Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3487 0 пікір 14 Қараша, 2013 сағат 09:34

"Жетісудың желмаясы"

Белгілі қаламгер, ақын Есенқұл Жақыпбек 60 жасқа қараған шағында дүниеден өтті.  Ол 1954 жылы 10 ақпанда Алматы облысы, Жамбыл ауданындағы Бірлік ауылында дүниеге келген. Марқұм соңғы жылдары Жамбыл аудандық «Атамекен» газетінің бас редакторы болып қызмет етті. «Бастау», «Ағымнан жарыламын», «Біз екеумыз», «Жеріңе табын», «Біздің елдің жігіттері», «Есіл дүние-ай!», «Жан қисса», «Бұл жазда өтер», «Тау басында кәрі қар», «Сарғайған сары терезе» атты кітаптары жарық көрген.

Есағаң десе ең алдымен еске түсетіні – «Біздің елдің жігіттері – жігіттердің төресі» дейтін өлең. Әр қазақтың жүрегінен орын алған осынау ән сөзі туралы журналист Қанышайым Байдаулеттің бұрынырақта жарық көрген «Біздің елдің жігіттері – жігіттердің төресі» мақаласын назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Айтыстың ақтаңгері, қолына үкілі домбыра мен қауырсын қаламды алма-кезек ұстаған лирик ақын Есенқұл Жақыпбектің «Біздің елдің жігіттері» өлеңі сексенінші жылдардың аяғы, тоқсаныншы жылдардың басында жазылыпты.
Сол жылдары әнші-композитор Жәкен Омаровтың басына бір қиын іс түсіп, Жам­был ауданының Қаныбек, Кеңес, Қапан, Есмахан,Тілектес, Әбен, Орынтай сынды рухы биік, бірлігі мықты жігіттері көмек қолын созып, тығырықтан алып шығады. Ішінде «Жетісудың желмаясы» Есенқұл Жақыпбек те бар. Күрмеуі қиын іс жоғарыда атын атап өткен жігіттердің арқасында шешіліп, жаны қиналғаннан әрі ризашылықтан алай-дүлей күй кешкен Жәкен Омаров Есенқұл Жа­қып­бектің үйінің ауласында отырып, «Еса­ға, егер мен басқа жерде болсам, тағды­рым­ның не болатынын бір Құдай біледі. Сіздің елдің жігіттерінің шарапатын көрдім. Сіздің елдің жігіттеріне деген алғысымды қалай жеткізсем екен, жақсылығын қалай қай­тара­мын?» деп сұрайды. Сонда ақын «Сенің «Сіздің елдің жігіттері» деген сөзің әдемі екен. Мен «Біздің елдің жігіттері» деген өлең шығарайын, сен соған ән жаз» дейді. Сөйтіп, жарты сағаттың ішінде жаңа туын­дының тұсауы кесіледі.
Бастапқыда өлең мәтінінде:
– Олар жайлы білгің келсе, ортасына кіріп көр,
Солар жүрген жолдарменен дәтің болса, жүріп көр.
Ерте туып, еш заманның маңдайына сыймаған,
Қайран біздің Қарасай мен Қаныбектей жігіттер, – деген жолдары болған екен. Әнді сол елдегі айтулы азамат, өнерлі жі­гіттердің бірі Ақан Әбдуәлінің орындауында алғаш тыңдаған Қаныбек, «Бұл ән менің жеке басыма емес, жауырыны қақпақтай, жұ­дырығы тоқпақтай, қазақтың барлық жақ­сы жігіттеріне арналуы тиіс» деп өз атының аталуына қарсы болады. Сол жерде Есенқұл Жақыпбек сол шумақтың соңғы жолын «Қайран біздің қасиетті қара нардай жігіттер» деп қолма-қол өзгертіп береді.
– Өкініштісі, көп ұзамай, Қаныбек батыр кісі қолынан қаза тапты. «Ерте туып, еш заманның маңдайына сыймаған» деп тірі кезінде өлеңмен үкім шығарып қойған сияқтымын. Біздің маңдайымызға сыймай кетті. Ол өмірден өткеннен кейін «Қаныбек батырға» деген әрі арнау, әрі жоқтау өлеңім жазылды.
Суыққа да түсіп көрген – Қаныбек,
Ыстыққа да түсіп көрген – Қаныбек.
Астындағы жалғыз атын жаяуға,
Жаяу қалып, түсіп берген – Қаныбек!
Мақтағанға тіл жетпейтін – Қаныбек,
Ақтағанға сын жетпейтін – Қаныбек!
Өміріңді сатып алсақ Алладан,
Бір күніңе құн жетпейтін – Қаныбек!
Бір мың жылда жалғыз рет туылып,
Бұл өмірден күнде өтпейтін – Қаныбек!
Асқақтығын рухының өлшеуге,
Аспандағы шың жетпейтін – Қаныбек!
Екі дүние: О жақ пенен бұ жақта,
Есімізден бір кетпейтін – Қаныбек! – деп келеді. Жалпы, өлеңді қазақтың баласын, қазақтың жігіттерін қайрау деп түсінген дұрыс, – дейді Президент стипендиясының, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалінің иегері, «Мә­дениет саласының үздігі» Есенқұл Жақыпбек.
Сонымен, туындының жазылғанына жиыр­ма жылдан аса уақыт өтіпті. «Біздің елдің жігіттері» әр жылдары Жәкен Омаров, Ақан Әбдуәлі, Досымжан Таңатаровтардың орындауымен таралды. Солардың ішінде тұрақты түрде тастамай айтып келе жатқан және өзінің жеке ән жинағына енгізген – әнші-жыршы, Мемлекеттік «Дарын» жас­тар сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ақан Әбдуәлі.

Біздің елдің жігіттері
Біздің елдің жігіттері – жігіттердің төресі,
Солар жайлы ағайын-жұрт, не білесің сен осы?
Олар жайлы айтылмайды биік-биік мінбеден,
Өйткені олар –ақиқат пен шындық сөздің жебесі.

Біздің елдің жігіттері – жігіттердің төресі,
Біздің елдің жігіттері – ұлы мұхит кемесі.
Осы жұрттан бақ пен Қызыр қашпаса екен деп тілеп,
Осал жерін түзеп жүрген біздің елдің шегесі.

Біздің елдің жігіттері – жігіттердің сырттаны,
Кешегі өткен ақындар мен батырлардың ұрпағы.
Ерте туып, еш заманның маңдайына сыймаған,
Өз елінің ұлтаны мен өз елінің сұлтаны.

Олар жайлы білгің келсе, ортасына кіріп көр,
Солар жүрген жолдарменен дәтің болса, жүріп көр.
Ерте туып, еш заманның маңдайына сыймаған,
Қайран біздің қасиетті қара нардай жігіттер.

 Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1487
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3256
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5522