Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 5946 0 пікір 24 Желтоқсан, 2013 сағат 09:56

Гастарбайтерлер көбейіп барады…

Өзіміздің жұмыссыз жүрген азаматтарымыз қайтпек?

Өзіміздің жұмыссыз жүрген азаматтарымыз қайтпек?

БҰҰ-ның мәліметі бойынша, 2013 жылы әлемдегі мигранттар саны 230 миллионнан асқан екен. Олардың басым көпшілігі АҚШ пен Ресейде тұрады. Дәлірек айтқанда, АҚШ-та 46 миллиондай мигрант бар. Оның 13 миллионы Мексикадан келгендер. Ресейдегі мигранттар саны – 11 млн. Үшінші орында Германия (10 млн). Сондай-ақ Сауд Арабиясы, Біріккен Араб әмірлігі және Ұлыбританияда да әртүрлі мақсаттармен сырттан келіп қоныстанғандар саны әрқайсысында 9 миллионнан. Алматыда 2013 жылдың қазан айында өткен ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның «2012 жылы ҚР адам құқықтарының ахуалы туралы» және «ҚР мигранттар құқықтарының ахуалы туралы» баяндамаларында көрсетілген мәліметтерге сүйенсек, Қазақстан Бүкіләлемдік банк деректері бойынша еңбек мигранттарын қабылдау көрсеткіші жөнінен әлемде 9-шы орында. Сол баяндамада Үкіметтік емес ұйымдардың мәліметтеріне қарағанда, Қазақстандағы еңбек мигранттарының саны 700 мыңнан асатыны, ал ресми тіркелгені 6 пайыз немесе 40 мың адам ғана екені айтылған болатын. Ал  биылғы жылдың қыркүйек айында «2012 жылғы мигранттардың құқықтық жағдайы туралы» баяндамасында көрсетілген мәліметтерге сүйенсек, елімізде ресми рұқсатсыз 300 мыңға мигрант жан бағуда. Демек, мигранттардың басым көпшілігі ресми тіркелмей, ешқандай салық төлемей еңбек етуде.

Егер осы мәліметтерді негізге алып, ресми тіркелген 40 мың адамның ең төменгі жалақысы 60 мың теңге мөлшерінде деп санасақ, келімсектер айына елімізден 2 млрд. 400 млн. теңге қаржы жинайды. Бұл тек ресми тіркелген мигранттарды ең төменгі жалақымен есептегенде шыққан қаржы. Ал шындығында олардың саны 40 мың адамнан әлдеқайда көп екені баршаға белгілі. Сонда ел экономикасынан қаншама қаражат сыртқа кетуде.
Ал ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіндегілер 2015 жылға қарай Қазақстандағы қосымша еңбек күшіне деген қажеттілік 500 мың адамға жетіп, жыл сайын орташа есеппен алғанда, 60 мың адамға көбейетінін айтуда. Елімізге мигранттардың қаптап келуі біріншіден, бізде жұмыс орны бар екенін көрсетеді. Оларға жұмысшы қажет екені көрініп тұр. Осы мәселе жуырда қайта қаралып, Парламент пен Үкімет шешімін таба алған жоқ. Бұл жөніндегі заң жобасына енгізілетін өзгертулерді Мәжіліс талқылап, Сенат бекітті. Жуырда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еңбек миграциясы туралы заңға түзетулерге қол қойды. Алайда бұнымен бұл мәселе толық шешімін таба қоюы неғайбыл. Бұлай дейтініміз, бұл заң Ресейдегі заң жобасына ұқсайды. Ал Ресейдегі мигранттар мәселесі оңды шешілді деп айту қиын. Бұл жөнінде ақпарат құралдарының айтып, жазып жатқандары аз емес. Біздегі жағдай Ресейден мүлдем өзгеше екенін Үкімет те, Парламент те түсіне алмағаны таңдандырады. Саясаттанушылардың айтуынша, Ресейде қазір демографиялық ахуалдың төмендігі байқалады. Міне, сол себепті де Ресей қосымша еңбек күшіне мұқтаж. Ал Қазақстанда демографиялық өсім бар болғандықтан, өз азаматтарымыздың мүддесі бірінші кезекте тұру керек. Яғни, сырттан тек кәсіби деңгейі жоғары, елімізде жетіспейтін мамандар ғана тартылуы тиіс.
Бұған қоса еңбек көші-қон заңдарына енгізілген өзгерістерде сырттан келген еңбек мигранттарының мемлекеттік тіл – қазақ тілін білуі қарастырылмағаны қынжылтады. Айталық, Ресейдегі көші-қон заңына 2012 жылдың 12 қарашасында енгізілген өзгертулерге сәйкес, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, сауда, тұрмыстық қызмет көрсету салаларында жұмыс істейтін мигранттар міндетті түрде мемлекеттік тіл – орыс тілін білуі тиіс. Ал Ресей Федералды Миграция қызметінің директоры Константин Ромодановский болса, 2015 жылдан бастап сырттан келген кез келген мигрант орыс тілімен қатар Ресей тарихы, Ресей құқық негіздерінен тестілеуден өтуге міндетті болатынын басылымдарға айтып, жар салуда. Қазір Ресейде еңбек көші-қон саясатына байланысты жаңа заң жобасы қызу талқылану үстінде. Тіпті Ресей Президенті Владимир Путин этникалар арасындағы қақтығыстарды болдырмаудың бірден-бір жолы да сол, мигранттарды орыс тілін, Ресей мәдениеті мен тарихын, Ресей құқық негіздерін білуге міндеттеу екенін жеткізген болатын.
Шынында да, әр мемлекет ең әуелі өзінің елінің мүддесін ойлайтыны рас. Өзінің ана тіліне, мемлекетіне, халқына тиетін қауіпті ойлау да заңды құбылыс. Ал біздегі жағдай қандай? Біздегі еңбек көші-қон заңдарына енгізілген толықтырулар бір жағынан орынды да. Бұнда заңды жеке тұлғалардың үй шаруашылығына бір мезгілде бесеуден көп емес еңбек мигранттарын тартуы туралы нормамен толықтыруды ұсынған болатын. Сондай-ақ, осы нормаға қоса Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 396-бабына жұмыс беруші-жеке тұлғаға жұмысқа тартылатын еңбек мигранттарының шектеулі санын бұзғаны үшін әкімшілік жауапқа тарту туралы толықтыру енгізу бар. Оған қоса еңбек көшіп-қонушыларына дактило-фототіркеу енгізу жолымен бақылауды күшейту; еңбекші мигрантқа берілетін рұқсаттың 12 айдан аспайтын ең көп мерзімін белгілеуді қарастыру бойынша да өзгерістер мен толықтырулар енгізілген. Жаңа рұқсат еңбекші көшіп-қонушыға алдыңғы рұқсатының мерзімі біткеннен кейінгі 30 күнтізбелік күннен кейін ғана беріледі. Шетелдік жұмысшыларды әкелу үшін жұмыс беруші бір ай мерзім ішінде тиісті біліктілігі бар жұмысшыны іздестіруі тиіс. Одан басқа енгізілетін түзетулер салық кодексі мигранттардың жеке кіріс салығын (ЖКС) төлеу және оны есептеу тәртібін реттейтін нормалармен толықтырылады. Мигрант әр айға алдын ала ЖКС бойынша 2 ең төменгі есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде төлем жасайды да соған рұқсат рәсімделеді. Қазақстан Республикасының бас экономисі Ерболат Досаевтың айтуынша, еңбек мигранттарына берілген рұқсат санына қарай олардан бюджетке түсетін салық 4 млрд-тан 10 млрд теңге аралығында болады деп күтілуде.
Бір жағынан мигранттардың мемлекетке салық төлеп, аталған тәртіпті бұзған азаматқа айыппұл салу, бір айға ғана рұқсатнама беру ел экономикасына оң әсерін тигізер. Алайда сырттан келген жұмысшы ол тек жұмыс күші ғана емес, ол қоғамның мүшесі болғандықтан, өзінің тілін, мәдениетін, ділін, ұстанымын да әкелетіні ескерілмегені қынжылтады. Тәуелсіздік алып, еңселі егемен мемлекет болғанымызға 22 жыл болса да, мемлекеттік тіл – қазақ тілінде жаппай халықтың 100 пайызы да білетіндей деңгейге жете қойған жоқпыз. Елбасы «2025 жылға қарай қазақ тілін білетін қазақстандықтардың үлесі кем дегенде 95 пайызға жетуі қажет» деп «Қазақстан – 2050» Стратегиясында айтқаны белгілі. Осыған саятын болсақ, сырттан келетін мигранттар қазақ тілін білмей жұмысқа алынбау қажет. Бұны қатаң тәртіп емес, ұлттық мүддеге негізделген талап ретінде түсінгеніміз абзал.

Сыртқы миграциядан келетін қауіп қандай?

Қазақстанға келіп жатқан мигрантт­ардың көпшілігі бұрынғы Кеңестер Одағындағы мемлекеттерден. Міне, сондықтан, ұқсас менталитет пен мәдениет олардың тез уақыт ішінде ассимиляцияланып, тіпті азаматтық алуларына да жеңілдіктер беріледі деген пікірлер көптеп айтылуда. Алайда бұл пікірлер ешқандай негізге сүйенбеген. Себебі Кеңестер Одағының құлағанына 20 жылдан артық уақыт өтті. Мемлекет үшін жиырма жыл аз да, көп те емес. Десек те, жиырма жыл ішінде ескі кеңестік идеологияға қарсы, ұлттық рухта тәрбиеленген жаңа ұрпақ буыны өмірге келді.
Елімізге астыртын және заңды түрде келіп жатқан мигранттардың белгілі кәсіби білімі де, тіпті орта білімі жоқ десек қателеспейміз. Келген мигранттардың біздің тілімізді, салт-дәстүрімізді білмегендіктен, халықпен сіңісіп кетуіне сенім аз. Бұдан мигранттардың ұлттық қауіпсіздікке ғана емес, демографиялық жағдайымызға да қауіп төндіретінін байқаймыз. Айталық, Батыс Еуропада Азия мен Африкадан келгендер, Еуропада туып-өскендеріне дейін өздерінің ұлттық құндылықтарын сақтайды екен. Олар Батыс Еуропада антагонизм жағдайында өмір сүруде. Тағы айта кететіні, мигранттардың туу-өсу көрсеткіштері Еуропаның өз халқының көрсеткіштерінен біршама көбірек. Міне, осыдан, алдағы 3-4 онжылдықта Еуропаның өз халқы бірте-бірте аз ұлтқа айналады деген де қауіп бар. Қазіргі еліміздегі демографиялық жағдайымыз, бүгінгі күні Қазақстанға да сол Еуропадағыдай қауіп төніп тұрғанын көрсетеді. Халықтың басым бөлігі қазақтар болса ғана, Қазақстан тәуелсіз, егемен мемлекет ретінде өмір сүре алады. Демек, келетін басқа ұлттар мен ұлыстар толқынына тосқауыл қою керек.

Гастарбайтерлер бізге керек пе?

Басқа дамыған мемлекеттермен са­лыстырсақ, Қазақстанның нақты миг­рациялық саясаты қалыптас­паған. Әуелі сөз төркініне зер салсақ, гастарбайтер неміс тілінде («Gast + Arbeiter») жалдамалы жұмысшы деген мағына береді. «Мигранттарды біздің ел несімен қызықтырады?» деген сауал туын­дайды. Колумбия университетінің профессоры, доктор Рафис Абазов баспасөзге жарыққа шығарған мақаласында, мигранттардың алдында Қазақстанның тартымдылығына әсер ететін бірнеше факторлар бар екенін тілге тиек еткен болатын. Оның алғашқысы, бұл – Қазақстанның халық шаруашылығындағы құрылымдық өзгерістер мен жаңа бәсекеге қабілетті экономика секторлары дамуының табыстылығы. Одан кейінгі себеп деп еңбек нарығындағы құрылымдық өзгерістер және «жаңа» мен «ескі» экономикада жаңа еңбек орындарын ашудағы жетістіктер айтылған. Тағы бір себеп ретінде демографиялық бағыттар және ел мен аймақтардағы халық санының көбеюі аталған. Қазақстандағы осындай оң өзгерістер гастарбайтерлерді өзіне қаншалықты тартқанымен, біз үшін оның соншалықты зияны бар.
Біріншіден, миг­ранттардың қазақ жерінде жүруі эконо­ми­камыздың қалыпты жағдайда дамып, өсуіне кедергі келтіретінін түсінген абзал. Миграция жөнiндегi халықаралық ұйым өкiлi Павел Шлиппек қазақ елiнде заңсыз түрде қаражат табуға ұмтылған Өзбекстан, Тәжiкстан, Түркiменстан, Қырғызстан мен Қытай азаматтарын шартты түрде 3 топқа бөлуге болатынын айтады: бiрiншiсi, күнде таңертең темiр жол, көлiк немесе басқа да көлік түрiмен шекара маңындағы базарға жемiс-жидек пен көкөнiс әкелiп, кешке қарай үйлерiне қайта оралатындар. Екiншiсi, малшы, құрылысшы, егiн суғаратындар мен егiн жинайтын маусымдық жұмыс­шылар. Үшiншiсi, ұзақ уақыттан берi Қа­зақстан аумағын мекен етiп, алыпсатарлық және басқа да кәсiпкерлiк түрiмен айналысатын шетел азаматтары. Қара күшiн жалға беретiн алғашқы екi топтағылар жұмыс берушiге тәуелдi болса, үшiншi топ керiсiнше, қазақстандық кәсiпкерлердiң басты бәсекелестері. Олар тіпті, iшкi нарықтағы тұтынушылық сұранысты қанағаттандырып отырған тәуелсiз, заңсыз мигранттарға айналған.
Екіншіден, елге келген еңбек мигранттары өзінің тілін, салт-дәстүрін, тілін, ділін де бірге алып келетіні алаңдатады. Расында қазекем қазақ тілінде сөйлеуді талап етудің орнына өзі шүйіркелесіп, өзбек болса өзбекше, қырғыз болса қырғызша сөйлеседі. Міне, осыдан-ақ тілдік талап жоқ екенін түсінген гастарбайтерлер қазақ жерінде емін-еркін нәпақасын тауып жүре беруді дәстүрге айналдырған. Ресей Мемлекеттік Дума депутаттары гастарбайтерлер орыс тілін, орыс мәдениетін, онымен қоса Ресей тарихын, Ресей құқық негіздерін білуі қажет, тіпті ондай талаптар қоймасақ, орыс тілі құруға жақын деп дабыл қағып жүргенде, бұл нағыз арқаны кеңге салып қою. Ұлттық болмысты сақтап қалу үшін, сыртқы күш­тер әсеріне төтеп бере алу үшін де ұлт­тық мүддемізді берік ұстануымыз керек. Бұл елдің әр азаматының сана-сезі­мінде болуы керек. Сондықтан еңбек мигрант­тарынан қазақ тілін талап етуді борышымыз деп санаған жөн. Осы орайда гастарбайтерлерге арналған қазақ тілінің дайындық тіл курстарын ашуды қолға алып, қазақ тілінен емтихан тапсыруды басты талап етіп қоюды ойланған абзал. Қалай десек те, тек экономикалық тұрғыда бұл заңның тиімділігіне тоқталғаннан кейін, ұлттық мүддемізді де білдіре кеткен жөн. Бірте-бірте қазақ тарихын, қазақ мәдениетін, ҚР құқық негіздерін де білуді талапқа қойсақ, бұл мемлекеттің халықаралық беделін арттырары сөзсіз. Десек те, бұны тікелей Ресейге еліктеушілік деп түсінбеген абзал. Бұл «Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» дегенге саяды. Тағы бір айта кететіні, сырттан келген субмәдениеттер біздің тілімізге, мәдениетімізге, ұлттық санамызға, ұлттық дәстүрлерімізге, тіпті діни бағытымызға кері әсерін тигізуде. Қазақстанға діни ағымдар миссионерлерінің қаншасы келіп, ұлтымыздың санасын улап жатқаны жө­нінде нақты дерек жоқ. Қаншама мигранттар діннің атын жамылып келеді. Шеттен келген еңбек мигранттарымен бірге олар­дың діни ұстанымы, салт-дәстүрі, наным-сенімдері келеді. Соңғы кездері елімізде діни экстремистік бағыттағы топтар кездеседі. Бұл да шеттен келген мигранттардан туатын тағы бір қауіп десек қателеспейміз. Қарап отырсаңыз, сырттан тек зияны келіп, бізден тек жақсысы кетуде. Ал ұлттық салт-дәстүрлеріміз бен тілімізге сырттан келген үрдістер енген соң, бізде қоспа мәдениет пайда болады. Ал қоспа мәдениет ұлт ретінде өмір сүруімізге залалын тигізеді.
Үшіншіден, елiмiздiң, әсіресе, оңтүс­тiк аймағына ай­тар­лықтай қиындықтар мен қауiп төндiрген заңсыз миграция экономикалық тұрғыда ғана емес, этно­демографиялық, қылмыстық тұрғыда да қатерлi екенін баса айта кеткен жөн. Тағы алаңдататыны, кейбір елдердiң этникалық топтарының шекара аймақтарындағы ауылды жерлерге шоғырлануы. Мысалы, Оңтүстiк Қазақстан облысындағы тәжiк, өзбек пен түркiмендердiң көпшілігі ауыл­ды жерлерге қоныстанған. Алматы облысындағы ауылдарда қырғыздар көп (ал солтүстiктегi шекаралық аймақтарда орыстардың саны артып келедi). Өзбектердің біраз бөлігі – Сайрамда. Демек, оңтүстiк бөлiкте тұра­тын халықтың этникалық құрамы – ала-құла.
Гастарбайтерлердің жартысына жуығы құрылыс саласындағы жұмыстарды атқарады. Қалғандары қызмет көрсету саласы мен ауыл шаруашылық саласының барлық тармағында күн көріп жүр. Кәсіби біліктілігі аса жоғары болмағанымен, орта деңгейдегі арзан жұмысшылардың өзі Астана, Алматы, Шымкент, Атырау және Ақтау қаласындағы құрылыс пен қызмет көрсету саласында қызмет етеді. Міне, бұндай арзан жұмыс қолы әуелі, жұмыс беруші бизнес-құрылымдарға, құрылыс компанияларға тиімді.
Төртіншіден, салынатын ғимарат кә­сіби деңгейде орындалмайды. Яғни, кәсібилік болмағандықтан сапа да төмен­дейді. Құрылыс компанияларының көпшілігі бұны маңызды деп санамайтыны өкінішті.
Бесіншіден, гастарбайтерлер екі қолға бір күрек таппай қиналған қарапайым азаматтарымызбен, жұмыс іздеген жігіттерімізбен бәсекеге түседі. Өйт­кені шеттен келген жұмысшылар демпинг (арзан жұмыс қолы) күшінің арқасында жұмысты тезірек табады. Бұл өз кезегінде, өз халқымыздың ішіндегі жұмыссыздықтың азаймауына әкеледі. Бұдан ішкі тұтыну сұранысы өспейді, онымен қоса, өндірістік инвестицияларға салынатын салым көлемі де төмендейді, экономиканың өсуіне кері әсерін тигізеді. Белгілі саясаттанушы Талғат Мамырайымов баспасөзге берген сұхбатында еңбек мигранттарына қатысты заңға бірқатар енгізілген өзгерістердің елімізге пайдасын тигізетіндігіне сын көзбен қарайды. Яғни, бір жағынан заңсыз жұмысшылар осыдан былай заңды қызметке көшеді. Әрі бұл еліміздегі азаматтарымыздың, әсіресе, рес­публика аумағында әр түрлі жұмыстармен нәпақа тауып жүрген ішкі имигранттардың жағдайын қиындатуы мүмкін. «Global Monitor» социологиялық зерттеу фондының мәліметтеріне сүйенсек, 2012 жылдың желтоқсан айында жасалған сауалнама нәтижесі еліміздегі азаматтардың 28,7 пайызының тұрақты жұмысы жоқ болса, 4,2 пайызы жұмыссыз екенін көрсетеді. Яғни, бұл жүз мыңнан астам қазақстандықтардың  ел ішінде жұмыс іздеп, имигрант болып жүргенін көрсетеді. Егер сырттан келген мигранттар заңға сүйеніп, ешқандай тосқауылсыз рұқсат алатын болса, әлбетте өз азаматтарымыздың жұмыссыз қалуы ғажап емес. Міне, сондықтан шеттен елімізге қажет деген мамандықтарды ғана тартқан жөн шығар.
Алтыншыдан, еңбек көші-қон заңдарына жаңа өзгерістер енгізіліп, еңбек мигранттары салық төлесе де, олардың тапқан табысы Қазақстанда жұмсалмайтынын ескерген жөн. Бұл өз кезегінде, ішкі тұтынушылық сұранымға ешқандай айтарлықтай септігін тигізбейді. Мысалы, бір Ресейдің өзінде 2012 жылы 20,9 млрд. доллар сыртқа кеткен екен. Ал биылғы жылдың бір тоқсанында 5,7 млрд. доллар шетел қазынасына құйылған. Еліміз бойынша мұндай нақты мәлімет қолға түспегенімен, біздегі гастарбайтерлердің де қыруар қаржыны сыртқа әкетіп жатқаны ақиқат.
Жетіншіден, сырттан келген ми­грант­тар әсерінен республика аумағын­дағы қылмыс саны өсуде. Бұл еліміздегі ұлтаралық қатынастарды шиеленістіретіні анық. Қылмыспен күресу үшін ІІМ «Көші-қон» іс-шарасы өткізеді екен. Биыл мұндай екі іс-шара ұйымдастырылыпты. Операциялардың нәтижесі бойынша 130 қылмыстық іс қозғалып, 2 мыңға жуық адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. 130-ға тарта азамат елден аластатылыпты. 60 мың адам әкімшілік жауапкершілікке тартылса, еңбек заңнамасын сақтамағаны үшін тағы 2 мыңы елден шығарылған екен.

Еліміздегі мигранттар айлап, тіпті, жылдап та өмір сүріп, күнін көруде. Біреулері, жалдамалы жұмысшылар болса, тағы біреулері өз саудасын алға тартқандар, тағы біреулері қылмыстық топтарға қатысы барлар. Яғни, барлығында қаражат көзі бар. Сондықтан заңсыз мигранттар үшін қатаң жазалау тәртібін қолданған дұрыс. Өз бетінше жан бағып жүрген гастарбайтерлерді де, оларды жалдаған жұмыс берушілерді де назардан тыс қалдырмау керек. Ал заңды түрде жұмыс істеп жүрген гастарбайтерлерді мүмкіндігінше азайтқан абзал. Өйткені еліміздің экономикасын көтеретін де, өсіретін де өзіміздің азаматтар болуы тиіс. Сондықтан жұмыссыз жүрген азаматтарымызды жақсы жалақы төлеу арқылы жұмысқа тартуды ойластырған дұрыс. Міне, осылай бірте-бірте еліміздегі мигранттар саны азайып, олардың да біздің елдегі қажеттілігі төмендейтіні сөзсіз.

Ақбота ИСЛӘМБЕК

"Ана тілі" газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5373