Мен қашқынмын!
Құрметті патша көлілді оқырман! Порталымыздың белсенді авторы, журналист, жазушы Әлімжан Әшімұлы бүгін 60 жасқа толып отыр. Ә.Әшімұлының осы мерейлі жасына орай сіздердің назарларыңызға автордың «Мен қашқынмын» атты ессе романынан шағын үзінді беріп отырмыз.
Мен қашқынмын
(Эссе романнан үзінді)
Маған шетелден бір хат келіпті. Салмағы ауыр канвертті қолыма алып, ары-бері аударып таңғала қарадым да, хаттың кімнен келгенін білмек болып, хат жазушының мекен-жайына көз жүгірттім. «Америка құрама штаты Нью-Йорк қаласы, Вашингтон көшесі 50-үй. Әбдеш Тастанбеков» деп жазылыпты. Менің Америкада мұндай танысым да, туысым да жоқ еді. Пошташы әйел жаңылып әкеліп тастаған жоқ па деп ойлап хат жіберілген мекен-жайға қайта үңлідім. Біздің газет редакциясының мекен-жайы мен менің аты-жөнім айна қатесіз жазылыпты. Канверттің оң жақ шекесіндегі марканың үстіне Нью-Йорк поштасының мөрі басылған. Ал артында Қазақстан поштаның мөрі тұр. Мүмкін Америкада тұратын бір жазушы қандасымыз шығарма жіберген болар. Онда неге редакцияның электрон поштасына жібермей, канвертпен жібергені несі?! Біржағынан, ата-бабасының шежіресін жазып жоқ іздеп жүрген жан шығар деп те ойладым... Ойпырмай, мынау бір қызық жағдай болды ғой!.. Сонау жершарының арғы бетінен бұл адам «маған не септен хат жазып отыр?» деген сұрақтың жауабын білгім келіп, хаттың аузын ашуға асықтым. Содан хаттың аузын ептеп жырттым да, ішіндегі хатын жылдап суырып алдым. Хат компьютермен емес, сия қаламмен жазылыпты. Бет санын ретімен таңбалап қойыпты. Мен хатты басынан бастап оқи бастадым.
Құрметті «Ұлы Дала Елі» газетінің бас редакторы Мұрат Әбдірасұлов мырза!
Менің бұл хатым қолыңызға тиген кезде сіздің қатты таңғалатыныңызды әу баста білгем. Өйткені, мүлде танымайтын адамнан, әсіресе Америкадан мына электронды компьютер заманда пошта арқылы қаламмен жазылған хат алудың өзі таңғаларлық оқиға сезілетіні анық. Сіз мені танымағаныңызбен, бірақ мен сізді жақсы білемін. Себебі, мен сізге памиламды өзгертіп хат жазып отырмын. Сіз басшылық жасап отырған респбликалық «Ұлы Дала Елі» газетінің Нью-Йорктағы белсенді оқырманымын. Сіздердің басылымды әлемжелі арқылы алғашқы нөмірінен бастап оқып келемін. Газеттеріңіз маған қатты ұнайды, әсіресе, сыбайлас жем қорлық туралы жазылған сын мақалаларыңызды қызығып оқимын. Газет редакцияның мекен-жайы арқылы сіздің атыңызға хат жазып отырмын. Осы жерге келгенде хатымды тастай салмаңыз! Менің кім екенімді, неге сізге хат жазып отырғанымды білгіңіз келсе қымбат уақтыңызды қиып, хатты соңына дейін оқып шығуға тырысыңыз!
***
Мен қашқынмын. Менің Қазақстанан қашып кеткеніме бақандай он жылдан асты. Бұл аз жыл емес. Қазір Американың Нью-Йорк қаласында тұрамын. Сіз хатты оқып отырып, «мынаның есі дұрыс па өзі, елден қашып кететіндей жанына не зор келді екен? Әлде адам өлтірген жендет шығар?..» деп кектене күліп, не сенеріңізді, не сенбесіңізді білмей отырған шығарсыз. Сіз қалай ойласаңыз да бәрібір мен қашқынмын. Есі дұрыс адам жайлы жұмысын тастап, қалыпты тұрмысын быт-шыт етіп, отбасын алып шетелге қашып кетпейтіні анық. Ал мен соның бәрін тәрк етіп, қатын мен бала-шағамды алып шетелге қаштым. Бірақ, сіз ойлағандай адам өлтірген қандықол емеспін. Адам өлтірмегеніммен мемлекет пен халыққа одан да зор зиян салған қылмыскер екенімді өзім жақсы білемін.
Сіз айтқандай «есім дұрыс емес» дейін десем, әу баста бәрі қалыпты болатын. Өйткені, мен анамның бойына бітіп тоғыз ай, тоғыз күнен кейін аман-есен перзентханада дүиеге келіппін, балабақшаға да барып, әке-шешемнің сүйкімді баласы, ата-әжемнің тәтті немересі болып өстім. Мектепте де жаман оқымадым, тәртіпті алғыр оқушы болып сыныптастарыма өз әлімше үлгі-өнеге көрсеткенім бар. Соған қарағанда менің «есім дұрыс», бірақ нағыз «нақұрыс», «жетсіз» мен шығармын. Өйткені, адам баласы ес-ақылы дұрыс болып дүниеге келгенімен, өсе келе, өмір сүре келе мен сиқты нақұрыс, опасыз болып кететіндері бар екен. Әрине, бәрі емес...
***
Алматыдағы жоғары оқу орнының біріне түсіп, қаржыгер мамандығын алып, білдей бір мекеменің жай есепшісі болып шыға келдім. Тұрмұсым жаман болмады, біреудің арты болсам да, біреудің алдында жүрдім. Астымда көлік, қалтамнан ақша үзілмеді. Кейін сол қоңыр қалта тұрмысты қанағат етпей басшыларға ат мінгізбесем де, одан төменгісін жасап, сый-құрметімді біркісідей-ақ аямадым. Еңбегім еш кеткен жоқ, көп ұзамай бас есепшінің орнына келіп жайғастым. Бұрынғы бас есепші керісінше менің орныма келіп отырды. «Дүние – кезек» деген осы шығар. Бұрынғы бас есепшінің жасы менен едәуір үлкен әйел еді. Анығырақ айтқанда, Кеңес Одағы кезінде оқу бітіріп есепші болған, кейін тәуелсіз Қазақстанның қаржы жағын жақсы меңгерген өте білгір адам еді. Оның білімділігін қайтейін, «әпке-әкпе, сіз кереметсіз!..» деп арқасын қағып жүріп, тісқаққан есепшілердің мен біле бермейтін «сыры мен құпиясын» үйреніп алдым. Соңында, оның өзін аттан аударып түсіргенімде барып, ол өзінің алданғанын біліп, бармағын тістеп қалды. Анда-мұнда кездесіп көзіміз түйісіп қалса, маған деген кегінің телегей теңіз екенін көз жанарынан білетінмін. Бірақ маған топан су тобығымнан келмейтінін ол қай дан білсін...
***
Менің заманым енді басталғанын еркін сезіне бастадым. Мекемеге келсем де, жиын-тойға барсам да, жұрттың бәрі өре түрегеліп, кейбірі жүгіріп келіп (мен оны танысам да, танымасам да), «Ой, Әбеке, халың қалай? Жұмыс қалай? Бала-шаға аман ба? Аман-есен жүріп жатырсың ба? Сіз біздің мақтанышымызсың ғой! Біздің Әбең жарайды!..» деп арқамды қағып, құшақтасып амандасып жататын. Не керек, сәлем беретін адамның көптігінен кейбіріне қол берсем, кейбіріне қолымды беріп те үлгірмейтінмін... Бұл кезде мен бір шекарадағы Кеденінің басшысы болып алған кезім еді. Сіз бұл қай Кеденде істеді екен деп отырған шығарсыз. Қытайға шығатын бес Кеден бар, соның ең үлкенінде болдым. Арғы жағын өзіңіз түсініп отырған шығарсыз. Жай есепшіден, Кеден басшысы болғанға дейінгі аралық екі жылға толған жоқ, білем. Міне, сол қошеметтер менің кеудемді нан пісіретін дәрежеге жеткізді. «Армысыз, басаке?» – деп жүгіріп келіп амандасқандарға қолымның ұшын беріп, аузымды жай жыбырлатынды шығардым. Ал қол астымдағыларды шықпыртып сабамасам да, оның бержағын жасаушы едім. Олар менің төбемді сонау алыстан көрді болды жан-жаққа тым-тырақай безіп, жұмыстарына бас қойып кірісетін. Бірақ, өзім бір адамнан қатты қорушы едім, ол – облыстық Кеден басқармасының басшысы еді. Қорықпауға да болар еді, мені бұл басшылық қызметке отырғызған осы кісі болғандықтан әрине, бетін сыйлау керек болды... Кейін ол да мені құрметтеп кетті. Өйткені екеуіміздің әңгімеміз жарасып, ымымыз бен жымымыз бір, балық-үндес бақа тілдес болып, аға-іні, туған бауырдай болып кеттік. Қазақ «қарға қарғаның көзін шұқымайды» деп осындайды айтатын шығар, сірә. Сонымен не керек, менің тасым осылай өрге домалап, өрге емес-ау, бір даңғыл жолға түсіп алғандай зулап отырды... Әрбірден кейін, Кеденге жұмыс жасайтын қызметкерлердің тең жартысынан көбін өзімнің туыс-туған, қайын жұрат, нағашы жұрт, жерлес-мерлестермен толтырдым-ау кеп. Сізге өтірік, маған шын, түкірсем түкірігім жерге түспейтін болды.
***
Мен пәлендей керемет жұмыс тындырмасам да, көліктен-көлік, үйден-үй ауыстырып әбден болып-ақ алдым. Олай етпей қайтейін, өзің дәрежелес басшылар көлік пен үй ауыстырса, мен қалай ауыстырмай тұра аламын. Тіпті, менің қол астымдағылардың өзі көлік пен үй ауыстырып жатса, мен қалай алаңсыз, тыныш ұйықтай аламын. Мен тыныш жатқаныммен, әйелің тыныш жатпайтыны бар емес пе. Күнде құлағыңа ызыңдап, құлақ етіңді жей бастайды. Содан амалсыз құлақтың тыныштығын ойлап, әйеліңнің айтқанына көніп, айдағаныңа жүретін кездерің болады. Е, айтпақшы әйелімнің өзі менен қалысқысы келмей бірнеше көлік ауыстырып үлгірді. Сөйтсем, бұл әйел халқында бізден неше есе бәсеке қызу жүріп жатады екен ғой... Сіз ойлап отырған шығарсыз, соншама байлығы бар, білдей бір Кеденнің басшысы әйелінен соншалық неге қорқады деп. Қорықпасыма амалым жоқ, менің бұл қызметке келуім бір жағынан осы әйелімнің арқасы болатын.
Енді сіз менің әйелімнің кім болып істегенін, оның кімнің қызы екенін білгіңіз келіп, тықыршып отырған шығарсыз. Менің әйелімнің негізгі мамандығы мұғалім. Кәдімгі Алматыдағы Қыздар педегогикалық институтының сурет және еңбек мамандығын бітірген. Ауданымыздағы қазақ орта мектебінде сурет және еңбек пәнінен сабақ беретін. Онымен танысып, шаңырақ көтерген кезде мен жай есепші едім. Ол да қарапайым отбасынан шыққан, ақкөңіл, ашық-жарқын, ақылына көркі сай қазақтың қызы болатын. Менің бағым жанып, облыс көлемінде ат-атағым дүркіреп шыға бастағанда, ол «Шырай» сұлулық салоны мен тігін фабрикасын ашып, кәсіпкерліктің тұтқасын мықтап ұстады. Аудан, қала, облыс орталықтарынан бөлімшілерін ашып бизнесін дөңгелетті. Қазақстанның өнер жұлдыздары мен әйел шенеуніктердің (оның ішіде депудат пен танымал кәсіпкерлер де бар) көйлек-коншегін, кастюм-шалбарын тіккендіктен, сонымен қатар бетін әрлеп, шашын бояп бергендіктен оның атақ-абройы респуликаға менен гөрі танымал болды. Кейде соның арқасында менің де атым аталып қалатыны бар-тұғын. Шынымды айтсам, әйелімнің обалына өзім қалдым. Салық жағынан оны қорғап, аздап қаржы жағынан көмектескенім болмаса, ол негізінен өз еңбегімен көтерілді. Ал менің байлығым мемлекеттің қаржысын қызметімді асыра пайдаланып жымқыру және Қытайдан тауар таситын кәсіпкерлердің қалтасын көпе-көрінеу тонаудан келген еді.
Соңы не болды? Менің сыбайлас жемқорлығым, алаяқтығым әшкеріленіп, тұтқындау бұйрығы шығудан бір апта бұрын шетел асып қашып құтылдық. «Қашып құтылдық» деп әйелімді, екі балады да өзімнің қатарыма қосқаным дұрыс болмады. «Кетсең өзің кет, мен бала-шағаммен осында қаламын», – деген әйеліме: «Ешкім мынау Ұлшаттың мүлкі, мынау Әбдештің мүлкі» деп бөліп-жарып отырмайды. Мұның бәрін мемлекеттің қаржысын талан-таражыға салып тапқан байлық деп үкіметке түгел қайтартады. Соңында өзіңді соттайды, темір тордың аржағына қамайды. Бала-шағаңды тірі жетіп қалдырасың ба? Жүр, кеттік! Шетелге қашқандар біз ғана ма, олардың саны жыртылып артылады», – деп жалынып, жалбарынып жүріп зорға алып кеткен едім.
Сіздің осындай қарапайым отбасында туылып, жақсы тәрбие алған ұрпақтың осыншама ынсапсыз, тойымсыз, жетесіз болып шыққаны несі деп таңғалып, жағаңызды ұстап отырғаныңыз өте орынды. Егер менің орнымда сіз болсаңыз, дәл мен сияқты сіздің де тойымсыз ауруға, айықпас дертке шалдығуыңыз бек мүмкін еді. Сіз барға қанағат етіп, нәпсіңізді тиғаныңызбен айналаңыздағылар мен жоғарыдағылардың өлексеге жиылған құмайдай ақшаға, байлыққа лап қойып жатқанын көргенде қалай ғана шыдап қарап тұра аласыз. Онда біздің (әрине, қолында мәнсабы бар адамдарды айтам. Сол мәнсаптың өзін пәленбай мың долларға сатып аламыз ғой) оларға қызықтап қарап тұрғанымыз нағыз «ақмақтық» болмай ма?! Менің ынсапсыз болуыма басты себепкер болған басқа емес, менің қайын ағам – Алмас болатын. Ол облыс әкімінің қызын алмаған болса, мүмкін бұл кезде Ұлшат екеуіміз сол баяғы жай мұғалім мен қарапайым есепші болып балашағамызды атамекенімізде тәрбиелеп, сонда оқытқан болар ма едік?! Әке-шешеміздің жанында, туыс-туған, жегжат-жұраттармен араласып, олардың қуанышы мен қайғысына ортақтасып жүрген болмас па едік?! Бірге өскен дос-жаран, бірге оқыған құрбы-құрдастарымызбен бәз-баяғынша мәз-майрам болып араласып жүрмес пе едік?! Біздің маңдайымызға мұндай тағдырды Тәңірім бізге жазбаған сияқты. Керісінше, өз отанынан қашқан сатқын аталып, жат жер, жат елде өмір сүруді жазыпты. Бәрінен бұрын, әке-шешеме, бауыр-туыстарыма обал болды. Әке-шешем ел-жұрттың бетіне қарай алмай қалған шығар. Олар «жетесіз баласын» ойлап көз жастары сарқылып, ендігі картайып та кеткен болар...
***
«Бәрінен бұрын әке-шешеме, бауыр-туыстарыма обал болды...», – дейді ғой мына жетесіз! Әбдеш, сен шынымен де нағыз «нақұрыс» екенсің! Мұндай өкінеріңді білсең, неге осы лас тірлікпен айналыстың?!» – деп оқып отырған хатымды үстел үстіне тарс еткізіп тастай салдым да, орнымнан қарғып тұрып терезе алдына келіп далаға қарадым. Алатау ғайып болған. Қапалақтап жауып тұрған ақ түтек қар айналаны көрсетпейді. Иек астындағы көшеге көз тастап едім, ары-бері сапырылысқан көліктер бұрынғыдай жылдам емес, құмырысқадай жыбырлап қалыпты. Қайтып келіп орныма отырдым да, хаттты қолыма алып оқуды жалғастырдым.
***
Әкем мен шешемді қартайып кеткен шығар деп мүсіркегеніме жол болсын, өзімнің де шашыма құрау қонып, бетіме әжімнің сызықтары сызылып, елудің қырқасына күні кеше қонып отырмын. Балауса балалық шағым, қылшылдаған жастық көктемім туған жерім, атамекенім – Қазақстанда өтті ғой... Сағынамын, сағыннаннан не пайда. Менің еліме жасаған жақсылығымнан істегн жамандығым көп болды ғой. Бұларды ойласам жүрегім сыздап, көз жасым көл болып кетеді...
(жалғасы бар)
Әлімжан Әшімұлы
Abai.kz