Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
1026 0 пікір 30 Маусым, 2024 сағат 16:36

Полиция қызметкері: Еріктілер ел тағдырына бейжай қарамайды!

Коллаж: Abai.kz / Суреттер: ulysmedia.kz, baigenews.kz

«Дауылдың алды – жел, жаңбырдың арты – сел» - демекші, қалың қардың толассыз жаууының салдарынан биыл елімізде 80 жылда бір кездесетін су тасқыны орын алды.

Бөгеттердің жарылуы да аталмыш мәселенің тууындауына бірден-бір себеп болған. Нәтижесінде қарғын судың кесірінен еліміздің он облысында төтенше жағдайлар жарияланып, су басып кетті. Дайындық қанша жерден шартты түрде болған күннің өзінде де жарты миллионнан астам халықтың өмірі қыл үстінде болды. Тіптен, үйсіз-күйсіз ғана қалып қоймай, материалдық шығынға да батып жатқандары шамалы. Ең қуантатыны адам шығыны болмады. Себебі, арнайы құтқарушылар мен еріктілердің арқасында еліміз бұл қиыншылықтан да өтіп, еңсемізді қайта бір тіктеп берді. Бірігіп көтерген жүк жеңіл демекші, абырой болғанда қазір бұл қауіп артта қалды. Еліміздің барлық өңірінде су тасқыны аяқталып, қайта қалыпқа келу жұмыстары қызу жүруде.

Әр нәрсенің артынан қайыр іздейтін қазақ, бұл су тасқынынан да өздеріне оң пайдасын таба алды. Тасыған судан еліміздегі қоймаларға су жиналып қалды. Бұл өз кезегінде ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіпте пайдалануға жөнелтілмек. Мәселен, БҚО-да ірі төрт бірдей қойманың 87%-ы толса, Ақмоланың 99%, СҚО-ның 100%, Ақтөбенің 95%, ШҚО 89%, Абай облысының 87,8%, Қарағандының 99,5%, Қостанайдың 91% – ы сумен қамтамасыз етілді.

Ырысты ынтымағын сын сағатта таныта білген еліміз табиға апатта жұрт болып төтеп берді. Арнайы құтқарушылар мен әскери қызметшілер, сондай-ақ, ІІО мен қызметкерлер де күн-түн деместен жұмыстарын жасап, Отан алды парыздарын адал атқарумен болды. «Елін сүйген азаматқа ең үлкен қайғы – өз халқының тағдырынан тыс қалу» деген Кекілбаевтың сөзін ту еткен президент Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдайлар кезінде белсенді болған азаматтарға арнайы алғысын білдіріп, еңбектерін жоғары бағалап, «Қазіргі заманның батырлары» деп атап өтті.

Сондай-ақ президент Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқыны кезінде халықтың жанынан табыла білген азаматтарды арнайы алғыс хатпен марапаттады. Осы сәтті пайдалана отырып, Abai.kz тілшісі марапат иелерінің бірі Әйтеке би ауданы Полиция бөлімі Жергілікті полиция қызметінің учаскелік полиция инспекторы полиция майоры Кемелтаев Дархан Нағашыбайұлымен сұхбаттасқан еді.


Журналист: Алғашқы кезеңдерде су келгенде халықтың реакциясы қандай болды? Алдын ала ескертілген күннің өзінде де олар дайын болды ма? Алғашқы әрекеттер қандай болды?

- Алғашқы кезеңдерде су келгенде халықтың реакциясы қалыпты болды. Ешқандай қорқыныш болмады. Жылда Әйтеке би ауданы, Темірбек Жүргенов ауылының жанындағы Ырғыз өзені арнасынан асып, тасы жататын. Бірақ бірде бір рет ауылға су келіп, су қаупіне қатысты мәселе орын алмаған. Бұл жылы да халық әдеттегідей қабылдаса керекті, қорқыныш бастапқыда мүлде болмады. Биыл енді бәрімізге мәлім көктемде барлық өңірлерде қар қалың жауып, су деңгейі көп болуына байланысты су тасқыны орын алды. Елдегі мұндай су басу жағдайы көп жылдан бері болмаған. Алайда біз алдын ала ескерту жұмыстарын жүргіздік.

Су тасқыны орын алуының негізгі себеп салдарының бірі Ақтөбе облысы, Әйтеке би ауданының Темірбек Жүргенов ауылына қарасты Талдысай деген елді мекенде үлкен дамбы бар. Сол дамбыға биыл су көп мөлшерде жиналып, бұзылу қаупі төнді. Дамбы бұзылған жағдайда жаңағы атап өткен Ырғыз өзенінің бойымен ауылды мекендердің барлығын су шайып кету қаупі жоғары болды. Осы жағдайлардың алдын алу мақсатында біз Әйтеке би ауданының әкімінің бұйрығымен төтенше жағдайлар жарияладық. Осылайша барлық тұрғындарға ескерту жұмыстарын жүргіздік. Соның ішінде ең жақын деген өзенге жақын көшелердің бойында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, халықтың басым көпшілігін қауіпсіз аймақтар мен арнайы эвакуациялауға арналған жерге жайғастырдық. Алайда халық сол кезде де дайын болмай, біздің сөзімізге көп құлақ аса қойған жоқ. Бірақ біз ескерту жұмыстарын тоқтатпай, қайта-қайта үйлерді аралап, төтенше  жағдайларды ескертумен болдық. Нәтижесінде халықта түсінген -болса керек, 70-80%-ы көшенің бастапқы жағында орналасқа қауіпсіз аймаққа щоғырланды. Сонда да он шақты отбасылар өз үйлерінде қалуды жөн деп шешті.

Журналист: Су басу кезінде елдегі әскери қызметкерлер ерікті түрде ел басына күн туғанда халықтың жанынан табылып жатты. Күн-түн деместен тасқын сумен алысып жатты. Сол туралы айта кетсеңіз?

- Биылғы тосыннан келген тасқын су жылдағыдан өзгеше болды. Барлық құзырлы органдар, әкімшілік тарапынан, полиция қызметкерлері, төтенше жағдайлар қызметкерлері, еріктілер, тұрғындардың өздері де өз еркілерімен бұл мәселені шешу жолында ат салысты. Сол азаматтарға алғысымды білдіремін. Себебі барлығы бір жағадан бас, бің жеңнен қол шығара біліп, күн-түн деместен, демалмай, ел үшін деп қызмет атқарды. Оған бәріміз куәміз.

Журналист: Жалпы қанша сарбаз жұмылдырылды? Сіздер сол кезде қандай әрекет қылдыңыздар?

- Жалпы өзіміздің Әйтеке би ауданындағы су тасқыны кезінде барлық құрам ат салысты. Оның ішінде кезекшілікте болған, кезекшіліктен тыс та әскери қызметкерлер өз еріктерімен келіп ат салысты. Біздің басты міндетіміз – азаматтарды қауіпсіз аймақтарға көшіріп, амандығына жауап беру болды. Эвакуацияланған азаматтардың үйлерін сырттай бақылап, ұрлық жағдайлары болмауларының алдын алып отырдық. Сондай-ақ өз еріктерімен үйлерінде қалған азаматтардың да қауіпсіздіктеріне жауапты болдық. Дамбының нақты қай уақытта бұзылатындығын білмегендіктен күн-түн деместен, азаматтардың қауіпсіздіктерін қадағалаумен кезекшілікпен жұмыс атқарды. Дамбы болса түнгі төртте бұзылды. Біз барынша тез әрекет жасап, үйдегі ит-құстарды тасымалдап үлгердік. Сонымен қатар үйдегі жиһаздардың барынша бүлінбеуінде қолға алып, судан таса жерге оқшаулауға тырыстық.

Журналист: Су тасқыны кезінде Қазақстан халқы қандай бірлігін көрсете алды?

- Кімнің кім екенін басыңа іс түскенде білесің демекші, біздің азаматтарымыз төтенше жағдай кезінде барынша ауызбіршілігіміздің жарасқанын дәлелдеді. Бір ғана отбасының емес, күллі ауылдың тұрғындарына қауіп төніп тұрғандықтан барлық азаматтарымызда барынша түсіністік танытып, бізге көмектесіп, мәселенің оңай шешілуіне өз септіктерін тигізе алды дей аламын. Тіптен халықтың өздері де келіп, мен не істей аламын? Менің қандай көмегім керек? – деген сынды сұрақтарымен, барынша біздің бір жағымызға шығысумен әлек болды.Азаматтарымыз керекті аппараттарымен де келіп, көмек қолдарын созып жатса, басқа қаладағы азаматтарымыз қажетті азық-түлік, керектілерді түгендеп жіберіп отырды.

Журналист: Су тасқынынан кейін Қазақстан қаншалықты төтенше жағдайларға төтеп беруге қауқарлы деп ойлайсыз? Бізге әлі қандай дайындықтар керек?

- Табиғат апаты айтып келмейді. Жалпы су тасқынынан кейін байқағаным бізге әлі де болса дайындық керек. Қандай жағдай болмасын су тасқынының алдын алу мақсатында жұмыстар жүргізу керек деп ойлаймын. Ол менің я болмаса полиция қызметкерлерінің қызметіне кірмейтін шығар, алайды осы мәселелердің алдын алу мақсатында арнайы жоспар жасап, арнайы мамандар даярланса. Нақты үйту керек, бүйту керек дей алмаймын. Алайда су деңгейін анықтап отыратын, жылдық мөлшерін есептеп, дамбылардың жылдық жағдайын қадағалап, стандартқа сәйкестігін тексеріп, төтенше жағдайлардың алдын алатындай арнайы мекеме болса. Сонда қарғын судың ауылдарға кіру қаупінің алдын алған болатын едік. Арнайы арықтар болса судың ағып кетуіне жағдай жасалынатын. Жыл сайын соларды тазартып отырса халық.

Журналист: Марапаттау рәсімі қалай өтті?

- Марапаттау күініне оралсақ іс-шара өте жоғары деңгейде өтті. Алғаш рет президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан «Ерлік үшін» деп берілген медальға ие болдым. Бұрын соңды мұндай медаль алып көрмегенмін. Өз басым қатты қуаныштымын. Мен кезінде армандағанмын осындай марапаттауды, бірақ армандарымның ақиқатқа айналғанын көргенімде мүлде бөлек сезімде болдым. Еңбегімнің еленіп, халық мені осылай бағалағаны қуантады. Алланың арқасында осында жағдайға жетіп отырмыз.

Журналист: Халыққа айтарыңыз?

- Шариғатта басшыға бағыну құптарлық іс деп көрсетілген. Ел басына күн туғанда қандай жағдай болмасын басшылыққа бағынып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара білейік. Біз біріксек барлық мәселенің шешімін таба аламыз. Бастысы ауызбіршілігіміз ажырамасын. Еліміз аман, жұртымын тыныш болсын!

Дариға Асқар

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1965