ӨСКЕМЕНДІ І ПЕТР САЛҒАН БА?
Өскемендік www.yk.kzсайты «Подарки истории» атты мақала жариялады. Бірақ мақаланың неге «тарих сыбағасы» аталып отырғанын түсінбедік. Өйткені, Өскемен қаласының 300 жылдық мерейтойына жасалынбақ сыйдың «Лад» славян қозғалысының империалистік пиғылынан туындап отырғаны айдан анық.
Өскемендік www.yk.kzсайты «Подарки истории» атты мақала жариялады. Бірақ мақаланың неге «тарих сыбағасы» аталып отырғанын түсінбедік. Өйткені, Өскемен қаласының 300 жылдық мерейтойына жасалынбақ сыйдың «Лад» славян қозғалысының империалистік пиғылынан туындап отырғаны айдан анық.
Мақалада айтылған деректерге сүйенсек, көп ұзамай Өскемен қаласында І Петрге және Ю. Гагаринге ескерткіш орнатылып, тәуелсіздік стеласы бой көтермек. Қаланың 300 жылдық мерейтойына орай бой көтеріледі деген император І Петрге арналған монументті Санкт-Петербург қаласының әкімшілігі сыйға тартпақ көрінеді. Бұл қала Кеңес одағы кезінде Өскеменмен бауырлас қалалар атанған екен. Олардың негізгі алға тартып отырған аргументінің өзі күлкілі. І Петр қаланы тұрғызуға жарлық берген екен-мыс. Патшалық Ресейдің қазақ даласына қала тұрғызуы игі мақсаттан туындамағанын, оның түпкі ойы – отарлау саясаты болғанын жұрттың бәрі жақсы түсінеді. Оның үстіне «Лад» славян қозғалысының Қазақстанды, қазақ тілін ешуақытта мойындамағанын және біздің мемлекеттігімізге күмән келтірер талай мақалаларды бұрқыратып жүргенін, тіпті Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы осы «Лад» қозғалысына тиесілі «Русские в Казахстане» сайтын ұлттық араздықтарды өршітуге негіз болатын мақалалар мен пікірлерді көбірек жариялағаны үшін біраз уақытқа бұғаулағанын ескерсек, олардың қазіргі мақсаты болашақта Өскеменді қазақтың емес, Ресейдің қаласы етіп көрсету ниетінен туындаса керек.
– Біз республикалық «Лад» славян қозғалысының Шығыс қазақстандық филиалы өкілдерімен, ғалымдар мен этнографиялық мұражай қызметкерлерімен, қаладағы қоғамдық қызметкерлермен қаланың І Пертдің жарлығымен тұрғызылғанын растайтын құжаттарды жинадық. Сондай-ақ, қаланы Ленпроектінің сәулетшілері жобалаған, сол үшін Невадағы қала үкіметіне және РФ президенті Владимир Путиннің әкімшілігіне қала мерейтойына сыйлық жасауға өтініш түсірдік. Бізге Санкт-Петербург үкіметінің мүшесі, Сыртқы байланыстар жөніндегі комитет төрағасы Александр Прохоренко жауап берді. Олар бұл өтінішімізді қабылдауға және қаланың 300 жылдығына орай, сыйлық жасауға келісіп отыр. Олар тек Өскемен қаласы басшылығының ұйымдастыру жұмыстарын келісуін күтпек, – дейді Қазақстанның «Русская община» қоғамының шығысқазақтандық филиалы Кеңесінің төрағасы Олег Масленников.
Демек, олар Қазақстан халқының бұған келісім беретін бермейтінін ескермейді де, тек облыс әкімшілігінен ұйымдастыру жұмыстарын келісуді ғана сұрап отыр. Бір қызығы облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бұл жайында сараптама комиссиясына тапсырма берген. Шын мәнісінде, Қазақстанды үш жүз жылдай отарда ұстаған метрополияның бұлай асқақтауына біздің билік те, халық та жол бермеуі керек. Кезінде кейбір бұзақылардың Шығыс Қазақстанды Ресейге қосып алу мақсатында бүлік шығарғанын, Дугин, Солженицын, Жириновский секілді Ресейдің «әсіреұлтшылдарының» Қазақстаннан әлі күнге дейін жер даулап, солтүстік бес облыс пен шығыс облысқа қолқа салып жүргенін ескерсек, І Петрдің ескерткішін еліміздің шығыс қақпасына қасқайтып тұрып қоюымыз, империялық пиғылды жүзеге асырудың басы болып табылмай ма? Ең өкініштісі, Шығыс Қазақстан облыстық әкімшілігінің бұған қарсы болмай отырғандығы. Меніңше, Кедендік одақтың ақыры, Еуразиялық одақтың келесі жылы құрылуы секілді іс әрекеттер елдегі орыс және славян ұйымдарының империялық пиғылын қайта өршітіп отыр. Сол себепті де, мемлекетшіл тұлға, қазақтың жанын бір кісідей түсінетін Бердібек Сапарбаев әкімшілігі бұған жол бере қоймайды деп ойлаймыз. Өскеменде онсыз да империялық жүйеден қалған орыс атауларынан көз тұнады. Егер, мемлекетшілдікті, тұтастықты ойласа, Өскемен әкімшілігі өзгеге емес, Абылайханға, Қазақ хандығының негізін салған Жәнібек пен Керейге, өзге де қазақтың етігімен су кешіп, ат ауыздығымен алысып, аттан түспей елін қорғаған тұлғаларына ескерткіш орнатуы тиіс. Сол кезде Өскемендегі империяшыл пиғылдағы халық кімнің жерінде, кімнің елінде тайраңдап жүргенін сезінетін болады.
Ал қазақ оқырманы бұны әлеуметтік желіде қызу талқылауда. Бастысы жан жүректерімен қарсы екендіктерін білдіруде. Біз осыған орай бірнеше пікірдің басын қосып ұсынуды жөн көріп отырмыз.
Есімжан Нақтыбай:
- Баяғыда Қазақ жеріне келген бірінші Петр мешітті шіркеумен шатастырып, ішіне кіріп шоқынып шығады. Шыққасын қасындағылардың бірі құлағына сыбырлап, үлкен қателік кеткенін, бұл шіркеу емес, мұсылмандардың ғибадатханасы екенін айтады. Өз қателігіне қатты қорланған Петр мешітті зеңбірекпен атып, жермен жексен еткізеді. Өскеменде Гагарин мен Петрдің ескерткіштері орнатылса, Лениннің орнына қойылған Абай жетімсіреп қалар еді. Басшылар оған жеткізбеу керек. Алтайға ат басын тіреген игі-жақсының бәрі тамсанып айтып жүрген ерен ерлігімізге сын болатынын олар да біледі ғой.
Серік Әбілхан:
- Біріншіден, ескерткішті орнатудың жән-жосығын бұл жұрт білмей отырған жоқ. Екіншіден мұндай мәселенің көтерілуінің өзі нені аңғартатынын ұққанымыз жөн. Үшіншіден егер шынымен ескерткіш орнату керек болса (!) Астананың да, басқалардың да бұған кедергі келтіруі екіталай. Себебі ұшқан құсы, жүгірген аңы толеранттылық деп сұңқылдайтын біздің елде бәрі де мүмкін ғой
Алтынай Зарлыққызы:
- Әкімшіліктің алдына Абайды қойды. Басқа кім бар? Жастар саябағы дейді оның ішінде Горький тұр, Сол Жастар саябағына Ә.Нұршайықовтың ескерткішін қойса жарасымды болар еді. Ел танымайтын орыстың аттары көп көше атауы боп тұрған. ооой Өскеменде айта берсең көп қой. Кривоносов деген көшені ауыстырмай шулап еді ғой орыстар
Мұратхан Кенжеханұлы:
- Қазақтың хандарының біреуіне алақандай жерін қимаған Өскеменге орыстың патшасы орнығатын болса жетіскен екенбіз.
Ермек Дюзкенев:
- Мен сендерге бір қызық айтайын жігіттер. Ескерткіш қою мәселесін Сапарбаев та, басқа да әкім шешпейді. Заңға сәйкес кез-келген ескерткіш орнатылар алдында көптеген келісімдерден өтуі тиіс. Біріншіден, белгілі қоғамдық ұйым облыс басшылығына сұраныс жасайды - пәленшенің ескерткішін орнатайық деп. Сосын ол ескерткіштің қойылуының маңыздылығын растайтын құжаттар жиналады. Ол құжаттардың арасында қандай қаражатқа және қандай жерде (ол үшін жер телімі бөлінуі тиіс) орнатылуы көрсетіледі. Сосын бұл құжаттар ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне жолданады. Сол жерде құрамына еліміздің абыройлы азаматтары кіретін Ескерткіштер және монументтер жөніндегі республикалық комиссияда қаралады. Бұл комиссия өзі жылына бір-екі рет қана жиналады. Комиссия ескерткіш қойылсын шешім қабылдаса, арнайы конкурс жарияланып, ескиздер таңдалып алынады. Сондықтан бұл жолдан өтпеген кез-келген ескерткішті заңсыз деп санауға болады.
Есен Байнұр.
"Түркістан" газеті