Сенбі, 23 Қараша 2024
Абай мұрасы 1503 1 пікір 13 Наурыз, 2024 сағат 16:08

Сенім мен иман

Сурет автордың жеке мұрағатынан алынды

Рухани жетілу жолында сенім мен иманның маңызы өте үлкен. Олар бірімен бірі тығыз байланыста. Сенім болмаса иман жоқ, ал иман болмаса рухани жетілу мүмкін емес. Сондықтан, сенім мен иманның айырмашылығын, және олардың өзара байланысын жақсы білуіміз керек.  

Сенім. Қандай әрекет болса да әуелі оның нәтижесіне деген сенім керек екені белгілі. Рухани жолда сенім болмаса, жасалған ғибадат өзінің рухани мәнінен айырылып, қарапайым әрекетке,  яғни, ритуалға айналып кетеді. Исламда сенім иман деп аталып, имансыз жасалған әрекеттердің барлығы рухани тіректен айырылып, материалдық бейне алады, нәтижесі болмайды.

Сенім дегеніміз не? Сенім ақпарат емес. Ақпарат сезім мүшелерімен қабылданып, ақылмен сараланып, ес арқылы түйсікке жеткенде ол сенімге айналады. Түйсік дегеніміз ақпараттың жүрекке, яғни жанға жетуі. Жан қабылдаған ақпарат сенімге айналады. Ақпарат уақытша. Ол уақыт ықпалымен ұмытылады. Сенім тұрақты, уақыт оған әсер ете алмайды. Себебі, нағыз сенім мәңігілікті жан қасиеті.

Бірақ сенім әуелгі ақпараттан, яғни, танымнан басталады. Мысалы, нәресте жарық дүниеге келіп, көзін ашқан сәтінде ең әуелі анасын көреді. Анасының бар екенін көріп, оны танып, бар екеніне сенім пайда болады. Анасының күнделікті қамқорын көріп, ол сенім анасына деген сүйіспеншілікке ұласады. Өсе келе қоршаған ортамен танысып, бұл таным болмыс көріністеріне деген сенімге ауысады. Ой өрісінің жетілу барысында бұл көріністердің бір жаратушысы барын танып, сенім ұлғайып, Аллаға деген махаббатқа айналады. Осылай бүкіл Болмыстың, оның ішінде адам өмірінің негізгі мақсаты орындалады. Рухани жетілу жолында Болмыс көріністерінің осындай үлкен маңызы бар.

Иман. Сенім араб тілінен енген иман деген сөзбен де анықталады. Бірақ, араб тілінен енген сөздер Алламен байланысты болғандықтан, олардың мағынасы рухани деңгейде. Иманның мағынасы сенімге қарағанда өте кең.

Әлемнің заттық бөлігін қабылдау сенім  болса, ал ол әлемнің бір Жаратушысы барына сену иман болып табылады. Сенім мен иманның негізгі айырмашылығы осында жатыр. Сенім материялық әлемге жатса, ал иман рухани әлемге жатады. Иман бүкіл Болмысты толық қамтитындықтан, ол сенімнен жоғары.  Көптеген ғалымдар заттық әлемді зерттеп тану арқылы ой жүйесінің эволюциялық дамуы барысында бір Жаратушы барына сеніп иман дәрежесіне көтерілген.

Сенім иманға айналуы үшін ақпаратты әуелі тән арқылы, одан ақыл арқылы, ал ең жоғарғысы жан арқылы бекіту керек. Жоғарғы Ғазиз Жанды адам өзінің шыбын жанымен қабылдағанда ол Алланы таниды. Рух бөлінбейтін тұтас болғандықтан, жан тазарып Алламен бірігеді. Бұл деңгейді әр дінде әртүрлі, мысалы, сопылар «Ана-ал-Хақ», яғни «мен Құдаймын»  деп атайды. Осылай иман өзінің жоғарғы деңгейінде Аллаға деген махаббатқа айналып, жан Түп Иеге қайтады.

Түп Иеге қайту жолының түрлі деңгейлері бар екен. Олар: а) сезімдер арқылы ақпарат алу; ә) ақпарат арқылы тану; б) тану арқылы сенімге ие болу; в) сенім арқылы бір Жаратушы барына сеніп, иманға жету; г) иман арқылы Жаратушымен байланыс орнату; д) байланыс арқылы Жаратушыға деген сүйіспеншілікке жету; е) сүйіспеншілік арқылы Түп Иеге қайту. Адам өмірінің негізгі мақсатына жетуінің осындай жеті деңгейін көрсетуге болады. Бұлар рухани жолға ғана емес, дүниелік өмірге да ортақ деңгейлер. Мысалы, қандай әрекет болса да әуелі ол мақсат туралы ақпарат алып, оны ойда қорытып, орындалатынына сенім пайда болып, сонан соң ғана іске кірісіп, мақсатқа жету керектігі кімге болса да түсінікті болса керек.

Иманның не екенін Абай отыз сегізінші сөзінде былай деп түсіндіреді.

Әуелі дін исламның жолындағы пенделер иманның хақиқаты не сөз екенін білсін. Иман дегеніміз бір ғана инанмақтық емес, сен Алла тағаланың бірлігіне, уә құранның оның сөзі екендігіне, уә пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа салаллаһу ғалайһи уәссәлләм оның тарапынан елші екендігіне инандың. Жә, не бітті? Сен Алла тағалаға Алла тағала үшін иман келтіремісің, я өзің үшін иман келтіремісің? Сен иман келтірмесең де, Алла тағалаға келер ешбір кемшілік жоқ еді. Өзің үшін иман келтірсең, жә инандың.

Абай осылай иман мен сенімнің (Абайша, инанмақтық) арасын ашып береді. Сенім дүниеге байланысты. Егер сенімді Алламен байланыстырса, ол иманға айналады. Яғни, иман дегеніміз тек қана бір нәрсеге сену ғана емес, ол сенімді Алламен байланыстырып, ғибадат арқылы тереңдету. Көрген нәрсеге сену табиғи құбылыс. Ал көрмеген нәрсеге сену үшін ақыл ғана емес, жүрек те керек. Алланы ақылмен көру мүмкін емес. Оның әлемдік көрінісін көріп, соған табыну көпқұдайшылыққа, не болмаса атеизмге алып келеді. Бірақ, жүректегі шыбын жанға көрнеу дүние жеткіліксіз. Оған бүкіл Болмыспен біріктіретін Ғазиз Жан керек. Жан осылай Жаратушыны іздеп шарық ұрып, ақыры бір Аллаға деген сенімге жетеді. Иман дегеніміз осы. Бірақ, Абай тұжырымы бойынша, бұл иман Аллаға ғана емес, ең әуелі өмір мақсатына жету үшін сенің өзіңе керек.

Иманды жетілдіру туралы Абай әрі қарай былай деп жазады:

Ол инанмақтығың құр ғана инанмақтықпен қалса, саған пайда бермейді. Оның үшін сен өзің инанмақтығыңнан пайда ала алмадың, пайдаланамын десең, пайда береді, кәміл иман болады. Пайданы қалайша алуды білмек керек.

Сенімді, яғни, инанмақтықты иманға айналдыру керек екен. Тіпті, кәміл иманға келтіру керек. Сонда ғана ол сенімнің пайдасы болады. Пайданы қалай алуды білмек керек.  Сонда ғана сенім кәміл иманға айналып, Аллаға тағалаға жетуге болады.

Абай ілімі бойынша, бұл жол сенімнен басталады. Сенім әлем көріністерін біліп, танығаннан кейін, оның бір Жаратушысы бары туралы ой тудырады. Осылай, адам иман дәрежесіне көтеріледі. Мұндай имандыларды Абай «адам» деп атайды. Оның алғашқы деңгейінде ол рухани жолдағылармен араласып, олардың уағызын тыңдап, рухани кітаптарын оқып, білім алады. Рухани білім аясында діни рәсімдерді орындауға кіріседі. Осылай адамның ішкі дүниесі тазара бастайды. Ішкі дүниесі тазарудың жоғары деңгейінде иман толығып, адам Алла жолына толық түседі. Ол енді фәни әлем мен рухани болмысты жақсы айыра біледі, сондықтан, көңілін рухани жолға толық бағыттайды. Дүниеге алаңдамай, рухани жолға толық түскен мұндайларды Абай «толық адам» деп атайды. Себебі, ол өмірдің негізгі мақсатына жету жолына толық түсті. «Адам» мен «толық адамның» айырмашылығы олардың иман дәрежесімен анықталады. «Адамның» иманы әлі төмен, сондықтан, Аллаға деген шын көңілі жоқ, нәпсі ықпалымен жүр. Пенде дегеніміз осылар. «Толық адамның» иманы кәміл, сондықтан  нәпсімен күресе біледі, мақсаты тек қана Алла тағала.

«Толық адамның» алғашқы деңгейі «кәміл мұсылман». Ол енді дүние қызығына алаңдамай, рахани жолға толық түсіп, рухани білімге ұмтылады. Рухани білім аясында Аллаға құлшылық жасайды. Нәтижесінде, Абай көрсеткен «Ынталы жүрек, шын көңіл» өрістеп, рухани сезімдер пайда бола бастайды. Бұл сезімдердің ләззаттығы жүрек ынтасын шыңдап, өмірдің басқа қызықтарын керек қылмайды. Рухани білім аясында өмір сүргендіктен, Болмыс сырлары кеңінен ашылып, әлем көріністері толық танылады. Бұл «хакім» деңгейі.

Келесі деңгейде рухани сезімдер тұрақты болып, адам оның шексіз ләззат толқынында үнемі тербелетін болады. Алланың Нұрымен тұрақты байланыс орнайды. Ләззатты бұл рухани сезім толыға келе Аллаға деген тұрақты махаббатқа ұласады. Бұл «әулие» деңгейі. Осылай жан Түп Иеге қайтады. Бұл рухани жетілудің шыңы, Болмыспен бірігіп, жан өзінің Алламен бірлігін толық сезінеді. Бұл Абай көрсеткен Түп Иеге қайтудың ең жоғарғы деңгейі. Бұл жоғары деңгейде сенім мен таным үндесіп, екеуінің айырмашылығы жойылады. Абайдың «Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті» деген үндеуі іске асады.

Абай «толық адамның» төртінші деңгейі «пайғамбар» туралы да жазады. Бірақ, бұл деңгейге әркім жете алмайды, себебі, бұл деңгей тек қана Алланың хұзырында.

Жаратушыға иман келтіріп, Оған махаббат қылып, Соған ұмтылғанда ғана Түп Иеге қайту жолы нәтижелі болады. Әйтпесе, жоқ.  Бұл туралы Абай былай деп түсіндіреді:

Көңілде өзге махаббат тұрғанда, хақлықты таппайды. Адамның ғылымы, білімі хақиқатқа, растыққа құмар болып, әрнәрсенің түбін, хикметін білмекке ынтықтықпенен табылады...Болмаса мал таппақ, мақтан таппақ, ғиззат-құрмет таппақ секілді нәрселердің махаббатымен ғылым-білімнің хақиқаты табылмайды.

Осылай Абай «адам» мен «толық адамның», яғни пендешілік жол мен таза рухани жолдың айырмашылығын түсіндіріп береді. Негізгі шарт -- иман дәрежесінде екен. Иманмен жасалған әрекеттердің барлығы рухани болса, ал имансыз жасалғандардың барлығы материалдық болып табылады. Материалдық әрекет жалған эгоның ықпалына түсіп, жүректі былғап, ақыры кім болса да иманы жоқ «жарым адам» деңгейіне құлдырап кетеді.

Досым Омаров,

абайтанушы, теолог

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5440