукча" деген ер адам екендігін мүлдем түсінбесе керек. Жалпы, орыс шовинистері ондай-мұндай ұсақ-түйекке онша көңіл бөле бермейді ғой. Ұлы халық емес пе?
Бір ғажабы, қасында тұрған ресейліктерге бұл қалыпты жағдай көрінсе керек, ешқайсысы да: "Қой, мұның артық. Өзіміз келген елге тіл тигізбейік", - деген бірде-біреуі жоқ. Мұның өзі шовинизм ауры Ресей футболын да толық жаулап алғандығын көрсетеді. Ендеше, шовинизм сырқаты меңдеген мұндай футболшыларды келешекте елге келтірудің қандай реті бар?
Бұл мәселенің басы ғана. Ерекше жанға бататындығы, бұл Кузнецов деген жырындының біздің елге бөтен еместігінде. Ол сонау 2018-2019 жылдары Павлодардың "Ертіс" футбол клубы бапкерінің көмекшілігіне шақырылып, аса жайлы жағдай жасағанбыз. Бұл келімсек бұрын әп-әдемі ойнап келген клубты біржолата тұралатып кетті. Кезінде республика деңгейінде 4-ші орын алып келген команда, аз ғана уақыт ішінде 10-шы орынға бір-ақ түсті. Кузнецовтың несі кетті?! "Маңғыт, аузыңа саңғыт" деп, Ресейіне тайып тұрды. Енді міне, ішіндегі зәрін талай жұрттың алдында қасақана шашып тұрғандығы. "Сендер маған не істей аласыңдар?" деп, төрімізде тепсініп отыр. Иә, не істей аламыз? Әдеттегідей үндемей құтыламыз дағы.
Бұлай деуімнің өзіндік себебі де жоқ емес. Мына жайға қараңыз. Мұндай масқара оқиға Қостанай қаласында орын алды. Оны еліміздің бірқатар порталдары жазды. Кейбіреулері еліміздің Сыртқы істер министрлігінен бұл Кузнецов дегенді ендігәрі елге кіргізбеуді талап етті.
Ал енді өзіміздегі өңірлік баспасөз бұл туралы ешбір жақ ашқан жоқ. Олардың дені орыс тілді баспасөз екендігін ескерсек, мұны іштей Кузнецовқа тілектестік демеске лажымыз жоқ. Бір қызығы, мұндай ұстанымдағы баспасөзге облыстық бюджеттен ондаған емес, жүздеген миллион теңге бөлініп, оларды ылғи да жарылқап жүр. Сөйте бұларды бақылайды дейтін осындағы қоғамдық даму басқармасы деген әйдік: "Бұларың қалай? Сендер өзі қай елде отырсыңдар?" деп, бір қабақ түюге де жарамай отыр. Ал өзі басқаратын облыста мұндай оқыс оқиға болғандығынан осы өңірдің басшысы Құмар Ақсақалов мүлдем хабарсыз секілді.
Мінекей, осындай "Әй дейтін әже, қой дейтін қожа" болмаған жерде кім болса сол аузына келгенді сөйлемей қайтсын? Енді бұған кімді кінәлаймыз?
Жайберген Болатов
Abai.kz