Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2248 0 пікір 15 Қараша, 2013 сағат 05:36

Дәурен Қуат. Күлетін шығар...

Күлдіріп те бүлдіріп жүретін әйгілі әпенде Қожекеңді – Қожанасырды бәріміз білеміз. Қожекең жалпы түркі мен парсыға ортақ тұлға. Ол бірде Иран шахының қасында пәлсапа соғып отырса, бірде көк есегін тепеңдетіп Бұхара мен Хиуа арасын шарлайды. Біреулер оны Анадолыдан көргенін айтса, ендібіреулер Қожекемнің қазақы шапан киіп қырда жүргенін сөз қылады. Қысқасы, Қожекең сондай адам. Сол жарықтық әфандамыздың әлде туысы, әлде замандасы Алдар деген ағай бар. Алдаркөсе. Алдекең алдау үшін болмаса, алашапанды әсте  кие бермейді. Басына сәлде орап,тасбиық тартып мүлгіп отыруға да уақыты кем. Үнемі асығыс. Асығатын себебі – момынды зарлатқан жуан көп, жетімді жылатқан зорекер көп, сондықтан Алдекең жылағанды жұбатып, асқанның аяғын аспаннан келтіріп ары-бері шапқылаудан бір тынбайды. Сол Алдар  ата жоқ бүгін арамызда. Қашан дүниеге келіп, қашан қайтты –  оны да тап басып ешкім айта алмайды. Бірақ, біздің халқымыздың қиялы самғаған замандардан бері ауызекі әңгімеден қалмай өмір сүріп келген.  Енді қайтер екен? Өйткені көсеміздің ізіне көсеу ұстап Камал Бурханов деген кісі түсіп бергелі біраз болды. Мәжіліс депутаты, саяси ғылымдар докторы, профессор. Орысша-қазақша құлаш-құлаш мақалалар жазады. Қорқынышты. Мақалаларына анау-мынау адамның тісі батпайды. Сорғалаған мақалаларының арқасында жорғалаған күйі Парламент сарайынан бір-ақ шыққан.

Күлдіріп те бүлдіріп жүретін әйгілі әпенде Қожекеңді – Қожанасырды бәріміз білеміз. Қожекең жалпы түркі мен парсыға ортақ тұлға. Ол бірде Иран шахының қасында пәлсапа соғып отырса, бірде көк есегін тепеңдетіп Бұхара мен Хиуа арасын шарлайды. Біреулер оны Анадолыдан көргенін айтса, ендібіреулер Қожекемнің қазақы шапан киіп қырда жүргенін сөз қылады. Қысқасы, Қожекең сондай адам. Сол жарықтық әфандамыздың әлде туысы, әлде замандасы Алдар деген ағай бар. Алдаркөсе. Алдекең алдау үшін болмаса, алашапанды әсте  кие бермейді. Басына сәлде орап,тасбиық тартып мүлгіп отыруға да уақыты кем. Үнемі асығыс. Асығатын себебі – момынды зарлатқан жуан көп, жетімді жылатқан зорекер көп, сондықтан Алдекең жылағанды жұбатып, асқанның аяғын аспаннан келтіріп ары-бері шапқылаудан бір тынбайды. Сол Алдар  ата жоқ бүгін арамызда. Қашан дүниеге келіп, қашан қайтты –  оны да тап басып ешкім айта алмайды. Бірақ, біздің халқымыздың қиялы самғаған замандардан бері ауызекі әңгімеден қалмай өмір сүріп келген.  Енді қайтер екен? Өйткені көсеміздің ізіне көсеу ұстап Камал Бурханов деген кісі түсіп бергелі біраз болды. Мәжіліс депутаты, саяси ғылымдар докторы, профессор. Орысша-қазақша құлаш-құлаш мақалалар жазады. Қорқынышты. Мақалаларына анау-мынау адамның тісі батпайды. Сорғалаған мақалаларының арқасында жорғалаған күйі Парламент сарайынан бір-ақ шыққан. Көрдіңіз бе, ол кісі жазбасын, жазса, «жазым» қылады. Айтпасын, айтса,  Көпен Әмірбектің мас төбеті сияқты, аспандағы айды  асап, жұлдызды жұтып қоюы мүмкін. Міне, сол Бурхан-ооов бурқанып-бұрсанып Алдаркөсе байқұсты ауыз әдебиетінен аластауға кірісті. Мәселе атаулы түгел шешімін тапқан, істерге іс қалмаған Қазақстан мемлекетінің мәжіліс депутаты фольклорға түзету енгізбегенде басқа не қыла қойсын, Кәмекең бірде мүлгіп отырған әріптестерін дүр сілкіндіріп: «Алдаркөсені ауыз әдебиетінен аластау керек. Себебі ол – алдайды!», - деп шар ете түскен. Содан бері депутатымыз өзге шаруаны жиып тастап, әлі күнге Алдармен алысып жүр дейді. Сірә, сақтықта қорлық жоқтың қамын ерте ойлаған адам мәжілісте осы Бурханов болса керек. Бурхановтікі дұрыс, өйткені қазына байлықты тонап бітпей жатқан ұры-қарысын мандатты мәжіліс депутаты болып тұрған кезінде қорғап, заң шығартып үлгермесе, ертең Алдар дейтін «алаяқ» бәрін үптеп кетуі мүмкін.

... Былай өзі жақсы-ақ жігіт. Жауырынына жалпақ ел қонғандай. Батырың қайсы десе, «міне» деп көрстеуге лайық апайтөс. Қайбір жылдары өлең жазып, ақындардың ауылына баса-көктеп кіріп алған. Содан аққан күйі ол да мәжілістен орын тауып «Халық қалаулысы» атанды.  Ой, қандай қуандық десеңізші сонда!

Жорналшылармен жолығысып қалған бір кездесуде менің әріптестерім оған ескерту жасап жатты: «Бәке, мәжілісте ұлт мәселесі ұтылыс табатын жайттар жиі болып тұрады. Сондай кезде үнсіздік танытсаңыз сізді аямаймыз» деп. Ақын әм батыр депутатымыз содан қайтып көзімізге түскен емес. Шамасы,  ол осы күндері  алдындағы пультті басып, дауыс беру машақатына дағдыланып жүрсе керек. Смағұл Бақытбек. Ауған соғысының сайыпқыраны. Бейбіт  Қазақстандағы ерлігі де кемел ерлік: Алматыдағы Сайын көшесін жезөкшелерден тазалапты. Сол ерлігін өзі жиі еске алады. Жорналшылармен кездесе қалса, алдымен соны айтады. Бірақ сонысы өтірік. Неге? Өйткені Сайын көшесі Иманғали Тасмағамбетов келіп белөткел көпірі бар даңғылға айналғанша, жезөкшелер мен жеңгетайлардан босаған жоқ. Біздің батыр бірер рет тазалау операциясын жасаған болар, намыстанған болар, ызаланған болар, әйткенменде жезөкшелерге қарсы жорығында түбегейлі жеңіске жетпеді. Бірақ, қайраткерлігі, тынымсыздығы оны жетектеген күйі заң шығарушы органның сарайына кіргізіп жіберді. Қазір ол Астанадағы жиын-тойларға қатысып, шегіне пенде баласы жете алмайтын көп сөзден көбік жасап жүріп жатыр.

... «Талқан жейсің, еще комсомолсың!» демекші, коммунистер билігінен бас тартқан Қазақстанда коммунист атанып  сайланған Жамбыл Ахметбеков дейтін карэтис депутат бар. Сол сойқан кәмөнесіміз кәмөнессің деген сайын еліретін болса керек,  Жарылқап Қалыбайұлы («Жұлдыздар отбасы» журналының бас редакторы) әуеде тіл мәселесімен кездесіп, қызыл кеңірдек болып қалғанда, «адам самолетте қазақша сөйлей ме екен» деген сөздің сыңайын білдіріп нағыз коммунисттік, нағыз большевиктік  көзқарас танытты. Бұндай коммунист жер бетінде қалған жоқ. Бізде ғана бар. Жалғыз қара. Себебі, коммунистердің отаны – Ресейдегі орыс коммунисі -  орысшыл коммунист.  Беларусттің комунисі – беларусьшіл, т.б.   дегендей. Тек біздікі ғана интерұлтшыл, біздікі ғана осындай.

... Осыдан он жеті жылдан  кейін біздің Әмірхандар, Алла амандығын берсін, алпыстан асады екен. Сөйтіп 2030-ға жетпек. Қайткенде сол арманымыздың ақтаңы – 2030-ды көргенге не жетсін... Бірақ «қабылан мінезді» Қазақстан 2050-ге қарғып кетті.  Қарасын көрсетпестей алысқа шырқап кетті. Өйткені 2030-ға межелегеніміздің  бәріне мерзімінен бұрын қол жеткізіп қойыппыз. Бұны білгенде үкіметімізге «қарқындарыңды бәсеңдетіп, қарабаласа бермей бір уақыт бел суытып, аяқ жазып отыра тұрсаңдаршы» деп жалынатын едік қой. Қара басып білмей қалыппыз. Хабар мен «Егеменде» де ес жоқ. Үкіметіміздің жұмысын әспеттей бермей, ара-арасында үнсіз қалмады ма екен. Міне, не болды енді? Жалынды сөздерге жаны шыдай алмаған билігіміз 2050-дің биігіне шығып, жайғасып жатыр. Кедей-кепшік, құл-құтан арып-ашып әлгі 2050-дің табалдырығынан аттағанша, біздің билік бұндай жайбасар жұртынан жалығып өзге елге қызмет етіп кетуі мүмкін ғой, әбден мүмкін.

Жә, қысқасынан қайырайын. Айта берсек таусылмайтын жайттар жетіп-артылады бізде. Бір әкім ағамыз  әйелінің үйінде пәтер жалдап жүр; бір министріміз текке ағып жатқан ағынды лай су үшін ауыл адамдарына салық салу мәселесін айтып, қақсап жүр; баспасөзіміз Президент әкімшілігі мен Үкімет әкімшілігінің арасында тұрақты күйеу іздеп сарсылып жүр; көрдіңіз бе, әңгіме көп. Оның бәрін көйіте бергеннен ұтарымыз не? Бірақ ойлаймын, заман өтер, есті ұрпақ өсіп жетілер. Сол кезде бізге қарап күлетін болады сол ұрпақ. Біз жүріп өткен жолдарды олар  күліп отырып жазатын болады. Себебі, кейінгі 100-150 жылда күңіренген қазақ тарихының беті бізге келгенде жыртыңдап-жырқылдап  шыға келетіні күмәнсіз. Күлсін. Біз сияқты кещелерге күлу керек.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1483
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5506