Тұран үшін күрескен Мұстафа Шоқай есімі мәңгі жасайды!
Түркияда Мұстафа Шоқай кітабы 4 тілге аударылды
Ыстанбұлда «Шаңырақ» Қазақ орталығында қазақ профессоры Әбдіуақап Қараның «Мұстафа Шоқай» туралы кітабының бірнеше тілдерге аударылуна арналған шара өтті.
Кітаптың «сүйінші данасы» ғалым-жазушы Ә.Қараны оқытқан ұстазы, профессор, ғылым докторы Гүлшін Шандарлыоғлұна және белгілі журналист, Ыстанбұлда бірінші консул қызметін атқарған, құрметті профессор, Дүние Қазақтары қауымдастығының Түркиядағы өкілі, Қазақстан мәдениет орталығының басшысы Ержан Уәйіске табысталды.
Осыдан аз уақыт бұрын Түркия мемелекетінің 100 жылдығы құрметіне «100 тұлға» топтамасымен шығарылған 100 кітаптың ішінде тарих ғылымдарының докторы Әбдіуақап Қараның «Мұстафа Шоқай» романы кірген болатын. Романның түрікше аудармасының тұсаукесер шарасын Түркия мәдениет министірі Мехмет Нури Сой өткізген болса, әрі қарай Күчүкчекмеже ауданындағы Қазақстан мәдениет және сауда орталығында төраға Ғанимет Қайсаұлы және Ержан Уәйістің ұйымдастыруымен өтті.
Ыстанбұлдағы қазақ диаспорасының өкілдері және осында оқитын студент жастардың қатысуымен кітаптың керме жібі кесілді. Кітап авторы профессор Ә.Қара екі тілде түсініктеме жасады.
Міне, енді ғалым, қаламгер Ә.Қараның М.Шоқай туралы кітабы 4 тілге аударылып отыр. «КЕҢЕС ОДАҒЫНЫҢ ТҮРКІ ӘЛЕМІ САЯСАТЫ» атты кітап қазақ, орыс, түрік және француз тілдеріне аударылған. Ыстанбұл қаласында туып-өскен қазақ профессоры Ә.Қара қазақ, орыс, түрік, француз, неміс тілдерін жеттік біледі.
Қазақ тілінің маманы, белгілі тарихшы, ғалым Ә.Қара
Қазақ ұлтының көш бастаушыларының бірі, Алаш қайраткері, Түрік дүниесінің негізі үшін күрескен Мұстафа Шоқайды ана тілімізде танытуымыз – үлкен құдірет. Екіншіден орыс тіліне аударылуы - кеңес заманындағы Түркі тілдес бауырларымыз кең көлемде орыс тілін жан-жақты меңгерген. Яғни, оларға жан-жақты түсіндіру мақсатындағы аударма. Үшіншіден – түрік тіліне аударылуы – «түбіміз бір түрікпіз». Мұстафа Шоқайдың да мақсаты – Түрік дүниесін біріктіру еді, сол кездегі солақай саясатқа барынша қарсы болды. Туған Отанынан шет елдерге кетуге мәжбүр болды. Қара теңіз бойында Грузия, Түркияда біраз аялдады. Бұл елмен дініміз, тіліміз, діліміз бір, әдет-ғұрып, салт-дәстүріміз ортақ. Төртіншіден – үлкен тұлға Мұстафа Шоқай Германия, Франция елдерінде жанкештілікпен өмір сүрді. Түрік дүниесі, Түркістан деп, ұлттық намысты жоғары қойды. Мәңгілік мекені Алмания болса, Францияда мұражайы, ескерткіші, Шоқай атындағы халықаралық қоры бар, оның негізін ұлт жанашыры, Парижде тұратын Яшар Денч және Ә.Қара қалаған.
Мұстафаның балалық, жастық шағы Сыр бойында, Қызылорда обылысында өтті. Орта Азиядағы Ташкенттегі мемлекеттік университтетті және Санк-Петербургте заң университетін тамамдаған. Тоғыз тілде еркін сөйлейді. Міне талант! Қазақ халқының шексіз құдіреті!
Мұстафа Шоқайдың 4 тілге аударылған кітаптарының түсау кесері Анкарада өтті. Оны қаламгер, журналист Жесурхан Тас бастаған Түрік-Қазақ достық қоғамы ұйымдастырды. Енді тұлғаның туған жері Қызылордада, Қорқыт ата университетінде халықаралық конференция өткізілмек. Ыстанбұлда Қазақстан мәдениет және сауда орталығында сордай-ақ, Лондон қаласында Қазақ қауымдастығының төрағасы Абдуслам Сабаш ұйымдастыратын шаралар өткізіледі. Оған сол елдердегі оқитын қазақ студент жастар қатысады және сол өлкедегі қандастарымыз да белсене ат салысады. Бұл жиындардың бәріне де кітап авторы, профессор Ә.Қара арнайы қатысып, әрі таныстыру шараларын жүргізеді.
Сондай-ақ, осы өңірдегі мәдени орталықтарда, қоғамдық ұйымдарда, университеттердегі М.Шоқай музейіне 4 тілдегі кітаптардың біраз бөлігін Мимар Синан университетінің профессоры өз қолымен тапсырады. Яғни, Мұстафа Шоқайды 4 тілде сөйлету – бұл жарты дүниені бағындыру деген қағида. Мұстафаның есімі шар тарапқа, биік белеске шығуы – бүкіл Түрік дүниесінің, Қазақ халқының әлемге танылуы деген сөз.
Иә, Түрік әлемі үшін, Түркістан, Тұран өңірлерінің болашағы үшін күрескен алып жүректі Мұстафа Шоқайдың есімі мәңгі жасайды.
Ержан Уәйіс,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
Abai.kz