Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 5019 0 пікір 24 Желтоқсан, 2013 сағат 09:35

Думан Анаш. Керімбай – Әміре мойындаған әнші

Ахмет Жұбанов Алматыға алдырмақ болған

Тарбағатайда Райымбектің Керімбайы деген әнші өтіпті. Әуезді әні Тарбағатайдың теріскейі мен күнгейін әлдилеген деседі. Еуропаның талғампаз тыңдаушысын тәнті қылып, сырбаз сахнасын серпілткен Әміреден Керімбайдың дауысы кем емес деген әңгіме бар. Бұл туралы Қарпық Егізбайұлы «Тағылым» атты кітабында (Семей, 2001) жазады: «...Алдына жылқы салмаған бәйге күрең сияқты жүйрік ат, қыран бүркіт, жүйрік тазы ұстаған Райымбектің Керімбайы (1891 – 1949) осы аймақтың Ақаны мен Біржаны болған...
...1933 жылы ел аралап жүріп, Көкпектінің «Шұбарши» колхозында Алматыдан келіп өнер көрсетіп жүрген Әміре Қашаубаевпен кезігеді. Керімбайға: «Сіздің әншілігіңіз менен артпаса, кем емес екен» – депті Әміре. «Жоқ, сіз үкімет әншісісіз, сізбен теңесе алмаймын» – дедім» деп айтып келді Кекең (жұрт құрметпен Кеке дейтін).

...Алматыға театрға шақырып, атақты әртіс Қуан Лекеров екі рет келіп кетіпті. Соған барам деп жүргенде 1938 жылы «Халық жауы» ретінде ұсталып, жазықсыз жазаланған айтулы өнер иесі сол сапардан қайтпады».
Міне, Керімбай туралы осы аз сөздің өзі саз дүниеге жетелейді.

Ахмет Жұбанов Алматыға алдырмақ болған

Тарбағатайда Райымбектің Керімбайы деген әнші өтіпті. Әуезді әні Тарбағатайдың теріскейі мен күнгейін әлдилеген деседі. Еуропаның талғампаз тыңдаушысын тәнті қылып, сырбаз сахнасын серпілткен Әміреден Керімбайдың дауысы кем емес деген әңгіме бар. Бұл туралы Қарпық Егізбайұлы «Тағылым» атты кітабында (Семей, 2001) жазады: «...Алдына жылқы салмаған бәйге күрең сияқты жүйрік ат, қыран бүркіт, жүйрік тазы ұстаған Райымбектің Керімбайы (1891 – 1949) осы аймақтың Ақаны мен Біржаны болған...
...1933 жылы ел аралап жүріп, Көкпектінің «Шұбарши» колхозында Алматыдан келіп өнер көрсетіп жүрген Әміре Қашаубаевпен кезігеді. Керімбайға: «Сіздің әншілігіңіз менен артпаса, кем емес екен» – депті Әміре. «Жоқ, сіз үкімет әншісісіз, сізбен теңесе алмаймын» – дедім» деп айтып келді Кекең (жұрт құрметпен Кеке дейтін).

...Алматыға театрға шақырып, атақты әртіс Қуан Лекеров екі рет келіп кетіпті. Соған барам деп жүргенде 1938 жылы «Халық жауы» ретінде ұсталып, жазықсыз жазаланған айтулы өнер иесі сол сапардан қайтпады».
Міне, Керімбай туралы осы аз сөздің өзі саз дүниеге жетелейді.

Керімбайдың ұлы Рамазан ақсақал бүгінде Алматыда тұрады. Тоқсанға таяп қалған қарияның шаңырағына өзіміздің Ерекең, Еркін Шүкіманов амандаса барып, ескінің көзінен біршама деректерді таспаға жазып алған екен. Осы таспаға жазылған Рамазан қарттың әңгімесімен бөлісейік. Құнды дүниені бөліскен Ерекеңнің риясыз пейіліне алғыс айтамыз.

– Керімбай өз уақытында ел аралап, халық алдында ән салыпты. Әкеміз туралы бұрынғының адамдары білуші еді. Олардың қатары сиреді. Сондықтан білетінімді сіздерге айтып берейін. Мен 1925 жылы Рамазан айында дүниеге келіппін, көктем уағы, наурыз айы болса керек. Он үш жасқа толған кезімде әкеме «халық жауы», «бай баласы», «жапон тыңшысы» деген жазықсыз айыптар тағып, үйден алып кетті. Ол соншалықты бай емес еді. Бір үйір жылқысы, екі жүзге тарта қойы бар болатын. Ән-жырмен жүріп, дүние жимаған адам. Бірақ бәйге ат, қыран бүркітке құмар болды. Үйде домбыраның бірнеше түрі тұратын. Қурайдан жасалған сыбызғы аспаптарымен, сырнаймен ауыл балаларына күй ойнап, ән айтып беріп отыратын. Қылқобызды да өзі жасайтын, – деп бастады әңгімесін Рамазан Керімбайұлы. – 1938 жылы «халық жауы» деп алып кеткен соң, сол жылы 14 қарашада атылған екен. КГБ мұрағатындағы құжаттарда «Керімбайды Түркістан әскери округінің тергеушісі тергеген» деп жазылғанымен, қай жерде атылғаны, кімнің куә болғаны көрсетілмеген. ОГПУ адамдары ауылдан тоғыз адамды алып кетті. Тоғызы да бір күнде атылды. Бұл жайттан хабарсыз болғандықтан Сталинге, Ворошиловқа әкемнің жағдайын білгім келетіні туралы хаттар жаздым. Олар жауап қатпады. Кеңестік органдар «Совет өкіметі ешкімді жазықсыз жазаламайды» деген сыңайда жауап жіберді. Он жылдан аса уақыт өткен соң, 1949 жылы КГБ-ның Семейдегі бөлімінен «Керімбай гипертониядан қайтыс болды» деген жауап келді. Егер гипертониядан қайтыс болса, оған дейін бала-шағасына бір хат жазуы керек еді...

Керімбай 1925 жылдары астана болып тұрған Қызылордада ән айтыпты. Жаз бойы ауылда болып, қыста қайтадан Қызылордаға кетіп қалады екен. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған әншілердің ішінде астанада өнер көрсетуге Керімбай Мақажанов, Манарбек Ержанов, Қуан Лекеров, Жүсіпбек Елебеков сынды дүлдүлдер іріктеліп алынған.
1935 жылы маусым айының ішінде Аягөз өзенінің бойындағы түбекте киіз үйде отырған едік. Әкем үйге ат арбамен Ахмет Жұбанов пен Қуан Лекеровті алып келді. Ахаң алдына дөңгелек үстелді қойдырып, үстіне қағаздарын жайып тастады. Қасындағыларға қайта-қайта ән айтқызып, күй тартқызып әлденені жазып отырды. Он жасар бала күніміз ғой, не жазып отырғанын білмейміз. Бағаналы Саятөлеков мен Мәткәрім Есенғұловты он бес күн бойы жанында ұстады. Ақсуаттан домбырасымен бірге арнайы алдырған еді. Олардан ән мен күй жазып алғаннан кейін Ахаң Алматыға қайтып кетті. Ахаңның Керімбайды Алматыға шақыртуының себептері болған сияқты... Өйткені 1938 жылы Алматыға көшеміз деп отырған кезде әкем ұсталып кетті. Алматыдан үй таба алмай кідіріппіз.
1935 жылы Ақжал атты жаратып, Қазақстанның 15 жылдығы кезінде Ақсуатқа алып барды. Ақжал бәйгеден бірінші келді. Аудандық атқару комитетінің өкілдері мен аудан халқы жиналып, Керімбайға төбенің басында, клубта ән салдырды. Сол кезде мені қасына ертіп жүрді. Арасында мен де шырылдап ән саламын...

Газеттегі сурет

Төбе басында «Ағашаяқты» айтқан сәті газетке шыққан. Газетті киіз үйдің керегесіне іліп қоятынбыз. ОГПУ адамдары келгенде газетті де өздерімен бірге алып кетті. Осы сурет есімнен шықпайтын. Алматыдағы мұрағаттардан ескі газеттердің бумасын қарадым. Мұрағат қызметкерлері көне газеттерді бергенімен, аударыстырып қарай бастағанымда «уақытыңыз бітті» деп қайта алып кетеді. Ештеңені жөнді қарай алмағандықтан, бұл шаруаны ғылыми ізденісте жүрген жиенім Гүлмираға тапсырдым. Ол бір күні әкемнің суреті шыққан газетті алып келді. «Қарасу колхозы, Үшарал ауылы, Ақсуат ауданы. Әнші Керімбайдың көркемөнерпаздар ұйымында ән салған сәті» деп облыстық газетке шығыпты. Бүгінде әкемнен қалған бар белгі – осы.

Әкем үйді қорасымен бірге төрт бөлмелі қылып кірпіштен салдырған. 1929 жылы кәмпеске жүріп, отызыншы жылдары ашаршылық басталғанда шеткі бөлмені Қайыржан есімді ауыл советтің төрағасы контор жасады. Одан кейінгі бөлмеде сауданың бастығы Керімбай Есалин деген кісі (оны Ноғай Керімбай деп атайтын) отырды. Үшінші бөлмеде Қарпықтың әкесі Егізбай, шеткі бөлмесінде біз тұрдық. Ойда тары, астық сақтайтын қойма бар еді. Қайыржанның әйелі Қасқатай бізге апай болады. Ол қоймашы болып, ауылдарға шай, кездеме, тары үлестіретін. Осы үйлердің үш қыз, үш ер баласы бірге ойнайтынбыз.

Бәйге күрең

Бірде мені әкем Көкпектіге ертіп барды. Құдайберген ағамды да жорға торы тайға мінгізіп алды. Жанында қаптамасы бар домбыра. Көкпектіде бір ноғайдың үйіне түсіп едік, достары болып шықты. Ол кезде біздің үйдің едені ағаш болғанымен, төбесі шатырлы емес еді. Ал ноғайлардың үйі шатырлы, еденді. Моншасы бар. Қорасында жеті арба тұрды. Олар Ақсуат өңіріндегі малшылардан жүн-жұрқа, тері-терсек, мал жинап, Қоянды жәрмеңкесіне апарады екен. Жәрмеңкеден қайтқанда бір арбаға малайларына былғары, киім-кешек тиесе, бір арбаға қыздарына иіссу, сырға, сақина сынды әшекей бұйымдарды тиейді. Қоян, бұлғын ішік дегендердің барлығын орыс көпестерінен малға айырбастап алады.

Қарпықтың менен екі-үш жас үлкендігі бар еді. Ол да әкейдің қасынан қалмайды. Көкпектіде ноғайдың асқан бір байы той жасап жатыр екен. «Бәйге аттарын жетпіс шақырымға жібереді» деген сөз шықты. Әкем «Күреңді қосамын, сен желдіртіп кел» деді. Сосын суға шомылдырып, сабындап тұрып жуды. Сұлысын берді. Маңайдағы елдің бәрі жиналды. Ән шырқалды. Мен ұйықтап қалыппын. Бір кезде «ат кетті» деген шу естілді. Бір жуан ноғай тұрып: «Әй, қазақтар! Маған таласатындарың бар ма? 300 сом тігемін» деп бәске шақырды. Бас бәйгеге кілем жабылған атан түйе бастаған төрт қомақты жүлде тігілген екен. «Мен бармын» деп әкем ортаға шықты. Алайда, қалтасында 150 сомы ғана бар екен. Қалған ақшаны сол жердегі қызықшыл жұрт қолма-қол жинап берді. Сәскеге дейін жүз қаралы ат бәйгеге кетті. Аттарды жібергеннен кейін әкеміз бір қауым елдің ортасында ән айтты. Бәс тіккен ноғай байы нөкерлерімен бөлек төбеде дүрбісімен шолып отырған. Бір кезде «Әне, менің атым бірінші келе жатыр» деп жар салды. Әкеміз ноғайдың қолындағы дүрбісін жұлып алып, қарап жіберді де: «Әкеңнің басы, сенің атың» деп дүрбіні лақтыра салды. Айтқанындай, бір кезде күрең дара шыға келді. Әкем бәйге алған күреңді әрі-бері жетектеп жүріп, бәстің ақшасын ұстап отырған адамға: «Барлығын тілеуімді тілеген осы елге таратып бер» деді.

Әкем жас кезінде керей жұртындағы нағашыларына барады. Қайтарында: «Жиен, қалауың не? Ат мініп қайт» деп үйір жылқыны алдына тосқан екен. Сонда ол үйірдің шетінде жабағы жүні түспеген бір тайды көрсетіпті. Нағашылары «Ірі жылқы таңда, тай алғаның ұят емес пе?» дегеніне қарамай, жетектеп кетіпті. Сол тай бәйге күрең болды.
ГПУ-дың бастығы Кенесары Бакин деген адам. Ол Әліби Жангелдинмен бірге істеген екен. Бакин әкеймен дос еді. Бір күні «Банды қуып жүрмін» деп бәйге күреңді сұрады. Күрең «жат» десең жататын, бақанды тосып «қарғы» десең қарғитын ақылды жануар болатын. Төңіректе одан озатын жылқы жоқ еді. Әкем досының көңілін қимай, атты береді. Бірде Бакин үйіне ноғайдың байларын қонаққа шақырғанда, құйып отырған арағы бітіп қалыпты. Қызып отырған ол әйелінен ақша сұрайды. Бірақ үйінде ақша болмайды. Содан ноғайларға: «Әй, ақша бар ма?» десе, олардың бірі: «Атыңды сатсаң беремін» депті. Бакин жылқыны 30 мыңға бағалапты. Қонағы сол сәтте орамалға түйген ақшаны лақтырып жіберіп, атты жетектеп кетіп қалған екен. Таңертең ақшасын алып қайта барса, атты сойып тастапты. Сонда: «Сен атты сойғанша, мына екі баланың бірін неге соймадың?» деп ренжіпті. Бес күннен кейін ГПУ-дің адамдары Бакиннің үйіне қоныпты. Олар мылтықтың оқшантайын босатпаған екен. Үйдегі екі бала мылтықпен ойнап отырып, қарсысындағы баланы атып тастапты. «Міне, аттың киесі» деп әкем айтқаны есімде.

Жүсіпбек пен Манарбектің ұстазы

1960 жылдары ауылға Жүсіпбек Елебеков келді. Мен ол кезде колхоз төрағасымын. Өнер адамдары келген соң клуб жақты жайғастырмақ оймен шығып кеткенмін. Үйге келсем Жүсекең Алма атты қызыма ән салып беріп отыр. «Оу, Жүсеке, мұныңыз қалай?» деп сұрадым. «Адам баласының үйінде ән салмаушы едім, Димекеңнің (Қонаевтың) үйінде ғана бір күйшімен қосылып ән айтқаным бар еді. Қызыңыз сұраған соң айтып отырмын. Қызыңыз «Ата, кімсіз?» деп сұрады. «Мен – әншімін» деп едім, бір домбыраны сүйреп алып келіп «Ата, ән салыңызшы» деді. Шертіп көрсем, ән айтатын адамның домбырасы сияқты. «Қандай ән салайын?» дедім. «Апам тойға кеткендегі әнді салыңызшы» деді» дейді Жүсекең.

Шынында, үйге кіріп келсем, «Апаң тойға кеткенде, не деп кетті, жар-жар?» деп Жүсекең бар дауысымен әнді аспандатып отыр екен. Содан қай жерге барса да «Керімбаевтың баласы маған ән салдырды» деп айтып жүрді.
Осы Жүкең, Жүсіпбек Елебеков әкем туралы естелік айтты. «16-17 жасар кезімізде Керімбай бізді Қарқаралыдан шақыртып алып, ән салдырды. Өзі айтқан әнді қайталатып айтқызады. Қайта-қайта ән салған соң төртеуімізді алып қалды. Оның ішінде Манарбек Ержанов та бар. Ән айтып отырғанда Кекеңнің дауысы қатты шықты: «Әй, әнді байыбына барып, нақышына келтіріп, домбыраға ілесіп салыңдар. Дауыс деген айғырда да, бұқада да болады. Құр бақыра беруге болмайды, дауысты көтеретін жерінде көтеріп, түсіретін жерінде түсіру керек» деп қайта-қайта үйретті. Міне, біздің арнайы оқуымыз жоқ, Керімбайдың үйретуімен өнерге келген едік. Жанымызға жақын ағамыз еді» деп сол арада Жүсекеңнің көңілі босады. Сонан соң «Фотокәртішкесі бар ма?» деп сұрады. Басымды шайқадым. «Кекеңнің суреті болса, Ахмет Жұбановтың мұрағатында болуы мүмкін. Бірақ саған айтпайды ғой. Бар болса да осы күні жоғалтып жіберген шығар» деді Жүсіпбек Елебеков.

P.S: Міне, бұл әншінің бізге жеткен қырлары ғана. Білмейтініміз бұдан да көп. Рамазан ақсақал Керімбайдың бірқатар әндері кейін кеңестік цензурамен бұрмаланып, басқа халық композиторларына телініп кеткені, тіпті мәтіндік тұрғыдан өзгеріске ұшырағаны туралы да айтты. Ойға қалдырарлық дүние. Бұл туралы алдағы сандарымызда жазамыз.

"Дидар" газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3238
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377