Жұма, 22 Қараша 2024
Тарих 1228 1 пікір 29 Мамыр, 2024 сағат 20:04

Қала өркениеттік феномен ретінде...

Сурет автордың жеке мұрағатынан алынды

Шамамен б.д.д. IV ғасырдың ортасында алғашқы қауымдық құрылыстан өркениетке өткен кезең болды. Осының негізінде адамдар ұжымдасып өмір сүретін мекен – қала пайда болды. Бұл тарихи модификация қоғамдық дамудың түрлі кезеңдік ерекшеліктерін қамтыған өркениеттік феномен еді.

Қала феномені мен оның рөлін зерттеу көпсалалы сипатқа ие. Түрлі дәуірлер мен аймақтардағы қаланың тарихи дамуы ғылыми тарихнамада бұрыннан бері қарастырылып келеді. Қаланың әлеуметтануы, қалалықтардың өмір салты мен психологиясын зерттеу деген ұғымдар қалыптасып, дамып үлгерді. Сондай-ақ, орыс әдебиетінде шығармашылыққа қатысты «ауыл прозасы» және «қала прозасы» деген терминдер енгізілді. Сонымен қатар жаңа арнаулы гуманитарлық пән – «қалалық зерттеулер» пәнінің пайда болғанын да айта кету қажет. Бұл пән тұжырымдамалық жобаларды қолданбалы аспектілер зерттемелерімен үйлестіре отырып, урбанистиканың теориясы мен тәжірибесін байланыстырады.

Екінші қырынан алып қарағанда, қала феноменін зерттеу пәнаралық теориялық-әдіснамалық біліммен жүзеге асады. Қазіргі қала өркениеттің белгісі саналады. Сондықтан экономика, саясат, әлеуметтік басқару, мәдениет туралы барлық білім қазіргі социумның негізгі қоныстанушылық құрылымы болып саналатын қалаға қатысты. Осылайша, егер біз элита мен тобыр немесе көпшілік әдебиет феномені туралы сөз қозғайтын болсақ, оны да қала феноменімен байланыстыра отырып қарастырамыз.

Шығыста қалаға қоныстану қала-мемлекет сипатында орын алды. Мұндай қалалардың пайда болуы табиғатқа етене жақын, табиғат заңдылықтарын сақтай отырып тіршілік ететін ауылға қарама-қайшы сипатта қабылданды. Неміс философы О. Шпенглердің пайымдауынша, егер ауыл «жаны» отырықшылық өмірдің символы ретіндегі шаруа үйі бейнесімен байланысты болса, ал қаланың пайда болуы, ең алдымен, жаңа жанның – қала жанының пайда болуымен байланысты [1, 114].

Қалалар генезисі әлеуметтік коммуникацияның жаңа формаларын қалыптастырумен, соған орай, төзімділіктің қалыптасуымен байланысты болды. Осылайша, қалалардың пайда болуы ойлаудың диалогиялық стилі мен жаңаша өмір салтының қалыптасуына ұласты. «Қала» сөзі этимологиялық тұрғыдан «қоршау», «дуалмен қоршау» сөздерімен байланысты, яғни жаудан қорғануға арналған құрал ғана емес, сонымен қатар, кейбір зерттеушілердің пікірінше, ауылдық мекеннен оқшаулану, тіпті керек десеңіз, жерді адамға бағындыру мақсатында «жер-анаға» қарсы «бүліктің» өзі.

Ортағасырлық қалалардың пайда болуы еуропалық қоғам дамуының маңызды белесіне айналды. Француз тарихшысы Ж. Ле Гофф бұл туралы былай дейді: «Ортағасырлық Батыс жабық немесе ашық экономика, ауылдық әлем немесе қалалық, бір ортақ қамалдағы өмір ме, әлде әркім бөлек өз үйінде өмір сүре ме деген сауалдардың төңірегінде таңдау жасау үшін он ғасырын жоғалтты» [2, 11]. Әртүрлі қауым өкілдерінің – ақсүйектер, діни қызметкерлер, сондай-ақ, жаңадан қалыптасқан әлеуметтік қауымдастық, үшінші қауым – қаланың жақтаушылары буржуаздар, бюргерлер мен қалалықтардың ықпалымен тарихи таңдау қаланың пайдасына шешілді. Қалаларда жекеменшік капитал иелігі мен жалдамалы жұмыс күшін пайдаланатын жаңа өндірістік-экономикалық қатынастың өскіндері пайда бола бастады, уақыт өте келе осы нәрсе өндірістің капиталистік тәсілінің негізіне айналды.

XVIII ғасырда Батыс Еуропа елдерінің әлеуметтік құрылымында түбегейлі өзгерістер орын алды, соның салдарынан урбанизация үдерісі қарқындады, қалалардың саны артты, оны мекендейтін тұрақты тұрғындардың саны мен қалалық өмір салтының қоғамға тигізер әсері артты. XIX-XX ғасырлардағы индустриалды қоғамда қалалар ірі өндірістік қуат пен мол адам ресурсы шоғырланған, капиталдың шектелуі мен кредиттік-қаржылық қатынастар жүзеге асатын орталықтарға айналды. Қалаларда мемлекеттік және аймақтық басқару ұйымдары орналасты. Көркем әдебиетте де қала бейнесін суреттеуге ерекше назар аударыла бастады.

Қазақ әдебиетінде Алматы туралы көптеген поэзиялық туындылар мен прозалық шығармалар бар. Себебі өткен ғасырдың ортасынан бастап Алматы қазақ елінің бас қаласы ретінде қалыптасып, өзінің өркениеттік даму жолында қазақ мәдениетінің ортасына айналды. Алматыда жазушылар мен ақындар, суретшілер мен басқа да өнер адамдары топтасты. Сонымен бірге Алматыда жастардың мол шоғыры жиналды. Қаладағы танымал оқу орындарында мыңдаған жас ауылды жерлерден келіп білім алды. Көбі сол бас қалада тұрақтап қалып жатты. Міне, сол себепті де Алматы қазақ елінің ақыл-ойы жиналған үлкен мекенге айналды.

Ақын Күләш Ахметованың Алматыға арналған екі өлеңіне назар аударсақ, екі өлеңде екі түрлі ой берілген. Алғашқы өлеңде ақын Алматының әсем табиғаты мен  оның жанға жайлы ауа райы туралы шалқи жырлайды:

Шаһарым менің, шаттығым, әнім, шәрбатым,
шапағаттанып жатасың-ау сен таңда тым.
Шілдеде – гүлге, ақпанда – қарға бөленіп,
шәйі бұлттардан шәлі байлаған Алматым! [3].

Екінші өлеңде:

Өзгерісті байқармыз талай әлі,
Басы болған нәрсенің бар аяғы.
Түнде жауған аппақ қар
Алматыда
Түске дейін түтінмен қараяды.
Сұрқы түнде үйлердің сұр балшықтай,
Әйнектері жылтырап тұрған шықтай.
Ақ көйлегін күйеудің күнде жуып,
Ақ жем болды қос қолым судан шықпай [4], – деп, қала экологиясының мәселесін көтереді. Яғни, адамдардың қолымен табиғатқа жасалып жатқан қиянат туралы ақын лирикалық сезіммен жырлайды.

Қоғамның постиндустриалды әрі ақпараттық даму деңгейіне енуі қаланың өркениеттік статусын түбегейлі өзгертті. Ж. Бодрийярдың айтуынша, «Қала XIX ғасырдағыдай саяси-индустриалды полигон болуын тоқтатты, енді ол белгілер, бұқаралық ақпарат құралдары, код полигонына айналды» [5, 156].  Ғалымның пайымдауы орынды. Себебі, Ж. Бодрийярдың айтып отырған мәселелері қазақ ақын-жазушыларының шығармаларында айқын көрінді. Мысалы 1986 жылғы қазақ елінің тоталитарлық жүйенің бұғауын үзуге бағытталған азаттық күресі туралы көптеген шығармалар туды. Мәселен, Т. Сәукетаевтың «Ай қараңғысы» (1998), «Желқайық» (2011), Н. Қуантайұлының «Қараөзек» (2002) романдары осындай тақырыпта жазылған болатын. Ғалым Г. Орда: «Желтоқсан оқиғасының аяқ астынан өршіп кетуі, алаңға шыққан жастарды басып жаншу, оларға жүргізілген сұрақ-жауап процестері, қыспаққа алудың салдарынан қуғын-сүргін құрбандарының тағдырдың тауқыметіне ұшырап қиын-қыстау күн кешуі, түрмеге түскен жастардың мезгілсіз қыршынынан қиылуы – барлығы да сол тұстағы ел өміріндегі шындық. Бұл романдардың негізгі жетістігі – жетпіс жылдан аса өмір сүрген Коммунистік партияның халыққа жасаған қиянатын бар болмысымен көркем шындыққа айналдыруы. Мызғымас Кеңестер одағының құрамына енген қазақ халқына жасалған сынақ тәжірибесі қаншама жастың қанын судай ағызды. «Бас жарылса, бөрік ішінде» дейді атам қазақ, тән жарасы жазылар, алайда араға жиырма бес жыл салғанмен жан жарасы жазылмайтыны анық» [6], – деп, романдардың жазылу тарихы мен қала концептісі аясында авторлардың басты кейіпкерлер арқылы берген басты ойын анықтайды. Бұдан шығатын қорытынды: қалада жиналған қазақ жастарының ұлттық танымдары мен қазақ болмысы азаттыққа ұмтылып, өз ойларын тайсалмай білдірулері, олардың қалаға топтасып, ортақ ой-тұжырым, ортақ пікірге келулері деп те түсінуге болады. 1986 жылғы көтерілістен кейін сол оқиға туралы жазылған туындылардың көбі постмодернизм бағытында болғанын ескерсек, бұл қозғалыстың әдеби үрдіске тигізген әсерін де бағамдауға болады.

Жалпы алғанда, қалалардың тарихи динамикасы мен олардың әлемдік өркениет дамуындағы рөлінің өзгеруін сипаттай отырып, Ф. Бродель ұсынған қаланың диахронды классификациясын мақұлдауға болады. Танымал француз тарихшысы қаланың үш негізгі типін атап өтеді. Бірінші тип – антикалық үлгідегі қала, «өз ауылдарына қашан да ашық және олармен бірге адымдайды». Екіншісі – ортағасырлық тип, «тұйықталған, шағын әрі өзімен-өзі тіршілік етеді» [7, 480]. Үшінші тип – орталық биліктің қамқорлығындағы қала типі. Ф. Бродельдің пікірінше, мемлекет билігіне бағынатын қазіргі типтегі алғашқы қалалардың сипаты осындай.

Қалалардың синхрондық типологиясында өркениет дамуындағы шағын немесе үлкен қалалардың статусын қарастыру ерекше қызығушылық тудырды. О. Шпенглердің айтуынша, шағын немесе үлкен қалалардың арасындағы айырмашылық жер мен көктей, ол тіпті ең үлкен қала тұрғындарын да бөліп қарастыруды талап етеді. «Барлық үлкен қалалардың бір бұрышында ауылдағы өмір салтын сақтап, жолды кесіп өтіп, бір-біріне қонаққа баратын адамдардың өмір сүріп жатқаны түсінікті дейді автор. Олар енді қалалық болып қалыптасып келе жатқан ауыл адамдары негізін құрайтын пирамида түзеді, ол пирамиданың басында рухани сұраныстары өтелетін, кез келген жерде өздерін жайлы сезінетін үлкен қаланың нағыз тұрғындары тұр» [1, 123].

Елдің ерекше, айтулы рөлі оның бас қаласы – астанасына тиесілі болады, себебі ол саяси, қаржылық-экономикалық, мәдени, ақпараттық, білім беру, ғылыми өмірінің өзегі. Сонымен қатар провинциялық қала тұрғындары осы өмірді айқындайтын күштің тұтқыны болып шығады, егер қаласа бұл күштер тұтас елдің өмір салтын түбегейлі өзгерте алады. Сондықтан елдің табысты дамуы үшін астананың орналасқан жері туралы мәселе қашан да өзекті. Астаналардың миграциясы түрлі факторларға негізделеді және нақты әлеуметтік-тарихи жағдайлар мен билік ұйымдарының конъюктуралық тұжырымдарына тәуелді. Мәселен, қаланың географиялық жағдайы, оның коммуникациялық мүмкіндіктері, геосаяси жағдайлар және т.б. АҚШ-та астананы белгілеу үшін арнайы округ – Колумбияның құрылуы бекер емес. Ал Түркия Республикасының астанасы елдің ішкі аумағында орналасқан Анкараға кейін көшірілді, оған дейін Оттоман империясының астанасы алдымен Андрианополь, кейінірек Константинополь болған. Өз кезегінде, XX ғасырда Қазақстанның астанасы – Орынбор, Қызылорда, Алматы, Ақмола болды. Ақмоланың атауы 1998 жылы Астана деп өзгертілді. Астаналар миграциясының аймақтық өркениет дамуының геосаяси жағдайымен байланысты екені анық. Қазақ елінің астанасын ауыстырған сәттен бастап, жаңа Астана туралы дүниеге келген көркем туындылардың тәуелсіз елдің асқақ шығармалары болып шыққанын да байқауға болады. Алайда, Астана қаласының тез өсуі оның инфрақұрылымына да біршама күш түсіріп, халықтың тығыз орналаса бастауына және көптеген адами мәселелердің тууына себеп болып отырғанын көрсететін көркем туындылар да жазыла бастады. Себебі бұл әлеуметтік динамика мен постиндустриалдық қоғам мәселелері. Дамыған қалалардың барлығы да бұл үрдісті басынан өткізген.

Қазіргі футурологиялық болжамдар арасынан қоғамдық дамудың өзара ықпалдастығының екі тенденциясы айқын көрінеді: жаһандану және постиндустриялық өркениетке өту. Бұл тенденциялардың жүзеге асуы социумның қоныстанушылық құрылымының өзгеруіне әкеп соғады, ал оның салдары әртүрлі болуы мүмкін. Шамасы, қала әлеуметтік динамикадағы көшбасшылық рөлін сақтап қалады, алайда ол рөлі өзгеруі де мүмкін. Мәселе тек жаңа қалалардың пайда болуы мен бар қалалардың көлемінің ұлғаюы мүмкін екендігі туралы емес, сонымен қатар қалалардың қалалық агломерацияға – бірнеше елді мекеннің жинақталып, қарқынды өндірістік, транспорттық және мәдени байланысы бар, халық көп қоныстанған бір жүйе ретінде бірігуінде болып тұр. Сондай-ақ, постиндустриалдық қоғамға өту үдерісі кезінде қала тұрғындарының өміріндегі ескі мәселелер ушығып, жаңа мәселелер туындайды. Мәселен, табиғи ортаның адам денсаулығына кері әсері, медициналық-экологиялық мәселелер, әлеуметтік-психологиялық жайсыздық, тұрғындардың «тығыз орналасуы» жағдайындағы стрестік оқиғалар мен Г. Зиммель «сыртқы және ішкі әсерлердің жылдам әрі үздіксіз ауысатындығынан туындайтын өмірдің аса күйгелектігі» деп атаған қала өмірінің тым шапшаң ырғағы» [8]. Қалалық өмір салтының кемшілігі ретінде адамдар арасындағы қатынас пен араласудың шарттылық сипаты басым екенін, қалалық кеңістіктің алыпсатарлық капиталмен жекеменшіктелгенін, тұрғын үй құрылысы шаруашылығы қызметі коммерцияланып, соған орай тұрғындарының әлеуметтік жағдайында айырмашылықтар айқын көріне бастағанын айта кету керек.

Қаладағы адам өмірінің бұл ерекшеліктері танымал техника философы Л. Мэмфордтың сөзімен айтқанда «тұлғаға зиян келтіреді». Бүгінгі күнде, – дейді ол, «алыстағымыз дәл жанымызға келді, енді өтпелі де өмірлік сияқты бағалы». Жылдам байланыса алу мүмкіндігі болғандықтан, тәулік қарқыны артты, алайда өмір ырғағы бөлшектеніп, үзік-үзік болып қалды: радио, телефон, газеттер жан-жақтан шулап, бар назарды өзіне аудартады, осынша мол у-шудың ортасында адамға қоршаған орта туралы ойлану, оны түсіну өте қиын, ал мұндай өмір салтымен өзіңді жайлы сезіну тіпті қиын» [9, 239]. Сондықтан урбанизация тенденциясымен қатар рурализация тенденциясының да орын алуы таңқаларлық жайт емес, рурализация дегеніміз – ауылдық және қала маңы адамдарының өмір салтының құндылықтарын қалпына келтіру. Рурализацияның орын алуы да өте маңызды, себебі урбанизация ірі қала маңындағы елді мекендерге, соларға жақын жатқан ауылдарға теріс әсерін тигізеді. Рурализацияның салдарынан адамдардың өмір салты өзгеруі мүмкін – шағын әлеуметтік топтарға тән өзара қарым-қатынас қайта орнайды, яғни топтанып емес, тұлғалық жақындық, тұлғалық сырласу жүзеге асады. Бұл адамдар арасындағы қатынастың адами қасиетін арттырады.

Қоғамның өркениеттік дамуындағы қала рөлі біржақты емес. Бір қырынан алып қарағанда, «әлемдік тарих – бұл қала адамының тарихы. Халықтар, мемлекеттер, саясат пен дін, өнердің барлық түрі, барлық ғылым саласы адамзат ғұмырының көне феномені – қалада негізделген» [1, 113]. Екінші қырынан алып қарағанда, дәл сол автордың айтуынша, «өркениет қаланың жеңісі, бірақ ол өзі өніп шыққан топырақтан жырақтап, өзін-өзі ажалға айдайды» [1, 136]. Сондықтан қаланың, сонымен бірге қоғамның болашақ дамуына кепілдік жоқ деген сценарий көптеген антиутопияда көрініс тапты. Ал шындығына келгенде, барынша мол табыс табуды мақсат тұтқан неолибералды экономика соңғы отыз жылда қалаға зор зиянын тигізді, қала құрылысының ұлттық дәстүрлерін де, қала құрылысындағы тарихи-мәдени құндылықтарды да ескерусіз қалдырды. Осыған орай, қазіргі кезде қалада болып жатқан үдерістерді дұрыс бағамдап, бақылауға алу қажет. Бұл тек мемлекеттің ғана емес, негізін қала өркениетінен алатын қазіргі азаматтық қоғамның миссиясы.

Әдебиеттер

  1. Шпенглер О. Закат Европы: Очерки морфологии мировой истории. Т. 2. Всемирно-исторические перспективы. – Минск, 1999. – 718 с.
  2. Ле Гофф Ж. Цивилизация средневекового Запада. – М., 1992. – 376 с.
  3. Ахметова К. Алматы. URL: https://www.zharar.com/kz/olen/27369-kulaw.html (қаралды: 15.04.2024).
  4. Ахметова К. Қала экологиясы. URL: https://www.zharar.com/kz/olen/27446-kulaw.html (қаралды: 15.04.2024).
  5. Бодрийяр Ж. Символический обмен и смерть. – М., 2000. – 387 с.
  6. 6. Орда Г. Шынайылықпен бейнеленген шығарма. URL: https://adebiportal.kz/kz/news/view/gulzahan-orda-synaiylyqpen-beinelengen-sygarma__14120 (қаралды: 15.04.2024).
  7. 7. Бродель Ф. Материальная цивилизация, экономика и капитализм, XV-XVIII вв. Т. 1. Структуры повседневности: возможное и невозможное. –М., 2007. – 592 с.
  8. 8. Зиммель Г. Большие города и духовная жизнь. URL: https://magazines.gorky.media/logos/2002/3/bolshie-goroda-i-duhovnaya-zhizn.html (қаралды: 15.04.2024).
  9. 9. Мэмфорд Л. Механический ритм жизни // Иностранная литература. – – № 1. – С. 239-240.

Мақала Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитеті қаржыландыратын AP19176500 «Қазіргі қазақ әдебиетіндегі қала бейнесі және кейіпкерлер типологиясы» ғылыми жобасы аясында жазылды.

Мөлдір Аманғазықызы,

А.Қ. Құсайынов атындағы Еуразия гуманитарлық  институтының доценті, философия докторы (PhD)

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5320