Сенбі, 23 Қараша 2024
Қоғам 2450 0 пікір 25 Ақпан, 2024 сағат 18:57

Гендерлік саясаттағы әйелдердің рөлі қандай?

Мемлекетіміз отбасылық және гендерлік саясатты жүзеге асыруда ауыз толтырып айтарлықтай жетістікке жетті. Қазіргі таңда елімізде гендерлік саясатты қалыптастыруда, оны жүзеге асыруда, бұқаралық сананы нығайтуда жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Гендерлік саясат қандай сипатқа ие? Отбасылық және гендерлік саясат дегенді қалай түсінесіз? Гендерлік саясаттағы әйелдер қауымының рөлі қандай? Бұл жайлы еліміздің дамуына елеулі үлес қосып жүрген нәзік жандылардан білдік.

Кәсіпкер әйелдердің саны артуда

Сурет спикердің жеке мұрағатынан алынды

Руфина Иманбакиева, экономист:

- Гендерлік саясатты дамытуды мемлекет пен қоғамның  негізгі құрылымын дамыту деп білемін. Ең алдымен азаматтық қоғамды, отбасылық институтты, саяси жүйені гендерлік тұрғыдан айқындап алуымыз керек. Көбісі гендерлік саясат дегенді әйелдердің қоғамдағы рөлінің жоғары болуы деп қате айтады. Шын мәнісінде гендерлік саясаттың ұғымы гендерлік теңдікке қол жеткізу. Өздеріңіз білесіздер, бұрын әйел адамдар білім алмайтын, жоғары қызметке лайық саналмайтын. Бұл ұғым сол заманның еншісінде қалды. Қазір еліміз гендерлік саясатты жан-жақты дамытуды қолға алды. Бүгінде ерлер мен әйелдер тең дәрежеде әр салада қызмет атқаруда. Тіпті Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев әйелдер қауымын мемлекеттік қызметте көбейтуді, олардың жауапкершілігінің жоғары болатынын атап өткен болатын. Президентіміздің әйелдер қауымына артқан сенімі орынды, өйткені нәзік жандылар да қай сала болмасын белгілі бір жетістіктерге қол жеткізіп келеді.

Гендерлік саясат дегеніміз-тең дәрежеде ерлер мен әйелдердің қоғамды бірлесіп дамытуы. Бұл саяси жүйеде ерді әйелден ерекшелеп, немесе әйелді ерлерден биік қою емес. Бұл дегеніміз екі жақ та тең дәрежеде өз құқықтары мен мүмкіндіктерін біркелкі пайдаланып, қоғамның дамуына, еліміздің алға қарай жылжуына үлес қосуы деген сөз. Қазіргі еліміздегі гендерлік саясаттың біршама өзіндік ерекшеліктері мен мүмкіндіктері бар. Бізде  саяси  аренадағы көшбасшылардың, мемлекеттік қызметтегілердің гендерлік саясаттағы  теңсіздігі жиі айтылады. Дегенмен осы бағытта саяси мүдденің әлсіздігі байқалады.  Әсіресе саясат кеңістігінің әйелдер үшін  тар кеңістік екені білінеді. Біз осы жерден гендерлік саясат нысандарының теңсіздігін байқай аламыз. Өздеріңіз байқайтын боларсыздар, іс жүзінде қазақстандық әйелдердің экономикалық мәртебесі  ерлерге қарағанда неғұрлым төмен.

Сондықтан бизнесте болсын, қаржылай қорлар шоғырланған немесе саяси элита қалыптасатын салаларда, осыларға қатысты мамандықтарда       әйелдердің аз екендігі қатты байқалады. Біз бұл жерде ерлер мен  әйелдердің өзіндік психологиялық ерекшеліктері мен моральдық құндылықтарына сай бөле қараймыз.  Біздің мемлекетімізде жаңа экономикалық қатынастарға өту аясында әлеуметтік салада маңызды әрі оңтайлы өзгерістер орын алды. 1990 жылдан кейін  гендерлік саясатқа басқаша тұрғыдан қарау қажеттілігі туды. Бүгінде гендерлік қатынастар толықтай  трансформациядан өтті. Бұл беталыс үлкен сипатқа ие.

Елімізде отбасылық және гендерлік саясатты жүзеге асыруда бірнеше бағыттар қолға алынды. Олар: ең алдымен  қоғамдық-саяси өмірдегі  гендерлік теңдік, экономикалық гендерлік теңдік, гендерлік білім, құқықтық және гендерлік ағарту, ерлер мен    әйелдердің репродуктивтік денсаулығын нығайту, қоғамда жынысқа байланысты тұрмыстық зорлық- зомбылыққа жол бермеу, отбасын нығайту және отбасындағы тәрбиенің рөлін күшейту, гендерлік-сезімтал қоғамдық сананы жетілдіру. Менің ойымша, бұл бағыт тардың барлығы елімізде гендерлік теңдікке қол жеткізу жолында маңызы зор.

Жауапкершілік теңдей болуы керек!

Сурет спикердің жеке мұрағатынан алынды

Меруерт Сүлейменова, AMANAT партиясы Алматы қалалық филиалы қоғамдық қабылдау бөлімінің кеңесшісі:

- Отбасылық және гендерлік саясатты дамыту дегеніміз еліміздегі белгілі бір белгіленген нақты бағыттарды жүзеге асыру. Бүгінде қоғамды дамытуға үлес қосуда ерлер мен әйелдердің үлесі тең дегім келеді. Жұмысым халықпен тікелей байланысты болғандықтан,  мүмкіндігінше белсенді қызмет еткім келеді. Бізге көп балалы аналар, жағдайы төмен отбасылар, тіпті жұмыссыз азаматтар келіп өз мәселелерін айтады. Барлығын жіті тыңдап, барынша мәселесінің шешілуіне мұрындық боламыз. Айтпағым қоғамдағы қандай мәселе болмасын, шешуі керек түйін болсын әйел адамдар көбірек жүгінеді. Олар тіпті жауапкершілікті өз мойнына алуға дайын. Тіпті көмек сұрап келетіндердің ішінде де белсенділері әйелдер. Қазір біз қоғамда әйелмен ерлердің дәрежесі тең дейміз. Бірақ қарап отырсақ, баласынан бас тартқан ана, алимент төлеуден қашқан әке. Көп балалы отбасына көмек сұраған ана, ал осы қиындықты әйел мойынына артып кеткен әке. Міне біз ерлер мен әйелдердің қоғамды дамытудағы кері әсерлерін салыстырмалы түрде айтып отырмыз. Ер де әйел де тең дәрежеде жауапкершіліктен жалтарып отыр. Біз бұл жерде ерлердің әйелдерден жауапкершілігі жоғары деп айта алмаймыз.

Яғни саралай келген кезде екі жақ та тең дәрежеде бірдей үлес қосуда. Сондықтан ер де, әйел де өзінің жауапкершілігін сезінуі керек. Отбасылық гендерлік саясатты дамыту дегеніміз ең алдымен ердің де әйелдің де өз рөлін айқындау. Екі тарап та тең дәрежеде қоғамның дамуына, еліміздің өркендеуіне, гендерлік саяси бағытты дамытуға үлес қосуы керек деп ойлаймын. Өкінішке орай, бизнес пен кәсіпкерлікті дамытуда ерлердің үлесі басым. Үкімет пен Парламентте де, саяси аренада да ерлердің салмағы жоғары. Соған қарамастан нәзік жандылар да қоғамның дамуына елеулі үлес қосып келеді. Қазір бизнес саласында да жетістіктерге жзетіп келе жатқан әйелдер бар. Қоғамның белгілі бір бөлшегіне айналып, саяси аренада да  өзінің қажеттілігін көрсетіп жатқандары бар.

Елімізде 2019 жылы қыркүйек айында Қазақстанның әйелдер күштері Альянсы құрылып, өз қызметін бастаған болатын. Альянсқа әйел мен баланың құқығы,  отбасылық гендерлік теңдік пен  саясатт,  әлеуметтік әрі экономикалық қоғамда әйелдер үшін ортақ  проблемалармен  айналысатын 20 үкіметтік емес ұйым кірген болатын. Одан бөлек  Альянс еліміздегі әйелдердің саяси аренадаға қызметін реттеп, гендерлік саясатты дам ытуға  жағдай жас ауға күш салуда. Сонымен қатар еліміздің әлеуетін арттыруға  кәсіпкер әйелдердің ұйымы құрылып, нәзік жандылардың әрі қарай дамуына мұрындық болатын жыл сайын форум мен түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда. Бұл дегеніміз еліміздің болашағына бей-жай қарамайтын нәзік жандыларды жан-жақты дамытуға арналған  жұмыстардың бір ізге түскендігін аңғартады.

Гендерлік саясатты дамыту - заман талабы

Сурет спикердің жеке мұрағатынан алынды

Захра Маханова, кітапханашы:

- Біз бүгінде технологияның қарыштап дамып, жаһандану кезеңінде өмір сүріп жатырмыз. Ал бұл заманның өмір сүру қарқыны мен талаптары да өзгеше. Бүгінгі нарықтық  заманда, әсіресе, ірі қалаларда тіпті ауылдық өңірлерде  көптеген отбасыларда тек ер адамның табысы жеткіліксіз. Сондықтан  қазір   күйеуі  мен әйелі тең дәрежеде жұмыс істеп, екі жақтан отбасын асырауға белсенді кірісіп кетті.

Қай сала болмасын әйелдер де еркектермен иық теңестіріп тең дәрежеде қызмет етіп жатыр. Бұл заман талабы. Әйел адам еріккенінен шыққан жоқ жұмысқа. Ол да ері мен бірге отбасы құндылықтарын сақтай отырып, отбасын алға қарай жылжытуға міндетті. Осы жерден барып гендерлік саясат туралы әңгіме қозғауға болады. Қазіргі таңда Президентіміз де әйелдердің қоғамға араласуына жол ашып отырғаны тегін емес. Әйелдер де  лауазымды қызмет атқарып, білім алып, кәсібін ашып, мемлекетіміздің дамуына өз үлесін қосуда. Байқағанымыздай  мемлекеттік қызметте де әйелдердің үлесі артып келеді. Бұл бір жағынан ер адамдардың қызметін алып алды дегенге келмейді. Гендерлік саясаттың көздегені де осы емес пе. Ерлердің де, әйелдердің де саяси орнын теңестіру. Түйіндей келе , әйел - қоғамның тірегі. Біз бірлесіп тең дәрежеде қызмет ету арқылы қоғамды дамыта аламыз.

Мемлекетіміздің басты байлығы ана мен бала!

Сурет спикердің жеке мұрағатынан алынды

Мақпал Ноғайбаева, журналист:

- Отбасылық гендерлік саясат қағидаты біздің елімізде ерекше мәнге ие. Гендер дегенді көбісі әйел адамның билікке таласуы деп түсінеді. Ол қате ұғым. Гендерлік саясат дегеніміз- ер адаммен әйел адамның қоғамдағы өзара тең қарым-қатынасы. Біздің халқымыздың менталитетінде ер адамды сыйлау, үлкенді құрметтеу, әйел адамның отбасындағы орны, тәрбие мен тәлім деген этногендерология қалыптасқан. Сондықтан біздің халқымыздың өз гендері қалыптасқан. Тарқатып айтатын болсам, бізде отбасылық гендерлік саясатты жүзеге асыруда отбасы құндылықтарының сақталуы маңызды. Елімізде ерлер мен әйелдерге белгілі бір міндеттер жүктеледі.

Қазір ерлермен бірге әйел адамдар да тең дәрежеде қызмет етуде. Одай дейтінім, әлуметтік сала болсын, экономикалық әрі саяси салада да әйел адамдар ерлермен бірдей жұмыс істеуде. Бүгінде мынау еркектің жұмысы деп ерекшеленетін мамандықтар жоқ. Ауыр техника болсын, ұшақ болсын, тіпті кранды да әйелдер жүригізуде. Бұл нені білдіреді. Көбісі әйелдерді еркектердің рөлін басып алды деп жатады. Әрине бұл қате ұғым. Қазіргі нарықтық заманда әйел адамдарға да үлкен жауапкершілік артылып отыр. Ол жауапкершілік отбасының материалдық қажеттерін өтеуге бағытталған. Қазір қоғамда өз еңбегімен отбасын асырап жатқан әйелдер қауымы  бар. Біз бұл жерде ерлердің жаупкершілігі жоқ дейп айтудан аулақпыз. Тек гендерлік саясат тұрғысынан алғанда екі тараптың да тең дәрежеде құқылы екенін айта аламыз. Байқағанымыздай  саясатта да әйелдердің үлесі жылдан жылға артып келеді. Бүгінде мемлекеттік қызметтегі нәзік жандылардың үлесі 45 пайызға жетті. Билікте де әйелдердің жұмыс істеуіне жол ашылды. Қоғамды дамытуда әйелдердің де үлесі бар деген сөз. Отбасылық гендерлік саясаттың негізгі бағыттарына: тұрмыстық зорлық-зомбылықты болдырмау, суицидтің алдын алу, ажырасу, балалар тәрбиесі сынды мәселелер кіреді. Президентіміз отбасылық гендерлік саясатты дамытуға арнайы бағдарламалар ұсынды. Қазіргі таңда Президент жанынан Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия жұмыс істейді. Әйелдерді қорғауға арналған республикамыздың барлық қалаларында кризистік лорталықтар жұмыс істейді. Мемлекетіміз әйелдерді жан-жақты қолдауға жүйелі бағдарламалар қалыптастырған. Әрине әйел адамға артылатын жүк ауыр. Өйткені отбасының ұйытқысы әйел адамдар. Бірақ бұл әйелдердің ерлерден дәрежесі жоғары екенін білдірмейді. Дегенмен көптеген қиындықтарға, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырап жататындар әйелдер. Жақында өздеріңіз білесіздер тұрмыстық  зорлық-зомбылық жасағандар мен педофилдерге  заң қатаңдатылды. Оларға тиісті жаза да қатаң болады. Бұл мемлекетіміздің нәзік жандылардың өміріне назар аударып, мәселесіне үңілгендігін көрсетеді. Гендерлік саясатты дамытуда нақты бағыттар жүзеге асырылуда. Президентіміздің «Аңсаған сәби» жобасын жүзеге асыруы да болашағымызға алаңдаушылық білдіруінен деп білеміз. Мемлекетіміздің басты байлығы ана мен бала.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371