Сенбі, 23 Қараша 2024
Ақмылтық 1862 16 пікір 27 Мамыр, 2024 сағат 14:38

Серпінді Сингапурдың сабақтары

Сурет автордың жеке мұрағатынан алынды

Ішкі саясатын қайдам, сыртқы саясат жүргізуде Жаңа Қазақстан шын мәнінде жаңа, бұрын-соңды бола қоймаған жаңалықтарға жол ашып жатқан сыңайлы.

Әрине, Қытай мен Ресей секілді екі алпауыт көршінің ықпалынан шыға қоймадық (таяу арада оның мүмкіндігі де бола қоймас), алайда кезінде Назарбаев жариялап, толыққанды жүзеге асыра алмай кеткен көпвекторлық дипломатияда ауыз толтырып айта алатын бастамалар бой көрсете бастағанын мойындауымыз керек.

Соның бір көрінісі – президент Тоқаевтың Сингапурға жасаған ресми сапары.

Өз басым бұл сапардың төрт ерекшелігін атар едім.

Біріншіден, әлем архитектурасы түбегейлі қайта қаралып, халықаралық қатынастар тектоникалық өзгерістерге ұшырап, дүниежүзілік саясаттың дәстүрлі орталықтарының ықпалы мен арасалмағы  сан құбылып жатқан қазіргі кезеңде Қазақстан Оңтүстік-Шығыс Азияны қайта ашқандай, оның әләуеті мен мүмкіндіктерін жаңаша ұғына бастағандай.

Шынымен де күні кеше әлемдік саясаттың перифериясы саналып келген осы аймақтың даусы өздерімен қатарлас елдерден гөрі қаттырақ шыға бастады. Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттерінің Ассоциациясы (ОШАМА) әлемде беделді күшке айналғаны тағы бар. Ең бастысы – ОШАМА елдері экономикалық бәйгеде оза шауып келеді. Соңғы кезде қол жеткізген экономикалық даму көрсеткіштері көз қызығарлықтай көп-көрім.

Солардың көшбасыларының бірі, сөзсіз, Сингапур.

Екіншіден, сапар барысында оқыған 46-шы Сингапур лекциясында президент Сингапурдың негізін қалаушы Ли Куан Юдің көреген көшбасшылығымен жүргізілген елдегі әйгілі экономикалық өзгерістер, шын мәнінде, мемлекеттің іргесін нығайтудың және экономикалық өсімге қол жеткізудің жарқын үлгісіне айналғанын айта келіп, өзі қолға алып жатқан «Әділетті Қазақстан» идеясы Сингапур премьер-министр Лоуренс Вонг мұрындық болып отырған «Алға, Сингапур!» бағдарламасымен ұқсас әрі сабақтас екенін ерекше атап өтті.

Сингапурдың экономикалық өрлеуінің негізгі ұстындары баршаға аян. Қысқаша айтсақ, олар – инвестиция тарту, жемқорлықпен күрес, заңдардың қаталдығы әрі олардың сөзсіз орындалуы, тұрақты саяси жүйе алдыңғы қатарлы білім беру жүйесі.

Әрине, Жаңа Қазақстанда да осы бағыттар басымдық ретінде жарияланып отыр. Өкінішке орай, бастаманың бәрі бірдей баянды боп жатқан жоқ. Іркілістер, соның ішінде ескіні аңсаушы әрі биліктің кез келген бастамасына жаны қас кертартпа күштердің қарсылығы баршылық. «Көш жүре түзелер» дейміз осындайда.

Үшіншіден, сыртқы саясат заңы солай: кез келген уағдаластықтың артында не таза экономикалық мүдденің не геосаяси қызығушылықтың құлағы қалқиып тұратыны белгілі. Тегін ірімшік тек қақпанда болады емес пе?

ОШАМА елдері, соның ішінде сөз болып отырған Сингапур бізге өзінің геосаяси амбициясын таңа қоймайды. Жерімізге де көз алартпайды, өйткені Қытай мен Ресей секілді бізбен ортақ шекарасы жоқ. Ондай әріптестен айналмайсың ба?!

Төртіншіден, Сингапур да, аяққа тұрып келе жатқан ОШАМА елдерінің де Қазақстанға, қала берді, біздің Орталық Азия аймағына қатысты өз дегендері мен діттігендері де жоқ емес. Бұл факторды біз оңтайлы әрі өз пайдамызды көздеп, пайдалануымыз керек деп ойлаймын. Мәселен, Сингапурдың ашық та жемқорлықтан ада инвестициялары мен озық технологияларының өзі не тұрады?! Сингапур премьер-министрі Лоуренс Вонгтың Қазақстанға өз елін ОШАМА ұйымына «гейт» ретінде ұсынуы да көп нәрсені аңғартып, көп нәрсеге жол ашса керек.

Сөздің шыны болуы үшін сапар барысында орын алған «әттеген-айларды» да атамасақ болмас.

Біріншіден, екі жақ қол қойған құжаттар негізінен меморандумдар, яғни нақты қаржы көлемі не мерзім тайға таңба басқандай анықталған келісім-шарттар емес, белгілі бір саладағы ынтымақтастыққа деген ниет білдіру ғана. Бұл дегеніңіз сапар жөнді әзірленбеген, бір қайнауы ішінде болды деген сөз.

Екіншіден, бұл жолы да біздің басты «көзіріміз» мұнай боп шықты. Оған қоса, біз Сингапурға металл, мыс, ферроқоспалар, уран, өңделмеген (!) мырыш пен аллюминий, табиғи газ экспорттайды екенбіз. Қазба байлығы болмаса, Қазақстанға ешкім құда түспейтін ескі Қазақстанның үрдісі әлі де жалғасуда. Ол жағы өте-мөте өкінішті-ақ.

Түйін: Тақырыптан асыңқырап кетіп, Тоқаевтың сапар барысында айтқан мына сөзін келтіргім келеді: «Қазақстанның заңды құқықтары мен мақсатын қорғау ісінде тартынып қалмаймыз, еліміздің басты мүддесін құрбан етуге ешқашан жол бермейміз. Кейде біздің ұстанымымызға күмәнмен қарайды, бейтараптығымыз үшін сынайды. Бірақ мұны өз көзқарасы, сенімі жоқ деп қабылдамаған жөн. Керісінше, оны қақтығыс пен мәжбүрліктің орнына саналы түрде дипломатия мен диалогты таңдау деп түсінген абзал. Бұл таңдау – территориялық даулардан бастап идеологиялық қақтығыстарға дейінгі түрлі қайшылықтарды еңсеруге септігімізді тигізуге мүмкіндік беретін біздің мықты қырымыз».

Бұл тезисті өз басым «қызым саған айтам, келінім сен тыңда» деген астары бар осы сөз біздің жерімізге көз алартқандарға да, билікті «Мәскеу мен Пекиннің айтқанынан шыға алмай жүр» деп сынап жүрген өз ішіміздегі әсіре патриоттарға да қаратып айтылған сөз болар деп қабылдадым.

Тек осындай сөздер нақты істерге ұласа бергей.

Әміржан Қосан

Abai.kz

16 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371