Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Билік 1113 0 пікір 29 Маусым, 2024 сағат 19:35

Махинур Исраилова: Референдум өткізу маңызға ие!

Сурет спикердің жеке мұрағатынан алынды

Ел дамуының маңызды мәселелері референдум арқылы шешілуде. Бұл үрдіс халық пен билік арасындағы алтын көпірге айналды десек қателеспейміз. 2022 жылы Жалпыұлттық референдум кезінде Конституциямызға өзгеріс енгізу мәселесі талқыға түсті. Енді Президентіміз алдағы күзде АЭС салу мәселесі жөнінде референдум өткізілетінін мәлім етті. Бұл мәселе де халықтың назарына ұсынылмақ. Abai.kz тілшісі Қазақстан Халқы ассамблеясына қарасты Алматы қалалық «Аналар кеңесінің» төрайымы, Алматы қалалық мәслихат депутаты Махинур Исраиловамен жүздесіп, қоғамдағы маңызды мәселелерді шешуде референдумның маңызы жайында әңгіме-дүкен құрды.

- Махинур ханым, қоғамда  маңызға ие мәселелерді референдум арқылы шешуді дұрыс шешім деп ойлайсызба? Сіз үшін референдум деген не? Оның еліміз үшін маңызы неде?

- Еліміздегі маңызды әрі өзекті мәселелерді талқыға салып, референдум арқылы шешуді мемлекетіміздің сәтті қадамдарының бірі дер едім. Ең алдымен референдум не екенін тілге тиек етіп тарқатып берейін. Референдум ол шешілуі тиіс мәселенә халықпен ақылдасып бірге шешу. Референдум дегенде біраз ақпараттарды ақтарып  көрдім. Референдум өткізуде  әлем бойынша Швецария елі алдыңғы қатарда екен. Бұл мемлекетте саяси, экономикалық, әлеуметтік мәселелердің барлығы референдум арқылы ортаға салынады екен. Тіпті мемлекет өз деңгейінде шешілетін мәселені де халықпен бірге талқылайды екен. Сонымен қатар референдум Ұлыбританияда да қалыпты үрдіске айналған. Сондықтан референдумды халық болып қолдағанымыз дұрыс. Өйткені біздің Президентіміз саяси мәселелерде,  еліміздің болашағына қатысты мәселелерде елдің пікірімен санасқысы келеді. Бұл бір жағынан еліміздегі маңызды мәселелерге халықты араластыру, олардың ой -пікірімен санасу. Сондықтан әрине референдум өткізу бұл біздің еліміз үшін дұрыс шешім. Еліміздегі Қазақстан Халқы ассамблеясына қарасты Алматыдағы «Аналар кеңесінде» біраз жылдан бері  жұмыс істеймін. Бұл менің қызметімнің бір бөлігі. Одан бөлек Алматы қалалық мәслихатында депутатпын. Еліміздің елдік мәселесіне келгенде белсенділік танытып, еліміздің дамуына титтей де болса өз үлесімді қосқым келеді. Өздеріңіз білесіздер, кеңеске қаламыздағы 36 этномәдени бірлестіктері кіреді. Ал өз кезегінде «Аналар кеңесінің» басты міндеті — еліміздегі ынтымақтастықты, татулық пен бірлікті, толеранттылықты нығайту. Сонымен қатар барлық этномәдени бірлестіктер біріге отырып, жастарды патриот етіп тәрбиелеуге күш салудамыз. Қоғамда ынтымақтастық рухты дамыту жолында біз жүйелі жұмыстар атқарып келеміз. Осының барлығы біздің елімізде ерекше орын алатын оқиғалар. Референдум бұл маңызды шешімдердің бастауы. Біз референдум арқылы күш болып бірігеміз. Референдум осы күш болып бірігуімен үлкен маңызға ие деп ойлаймын. Сондықтан референдумның маңызды екенін еліміздің әрбір азаматы білуі керек.

- Президентіміз алдағы күзде АЭС мәселесіне қатысты референдум өтетінін мәлімдеді. Сіз қалай ойлайсыз АЭС мәселесін халық талқысына салғанымыз дұрыс па?

- Әрине, бұл дұрыс шешім. Неге дейсіз ғой? Осы жерде өз ойымды қоса кетейін. АЭС салу бұл біздің еліміз үшін, еліміздің болашағы үшін үлкен маңызға ие. Мәселен мен АЭС салу керек, я болмаса салмау керек деген пікірді ұстанатын атом саласының нағыз маманы емеспін. Дегенменде елімізде болып жатқан әрбір оқиғаға  үлкен жауапкершіліпен қарағанымыз жөн дегім келеді. Өйткені біз отбасы құндылығы, жас ұрпақтың тәрбиесі, сапалы да саналы болашақты қалыптастыру сынды маңызды бағыттарды дамытамыз. Біз үшін еліміздегі әрбір азаматтың жақсы адам болып қалыптасуы маңызды. Біз жастарға еңбек етудің мәнін түсіндіргіміз келеді. Сонымен қатар біз секілді көп ұлтты мемлекетке рухани ынтымақтастықты нығайту, татулық пен достықты насихаттау басты міндет екені сөзсіз. Әрине біздің ассамблея тарапынан бұл бағытта нақты жұмыс жасалады. Бірақ айтпағым, АЭС салу мәселесін қоғам назарына ұсыну, талқылауға жол беру ол Президентіміздің алға қарай бір қадам жасағаны. Менің ойымша, Президент АЭС салуды мемлекетіміз үшін ең маңызды, ең құнды дүниеге айналдырмақ. Одан бөлек, алғашқы жылдары елімізге АЭС салынады екен шешім шыққанда, халықтың арасында үлкен резонанс туды. Сондай-ақ АЭС салуға қатысты түрлі негативті ақапараттар қатар тарады. Халық қай ақпараттың дұрыс, қай ақпараттың  бұрыс екенін түсінбей қалды. АЭС салынса мынадай зиян болады екен деген ақпараттар да халық арасында тарап жатты. Бірі салынса екен деп қуанышысын  білдірсе, бірі салынбасын деген пікірде болды. Өйткені АЭС салуды маңызды стратегиялық жоспар екенін о баста біз білгенімізбен, көпшілік қауымнан қарсы тараптар да өз үлестерін қосты. Сондықтан менің ойым, бұл мәселені халық тарапына ұсынып, талқылауға салу ең дұрыс шешім.  Біз аталарымыздың ерен еңбегінің арқасында бейбіт өмірді кең байтақ елімізде тату -тәтті сүріп жатырмыз. Ұрпағымыз аталарымыздың еңбегін еш ұмытпауы керек. Жастармен кездескен кезде осыны үнемі айтып жүремін. Одан бөлек, елімізде 100-ден астам ұлттың өкілдері тұрады. Бірақ барлығын Қазақстан деген ортақ шаңырақ біріктіреді. Осы ортақ шаңырақта бір-бірімізбен тату-тәтті өмір сүрудің үлгісін бүкіл әлімге паш етіп келеміз. Қазақстан Халқы ассамблеясының да басты міндеті — осы моделді сақтау, татулықты ту ету. Ал осы ретте татулықпен барып АЭС салу мәселесіне өзіндік үлесімізді қосу да үлкен жауапкершілік деп санаймын. Халық бұдан былай елдік мәселелерді шешуде референдум арқылы дауыс беріп, өз позициясын көрсетеді. Мен референдум арқылы көпшілік ойымен санасуды құптаймын. Себебі еліміздің әрбір азаматы өзіне берілген жауапкершілікті арқалауы керек. Референдум осымен де маңызды, әрі қарай да  маңызды болып қалады деп санаймын.

- Бүгінде референдумға сенбейтін орта бар. Сіз қалай ойлайсыз референдумға деген халықтың көзқарасын оң бағытқа қарай өзгерте аламыз ба? Халықты референдумға қатыстыру үшін не істеуіміз керек?

- Иә ортамызда референдумға сенбейтіндер болды. Оны алғашқы референдум кезінде білдік. Референдум басталғанға дейін халық арасында ашық талқылау жүрді. Сол кезде байқағаным еліміздің саяси оқиғада төбе көрсетуінің мәні зор екен. Референдумды біз көбірек насихаттау арқылы халыққа барынша танымал ете аламыз. Біз ең алдымен отандастарымызға референдумның маңызды мәселе екенін көрсетуіміз керек. Әрине еліміздің әрбір азаматы өзінің азаматтық ұстанымында болады. Дегенмен де біз референдум арқылы, еліміздегі маңызды мәселелерді талқылап, оның оң шешілуіне ықпал ете аламыз. Халықты референдумға қатыстыру үшін не істеуіміз керек деген  қате болар. Өйткені біз ешкімді күштеп апара алмаймыз ғой. Тек біздің қолымыздан келетіні  барынша насихаттау. Халыққа түсіндіру. Қазір өздеріңіз білесіздер АЭС салу қоғамда пікірсайыс тудырды. Бір тарап қарсы, ал бір тарап АЭС салынатынын жақтап отыр. Әр тарапттың өз уәждері бар. Бірақ байқаған боларсыздар екі тараптың да бір -бірімен келісетін тұстары бар. Бірақ осы жерде біз еліміздің тағдырын алдыңғы орынға қоюымыз керек. Алдағы уақытта АЭС мәселесі бойынша қызу талқылау болады. Болып та жатыр. Жақында отандық арнадағы «Ашық алаң» бағдарламасында да АЭС салу мәселесі көтерілді. Атом саласының мамандары мен қоғам белсенділері депутаттар да өз ойларын ортаға салды. Атом саласының мамандары АЭС құрылысының керек екенін айтып, нақты фактілер келтірді. АЭС еліміз үшін ең маңызды нысан болатынын тілге тиек етті. Қазіргі таңда жан -жақты талқылаулар әлі де өтеді. Менің ойым халқымыз осы мәселеде де белсенділік танытып, өз ойларын бүкпесіз көпшілікке ұсынса деймін.

- Сіздің ойыңызша еліміздегі қандай мәселелер референдум арқылы шешілуі керек? Қандай маңызды бағыттарды халық талқысына салғанымыз дұрыс?

- Әрине ел болғаннан кейін халық талқысына салатын мәселе болады. Сондай- ақ халықтың қатысуынсыз да шешілетін  маңызды мәселелер  болады. Жоғарыда айтып өткен Конституция болсын, АЭС салу мәселесі болсын барлығы елімізде аса маңызға ие мәселелер. Бұндай мәселенің халықпен бірге шешілуі өте орынды. Бірақ еліміздегі экономикамызға, әлеуметімізге, саяси әрі сыртық қатынасқа бағытталған мәселелер халықпен емес, биліктің  өзінде шешілуі тиіс. Елімізде проблемаларды көтеріп, талқылап жоғары жаққа ұсынатын Парламенттік жүйе бізде қалыптасқан. Халық сенім артқщан депутаттарымыз бар. Біз өзіміздің ішкі  жағдайымыздағы проблемаларды солар арқылы көтеріп, талқылап шешу жолдарын да көріп жатырмыз. Ал халық арасында резонанс тудырған мәселелерді  жалпы халықпен бірге талқылануын дұрыс деп санаймын. Референдум арқылы осындай елдік мәселелер талқылануы керек. Сондықтан АЭС салу мәселесінле де көпшіліктің пікірі ескеріліп, еліміз үшін, еліміздің алдағы болашағы үшін маңызды қадам жасалатынына сенімдімін. Ең бастысы ел болып бірігіп, барлығымыз  референдумға қатысып өз үлесімізді қосуымыз керек.

- Референдум деген ұғымды толықтай түсіне алдық па? Халық  осы мәселені қалай қабылдайды. Алдағы өтетін референдумда еліміз белсенділік танытады деп ойлайсыз ба?

- Әрине біздің еліміз референдумның маңызын түсінді. Өздеріңіз білесіздер 2022 жылы Конституциямызды өзгертуге бағытталған референдумға барлығымыз қатыстық. Дәл сол сындарлы сағатта халықтың рухы оянғандай болды. Біз де өз тарапымыздан референдумның жоғары деңгейде өтуіне атсалыстық. АЭС салу мәселесі еліміз үшін ең маңызды деп тағы да айтып өткім келеді. Қазір қуантатыны еліміздегі барлық мәселеге халық үн қосып үйренді. Президентіміздің алға қойған өз мақсаты бар. Еліміз әлем елдерінің дддискуссия орталығына айналды. Біз алпауыт мемлекеттермен тығыз байланыс орнатып, елімізге инвестиция тартып, саяси әрі геосаяси мәселелерде бел ортасында жүрміз. Бұл да еліміздің саси аренадағы орнының барын көрсетеді. Сондықтан алдағы референдумда азаматтарымыз белсенді болады. Мұндай өзгерістер өте көп, сондықтан мен бұл «жай» өзгерістер деп айтатын кейбір азаматтармен келіспеймін, маңызды өзгерістер жасау керек болды. Менің ойымша, кезең-кезеңімен саяси жаңғыртуды іске асырып, қоғамымызды демократияландырамыз және тиісінше, бұл қадам өте маңызды. Күзде өтетін референдумға барып, еліміздегі өзгерістерді қолдауға тиіспіз. Себебі бұл үлкен саяси науқанның бастауы болып табылады. Сондықтан мен елімізді референдумды қолдауға шақырамын. Сұхбат барысында референдумның қаншалықты маңызды екенін ашып айта алдық деп ойлаймын.

"Экономикамызды екі есе ұлғайтамыз деген жоспар бар. Үкімет біраз өндіріс ашуға жұмыс істеп жатыр. Осындай кезде электр энергиясының бұдан да көбірек көлемі керек екені анық. Егер энергия көзі болмаса, бұл үлкен проблемаға алып келетіні сөзсіз. Сол себепті цифрлық технологияларды, жасанды интеллектіні, өндірісті дамытуға қосымша энергия керек. Мұны тұрақты түрде шешудің бірден бір жолы – Қазақстанда атом электр станциясын салу", – деді Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев cенатта өткен жиында.Сенат төрағасы АЭС салуың маңызын осы бір сөйлеммен ғана айқындап беріп отыр. Сондықтан халық АЭС құрылысының еліміз үшін маңызды қадамның бірі екенін түсінуі керек. Ең алдымен барлық критерийлерді бағалап барып, әр адам өзінің шешімін қабылдайды деп сенемін. Себебі референдум кезінде әр адамның даусы маңызды. Сондықтан мен халқымыздан саяси науқанның белсенді мүшесіне айналу керек екенімізді сұраймын. Қазір еліміз жаңа кезеңге аяқ басты. Қандай да бір мәселеде Президент тарапынан назар аудару бар. Бір жағы ғаламтордың да пайдасы, қазір елдік мәселелер бірден халықтың назарында. Одан бөлек халық пен биліктің арасында байланыстың орнағаны бірден байқалады. Бірқатар өзгерісnердің орын алғанын да байқап отырмыз. Елімізде жаңа саяси бағыт айқындалды. Мемлекетіміздің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы іске асырылып келеді. Сондықтан мен Президентімізге  сенім артып, елімізбен бірге көркеюге күш салуымыз керек деген ұстанымдамын.

- Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Әлима Әлмерек

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1963