Отбасылық құндылық: Заң түзелді. Қоғам түзелді ме?
Соңғы бірнеше айда танымал Орта Азиялық медиалар әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың көбеюі туралы көп жазып, көрсетіп жатыр. Біздің Қазақстанда, Орта Азияның ең Еуропаландырылған және табысты елінде де бұл проблема өте өзекті.
Отандық бұқаралық ақпарат құралдарында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың нешетүрлі сұмдық оқиғаларын естіп, көріп те жүрміз. Тіпті соңғы Бишімбаев оқиғасынан кейін елде қоғамдық пікірталас өршіп тұр. Бұл мәселені шешудің өз нұсқасын мемлекет те, азаматтық қоғам да ұсынып жатыр, бірақ олардың күш-жігері жағдайды өзгерту үшін әлі жеткіліксіз. Тұрмыстық зорлық-зомбылық Қазақстанда мемлекеттік маңызы бар проблемаға қалай айналды және билік оны неге шеше алмайды?
Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары қалай қорғалып жатыр?
2009 жылы Қазақстанда «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы» заң қабылданды. Ол мемлекеттік органдар мен мекемелерді тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына қамқорлық жасауға және оларға кеңес беру, медициналық және заңдық көмегін қоса алғанда, қажетті қолдау көрсетуге міндеттейді.
2017 жылға дейін Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайлары үшін қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша – денсаулығына жеңіл зиян келтіргені және ұрғаны үшін тартылуы мүмкін. Жаза қамауға алуды, айыппұлды, түзеу немесе қоғамдық жұмыстарды қамтыды. Бірақ сол жылдың шілдесінде елде осы баптарды қылмыссыздандыратын заң қабылданды, ұрып-соғу және денсаулыққа жеңіл зиян келтіру Әкімшілік құқық бұзушылыққа айналды.
2020 жылдың қыркүйегінде Қазақстан Парламенті «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасын қарады. Құжат қазақстандық қоғамда қызу пікірталас тудырды, нәтижесінде ол кері қайтарылды. Әзірлеушілер қазіргі редакцияда зорлық-зомбылықтың алдын-алу шаралары жұмыс істемейді және оларды нақтылау қажет деп санады. Әлеуметтік желілерде де қызу пікірталастар басталды.
2022 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тағы да тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесіне қайта оралды. Президент тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жазаны қатайтуды ұсынды. Тиісті заң жобасы қазір парламентте қаралуда.
Қоғамдағы өзгеріс қандай?
Қоғамдағы тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесіне деген көзқарас та өзгеруде. Гендерлік зорлық-зомбылықтың алдын алу жөніндегі халықаралық кеңесші Халида Әжіғұлова биылғы жылы қазақстандықтар тұрмыстық зорлық-зомбылықты криминализациялау туралы петицияларға белсенді түрде қол қоя бастауы осының көрсеткіші деп санайды. Мәселен, 2020 жылы тұрмыстық зорлық-зомбылықты қылмыстық жауапкершілікке тарту және тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы жаңа заң қабылдау туралы петицияға 100 мыңға жуық қол жиналған. Биыл да осындай петиция бір-екі күнде 150 мың қол жинады.
«Алдымен тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары өз мәселесін айта бастады. Дәл осы әйелдердің үні менталитетімізді өзгерте бастады. Соққыға жығылу ұят емес, зорлықшы болу ұят. Әрине, бұл жаңа менталитет әлі қалыптасу сатысында», - дейді гендерлік зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша халықаралық кеңесші Халида Әжіғұлова.
Сонымен қатар, жаздың соңында Қарағандыда Қазақстандағы алғашқы «әйелдер полициясы» бөлімшесі ашылды. Жалпы қала бойынша тергеу, ювеналды полиция, сот орындаушылар функцияларын біріктіретін әйелдер полициясы бөлімі жұмыс істейді.
«Әйелдің әйелмен қарым-қатынасы мүлде басқа, қарым-қатынасы жақсы. Ер адам жәбірленуші әйелден кейбір сәттер туралы сұрағанда, ол ештеңе айтпауы мүмкін. Мәселе зорлық-зомбылық құрбаны өзін қорғалған сезінуі керек», - дейді облыстық полиция департаментінің басшысы Санжар Әділов.
«Әйелдер полициясының» өзі Бірыңғай отбасылық көмек орталығының (USFC) жеңілдетілген атауы. Ондағы 14 кабинетте психологтар, заңгерлер, сот орындаушылары, ювеналды полиция қызметкерлері, теологтар, волонтерлар, медиаторлар, әлеуметтік қызметкерлер және т.б. барлығы тек әйелдер.
Белсенділер не дейді?
Түзетулердің кейбірі шын мәнінде тиімді болуы мүмкін. Мәселен, ІІМ Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Руслан Қаржаспековтің айтуынша, енді хаттама жасау үшін бейнебақылау камераларынан түсірілген жазу немесе куәгерлердің айғақтары жеткілікті болады. Бұл жәбірленушілерді стигматизациядан қорғауға көмектеседі, сонымен қатар тұрмыстық зорлық-зомбылық жасағандарды жауапкершілікке тартады.
Бұған дейін жәбірленушінің арызынан кейін ғана жауапқа тарту мүмкін болғандықтан, 2023 жылы зорлық жасағандардың 17 пайызы ғана жазаланған.
Сондай-ақ, Қаржаспековтің айтуынша, былтыр 5 мың отбасылық зорлық-зомбылық қылмысы бойынша тергеу тараптардың сотта татуласуына байланысты тоқтатылды. Көбінесе жәбірленушіге туыстары мен агрессордың өзіне қысым көрсету себеп болды. Қазіргі түзетулермен бұл мүмкін емес жағдай.
Тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресу бойынша анықтау жүйесінің тәжірибесі шынымен де тиімдірек болғанымен, сарапшылар түзетулер елдегі тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесін шешпейтінін айтады. Мысалы, негізгі мәселе шешілген жоқ: тұрмыстық зорлық-зомбылық әлі де қылмыссыздандырылған.
Құқық қорғаушысы Халида Әжіғұлова Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресудің екі негізгі әдісі бар екенін айтады, олар Қазақстанда төмен деңгейде қалып отыр. Бұл – азаматтарды тәрбиелеу және қылмыс үшін лайықты жаза.
Ал адвокаттар одағының төрағасы Серік Беркамалов ұрып-соғуды декриминализациялау құқық бұзушылық санының екі есеге дерлік артуына әкелді деп есептейді. Оның үстіне тұрмыстық зорлық-зомбылық жеке қылмыс ретінде әлі анықталмаған.
«Феминита» қазақстандық феминистік бастамасының тең негізін қалаушы Жанар Секербаева қазіргі заңнамаға түзетулер енгізу ғана емес, балалар мен әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың кез келген түрі үшін жазаны күшейтетін жеке заң қажет деп санайды.
Сонымен қатар, ол физикалық зорлық-зомбылықтан басқа: экономикалық, мәдени, психологиялық зорлық-зомбылық түрлеріне назар аудару қажет деп санайды. Қоғам белсендісінің айтуынша, заңдағы түзетулер жеткіліксіз.
«Бұл заңға қатаң жаза енгізбейінше, өкінішке қарай, жағдай сол күйінде қала бермек», - дейді Жанар Секербаева.
Дайындаған Назерке Алтайқызы
Abai.kz