Тілі қазақ, ділі қазақ суретшілердің жанын жақсы түсінетін өнертанушылардың кемдігінен біз мешеу халдеміз
Жеңіс КӘКЕНҰЛЫ, кескіндемеші, график, публицист, ҚР Суретшілер одағының мүшесі:
– Аға, қазақ сізді кешегі Әбілхан Қастеев, Орал Таңсықбаев, қала берді, Ағымсалы Дүзелханов сынды қазақтың қылқаламын жанына серік еткен теңдессіз суретшілерінің жалғасы ретінде көреді, сіздің сәйгүлік атты арқау еткен туындыларыңыз біраз жұртты қал-қадерінше ойға қалдырғаны сөзсіз. Әйтсе де сіз жай суретші емес, «Мәдениетті қолдау жылы» (2000) авторысыз, сондай-ақ «Жеңіс Кәкенұлы» атты альбом-жинағыңыз шықты, ал соңғы шыққан «Ақ зер» атты еңбегіңіз қазақ, қазақ қана емес-ау, әлем сурет өнерінің сығып алған шырынындай дүние болды десек қателеспейміз. Аға, олай болса, алыстан сермемей, бірден ХХІ ғасырдағы сурет пен суретшілер жайына көшсек, әлемдік бейнелеу өнері қазақ картиналарын тани ма, мойындай ма, жалпы, біз сурет әлемінің санатында бармыз ба өзі?
Жеңіс КӘКЕНҰЛЫ, кескіндемеші, график, публицист, ҚР Суретшілер одағының мүшесі:
– Аға, қазақ сізді кешегі Әбілхан Қастеев, Орал Таңсықбаев, қала берді, Ағымсалы Дүзелханов сынды қазақтың қылқаламын жанына серік еткен теңдессіз суретшілерінің жалғасы ретінде көреді, сіздің сәйгүлік атты арқау еткен туындыларыңыз біраз жұртты қал-қадерінше ойға қалдырғаны сөзсіз. Әйтсе де сіз жай суретші емес, «Мәдениетті қолдау жылы» (2000) авторысыз, сондай-ақ «Жеңіс Кәкенұлы» атты альбом-жинағыңыз шықты, ал соңғы шыққан «Ақ зер» атты еңбегіңіз қазақ, қазақ қана емес-ау, әлем сурет өнерінің сығып алған шырынындай дүние болды десек қателеспейміз. Аға, олай болса, алыстан сермемей, бірден ХХІ ғасырдағы сурет пен суретшілер жайына көшсек, әлемдік бейнелеу өнері қазақ картиналарын тани ма, мойындай ма, жалпы, біз сурет әлемінің санатында бармыз ба өзі?
– Қазақтың бейнелеу әлемі «социалистік реализмнің» томаға-тұйық қалпынан аяқ-қолы босап шығысымен көп ұзамай мың түрлі, құлпырма бояуға қанығып үлгерді. Құмырсқаның илеуіндей быжынаған, өзгелер тұрмақ, суретшінің өзі адасып қалатын қызықты, қияметті қан базар. Не жоқ дейсің ХХІ ғасырдың палитрасында? Кімдер жоқ дейсіз онда? Кемеңгерлер де жүр, кемістер де… «Өнер – халықтыкі» деген ұстанымда жүргендер де, «жоқ, өнер – өнер үшін» деп өрекпігендер де иін тіреседі. Академиялық қатаң стильді сақтап қалғандар да, Кандинский мен Шагалдың өзі тіріліп келсе де, бас шайқап кететін авангард өкілдері де баршылық. Натюрморттан тартып, автомобильдің жарамсыз дөңгелектерінен инсталляция жасағандар, болмаса пейзаждан бастап консерві қалбырынан перформенс істегендерге дейінгілер де бір шоғыр. «Қазақ қашанғы сурет әліппесін натюрморттан бастай беруі керек» деп кейіп, қазақтың бейнелеу әлеміне «Бабнама», ғарыштық сана-сезім ілімін ұстаным еткендер де бар. Суретшілер жиналып арт-симпозиумға шықса, тап баяғыша табиғат көріністерін тәптіштей жазып, ақ тер, көк тер болып жатса, екінші біреулер керісінше түк бітірмей, әбден көрме басталарда кенебіне бір-екі тастың нобайын түсіріп, «тап-таза су» деп жазып қоятын болды. Ол аздай, әлгі картина ұялмай жүлделі орын алатын дәрежеге жеттік қой. Әу бастағы «жақсылап салып, жазып үйрену керек» деген аксиомадан айнымауымыз керек еді, бірақ әр заманның жазылмаған заңы бар екен. Бір кезде ең көп оқитын ел едік, ендігіде балалар кітапқа қарамайды да. Сол сияқты бір кездері майлы бояу әдістерін 10-20 жыл тәптіштеп үйренетін адам баласы бұл күндері «еңбектемей», «қаз тұрмай», «тәй-тәй баспай-ақ» «жүгіріп» кетуге құмар. Ци БАй Ши дейтін суретші айтыпты: «Қырыққа келгенде ғана суретті түсіне бастадым, енді бір 30-40 жыл сурет салсам, тәуір суретші болуым кәдік. Ал 100 жасасам ғана нағыз суретші болар едім» деп. Суретке, жалпы, кез келген өнерге құлақкесті құл болу керек.
– Қысқаша айтқанда, қазіргі бейнелеу өнерінің өз «картинасы» осындай ғой? Ал енді арт-бизнес дегенді қалай түсінуімізге болады? Ән мен жырды шоу-бизнеске айналдырған заманда, бейнелеу өнерінің қан базары арт-бизнес жағымды сипатқа ие ме? Жалпы, бизнес деген сауда десек, сауданың опасыз да жағы бар ғой, содан түбі адамзат опық жемей ме?
– Таяу жылдары батыстың аса дақпыртты «Саатчи» атты сурет галереясы өртке оранды. Қызыл жалынның көмейінде жүздеген сотық жерді алып жатқан, үлкен аңғардың ішінде сақтаулы мыңдаған картина кеткен деседі. Ал сол Чарльз Саатчи дейтін кім еді? Ол – Ирактағы соғыстан қашып, Англияға табан тіреген, майлы бояу иісі мұрнына бармаса да, бейнелеу әлемін ақшаның сауын сиырына «әдемі» айналдыра білген кәсіпкер. Өңкей атышулы, «жауыз» картиналарды сатып алып, қайыра сатумен аты шыққан оның жинағында көптеген баланы қинап өлтіріп, етін жеген каннибалдың үлкен портреті болыпты. Әлгінің келбетін жүздеген сәбидің алақандарының табымен, бедерімен салдырған дейді әлгі сұм. Сыртта әлгі жазықсыз шетінеген балалардың аналары ереуілдетіп, «Саатчиге» қарсылық акциясын жасап жатса да, көрмеге қызық көріп сабылушыларда есеп болмаған деседі.
Осы күндері аукционға түсетін картиналардың нарқы да, бағасы да біз үшін түсініксіз. Дұрыстап қарындаш ұстай да алмайтындардың шығармасы бұрынғы өткен майталмандардан әлдеқайда қымбат болуы қалыпты жағдайға айналып барады.
– Ақындарды мүшәйра, әншілерді той асырап жатыр, ал суретшілерді ше? Олар қалай күнелтіп жүр бүгінде, әлде мемлекет тарапынан қандай да бір көмек бар ма?
– Оныңыз рас, мемлекет тарапынан бізге бөлінетін ақша теңіздің тамшысындай ғана. Біраз уақыт бұрын суретшілердің съезінде болып келдім, сонда былтыр Суретшілер одағына бар-жоғы 7 миллион теңге ғана бөлініпті, 7 миллион деген не? Түкке тұрмайтын қаржы ғой, елімізде 1000-ға жуық Суретшілер одағының мүшелері бар, соның әрқайсысында жетпей жатқан проблемалар шаш етектен. Қай жыртығына жамау болады солардың? Біз бір жылы худграфты 50 түлек бітірсек, қазір соның ішінде қылқаламды ұстап қалғаны мен ғана шығармын. Қалғандары түгел дерлік суретшілікпен бала-шағасын асырай алмағандықтан басқа салаға кетіп қалды. Таяуда теледидарда миграция туралы бір хабар жүріп жатыр екен, сонда полиция майоры сөйлеп тұр, таныс адам көзіме оттай басылды. Сөйтсем, өзіміздің группаның старостасы. «Мәссаған, кезінде майлы бояудың шебері боламын деген жігіттер қайда кетіп қалған?» деп ішім удай ашып кетті. Мына уақыт, заман деген адамды диірмен секілді уатып, шашып жібереді екен ғой... Ал суретшілікті тастамағандар өз етінің тірілігінен және бақуатты таныстары бар, яғни солар арқылы картинаны сатып не болмаса «Аруарт», «Өнер», «Құланшыға» барып, келісіп, әйтеуір солар берген тиын-тебенмен өлместің күнін кешіп жатыр. Қалай болғанда да қылқаламын тастап кетпеген менің әріптестеріме мың тағзым! Біз экономикамыз мықты деп мақтанамыз, бірақ жақында ғана бір суретші жігіт Өзбекстанға барып, сонда бізден әлдеқайда «нашар тұрады» деген өзбектердің суретшілерге жасап қойған жағдайын көріп, таңғалып келді: Ташкенттің ортасынан зәулім галерея ашып беріпті, әрине, содан кейін олардың суретшілері ешкімге алақан жаймайды.
– Әлемдік бейнелеу өнері өкілдерінің әрқайсысының өзіндік өрнек, өзіндік стиль, бет-бейнесі бар, сондай-ақ мәңгілік тақырыбы да болады. Ал сіз өзіңіз қай картинаңызды місе тұтасыз? Суретшілер жүз картина салса, соның бәрін алдымен өзі мойындай бермейтінге ұқсайды ғой?
– Тұлпар. Себебі қай заманда да қазақтың серігі қой не сиыр емес, жылқы болған. Жауға шапса да, тойға барса да, қыз көруге барса да қазақ тұлпар мініп барып, бәйгеге тұлпар мініп шауып, жылқының еті мен қымызын ішіп, сақылдаған сары аязда қыз-қыз қайнап, малын бағып, тіршілік еткен. Ал өз туындыларымның ішіндегі көңіліме аса бір қатты ұнайтын біріне тоқталсақ, ол – «Шәкәрімді жоқтау» деген картинам. Бұл суреттің сұлбасы Астанаға алғаш келген 2003 жылы басыма келді. 1932-37 жылдар аралығында 7 миллион қазақ болсақ, соның 4 миллионы аштан қырылыпты, әрине, салыстырмалы түрде айтамын. Қазақтың бастан өткерген нәубеттерін тізе келгенде, тіпті сонау жоңғармен шайқасқан сұрапыл кездердің өзінен асып түскен қасірет осы аштық болған. Бірінің баласын бірі жеуге барған соң, одан асқан қасірет, одан асқан тамұқ болуы мүмкін бе? Большевиктердің қолымен жасалған бұл сұрапылды біз геноцид деп өз атымен атауымыз керек. Міне, менің «Шәкәрімді жоқтау» дегенде айтқым келген, көрсеткім келген сұмдық осы еді: бір жағына қарай ауып кеткен ер-тоқымы бауырында тұрған ақ боз ат кейпінде бердім. Құйын ба, дауыл ма, әйтеуір аспаннан бір бәлекет, бір обыр төніп келеді... Жалпы, қиямет жылдарға арналған картина еді.
– Осы қай заманда, қай дәуірде өмір сүрсе де, суретшілер жанының, тағдырларының бір-бірімен ұқсастығы бола ма? Сіз, мысалы, өзіңізді әлемдік қас суретшілердің қайсысына ұқсатар едіңіз?
– Суретшілерді ортақтастыратын бір нәрсе болса, мен айтар едім: ол еңбекқорлығы деп. Таңды таңға ұрып, үй бетін көрмей кезіп, тіпті сау басын тауға да, тасқа да ұрып, қалыпты адам өмірі бармайтын құрбандықтарға да барып жататын қияли халық – осы суретшілер. Алла Пугачева орындайтын «Миллион алқызыл раушан» әнінде бір қас сұлуға деген сезімі жолында тіпті үй-жай, дүние-мүлікті миллион гүлге алмастырған да бір бейшара суретші емес пе еді?.. Мен оны дұрыс не бұрыс деп қаралап, не жақтап жатқаным жоқ, тек суретші болмысын айтамын. Бірақ барлық суретшілер бір деген шаблондық көзқараспен қарау да қателік. Себебі таным мен түйсік, менталитет, болмыс – бәрі адамның тегі, қаны мен ұлтына, иманына, өмір сүру салтына байланысты қалыптасады. Осы жағынан қазақ суретшілерінің батыс суретшілерімен, жалпы, қазақтың батыс жұртымен ешқашан қабысқан емес, қабыспақ та емес. Өйткені Еуропаның әлем туралы түсінігі, танымы бір бөлек те, қазақтардыкі бір басқа.
– Бейнелеу өнерінде өзіңіз үлгі тұтатын бір суретші бар ма, айталық, Пабло Пикассо, болмаса Леонардо да Винчи, мүмкін, біз білмейтін басқа бір суретші?..
– Қылқаламының шеберлігіне тәнті болып, таңғалғаннан картинасының алдында сағаттап тапжылмай тұруға болатын майталман маэстролар бар, бірақ олардың бірде-біреуі менің кумирім емес. Бірақ менің бұл сөзімді «өзім ғана мықтымын, өзгенің бәрі бір тиын» деген тәкаппарлық деп ойлап қалмаңыздар, себебі менің ғұмыр бойы сурет салсам да, небір ғажап картиналарыммен елді тамсандырсам да, ешқашан жете алмайтынымды мойындайтын бір ұлы суретшім болса, ол – Жаратушы Иеміз. Қыстың бір күні есімде, шыңылтыр аяз еді. Балконнан бір нәрсе алайын деп есікті ашып қалғаным сол – таңғажайыптығына тіл жетпейтін сурет көз алдымда тұра қалмасы бар ма?!. Таң атып келе жатқан әдемі кез. Терезенің бетін басқан қырауға аяздың суретін салған Жаратқанның шеберлігін тек көрсоқыр ғана көрмейтін шығар. Ал мен болсам жүз жерден суретші болсам да, терезедегі әлгі ғажап суреттің бір шаршы сантиметрін сала алмайтынымды мойындадым. Құдай тағаладай шебер жоқ. Біз, жалпы, галактиканың бір шеті ғана Темірқазық екенін білеміз, ал қалған шеті қайда, о шеті мен бұ шетінің диаметрі қанша, бізге беймәлім.
– Қазақ қашанғы өз сурет әліппесін натюрморттан бастай беруі керек? Қазақтың бейнелеу өнері үшін тың, тосын әдіс ойлап табатын уақыт жетті ме, қалай?
– Сурет салудан әлдеқайда кеш туған кино саласы тап қазір космоста жүр. Көрермен назарына осы күнге дейін небір шедевр-жауһарларды берді. Техникалық үстемдік арқылы адамның миына кіріп болмайтын небір мүмкіндікті игерді. Ал біз, суретшілер, әлі Леонардо да Винчи ұстаған палитрамен жұмыс істейміз. Пушкин айтады екен: «Ғасыр өздігінен алға жылжиды делік, ғалымдар, физика, медицина мен философия мен азаматшылдық жетіле және өзгере береді делік, ал поэзия болса, бір орнында қала береді, ескірмек емес, өзгермек те емес. Мақсаты – сол баяғы. Ендеше, ежелгі астрономия, физика, медицина мен философия өкілдерінің пайымдары, еңбектері, ашқан жаңалықтары көнеріп, күн сайын дерлік жаңғырып жатады. Тек нағыз ақындардың шығармашылығы сол баяғы соны, мәңгі жас күйінде сақталып қалуда. Жарықтық, поэзияны ғана емес, тура біздің бейнелеу өнерін де айтып отыр дерсіз. Біз суретшілер де сонау түрлі-түсті бояуды палитраға құйып, кенепке міндетті түрде натюрморт салып бастайтын үрдістен екі елі ажыраған жоқпыз.
– Қазақ, жалпы, бейнелеу өнерінің байыбына барып түсіне алатын дәрежеге жетті ме, яғни әлемдік суретшілер болсын, жалпы картиналарда берілген астарлы ойды ұға аламыз ба? Көпке топырақ шашқандай көрінетін де шығар, бірақ, шыны керек, осы саладан сауатымыз аздау секілді көрінеді маған, ал суретші, мына сізге ше?
– Өкінішке қарай, сіздің сөзіңізге қосылуға мәжбүрмін. Өйткені бейнелеу өнерінің өзі емес, еуропаша бейнелеу әдісі, яғни кенепке майлы бояумен ғажап көріністер салу бізге небары өткен ғасырдың орта тұсында ғана дендеп ене бастады. Олай болса, бір ғасырға жетер-жетпес кезде халқымыз тұтас бұл өнерге кірігіп, соны түсініп кете қоймаса, ол заңды да шығар. Мүмкін, жатсынамыз ба... Біз қазақ өзі «өнер алды – қызыл тіл» деп, айтыс, жыршылықты өнердің төресі санаймыз, қандай дауды болсын, қызыл тілмен қылыштай кесіп, тіпті сол арқылы үлкен соғыстан елді аман алып қалып отырған халықпыз. Сондықтан үнсіздікті серік еткен бейнелеу өнерін өзімсіне қоймады, кірігіп кетпеді деп ренжитін жөніміз жоқ. Картинаны жақсы түсініп, құнын білетін орта бар, тек өз суретшілерімізді дәріптейтін галереяларды көбейтіп, сол арқылы сурет өнеріне өз орнын тауып беру жағын көбірек ескерсек, жақсы болар еді. Осы тұста бізде «мына картина арқылы суретші осындай ой айтқысы келген» дейтін нәті қазақ, тілі қазақ, суретшілердің жанын жақсы түсінетін өнертанушылардың кемдігінен біз мешеу халде отырмыз. Арыға бармай-ақ, өз ішімізде ақшасын қайда жұмсарын білмей жүрген байшыкештер жетерлік. Солармен жақсы араласатын бір өнертанушы болса ғой, шіркін, ол жай ғана бір отырыс не салтанатты кештерде әлгі адамдарға қазақтың суретшілерін, небір ғажап картиналарын айтып жеткізсе, әлдеқашан біз өрге шығып кеткен болар едік. Мысалы, Мамонтов, Третьяковтар өздері суретші емес, көпес кісілер болғанымен, жандарында жақсы суретшілер жүргендіктен, Ресейдің ең керемет суретшілеріне тапсырыс беріп, болмаса солардың ең жақсы деген картиналарын сатып алу арқылы өздерінің галереясын ашып, тарихта олардың аты қалды. Міне, өнерді түсіну, өнерді қолдау, нағыз мәдениеттілік деп осыны айтыңыз, ал ол – өреден шығатын құбылыс. Ал біздің бүгінгі байшыкештер не істеп жүр, тойларында тікұшақпен қазақтың үстінен ақша шашып, соған жарыса жүгірген өз халқын мазақ етіп, мәз болып жүр. Солар Алматы не Астанадан галереялар ашып берсе ғой, біз қалай қуанар едік, жалпы, халықты қандай мәдениет биігіне ұмтылдырар еді. Жә, галерея ашпай-ақ, жай өздері қазақ суретшілерінің жақсы суреттерін сатып алып отырсыншы, олардың төңірегіндегі жандардың да соған қызығушылықтары оянып, сурет өнеріне деген құрмет туар еді. Ал жағдай керісінше болғандығының кесірінен небір ғажап суреттер шаң басып, жоғалып кетіп жүр, ал суретшілер құсалық кешіп, қылқаламын тастап кетіп жүр. Қасірет пе, әрине, белгілі бір дәрежеде.
– Қазақтың бейнелеу өнері сөз өнерінен кейін тұрады деп қалдыңыз, ал сөз өнері дегенде Алаш баласы алдымен Абайды ауызға алады. Қалай ойлайсыз, егер Абай ақын емес, суретші болғанда бейнелеу өнерінің жағдайы басқа болар ма еді, яғни қазақ сурет өнерінің Абайы жетпей жүрген шығар?
– Мәселе Абайда емес, себебі қазақтың сөз өнері о бастан мықты, Шалкиіз немесе басқа да жыраулардың кезінде-ақ тіл өз үстемдігін құрып, поэзия өз шыңына шығып қойған. Ал Абай тек реформатор. Сонысымен қазақты шыңға шығарып жіберді. Бізде бейнелеу өнері жоқтан бар бола салған жоқ, яғни түп-тамырына үңілсек, сонау далада үнсіз мүлгіген балбалтастар мүсін емей немене? Немесе таңбалы тастар, одан бергіде құрақ көрпе, қалы кілемдегі небір ою-өрнектер – сурет, сурет болғанда да, қазақтың ойды, сөзді таңбамен кодтауы дерлік бір тылсым құдірет. Біз тек еуропалық бейнелеу әдісін қабылдадық тағы, өзіміздің оған дейінгі ұлттық кодымыз жасырылған сурет өнеріміздің тілін ұмытып қалдық. Тағы да большевизмнің кесірінен. Мысалы, ғарыш кемесінен ашық кеңістікке шығатын ғарышкерлердің арасында бір түтікше болады ғой? Сол сияқты ата-бабамыз бен бүгінгі ұрпақты жалғап тұрар «түтікше» әлгі ою-өрнектегі ұлттық код болса, біз жазатайым сол «түтікше» қиылып, ашық кеңістікте адасып қалған ғарышкерлер секілдіміз. Өз тілімізді, өз өнерімізді менсінбеуіміздің сырын мен сол тамырымыздан қиылып қалғандығымыздан деп түсінемін. Бұл да сол кешегі большевизмнің «сендерде түк жоқ еді, біз адам қылдық» деу үшін, соған дейінгі қазақтың жазуын, әдебиетін, салт-дәстүр, ғасырлар бойғы ел басқару жүйесі, экономикалық қатынастарын жойып жіберуінің салдарынан. Тіпті қазақтың бүгінде өз ұлтына теріс айналып, менсінбейтін дәрежеге жеткені сол саясат. Ұлттың өзі іштей сұрыпталды, нағыз ұлтым деп шырылдаушылар сол жолда кетті де, орыстың саясында болса да күн көрем дейтіндер орысша сөйлеп, ұрпағын орыс мектебіне беріп, міне, әлі күнге біздің қазақ болуымызға мұрша бермей келе жатқан сол ұрпақтың ұрпақтары. Қазақы музыка, қазақы өнерге тежеу болып, тіпті кедергі келтіруге тырасатыны жасырын емес, орыс не Еуропаны ұлықтау арқылы. Ал ғайыптан тайып солар бір ғана сәтке өз ұлтының жанын, өнерінің мәнін, мағынасын түсінсе ғой, шіркін, қазақтың жайы керемет болып кетер еді.
Алашқа айтар датым...
– Еуропа бізден әлдеқайда бұрын қылқаламды үйреніп, ендігіде жиреніп, ойнап жүріп сурет салатын дәржеге жеткен, біз оны мойындауымыз керек. Тағы да қазақтан асқан дана жоқ: «Дүниенің басы – сайран, түбі – ойран» дейді. Сол айтқандай, олар басында ізденді, өлермендіктерге барды небір, ғасырлар бойы небір керемет тудырып, ендігідей кеңірдектеріне жетіп, ықылық ататын дәрежеге жетті. Тойған соң не істейді адам? Адам азады. Тойған ит тіпті тамағымен ойнайды да, шашып-төгіп, батыстықтардың бояуды шашып жіберіп, «шедевр» шығаруы сол «тойған иттің» ісі секілді нәрсе. Бірақ ол жарасады оларға, ал біздің әлі жетпей жатып, оларға еліктейтін еш жөніміз жоқ. Біздің де келуіміз мүмкін сол дәрежеге. Еліктегіш қазақ егер бір кіріссе түпнұсқадан асып түсетініне талай көз жеткізетін кезіміз болды ғой, мәселен, тіл меңгеруде. Ендеше, ертең-ақ «шимайдың» көкесін көрсететініне мен сенемін, бірақ ол дұрыс даму сатысымен жүруі шарт, әйтпесе адасамыз.
Оқшау ой
Бірде мен таң қараңғысынан көшеге шықтым. Тағы да қыс. Мен жұмысқа асығып барамын, алдымда бір балықшы кетіп барады, қармағын асынып. Неге екен, тырқ етіп күлдім әлгіге. Ойымда «байғұс, осыныкі не өмір, қазір барады да, көл бетінде қатып жатқан тоңды тесіп, күні бойы сол тесіктің түбіндегі қармақты аңдумен отырады. Не ұтады?» деген сауал тұрған. Бірақ артынан мен өзіме күлдім. Себебі балықшы да болса, оның күні менен жақсы екен, себебі ол ашық аспан астында, өз ойымен өзі, ғаламның кеңістігін бар жан-тәнімен сезініп отырады. Әрі балық аулап олжа табады. Мен ше, мен күні бойы бояу сасыған бөлмеде, өзге түгіл өзім білмейтін бір бейнені келтіре алмай қара терге түсемін. Кімнің күні артық, ендеше? Әрине, балықшының. Осыны ойлауым мұң екен, өз халіме өзім күліп, соңы күрсініске ұласты.
Автор: Мәриям ӘБСАТТАР
"Алаш айнасы" газеті