Қазақстандық «көгілдір фишкалар»
Атауының тарихы
Инвестициялар әлемінде кәсіби терминологияның арасында «көгілдір фишкалар» деп аталатын анықтама жиі кездеседі, бұл анықтамамен белгілі бір нарықта саудаланатын бірінші эшелондағы акцияларды белгілейді. Аталған термин 1923 жылы бастау алады, ал оның авторы – Dow Jones компанияның қызметкері және журналист Оливер Гингольд. Ол брокерлік фирмада жұмыс істегенде акциялармен жасалатын мәмілелерге назар аударды, бұл акциялар бір дана үшін 200-250 АҚШ долларымен саудаланатын. Сәл кейінірек ол бұл жайында мақала жазып, аталған қағаздарға «көгілдір фишкалар» деген атау береді, одан кейін терминді трейдерлер қолдана бастайды. Алайда бұл атаудың түп тамыры покер карта ойынында жатыр, бұл ойында көгілдір фишкалар неғұрлым бағалы болып саналады. Ойында олардан бөлек қызыл және ақ фишкалар «төбе көрсететін», алайда трейдерлердің арасында бұл фишкалар кеңінен қолданылмады. «Көгілдір фишкалар» үшін аноним ретінде көбіне «пенни-сток» (Penny stock – сөзбе-сөз «пенни үшін акциялар») және кейде “pink-sheet” (сөзбе-сөз – «қызғылт қағаз») термині болды, яғни биржадан тыс ОТС нарығының сленгтік атауы, аталған нарықта баға белгіленімдері 1913 жылға дейін қызғылт қағаздарда жарияланатын.
Көгілдір фишкалардың ерекшеліктері
Бүгінгі таңда көгілдір фишкалар деп нарықтағы жетекші акцияларды атайды, яғни капиталдандыруы ең үлкен, өтімділігі бар, құбылмалылығы төмен және сенімділігі жоғары компаниялар. Инвесторлар оларды тәуекел профилі аз, қажет болса жылдам сатып алуға және жылдам сатуға болатын түсінікті және тұрақты құралдарға инвестициялағысы келгенде таңдайды, мәмілелердің арасындағы бағалардың айырмашылығына байланысты ең аз шығынды көтереді. Мұндай қағаздар инвестициялау әдістері консервативті портфельдер үшін қолайлы, онда акциялардың үлесі 30%-ды, ал облигациялардың үлесі 70%-ды құрайды. Көгілдір фишкаларды қамтамасыз ету арқылы пайдалануға және қысқа мерзімге қарызға ақша алуға тиімді (РЕПО мәмілелері).
Сондай-ақ, маңызды мәселе – көгілдір фишкалардың өсу мүмкіндігі бар және ұзақ мерзімді инвестициялар болып табылады. Шын мәнінде, акциялар айтарлықтай сенімді болса да, инвесторлар үшін бұл акциялар қымбаттау мүмкіндігінсіз аса қызық емес, себебі ол үшін мемлекеттік облигациялар түрінде балама бар. Алайда, бұл жерде күтілетін кіріс көбінесе инвестиция тәуекелімен тікелей байланысты екенін түсіну керек, сол үшін де көгілдір фишкалар шарықтап өсумен ерекшеленбеуі мүмкін.
Көгілдір фишкалар тізіміне кіру өлшемшарттары
Жалпы алғанда, мұндай тізім нарықтағы инвесторлардың кең тобының жалпы пікірімен айқындалады және кіру үшін қатаң өлшемшартпен шектелмейді. Көгілдір фишкалардың мәртебесі ең алдымен әр нарық үшін жеке айқындалады және шағын нарықтағы олардың өкілдері сауда-саттықтың капиталдандыруы бойынша да, сондай-ақ көлемі бойынша да ірі нарықта саудаланатын өкілдерден түбегейлі ерекшеленеді. АҚШ-та көгілдір фишкаларға Microsoft, Apple, Coca-Cola, Nvidia, Amazon, Exxon Mobile, JP Morgan, Johnson & Johnson және т.б. қағаздар жатады.
Жергілікті нарықта ресми аналог бар, бұл – KASE индексі немесе 10 акциядан тұратын Қазақстан қор биржасының өкілдік тізімі.
Эталонды көгілдір фишкалар
KASE индексінде барлық 10 қағаздың заң жүзінде нарықта бірінші эшелон болып табылатынына және көгілдір фишка деген мәртебеге үміткер болуы мүмкін екеніне қарамастан, біздің көзқарасымыз бойынша, олардың арасында эталонды өкілдер деп индексте салмақтың 14%-ынан астам үлесі бар өкілдерді санауға болады. Акциялардың үлесі қағаз бағаларының өсуі мен төмендеуі шамасына қарай өзгеруі мүмкін екеніне қарамастан, қағаздардың тізімі көбіне өзгеріссіз қалады. Оларға ҚазМұнайГазды (14,7%), Халық Банкті (15,8%), Kaspi-ді (16,5%) және Қазатомөнеркәсіпті (14,1%) жатқызуға болады.
Одан әрі біз жоғарыда аталған қағаздардың ерекшеліктерін қараймыз, бұл ерекшеліктер қағаздардың көгілдір фишкаларға тиесілі екеніне ерекше көңіл бөледі. Орындар мынадай санаттар бойынша бөлінеді:
- Бес жыл қатарынан тұрақты өсу.
- Компанияның нарықтық капиталдандыруы жоғары үлкен экономикалық қуаттылығы (тіпті монополияға дейін).
- Акциялардың жоғары өтімділігі мен сауда-саттықтың көлемдері.
- Өз қызмет саласындағы көшбасшылық орындары.
4-орын - Қазатомөнеркәсіп. Уран өндіруде тек жергілікті ғана емес, сондай-ақ әлем бойынша көшбасшы болып табылады, бұл аталған өнеркәсіпті әлемнің ядролық энергетикаға деген сұранысының қайта күшеюі кезеңінде мемлекеттің стратегиялық активіне айналдырады. Егер компания өндірістің әлдебір себептерге байланысты азайғаны туралы хабарлаған жағдайда, Қазатомөнеркәсіптің негізгі мәні уранның баға белгіленімдеріне қатты ықпал етуі есебінен байқалады. 1-тоқсанда KZAP қағаздарының сауда-саттығының көлемі 3 млрд теңгені құрады, индекс қағаздарының арасында ол 7-орынды иеленеді. Саладағы көшбасшылық орындар, бірақ сауда-саттықтың көлемдері салыстырмалы түрде үлкен емес болғандықтан, акциялар біздің рейтингте 4-орынға жайғасты.
2-3-орын - Kaspi.kz және Халық Банкі. Үшінші және екінші орынға банк секторының өкілдері – Халық Банкі мен Kaspi жайғасты, олар бір-біріне сәл айырмашылықтары бар тікелей бәсекелес болып табылады. Егер Kaspi жеке тұлғаларға бағдарланса, онда Халық Банкі көбіне заңды тұлғаларға бағдарланған. Kaspi нарықтық капиталдандыру бойынша озып тұр, нарық оны Халық Банкіне қарағандаға 4,3 есеге қымбат бағалайды. Екінші жағынан Kaspi 1-тоқсандағы сауда-саттық көлемдерінде 2,3 есеге артта қалып отыр. Халық Банкі дивидендтерді жылына бір рет төлейді, бірақ дивидендті кірістілігі жиі төлеп отыратын (тоқсан сайын) Kaspi-ден асып түседі. Жалпы алғанда, қағаздардың профилі ұқсас келеді, әрқайсысының бір-бірінің алдында артықшылықтары мен кемшіліктері бар, сол үшін де біз оларды санаттар күші жағынан тең деп анықтадық.
1-орын - ҚазМұнайГаз. Квазимемлекеттік компания, Қазақстанның мұнайгаз саласының «інжуі» және осы нарықтағы негізгі ойыншы, ол сенімділік өлшемшарттарына және нарық монополиясына сәйкес келеді. Бұл ретте ҚМГ нарықта неғұрлым өтімді бағалы қағаз болып табылады, себебі 1-тоқсандағы сауда-саттықтың көлемі 8,08 млрд теңгені құрайды. Одан көбірек тек Air Astana компаниясында (8,5 млрд теңге) болып отыр, алайда бұл жерде ақпан айында өткен ІРО-ға түзетулер жасаған жөн, бұл қағаздар сауда-саттығының көрсеткіштерін алғашқы уақытта айтарлықтай арттырады. Капиталдандыру деңгейі жағынан ҚазМұнайГаз компаниясы Kaspi-ден артта қалып отыр (ҚМГ-дағы 17,7 млрд АҚШ долларына қарағанда Kaspi-де 22,4 млрд АҚШ доллары). Компания дивидендтерді жылына бір рет төлейді, соңғы төлемі 491,71 теңгені құрады, биылғы жылы акционерлер бір акцияға кемінде 620 теңгені мақұлдауы мүмкін. ІРО өткізілген сәттен бастап қағаздар өсуде және бағасы жағынан 50%-дан көбірек өсті. Ағымдағы сәтте акциялар өздерінің тарихи ең жоғары деңгейлерінде орналасқан. Барлық осы факторды ескере отырып, біз ҚазМұнайГаз-ды KASE индексіндегі эталонды көгілдір фишка деп санаймыз.
Осылайша, KASE-нің қолданыстағы индексіне егжей-тегжейлі талдау жүргізе отырып, Қазақстанның эталонды компанияларының акциялары, яғни көгілдір фишкалар ерекше аталды. Ірі және табысты жергілікті компаниялардың акциялары өзінің тұрақтылығына байланысты орнықты инвестициялық портфель қалыптастыруы мүмкін. Мұндай компаниялар нарықтың тербелістеріне аз ұшырайды және тұрақты өсуді көрсетуге бейім, ал дағдарыс кезінде өз ресурстарының есебінен қиындықтарға қарсы тұра алады. Дегенмен, көгілдір фишкалардан келіп түсетін айтырлықтай пайда алу ықтималдығы ұзақ уақытқа инвестициялау кезінде ұлғаяды.
Аңсар Абуев,
Freedom Finance Global компаниясының талдаушысы
Abai.kz