Сенбі, 23 Қараша 2024
Әдебиет 2150 6 пікір 16 Шілде, 2024 сағат 14:05

Кесек туындының кескіні

Сурет: qalamger.kz

Жазушылар одағында былтырғы жыл қорытындысында «Семсер жүзіндегі серт» роман-трилогиясына «Тәуелсіздік дәуірдегі әдебиетіміздің елеулі табысы» деген баға берілді. Енді сол шығарманың биыл Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлыққа ұсынылуы әбден орынды.

Әділбек Ыбырайымұлының бұл роман-трилогиясының бірінші томы – «Арланның азуы» деп аталады. Роман атының өзі айтып тұрғандай, трилогияның тарихи оқиғаларға, атыс-шабысқа, айтыс-тартысқа, қуғын-сүргінге, жанқиярлық ерлік пен опасыз сатқындыққа толы екені айдан анық. Алайда, романның өзегі, кейбір кейіпкерлері, олардың өмір жолы, осыдан үш-төрт ғасыр бұрын қазақ даласында орын алған қиямет-қайым қақтығыстар оқырмандардың бәріне болмаса да, жасы алпыстан асқандарына таныс екені хақ. Себебі, қазақ тарихының ұзын ырғасы жарты ғасыр уақыт бұрын Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясында жазылған. Бірақ, І. Есенберлиннің трилогиясы жарыққа шыққанда (1969-1976жж.) заман мүлдем өзгеше еді. Заман ғана емес, қоғам да, саяси жүйе де, адамдардың ой-санасы да, керек десеңіз, тәлім-тәрбие де басқа болатын. Ең ауыры – Қазақстан мен қазақ халқының мойнына құлдық хамыты әбден мықтап кигізілген тұс. Тәуелді елдің ақын-жазушылары белден басып тұрған тілі жат, діні басқа күштілерге жалтақтап, шеберлігін шынжырлап, айтатынын астарлап, шыңғырған шындықты шегіне жеткізіп айта да, жаза да алмай жапа шеккенін көзі ашық, көкірегі ояу оқырман сезетін. Осы кедергілердің арасынан саңлау тауып, «Көшпенділер» трилогиясының томдары бірінен соң бірі жарық көргенде қазақ халқы дүр сілкініп, оларды қолдан-қолға алып, жасы да, жасамысы да жарыса оқығанына өзім куәмін. Олай «Көшпенділердің» жүрекжұтқандықпен жарық көруіне тікелей Д. Қонаевтың өзі қолдау білдіргенін кейін естіп жүрміз. Тіпті, туындыны тезірек аяқтау үшін І. Есенберлиннің қасына Қабдеш Жұмаділев, Қалихан Ысқақов сынды қабырғалы қаламгерлерді қосып, материал жинатып, редакциялық шараларына жұмылдырған екен.

Ал, «Семсер жүзіндегі сертке» келер болсақ, заман да, қоғам да, ақыл-ой мен сана-сезім де еркіндік алған, бүкіл бір елдің ғасырлар бойы армандаған егемендікке қолы жеткен кезеңінде жазылып,  жарыққа шықты. Сондықтан болар, Әділбек Ыбырайымұлы, жалпақ тілмен айтқанда, көсіле шапқан. Аянбай тер төгіп, көз майын тауысып, тақырыпты шегіне жеткізіп аша білген. Тақырыпқа арналған материалдар жеткілікті болғаны хақ. Архивтерді құлашын кең жайып ақтарғаны да байқалып тұр. Халық арасындағы аңыздарды да өте шебер қолдана білген. Кейбір кесек дүниелерді кейіпкерлерінің аузына салып, солардың айтуымен оқырманға ой тастайды.

Ой саладыдан шығады, «Семсер жүзіндегі сертке» тереңірек үңілген жөн. Себебі, астарын аңғармай, жүрдім-бардым оқыған оқырман опық жейді. Қызуқанды, шыдамсыз, ұрда-жық, тәлімі таяз, білімі шамалы адам, оқығанын «көңілге тоқымай», оқиғаның кезеңіне және мазмұнына терең бойламай тақыр жерде дау тудырып, өзбекке де, қырғызға да, қалмаққа да орынсыз тіл тигізіп, оның соңы дау-дамайға айналуы әбден мүмкін. Өлшеусіз еңбекпен келген кесек туынды ешбір жанның қолшоқпары болмағаны абзал. Осыдан аулақ тұрғыда, оқиға желісі мен дәуір суреттеріне парасат пайыммен қараған дұрыс.

Бұл трилогияны тарихшы да, мұғалім мен оқытушы да, әскери адам да, өлкетанушы да, жалпы, зиялы қауымның барлық өкілдерінің оқығаны жөн демекпін.

Оқырмен ретінде кітаптан алған әсерімді, оның құндылығына қатысты ойымды былай сараладым: бүгінгі жер шарында көрінген келеңсіздіктің, сергелдеңдіктің төркіні, алпауыт елдердің текетіресінің, күшті мемлекеттің әлсіз елдің жеріне қол салуының, тыныш жатқан ел іргесін себеп-салдарсыз, болмашы бір желеумен атқылауының, қырғиқабақ ірілі-кішілі соғыстардың легі кешелі бері етек алмаған. Азуы ақсиған жыртқыш мемлекеттердің Ұлы дала және Орталық Азия елдеріне көз тігуі, ел арасына іріткі салып, қақтығысқа итермелеу амалдарының іргетасы баяғыда қаланған екен.

«Арланның азуы» романы бірінші бөлімінің бірінші жолы былай басталады: «Бозторғай шырылын тоқтатар мезет – шөп нәлінің бозаң тартар жаздың ортасы. Кішкентай сұрша құс уысқа толар-толмас ұясымен қабат байтақ жазираны жырына қосып тербететін уақ – дүниенің талмаусыраған бір уызды шағы». Уызды шақ, өкінішке орай, тек табиғат аясында ғана еді. Іле-шала оншақты сөйлемнен кейін-ақ бәрі өзгеріп шыға келеді. Кең даланы кесіп өтіп, Ілеге қарай желе жортып, бір қауым ел түстікті бетке ұстап жүріп келеді. Бұл «шайқалған дүниеде шалық кешкен, албан-суанның аға сұлтаны Тезек төре (Абылай ханның шөбересі) еді. Бұлар қазақ елінің соңғы ханының басын астамдықпен кесіп алған Орманбет манаптың шаңырағында болатын, оның анасына берілетін асқа кетіп барады. Міне, «осы көкейінен кетпейтін сыздаған бітеу жараға айналып, әлде кек, әлде дәрменсіздік миын шыңылдатады да жүреді».

Айыр қалпақты ағайын қазақ ханының басын алғанымен қоймай Кенесарының бауыры, Абылайдың шөбересін асқа шақырады. Ал, айыр қалпақ ағайын – қырғыздарды күшейтіп, дем беріп тұрған кім? «Түземдіктерді әбден тізгіндеген Сібір губернаторы манапты да, өзін де (Тезек төре) алақанда ойнаған кішкентай алтын тиіндей көреді».

Алыстан ат терлетіп келген қонақтарды күтіп алып жатып, Орманбет манап: «... Ағайын жұрт сөзімізді жерге тастамай бәрі сән-салтанатымен келіп түсті. ...Әне-міне, Омбыдан арнайы шыққан ақ патшаның ағзамы төбе көрсетіп қалмақ» деп, лепіріп қалуды да ұмытпайды.

Асқа Тезек төремен бірге Сүйінбай ақын да келеді.

Ассалаумағалейкүм, сәлем бердік,
Мүбәрәк жүздеріңді жаңа көрдік.
Атақты ас-жиынды құттықтауға,
Бауырлас қырғыз елі, саған келдік! – дейді Сүйінбай.

Осы бір шумақтың ішінде туыстық та, сыйластық та бар емес пе? Әдептілік те жоқ емес. Осыған жауап ретінде қырғыз ақыны Қатағанның айтқанына зер салыңызшы:

Ау, Сүйінбай, тоқтот сөзіңді!,
Ояйын ба көзіңді?
Ақынмын деп ойлайсың,
Мен тұрғанда өзіңді.
Сыртыңнан іздеп жүруші ем,
Келтірді Құдай кезіңді!
Қатағанды байқамай,
Түстің бе бәлем қолыма,
Үрлейін мес қып теріңді!

Міне, айыр қалпақты ағайынның қонақжайлылығының деңгейі! Тезек төренің жан-дүниесі алай-дүлей, демі алқымына тірелді. Оны жазушы былай жеткізеді: «Таяуда ғана қазақтың соңғы ханының қанын шашқан әбілеттер. Мейлінше қазақтың маңдайын жерге тигізіп, одан сайын еңсесін езіп жібермек. Осы басқосуды жылдан бұрын межелеп, ел-жұртының сілікпесін шығаруға шақырғандай көрінді оған. Әттең орыстың райынан тайынды, әйтпесе, Кенесарының төңірегіне қалың жұртты топтастырып берген болар еді...».

Жазушы осы жерде ойын кенет үзіп, ілгергі тарихқа шегініс жасайды. Менің ұққаным бұл амал қаламгердің ұтымды тәсілі ме деп қалдым. Себебі, қазақ-пен қырғызға қатысты ертеректе орын алған оқиғаларды жиып-теріп, бір жүйеге келтіріп, негізгі сарынның айналасына топтастырады екен. Жалпы, романды оқып отырып, «қазағым көрмегенің жоқ екен ғой» деген ойға қаласың. Жақын дегеннен де жапа шеккен, туысқан дегеннен де теперіш көрген, ағайын деген де алдап кеткен, сенімді серігім деген де сатып кеткен... Сонда да алған бетінен қайтпаған, қайсар халқым. Автор романының алғашқы сөйлемін «Бұл еңбегімді қаһарман қазақ халқына арнаймын» деп бастауының өзі сондықтан екенін қапысыз аңғарасың.

Сөздің орайы келген соң айтпасқа болмас. Осыдан ширек ғасыр бұрын өз еліміздің көшбасшысы «қазақта ешқашан мемлекет болмаған» деп «тарихи жаңалық ашып», оны көрші елдің көсемі қағып алып, «у казахов никогда не было государство» деп көкіп еді. Өзгені қойыңызшы, өзімізге не жоқ! Мемлекет болмаса осы кең-байтақ даланы кім қорғап қалды? Қалмақтарды кім қырды? Жоңғарларды кім талқандады? Қырғыздарды кім тәубесіне келтірді?

Бірінші бөлімнің екінші тарауында жоңғарлараға қарсы бағытталған шайқастар және жорықтар суреттеледі. Егерде «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаға» душар болмағанда қазақ баяғыда ес жиып, еңсесін түзер еді. Осы шешуші сәтті жазушы былай тұжырымдайды: «Жер аңсаған жұрт пен ел аңсаған ата-баба сүйегі өліні де, тіріні де әбден азапқа салды. Тірінің – аңсары, өлінің – аруағы шыдатпай, ақыры қазақ даласында қайсар рухтың үстем айбыны байсын жазираға байрағын желбіреткен. Сөйтіп, бір мезетте ұлы сахарада әр тарапты майдан алауы тұтанып, ата жаумен, баба жаумен қидаласқан қолдың ұрысы басталды». Жоңғарлар жалғыз болған жоқ. «Олар орыс пен қытайдың дем беруімен ғана дүбініп қойған жоқ, қоқан, қырғыз тәрізді жандайшаптарына да арқа сүйеді» дейді Көкжал батыр.

Осы шайқастарда қазақтың Мүйізді Өтеген, Шанышқылы Бердіқожа, Шапырашты Наурызбайлар тізе қосып, Алмалық, Үшқоңыр және Қордайдың айналасындағы жерлерді жау қоршауынан азат етті. Міне қызық, босқан ойраттар Алатау асып, одақтасы қырғызға қарай ойысты. Ал Қанкелді батыр бастаған жігіттер қалмақты Іледен шығысқа қарай қуып, Шелек пен Шарын өзендерінің арғы бетіне айдап шыққан. Албанның жас батыры Райымбек жалы күжір жоңғарларды Кеген мен Нарынқолдан түп қопарып, Құлжадан әрі асырып, ығыстырып тастады. Бірақ, жау кеткенімен, олармен ауыз жаласқан сыбайласы қырғыздар орнында еді. Қырғыздың бас биі Есенқұл ештемеден тайынбай: «...Қалмақтан босаған қазақтың жерін өзімізге қарататын уақыт жетті. Пәрменімізді көрсетіп, қазақтарды Шымкенттен әрмен асырып тастайық» – деп, кеудесін соқты. Бұндай жағдайды қазақ «жау жағадан алғанда, бөрі етектен жармасты» деп атайды.

Әуелгіде үзіліп қалған Сүйінбай мен Қатағанның айтысына жазушы романның екінші бөлімінде қайта оралады. Негізгі шығармадағы сюжеттің бастауы болған ұлыжіңгір астағы айтысты үздік-создық беріп отыру амалы Әділбектің ойында о баста болса керек. Себебі, осы екі арада Қатағанның қисынсыз дәйегі мен жосықсыз сөзіне орай атамзаман ақиректегі көне тарихты, қырғыз бен қазақтың қалай жақындасқанын, қазақтың сыртқы жауды қалай тойтарғанын оқырманға шежіре етіп шертеді. Әрі, елдік үшін толарсақтан қан кешкен ерлікке толы шайқастар мен соғыстарда болған жағдай осыны сұрап тұрғандай.

Бір жағы, Қатаған Кекілік, Сеңгірдегі майдандағы жеңісінің желі буып, тұтастай қазақ жұртын «намысы жоқ жаман қазақ» деп күстаналап жатыр еді. Қатағанның аузымен қазақты кемсітуді айырқалпақты бауырлас қырғыздар қасақана ойластырғандай. Алыстан арнайы ат арытып, асқа келіп отырған «біртуғанына» айтатын басқа сөз таппай қалды дейсіз бе? Түйреп алудың жөні осы екен деп, жырчи аянған жоқ. Атылған оқтай сөз тек Тезек төреге ғана емес, бүкіл қазаққа тиіп жатты.

Әскер тартып барғанмын,
Сөзімнің тапшы жалғанын,
Қырғыз болып аттансам,
Өзімдікі емес пе,
Қойныңдағы жарларың.
Атқа да мінген арларың!
Кенесары төренің,
Басын кесіп алғанмын,
Наурызбайдай бегіңді,
Итке сүйреп салғанмын!
Заты жаман Сүйінбай,
Кәне кегіңді алғаның!
Алам деп кегің жүргенде,
Ішіңде кетер арманың!

Өршеленген Қатаған тоқтар емес, қайта құтыра түскендей.

Қай жақсың бар, ей қазақ?
Сыртыңнан бағып тұрайын.
Тынайымды қаптатып,
Жеріңнің алдым шұрайын.
Батыры жоқ қазақсың,
Қамалға айдап қырайын.

Тезек төре мен онымен бірге еріп келгендердің ұнжырғасы түсіп, ауыр сөздердің жүгін арқалап шөгіп бара жатқандай. Сүйінбай болса зілдей батпан салмақтың өзіне ауысқанын қатесіз ұқты. «Жігін тауып, көкейге қонатын жібек сөздің түйінін ағыта алса» дейді жазушы. Дейді де, бірінші тарауды әдеттегідей кенет үзіп, екінші тарауды бастап кетеді. Тарау ақындардың айтысының жалғасынан мүлде алшақ. Саудагерлер мен сауда-саттық туралы... Ол да кездейсоқ емес. Оның сыры мынада болса керек.

Орта Азия мен аспан асты елін жалғап жатқан Алтышәрі (Қашқарияның Тұрпан, Ақсу, Қашқар, Жаңашар, Жаркент, Қотан қалалары) саудагерлер мен делдалдардың сүйікті мекеніне айналды. Мұнда Орта Азия саудагерлерінің тартқан кірелерімен қатар қазақ сауда керуендері де ауық-ауық ат басын тірейтін. Қазақтардың саудадағы қолайына жағатын ыңғайы, әрі білетіні – айырбас. Малын айдап әкеліп қытай маталарына, үнді шайына, өзге де түрлі әшекейлерге алмастырады. Сол уақтарда Қашқар мединесінде (қаласында) ғана бір күнде 40 мыңға дейін мал саудаланған екен. Қытайлар сауда-саттықты қазақты кемсітудің амалы ретінде қолданған. Бұл да қазақ үшін қарусыз майданға айналды. Сауда-саттықты қазаққа пайдасынан зияны көп кәсіп ретінде көрсетуге тырысып бақты. Қасақана түрлі кедергілер мен шектеулерді іске қосып, алдау мен арбауларды ойластырып жатты.

Қытайлар қырғыздарды өз ішінде «бұраттар», ал ұйғыр-тәжік-өзбек шатыс сарттарды «шұраттар» деп атаған. Бәлкім, айыр қалпақтылардың ежелгі қонысы Енесай (Буратия) жақтан ауып келгендіктен осылай атаған шығар. Жоғарыда аталған Алтышәрі аймағының басшысы Лю Ли шекара қолбасшысы Дэн Сяға қазақ жүртын бұл өңірге жуытпауды тапсырды. Лю Ли қолбасшыға: «Жабайы даланың бітпес байлығын Үрімші дарбазасы арқылы ұлы ханзу елінің қажетіне мейлінше сарқа жұмсауымыз керек» деп бұйрық берді. Шекараны қорғауды бұраттарға жүктеді. Қырғыздардың көктен сұрағанын құдай жерден берді. Таластан бері аттап басқан керуеннің бәрін тонап, талан-таражға салды. «Сөйтіп, қазақ малы қытайларға сутегін бағамен келіп, қытайлық саудагерлер ұлы дала дүниесінің қызығын көре бастады» деп қорытындылайды Ә. Ыбырайымұлы. Енесай бойынан босып, қашып келгенде, қамқорлық танытып, жерінен жер бөліп, пана болған қазаққа қырғыздар «бауырмалдықтың» осындай түрін көрсетті.

Бұл тарауда жазушы сауда-саттыққа араласып, мал айдаумен шұғылданатын, жесір әйелдің жалғыз баласы бозбала Бәйтелі, оның қалыңдығы Айшекер және жеңгесі Майра арқылы қырғыздардың озбырлығын, зорлық-зомбылығын шынайы сипаттай білген. Аталған кейіпкерлердің басынан кешпегендері жоқ.

Бәйтелі мал айдауамен Қашқар жақта жүргенде оның ауылына қырғыздар шабуыл жасап, беймарал отырған ауылдың астан-кестеңін шығарады. Осы оқиғаны қаламгер былай суреттейді: «Қоңырат руының ішіндегі қазымәмек аталатын момын ағайынды ауылдар тұтқиылдан лап қойған қыңыр көз қара қырғыздың найзасына шаншылып, табанына жаншылды. Қынадай қырылды. Бәлендей қарсылыққа ұшырамаған дүбінген бұраттар ер азаматтардың бәрін аяусыз өлтірді. Тек сәбилер мен төменетектілерді ғана тірі қалдырды. Ауылдың шаңырағын ортасына түсіріп, әбден тонап, қазанын төңкерді. Әйел, қыз атаулыны шашынан матап байлап, тізіп, олжалап әкетті. Қалқыңқы бойы арбаның күпшегіне жетпейтін қалт-құлт еткен балалардың барлығы жаудың қолтығында, ағаш ердің алдында кетті.

Жау шапқан ел басын қосып қайрат қылғанша, андағайлаған айырқалпақты Алатаудың құз-шатқалына еніп, ізім-ғайып жоғалған».

Бұған сәл кейінірек тағы да ораламыз.

Қырғыздарды тәубесіне келтіретін күн де туды. Арқадан хан бастаған қол қырғыз жұртын шауып, айыптыларды жазалады. Абылайдың айбынынан тайынған сарыбағаш руының манабы Мәмбетқұл игі жақсыларын ертіп, хан шатырына айып-анжысымен түсті. «Қырғыздың қызбалығы мен лап етер мінезі ұятқа қалдырып келеді, – деді манап, – Еншіміз бөлінбеген елміз, амал қанша, арамызға арамзалар түсіп, осылай екідай ғылып қойды. Өнбес дауды, өспес ұрпаққа әдейі тамызыққа ұсынады. Айып – бізден, ел арасын бітімге алып келейік».

Бітімдік іздеген жөн сөзге хан да илігіп:

«Татулық – берекенің бастауы. Ынтымақты жарастырған берекеге мұрындық өзіңіз болсаңыз, мен сонау Арқадан бұл жаққа келіп нем бар? Қырғыздың қиянаты бұдан былай доғарылатын болсын» деді.

Соғыспен басталған қатынас қонақасымен аяқталды. Қырғыз елінің игілері қазақ жұртына адалдығын айтып, ақ үйлі аманат берді. Оған қоса көшпенділердің бұрынғы-соңғы жолымен Мәмбетқұл қызын Абылай ханға қосты. «Судың алдын шым бөгейді, даудың алдын қыз бөгейді» деген пайымға тоқтағандығы. Қырғыздан келген Тәтіш ханым үзілгенді жалғаған, ел арасын бүтіндеген арқауға айналды. Алайда, бұл татулық пен тыныштықтың қаншаға созылатынын ешкім білмеген еді.

Шынымен де, бейбіт өмір көпке бармады. Көкшедегі Абылай ордасына тағы да қаралы хабар келді. 1764-ші жылы қырғыздар ішкерідегі найман ауылдарына ат қойды. Тағы да сиырын байлаған, қазаны қайнаған қаперсіз жұрт ұлардай шулап қала берді. 1765-ші жылы маусым айында Жетісуға қарай Арқадан қазақтың қалың қолы жорыққа аттанды. Атқа Абылай да қонады. Бұл жорық романда егжей-тегжейлі баяндалған. Қазақтың хас батыры Қабанбай мен қырғыз Аманәлі батыр арасындағы жекпе-жегі толық айтылған.

Романның үшінші бөлімі «Қатағанның екпінінен жасқанған Тезек төре Сүйінбайға жалтақ-жалтақ қарады. Бұл уақта сырттағы жұрт іргені түріп тастап, керегеге жабысып ап, тамашаға мелдектеп отыр еді» деп жалғасады. Шынымен де қызық енді басталған еді. Себебі, Сүйінбай ауанын тауып, көмейден төгілген өлең арынын тежемей Қатағанды қыспаққа ала бөксерген:

Қызып тұрған темірге,
Өзі келіп қарылды!
Наркескенге жолықтың,
Шашамын судай қаныңды.
Болаттан құрыш қылышпын,
Алтыннан соққан сабымды!
Қабағын шытса Сүйінбай,
Тарту қылып тартарсың,
Қойныңдағы жарыңды.

Барған сайын Сүйінбайдың тынысы ашылып, бабы мен бағы қатар келген жүйріктей көсіле шабады. Қазақ руларын, олардың батырларын жырына қосып, көрген көздің, естіген құлақтың құрышын қандырады:

Батырлары жасанып,
Аттары кетпес кермеден.
Қазақ деген батыр ел,
Ешкімге намыс бермеген – деп, жанынан арын биік қойған ел екенін айпарадай әлемге жаяды.

Тарауда Орақ батырдың, он бес жасынан қол бастағын Райымбек батырдың, әйгілі «Аңырақай», «Бұланты», «Шыңғыстау», «Шаған», «Шорға», «Қытай сібе» соғыстарына қатысқан, он бес-он алты жасынан бастап көк сүңгі мен қайқы алмасты жанына серік еткен көкжал Барақтың, шанышқылы Бердіқожа есімдері аталады. Осы тарауда аса мән берілген бір кейіпкерді айтпай кетуге болмайды. Ол – Әбілқайыр. Романнан үзінді келтіре кетейін. «Қазаққа «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаны» алып келген жоңғарларға қарсы үш жүздің басы 1728-шы жылы ғана құралды. Атырау мен Алтайдан, теріскей мен Арқадан, Бетпақ пен түстіктен түйдек-түйдек аттанған нөпір Балқаш пен Шу бойында тоғысып, жер қайысқан қолға айналды. Сайыпқыран сарбаздар қазақ тарихында болмаған соғысқа қамданды.

...Қазақтың ел бастаған хан, билері мен қол бастаған батырларының бәрі осында. Тек аламан асыр оқиғадан сырттап жүрген Әбілхайыр ғана болатын. Аңырақай шайқасына дайындық қызу өрбіген тұста ұлы жүз ханы ағасы Жолбарыс та, Төле би де Әбілхайырдың алдағы ұрысқа қатысуын сұраған. Өйткені,  Хантауы маңындағы шоғырланған қалмақтың саны күн сайын көбейіп, қара құрымға айналып келе жатқаны былай да белгілі-тін. Әйткенмен, Әбілқайыр томаға-тұйық қап, бейтараптық танытып, жауап қатпады. Алайда оны шақырғанға дейін бұл соғысқа бас қолбасы Бөгенбай болатынын Жолбарыс хан, Төле би және Қазыбек би үшеуі шешіп, бәтуаны бекітіп қойған. Осы ұйғарым сыбыс боп Әбілқайырдың құлағына жетсе керек.

...Сондықтан кеше ғана үш жүздің әскеріне бас қолбасы болған Әбілқайыр енді Бөгенбайдың қоластында соғысқысы келмейтіні аян.

1726-шы жылы Ордабасыда хандар мен билердің біріккен жиыны Әбілқайырды үш жүздің қосынына бас қолбасшы етіп бекітті де, қазақтың ұлы ханы етіп сайламады». Жазушы оның «жеке қара басын жерде жоқ жанға балайтын мінезі барын» ескерте кетеді. Түптеп келгенде Қабанбай мен Бөгенбай арқадағы жаумен арпалысып жатқанда, Әбілқайыр оңтүстік өңірде тұрақтап, елді азат ету соғысына араласпады. Ұлы хан Болат дүниеден өткен соң ықпалды игі-жақсылар оның баласы жас Әбілмәмбетті қолдап, ақ киізге көтерді. Бұған ашуланған кіші жүз ханы (Әбілқайыр) қазақ әскерін жау қолына тастап, еліне қарай Сарысу арқылы суыт аттанды. Кеткенде де жай кетпей, жолындағы бірнеше ауылды ұлардай шулатып шауып, тонай кетті. «Бұл ісі Әбілқайырдың менмендік үстемдігі мен пенделік пейілінің тым басым екенін тарихқа әйгілеген қаракет болды» – деп қорытындыланады.

Әрине, сол соғыс жылдарындағы шайқастың барлығына тоқтап өту мүмкін емес. Қазақ батырларының ерлігі ұшан-теңіз. Олардың майдан даласындағы амал-айлалары мен әдістерін бүгінгі бейбіт өмірдегі қарулы күштердің оқу-жаттығуларында зерделеп оқытса, офицерлер мен жауынгерлерге қанат бітірер еді. Сол заманның батырларының қаны тамған қасиетті топырақтағы елді-мекендердің аты аталғанда, кеудеңді мақтаныш кернейді. «Әрине, жалғыз Барақ қана емес, қаракерей елінің Боранбай, Кешу, Ботағара, Еспембет, Ақтамберді, Шынқожа сияқты батырлары да кереметтей ерлік көрсетіп, құба қалмақ-жоңғарларды Аягөз жазығы, Алакөл жағалауы, Шыңғыстай, Тарбағатай баурайларынан қуып тастады. Арқадан ақыртып жеткен қарт қанжығалы Бөгенбай алымды жігіттердің шалымды қимылынан отаған шөптей қираған қалмақтың аужалын көріп, Ақшәуліден кері қайтып еді» деген жолдарды оқығанда көз алдыңа сол шайқастарда атойлаған сарбаздардың дауыстары, сартылдаған қылыш-найзалардың дыбысы келгендей болады.

Шыңқожаның ерлігіне қатысты оқиға кітапта былай баяндалады, қысқаша үзінді келтірейін. «Оңтайланып, жігеріне мінген батыр қынабынан алмас қылышын суырды да сол алақанын жерге тарбита тастады. Салалы саусақтарына қарап бір мөлшерлеп алды да , көзін жұмған қалпы бармағын түбінен шауып түсірді. Бармақтың орнынан қан сидектей жөнелді. Оң қолымен олақ бармақтың үстін басып, төрт саусағын тастүйін жұмып, нығарлап қойды. Сосын еңкейіп барып, шабылған басбармағын сау қолымен қармай жауып, уысында сығымдай ұстады.

– Иә, жігіттер, жаумен алыстық. Үйде туып, түзде өлген жігіттің арманы жоқ. Сендер бөгелмеңдер, мен енді ұзамаймын. Туған жерге жетпейтінім екі бастан, елге апарып мына бармағымды жерлеңдер. Сендерге аманат! Аттаныңдар, аман-есен елге жетіңдер!

Шауып түскен сол қолының бармағы көпке ұсынған оң қолының алақанында жатты».

Романның төртінші және бесінші бөлімдері де айтыс барысында төгілген Сүйінбайдың жырымен ашылады. Төртінші бөлімде Сүйінбай:

Ешкісіндей кедейдің,
Азғантай ғана қырғызсың!
Алдыма салып қуамын,
Алдымнан жұтып Қатаған,
Артымнан қайта «туамын» десе,

5-ші бөлімде:

Шығарма Қатаған үніңді,
Есіңе сақта бүгінгі,
Жардағы өскен жапалақ,
Қанатың сынған күніңді – дейді.

Романдағы бес бөлім де Сүйінбай мен Қатағанның айтысымен басталады. Алайда, романдағы айтар ойлар мен оқиғалар айтыстың астарында жатыр. Екі ақын бірін-бірі сөзбенен аямай тілгілесе, екі ақынның елі бірін-бірі майдан даласында да қандарын судай ағызған. Абылай ханды уландырып, бірінің батырын бірі шауып тастаған.

Сайып келгенде осындай ойранға сырт жақтағы, әзәзіл, арамза мақсатты қос қапталдағы мемлекет итермелейді. Қазақ елі мен айырқалпақты қырғыз халқының, қазақтар мен ала шапанды өзбектердің арасына от тастап, оның шоғын үрлеп, бейқам өмір сүре алатын туысқан елдерді жауластырып отырған. Менің ойымша, Әділбек Ыбырайымұы осыны айтпақ оқырмандарға. Мұның дәлелі ретінде романның бесінші бөліміндегі қаламгердің мына тұжырымын мысал ретінде келтіре кетейін. «Ұлы даланың батысынан тартып, солтүстігін тұтас қамти шығысына дейін белдеу жасай бекіністер салып біткен орыс озбырларының көкірегіне хан Абылайдың оңтүстіктегі ықпалы шаншудай қадалды. Орта Азияға барар жолда өздеріне негізгі қарсыластың қазақ елі екенін әуелден білген. Әсте-әстемен қазақтың діңкесін құртып, биліктегілерінің аузын алып, жайылып жатқан ұлан байтақ жазирасын жайлап жамбасқа баса беруді оңтайлы санады. Ары-бергі жағдайды салмақтай қарағанда, өздеріне алыстан жәрдемін тигізсе, қара қырғыздар тигізетіндей. Өйткені олар қазақтармен ширек ғасырдың аумағында ұдайы жанжалдасып келеді. Осы жанжалдың үдей түскені қажет. Алайда, Абылай хан оған күшімен де, айбынымен де жиі тосқауыл қойып бағуда». Азияның арланы жалын күжірейтіп, ақсиған азу тісін көрсетсе, ықпайтын ешкім жоқ. Хан ғана емес иен түзге иелік еткен қазақ халқы да киелі көкшулан тәрізді қайсар, көнбейтін, ықпайтын бірмойын еді. Романның «Арланның азуы» атануы да осы ұлттық характер мен харизмге байланысты болғаны анық.

Романда Әділбек Ыбырайымұлы Абылайдың жасөспірім және ат жалын ұстап, ер жеткен шағын орайын келістіре суреттеген. Мысалы, оған қамқоршы болып жүрген Ораз Абылайға «Міне, мынау – әкең Көркем Уәлидің алмас қылышы» – дейді. «Сабалақ алтын балдақты қылышты қолына алды. Әп-сәтте әке-шешесінің бауырындағы шуақты күндер, туғандарының дидары көз алдына елестеді. Қылышты қынынан суырып ап, айналдыра қарады. Сосын балдағынан қос қолдап ұстап, маңдайы мен ерніне қапталын тигізді.

– Қас жауларымның қанын суса шашып, дұшпандарымды тізеге салмасам, әкемнен қалған қылыш, саған серт! – Әбілмәнсүрдің үні баяу, бірақ қаһарлы естілді. – Сосын алмастың жүзінен сүйді».

Орыстар ақыры хан Абылайдың түбіне жетті. Омбыда әзірленген уды өзгенің қолымен бергізіп, тегеурінді қарсыластарын өлтіргізді. Хан Арыс өзенінің бойында, Арыстан бабтың тұсында қайтыс болады.

Романда Төле би жөнінде де аз айтылмайды. Ол Абылайдың бала күнінде оған «Сабалақ» деп ат қойып, тәрбиелеген адам. Данагөйдің дүниеден өтер алдындағы сөзін келтіре кетейін. Жазушы оны былай жазады: «Мынау Ташкент – Салар бұлағының бойындағы қазақтың қыстауы еді. Ақыры келіп атысқан көз бен шытысқан қабақтың пиғылын бұзып, әркімнің әлімжеттілігіне қарай иелігіне көшті. Қасиетті ата-баба мекені жаттың қолында кетпеуі тиіс. Шәріге бүгін таласып жүргендер, ертең де таласады. Мені осындағы Шайхантәуір әулиенің жанына жерлеңдер. Қабірім – Ташкент қазақ жерінің төрі екенін бүгінгі жұртқа да, келешек ұрпаққа да білдіріп жатсын».

Төле бидің көзі тірісіндегі өсиеті бойынша халық оны көп жыл билік құрған Ташкент шаһарындағы Шайхантәуір әулие мен әйгілі Бабырдың нағашы атасы Жүніс ханның жанына апарып жерледі.

Жоғарыда Бәйтелі деген бозбаланың Алтышәрі еліне мал айдап барғаны жөнінде сөз қозғап едік. Ол Қашқария жақта жүргенінде ауылын қырғыздар шапқыншылыққа ұшыратады. Көңілі құлаған бойжеткен Айшекер мен бозбаланың жеңгесі Майра тұтқындалып, атқа өңгерген қалпы он жеті қыз-келіншектің арасында шапқыншылар екеуін де алып кетеді. Еліне келген соң айырқалпақтардың бас биі Есенқұл Айшекерді күшпен некеге отырғызып, әйел етіп алады. Ал, Майраны Есенқұл өзінің ең сенімді астыртын тапсырмаларын орындайтын жылқышысы – Долданға «қазақтың бір сұлу келіншегін саған арнайы әкелдім, алып кет» деп «тарту» етеді. Айшекер бір ұл табады. Алайда, біраз уақыт өткен соң Есенқұл Айшекерді баласынан ажыратып алып, жас тоқалын екі жүз елу лян қытай ақшасына тәжік сарттарына жылатып-еңіретіп сатып жібереді. «Дәл осындай жауыздық пен қаражүректікке ұшыраймын» деп еш қаперлемеп ем, қара құзғын, Есенқұл! Сазайыңды құдай берсін, құдайдан жетсін саған! Күллі азам мен назамды, қасірет пен қайғымды құдайға салдым!» – деп зар илейді Айшекер. Осындай сәтте сырықтай бойы сорайып Есенқұл қолында бір бума ақшасы бар, жымия күліп қарап тұрады. Міне зорлық пен озбырлықтың адам айтқысыз қатыгез түрі!

Романның соңғы, алтыншы бөлімінде кітаптың басынан соңына дейін тақырыпқа арқау болып келе жатқан ақындар айтысындағы Сүйінбайдың жеңісі мен оның алған бәйгесі сөз болады. Жеңімпаз Сүйінбайдың несібесіне бәйге орнына «Ыстықкөлдің ақ көбігінен жаралған асқан сұлу – Мейіз атты қыз» деп жариялады той иесінің ұйғарымын естіртіп қара Бәйтік.

«Жұрт шулап қоя берді.

– Ақынның бәйгесіне қыз байлаған Орманбет манап жасасын!».

Той қызығына қарамай, Сүйінбай серіктерін және Мейізді ертіп, жедел түрде жолға шығады. Жолда келе жатып Мейізден сыр тартып, Сүйінбай өзін қолпаштап шығарып келе жатқан қырғыз жігіттерінің арасында Мейіздің сөз байласқан адамы бары екені белгілі болады. «Сүйінбай тізгінен тежеп, қасындағы екі досы Андас пен Даниярға:

– Сендер Мейіз қызды қайтадан ауылына жеткізіп салып, еліне табыстаңдар. Бәйгеге алтын, күміс, үйір-үйір жылқы тігілуі мүмкін, бірақ қырғыз ағайындар бір ауыз сөзімізге бола алақанға салып әлпештеген үкісін бізге ілестіріп жіберді. Бұл – қияметтік көңілдің куәсі. Біз де біреудің келешегіне кесе көлденең тұрмайық, жол бойы аңдап келеміз, зиялы жан екен, бағы жансын» – деді.

– Шәрбатымды көрмей жатып жерінгеніңіз қалай, аға?

– Ыстықкөлдің ақ көбігінен жаралған арудан қалай жерінейік? – ақынның аялы көзінен жылу төгіле бойжеткенге қарап, жымия күлді. –«Е-е, бәйгеме тиіп, олжадай қанжығаға байланған бұйым ғой» деген пиғылмен ожарлыққа барғым жоқ, қалқам...».

Қырғыздың бас биі Есенқұлдың қазақ қыз-келіншектеріне жасаған иттігі жайында жаздық. Қазақ ақыны Сүйінбайдың адалдығы мен тазалығына қалай бас имейсің! Оның осы мәрттігіне ақкөңіл де, қайсар да қазақ халқының даласындай кең табиғаты сыйып түрғандай емес пе!

Жоғарыда ойымды қорытындылай келе үш-төрт пікір қоса кетейін. Кесек туындының кескіні бөлек, Тәуелсіздік жылдарында мұндай дүние төл әдебиетімізде бұған дейін жазылмаған. Ең бірінші, автор тапқырлығының арқасында үш-төрт ғасырлық кезең екі-үш күндік мезетке сыйып кеткені сүйіндірді. Кітап асқа аттанумен басталып, астан елге бет алумен аяқталады. Осы аралықта Қазақ хандығы мен қазақ халқының күрделі тағдыры суреттеледі.

Романда бүгінгі оқырман қауымға бейтаныс қазақтың көне сөздері көптеп ұшырасады. Олардың басым көпшілігі қазақтың ежелгі сөз қорында жиі қолданыста болған шығар, бүгінде ұмытылған немесе ұмытыла бастаған. Әділбек Ыбырайымұлы бай тіл қорын романына енгізгенде, алдына оқырман білсін, ізденсін, түсінсін деген айқын мақсат қойған. Сөзімізге дәлел болуы үшін, олардың біразын мысалға келтіре кетейік: «дәргей», «селбесу», «даруға», «қузап», «шәрі» (қала), «қыжалаттық», «бәдекші», «қамсаулық», «аужал», «әбілет», «дәйекші», «бақауыл», «құмбыл», «мелдектеген», «бәкене», «жойдасыз», «жәреуке», «шікірә», «теткіп», «дүбінткен», «тірмізік», «зәудеғалам», «бостекі», «кепиет», «мадиықсып», «қиямпұрыс», «көкшулан» (аң түрі), «малағам», «боқташақ», «мұстақ», «аңылжытқан» және тағы басқалары.

Романда «Дәуірін теріс салды» (Дүниеден өзды немесе қайтыс болды) деген тіркес жиі қолданылады. Мен өз басым аталған сөз орамын тек осы романнан кездестірдім. Құлаққа тосындау тигенмен көңілге қонымды.

Әділбек Ыбырайымұлы табиғатты, адамдарды, сарбаздарды суреттегенде теңеулерді шебер қолданған. Мысалы, «Көкке шаншылған найзаларынан күннің көзі көлегейленген жер қайысқан қол», «Биттің еркек ұрғашысын ажырататын», «Кептер төс», «Қысыр жыландай», «Пышақ айналмас тар өзен арнасы», «Бие симас тар шатқал», «Құзғын ойлы сарқылшықтылар», «Дүрегей иттің құйрығындай қайқайған», «Сақалы ердің қасын қапқан», «Ұзын кірпіктерін төмен төңкерді», «Төңкерген кеседей қос анары, қызыл камзолдың омырауын сыртқа тепкен», «Тасқа шапса да қақ айырар» деген сияқты тіркестер оқырманның назарынан тыс қалмасы анық.

Негізінен романның бірінші кітабы Кенесарыға дейінгі халқымыз жүріп өткен сілемдерге шолу жасай отырып, оқырманды келесі кезеңдерде орын алатын тарихи оқиғаларға, соларды саралауға, зерделеуге дайындаған. Бұ тұста теріскейден қаптаған русыздар елінің басқыншылық пиғылдағы әскерінің құмырсқаның илеуіндей бекіністері жиілей бой көтеріп келе жатыр еді. Романның эпилогында «Қазақ ұлтының дербес ел болғанын қалаймын» деп, Абылай ханның аузымен айтылғанындай, ендігі кітаптарда қазақ халқының алдағы ғасырлардағы күші басым зымиян мемлекеттердің қыспағында болса да, азаттық үшін күресінің «тар жолындағы тайғақ кешуі» баяндалатыны хақ.

Әлихан Омарбеков,

отставкідегі полиция полковнигі 

Семей қаласы

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5385