Тоқаев пен Әлиев Транскаспий бағытының маңыздылығын көрсетті
Наурыздың 12 күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты Физули қаласының әуежайында Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев қарсы алды.
Мұнда екі ел президенттері Құрманғазы атындағы Балалар шығармашылығы орталығының ашылу салтанатына қатысты. Сондай-ақ жергілікті халықпен кездесіп, алдағы уақытта салынатын Физули қалалық Орталық ауруханасының жобасымен танысты.
Заманауи инновациялық орталық Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қазақстандықтардың атынан бауырлас әзербайжан халқына гуманитарлық тарту ретінде қысқа мерзім ішінде салынды.
«Бұл – Қазақстан халқының тартуы. Менің жеке тапсырмам бойынша аталған сыйлықты жекеменшік BI Group компаниясы бүкіл халықтың атынан шын жүректен ұсынып отыр. Орталық елдеріміз арасындағы жан-жақты байланыстарды нығайтуға қызмет етеді деп ойлаймын. Сіздерге табыс пен бақ-береке тілеймін. Әзербайжанның осы қасиетті өлкесі қарыштап дами беретініне сенімдімін», – деді Қазақстан президенті Физули жұртшылығымен әңгімелесу кезінде.
Бұдан кейін екі ел басшылары Шуша қаласындағы әлеуметтік-мәдени және басқа да нысандарды аралап көрді, Қарабақ тау жотасының баурайында орналасқан қаланың бас жоспарымен танысты. Содан кейін екі ел президенттері аймақтың көрнекті жерлерін, оның ішінде орталық алаңды, «Саатлы» мешітін, тау қыратындағы «Джыдыр дюзю» алаңын, «Бюль-Бюль» мұражай-үйін, жалпыұлттық көшбасшы Гейдар Әлиевтің 100 жылдығына орай ұйымдастырылған фотокөрмені және тағы да басқа тарихи орындарды аралап көрді.
Шуша шаһары ежелден әзербайжан мәдениетінің алтын бесігі саналған. Қала заманында гүлденіп, поэзия, көркемөнер және сәулет өнері дамыған орталық болған.
Бүгінде мұнда инфрақұрылым салу және қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Қазірдің өзінде бірнеше қонақ үй, музей және мешіттер бой көтерген. Тұрғын үйлер, білім беру мекемелері, әлеуметтік нысандар, шіркеулер салынып, жөнделуде. Сонымен қатар түрлі сала мамандарының қатысуымен нысандарды бағалау және түгендеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
«Альтернатива» өзекті зерттеулер орталығының директоры, саясаттанушы Андрей Чеботарев Қазақстанның Қарабаққа назар аударып отырғанының себебін белгілі бір кезеңде Астананың Әзербайжан мен Армения арасындағы әскери-саяси қақтығысты реттеу үдерісіне қатысқандығымен байланыстырады. Саясаттанушының айтуынша, Астананың мұндай әрекеті 2010 жылы, Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткен кезде байқалды.
«Астана қақтығысты шешуде ат салысқанымен айтарлықтай нәтиже болмады, бірақ соған қарамастан Қазақстан бүгінде Оңтүстік Кавказда бейбітшілікті нығайтуға дайын»,- дейді саясаттанушы.
Бақылаушылардың екінші бір бөлігі Қазақстанның Қарабаққа көмектесуін екі халықтың жақындығымен, туыстығымен түсіндіреді.
«Қазақтар мен әзірбайжандар түркі тектес халықтар, бауырлас халықтар. Қазақстан халқының басым бөлігі Таулы Қарабақ мәселесінде Әзірбайжанды қолдады және біз бұл елдің аумақтық тұтастығының қалпына келуін құптаймыз. Бұл символдық қадам ғана емес, түркі бірлігі мен ынтымағы идеясына берік екенімізді білдіретін саяси месседж. Оның үстіне, прагматикалық тұрғыдан алғанда, бұл бізге Ресей мен Қытай сияқты Қазақстандағы басқа ықпал орталықтарына қатысты тағы бір тепе-теңдікке ие болу мүмкіндігін береді. Түркия сияқты күшті геосаяси ойыншысы бар түркі векторы біз үшін тәуелсіздігіміз бен аумақтық тұтастығымызды сақтау үшін өте маңызды»,- дейді саясаттанушы Айдар Әмребаев.
Сарапшылар Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әзербайжанға жасаған сапары нәтижелі болды деп санайды. Себебі осы кездесу барысында екі ел жетекшілері күллі әлемге Шығыс пен Батысты байланыстыратын Транскаспий халықаралық көлік бағытының қаншалықты маңызды екенін көрсетті.
«Әзербайжандық транзит Қазақстан экономикасы үшін өте тиімді. Болашақта бұл транзит әлемнің геосаяси картасын өзгертіп, Қазақстанды жетекші транзиттік державалардың біріне айналдыра алады. Қазақстан мен Әзербайжан президенттері Қасым-Жомарт Тоқаевпен Ильхам Әлиевтың Қытайдың Сиань терминалынан Бакудегі Апшерон станциясына контейнерлік пойыздың келу рәсімін бейнебайланыс арқылы тамашалауы кездейсоқ емес. Бұл Әзербайжан транзитінің жұмыс істейтіндігін және түрлі жүктерді қабылдай алатынын көрсетеді. Шын мәнінде, екі президент Шығыс пен Батысты байланыстыратын Транскаспий халықаралық көлік бағытының қаншалықты маңызды екенін күллі әлемге паш етті», - деді Әзербайжан геосаяси зерттеулер орталығының жетекшісі Тахир Джафарли қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбатында.
Мамандардың айтуынша, Транскаспий бағыты жылдан жылға ауқымын ұлғайтып жатыр. Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының бас сарапшысы Әділ Қаукеновтың айтуынша, 2022 жылы тасымалдау көлемі екі есе өсті, 2023 жылы өсім 65 пайызды құрады. Сонымен қатар, бұрын бұл бағытпен жөнелтілмеген жаңа өнімдер тасымалдана бастады, мысалы, Германияға мұнай жіберілді. Осыған сәйкес, ел басшылары тауар айналымын барынша арттырып, 10 миллион тоннаға жеткізу міндетін қойды. Ал, Қытай – бұл бағыттың басты клиенті.
«Әзербайжан екіжақты қарым-қатынас тұрғысынан ғана емес, ірі аймақтық және континенттік жобалар тұрғысынан да зор қызығушылық тудырады. Президент атап өткендей: бұл Каспий теңізінің түбі арқылы талшықты-оптикалық байланыстарды тарту. Бүгінде ауқымды жобалардың бірі – Транскаспий жолы немесе Орта дәліз. Бұл бірқатар елді ғана емес, сонымен қатар аймақтарды байланыстырады. Орта дәліз порттар мен өндірістік алаңдарды, бірінші кезекте Шығыс Азиядағы, атап айтқанда Қытайды Еуропа және Таяу Шығыс аймақтарымен байланыстыратын жаңа бағыт болды. Демек, бұл бағыт арқылы бірнеше өңір бірден өзара байланыс нүктесін тапты», – деді Әділ Қаукенов.
Сарапшылардың пікірінше, көздеп отырған бағыттар тиімді болу үшін, бұл бағытқа бизнесты тарту мақсатында көп жұмыс істеу керек. Мұндай пікірді саясаттанушы Айдар Әмребаев ұстанып отыр.
«Мәселен, көптен бері айтылып келе жатқан Қазақстан аумағы арқылы өтетін халықаралық тар табанды темір жол құрылысының өзектілігі. Бұл Қорғастағы шекарамызда және одан әрі еуропалық тар габаритті нарыққа тауарларды жеткізу кезінде айтарлықтай қаржылық және уақыттық шығындарды болдырмауға мүмкіндік беретіні анық. Бүкіл Орталық Азиядағы теміржол желісін бірыңғай стандарттармен және цифрландырылған басқару жүйелерімен байланыстыру және кеңейту қажет. Осы түрлі шығындар мен проблемалардың барлығын жеңген кезде бұл бағыт Еуразия орталығындағы нақты әрі тиімді көлік-логистикалық хабқа айналуы мүмкін, бұл аймақтағы барлық елдердің, соның ішінде біздің және Әзірбайжанның да мүдделеріне сай болады.
Оның жалпы Оңтүстік Кавказ елдері үшін үлкен маңызы бар екенін атап өткім келеді, өйткені Таулы Қарабақтағы «44 күндік соғыстан» кейін Әзірбайжан өзінің бастапқы аумағын толығымен қалпына келтірді және осы ортақ аймақтың соғыстан кейінгі дамуы алдында тұр. Менің пікірімше, Оңтүстік Кавказ елдері арасында сыртқы күштердің қатысуынсыз мүдделі тараптар келіссөз жүргізуі керек. Осы арқылы аймақтағы жағдай ақырындап реттеледі, тұрақты, қауіпсіз және тиісінше экономикалық тұрғыдан гүлдене тусуі керек. Дәл сол Арменияның саяси өзін-өзі тануы мәселелері бар екеніне қарамастан, егер сіз халықтың өмірін реттеу, экономикалық мүдделер тұрғысынан, оңтүстік елдермен өзара әрекеттесу тұрғысынан түбегейлі қарасаңыз. Кавказ Армения үшін өте маңызды – Грузиямен де, Әзірбайжанмен де өзі орналасқан көлік-логистикалық тығырықтан шығу үшін. Егер Армения прагматикалық тұрғыдан әрекет ете алса, ал Оңтүстік Кавказ біртұтас және ішкі интеграцияланған экономикалық аймақ ретінде шықса, онда, әрине, аймақтың әлеуеті жақсы. Ірі нарықтармен өзара іс-қимылдарды ашу және дәліздер құру мүмкіндіктері бар. Өңір өте тез көтерілуі мүмкін, бар болғаны байсалды есеп пен кейбіреулердің саяси амбициясын қанағаттандырмай, адамдардың өмірін жақсартуға бағытталған күш-жігер қажет»,- дейді саясаттанушы.
Abai.kz