Абай ғибадат туралы не деді?
Адамның рухани жолдағы негізгі мақсаты - «өзін-өзі тану» және «Құдайтану» болып табылады. Мұндай деңгейге тек қана Болмыстың рухани және материалдық бөлігін толық қамтығанда ғана жетуге болады. Тану тән, ой және жан арқылы болатын түрлі әрекеттер арқылы орындалады. Діни жолдағы ғибадат осы әрекеттердің жиынтығы. Яғни, ғибадат дегеніміз - Болмысты тануға арналған әрекеттер жиынтығы.
Адамның дамуы өзінің рухани және материалдық болмысын дұрыс пайдалануына, яғни, ғибадатты дұрыс орындауына байланысты түрлі деңгейде болады. Дұрыс ғибадат иманды өсіріп, рухани болмыстың биік шыңдарына көтерілуге мүмкіндік берсе, ал ғибадаттың мәні мен мәнісін дұрыс білмей жасалған ғибадат құлдырау жолына түсіреді. Сондықтан, ғибадатқа Абай үлкен көңіл бөлген.
Абай иман мен ғибадаттың байланысын, ғибадаттың мәні мен мәнісін отыз сегізінші сөзінде былай деп түсіндіреді:
Сіздің батиныңыз (ішкі болмыс) таза болмағы әуелі иман болып, бұл заһир (сыртқы) ғибадатыңыз иманды болған соң ғана, парыз болған, сіздің заһирыңыздағы ғибадат - батиныңыздағы иманның көлеңкесі, һәм сол иманның нұрланып тұрмағына көрік үшін бұйырылған. Оның үшін ғұламалар иман екеу емес, біреу, бірақ ізгі тағатпенен нұрланады, тағат жоқ болса, күңгірттенеді, бәлки, сөну хаупі де бар деген. Егер надандар ол ғибадаттың ішкі сырын ескермей қылса, соны қылып жүріп, иманы сөнер деген.
Осылай Абай ғибадаттың не екенін, оның иманмен байланысын көрсетіп, қалай жасау керегін түсіндіреді. Ғибадат жасар алдында әуелі көңілді бағыштап, Аллаға ниет етіп, ішкі болмысты (батинды) тазарту керек. Осылай иман қалпына келтірген соң ғана сыртқы жасалған ғибадатыңыз (заһир) парыз болады. Имансыз жасалған ғибадаттың пайдасы шамалы, яғни ғибадат иманға тәуелді, оның көлеңкесі ғана. Ғибадат арқылы болмыс танылып, иман өседі. Егер надандар ғибадаттың ішкі сырын, яғни иманды өсіру үшін жасалатынын ескермей қылса, иманның сөну қаупі бар. Мұндай ғибадаттың пайдасынан зияны көп. Себебі, Аллаға деген таза ниетсіз жасалған ғибадаттың нәтижесі болмай, қарапайым ритуал, дүниелік әрекетке айналып, адам жалығып кетеді. Осылай, рухани көзден айырылған иман әлсіреп, адам діни жолдан шығып кетуі мүмкін. Кейбір адамдардың намазды жақсы бастап, артынан суып, тіпті қойып кетулері осы себептен. Олар ынталы жүрек, шын көңілі болмағандықтан, Алланың шапағатын ала алмай, рухани нұрдан айырылып қалады. Рухани жолда жетістікке жету үшін ғибадаттың не екенін, оны дұрыс орындау жолдарын жақсы білу керек.
Діни қағидалар аясында жасалған әрбір рәсім, оның түрлері ой өрісті, ниетті Аллаға бағыштап, адамды белгілі бір тәртіп аясында ұстауға арналған. Олардың мәнін дұрыс түсініп, толық орындаған адам рухани жолда оңай жетістікке жетеді. Керісінше, ғибадаттың мәнін түсінбей, не болмаса оны ынтасыз орындағанда ол тек қана әдеттегі дене қимылына айналады. Діни қағидаларды шын көңілмен қабылдап, рәсімдерді ынтамен орындаудың маңызын Абай «Ынталы жүрек, шын көңіл. Басқасы Хаққа жол емес» деп береді.
Ғибадат пен ынталы жүрек, шын көңілдің рухани жолдағы маңызын Абай былай түсіндіреді:
Менің хаупім бар, олар хас (арнайы) осы ғибадат екен, Құданың бізге бұйырғаны, біз осыны қылсақ, мұсылмандық кәміл болады деп ойлайды. Ол ғибадат күзетшісі еді. Жә, күзетші күзеткен нәрсенің амандығын ойламай, бір ғана ояу тұрмағын қасд (міндет) қылса, ол не күзет? Күзеткен нәрсесі қайда кетеді? Мақсат күзетілген нәрсенің амандығы, тазалығы емес пе?
Ғибадат иманның күзетшісі ғана. Иманды ойламай жасалған ғибадат діни емес, дүниелік әрекет болып табылады. Сол сияқты, иман үшін жасалмаған таным әрекеті де дүниелік. Ондай таным қоршаған ортаға арналып, Аллаға деген сенімді әлсіретеді. Осылай тек қана дүние заңдылығына сеніп, оны Болмыстың Өзінен бөліп қарастыратын атеистер пайда болады. Атеизм дегеніміз - Болмыстың рухани бөлігін қабылдамай, тек қана оның заттық бөлігін қабылау. Тәңіршілдіктің бұл ең төменгі деңгейі. Ал исламда Болмысты өзінің рухани бөлігінен бөліп қабылдау «Аллаға серік қосу» болып табылып, ондай құлшылықтың қабылданбайтыны белгілі.
Досым Омаров,
абайтанушы, теолог
Abai.kz