Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Құйылсын көшің 1754 2 пікір 29 Шілде, 2024 сағат 16:00

Туризм және көш

Сурет автордың жеке мұрағатынан алынды

Биыл маусым айының 14 күні ел президенті Қ. Тоқаевтың төрағалығымен Астанада туризмді дамыту туралы кеңес өтті. Кеңеске үкімет, президент аппаратының басшылары және күштік құрылымдардың басшылары, үкімет мүшелері, Республикалық маңызы бар қалалар мен облыстардың әкімдері қатысты.

Сонымен бірге ұлттық компаниялар мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының жетекшілері, туризм секторына байланысты бизнес қауымдастығының өкілдері толықтай қатысты. Осыдан-ақ бұл кеңестің маңыздылығын аңғара беріңіз.

Жаһандану заманы басталып, төртінші өнеркәсіп революциясының жетістіктері әлемді бір-біріне жақындата түсті. Сонымен туризм дүниежүзіндегі жалпы ішкі өнімінің 9 райызын ұстайтын жағдай қалыптасты. БҰҰ-ның статистикасына жүгінсек, әлем бойынша жұмыс орындарының 10 пайызы туризмнің үлесінде екен, бұл дегеніміз ашылып жатқан әр жұмыс орынның төртіншісі осы салаға тиесілі деген сөз. Көрсетілетін қызмет бойынша әлемдік экспорттың 30 пайызы, инвестицияның 7 пайызы және салық түсімдерінің 5 пайызы туризм саласынан келетінін айғақтап отыр.

Әлемнің экономикасын тұралатып кеткен ғасыр дерті - пандемиядан кейін дамыған елдердің туризм саласы орнынан тез тұрып кетті. Бірақ, елімізде бұл сала тым сылбыр қозғалуда. Туризм саласында іскерлік ортаны дамыту деңгейі бойынша 119 елдің ішінде 70-ші орынға иек артып тұрмыз. Әсіресе, соңғы төрт жылда экономикамыздағы туризмнің үлесі 3,7 пайыздан 3,2 пайызға төмендеп кеткен. Мұндағы басты себеп Туризмге арналған инфрақұрылымдардың заман талабына сай дамымауы, жаңармауы болса керек.

Сонымен бірге қызмет өтеу саласында бәсекенің аздығынан, елге келетін туристердің қарасы молаймай отыр. Демалыс орындарындағы қызмет көрсету бағасының лайықсыз қымбаттығы да қосымша себептердің бірі. Қоғамда ел ішіндегі демалыс орындарына барып демалғаннан Біріккен Араб Әмірлігіне, Түркияға, Қытайға барып демалған арзанға тоқтайды деген пікір қалыптасқан. Әрине, бұл пікірлердің де объективті және субьективті себептері бар. Ұлан-байтақ Қазақстанның көлік қозғалысы әуе, темір жол және автожолдарға негізделген. Құрлықтағы мемлекет ретінде теңіз-мұхиттан алыс орналасқандықтан су жолы негізінен жоқ. Осыдан барып транспорттық әлеуетіміз әлсіз. Жаз маусымы бастала бере белет қымбаттайды. Керек десеңіз ақшаға да табылмайды. Одан кейін демалыс аймақтарының басым бөлігі жекешелендіру заманында қолы ұзын, құзыреті көп билік элитасы мен бизнес элитасы иеленіп алғандықтан «дайын асқа тік қасық болған» олар, бәсекеге даяр емес болып шықты.

Олардың басқа да табыс жолы болғандықтан әрі өз өңірінің монополисы саналатындықтан инфрақұрылымды дамытуға, бағаны арзандатуға титей де мүдделі емес. Аз пайдамен мол табыс табу деген ұғым олардың ой-санасына кіріп шықпаса керек. Мемлекеттің туризмді сүйемелдеу ге, дамытуға бөлген қаржысы да солардың қанжығасына кетіп, қарапайым шағын, орта  кәсіп иелері шөміштен қағыла береді. Сөйтіп, мемлекет те, халық та зиян көріп отыр.

Елімізде шетелдіктердің назарын аударатын табиғи тау-өзен, көлдер, тарихы аңыз-әфсанамен көмкерілген жәдігерлер мен ескі қала жұрттары жетіп артылады. Алматыдағы Шымбұлақтағы шаңғы тебу алаңына кезінде Ұлыбритания ханзадасы келіп дем алғанда біраз ел таңдай қақты. Кезінде Азияда қысқы ойындары елімізде салтанатпен өткенде бүкіл әлемнің назары бізге ауды. Қазір ол жаққа барын шаңғы, конки тебетін жергілікті тұрғындардың өзі кептеліспен, кезек күтіуден шаршап, демалысының мәні болмай қалатын күндердге тап болдық. Солтүстік, Шығыс обылыстарында тау шаңғысы спорттын жаппай жалпыластыруға мүмкіндік бар. Каспий, Балқаш, Арал, Алакөл, Жасыбай көлдерінің және Шарын шатқалы мен Айғайқұмның игілігі мен шарапатын әлі толық көре алмай отырмыз. Қасиетті Маңғыстау үстірті, Түркістан, Қазығұрт,  Ұлытау, Қозыбасы  қатарлы мемлекетіміздің символдық нышанына айналған өңірлерге әлемнің елуге таяу елінде жасап жатқан қандастарымызды зират етуге ұйымдастыра аламыз. Араб ханзадалары жыл сайын келіп аң аулай тын өңірлерге негізінде бүкіл әлемнің бизнес, билік, мәдениет элиталарын осы бағытқа қарай шоғырландыруға болады. Пандемиядан кейін адамзат денсаулықтың қадірін еселеп түсіне бастады. Денсаулығын күтіп-баптауға ақшаларын аямайтын болды. Қазақстанның қай бұрышына барсаң де от арасандар мен су арасандар көптен кездеседі. Енді осы салаға қаржы құйып транспорттын жақсартып, қонақ үй, сауықтыру орталықтарын салсақ жұмыс орындар ашылып, салықтың түсімі көбейер еді.

Көршіміз Қытайдың ШҰАР-ында соңғы жылдары ішкі қытайдан келген саяхатшылардың ұзын саны екі жүз милион адамға жетіпті. Ал ШҰАР-да жасап жатқан халықтың саны 20 милион шамасында, осыдан-ақ жергілікті халықтың туристер жағынан қаншалық табыс тауып жатқанын мөлшерлей беріңіз. Қазақтар тығыз орналасқан Боғда, Нарат, Қанас, Таңбалы, Көлденең, Ұлужан, Сайран көлі сияқты танымал туристік аумақтарда жергілікті тұрғындар келген саяхатшыларға дәстүрлі тағамдары мен сусындарын берумен бірге әсем әбзелдері жарасқан ат, түйелерін мінгізіп, құстарын ұстатып, ұлттық киімдерін киігізіп фотоға түсіртеді екен. Мұның бәрі қып-қызыл ақша ғой. Мысалы, Үрімші қаласына жақын орналасқан Боғда шыңына саяхаттап келген ғашықтарды түйесімен алып барып, алып келгені үшін жергілікті малшылар 1000 АҚШ доллары шамасында ақша сұрайды екен. «Қалауын тапса қар жанар» деген осы шығар.

Қытай, Моңғолия, Иран, Өзбекстан, Қырғызстан қатарлы елдерден келген қандастарымыз біраз жылдан бері туып-өскен жерлерінің қызмет өтеу саласында жұмыс жасап жүріп мол тәжірибе және капитал топтады. Енді сол тәжірибе мен капиталын Атамекеннің гүлденіп-көркеюі үшін жұмсауына заңдық, құқықтық жақтан жеңілдіктер қарастырылса, елімізге біраз қаржы құйылып, жұмыс орындары ашылар еді.

«Қырықтың бірі қыдыр» деген нақыл сөз бар, аталарымыздан қалған. Алмағайып заманда империялардың азуы батып, тағдырдың жазуымен атажұрттан алыстап кетсе де, тілін, ділін, дәстүрін жоғалтпай елге келіп жатқан Қандастардың легі әлі де саябырламай жалғасып жатқалы отыз жылдан асты. Кеңістігі жағынан бірнеше құрлықты шарпып, сипаты жағынан геосаясаттық түс алып барады. Халықаралық саяси ойынның да нышаны жоқ емес. Осыдан барып Қазақ көшінің талабы мен талғамы өзгеріп дәуірлік, идеологиялық сипат байқала бастады. Әлемдік үдерістер мен өзгерістер талабынан туындаған күрделі әрі нәзік оқиғалар мен құбылыстар кездесіп қоғам мен мемлекет алдына жаңа талаптар мен жүктеуде.

Бірақ, мұның бәрі даму мен ұлттық бірегейлену үдерісін тоқтатпайды. Отаршылдардың әмірі жүріп тұрған заманда «Малым жанымның садағасы,  жаным арымның садағасы» деп, асау басы ноқтаға симай, жат жұрт жағалап кетсе, енді міне, «Әр қазақ менің жалғызым», «Туған жерге туыңды тік» деген Қарашаңырақтан шыққан үнге үн қосып оралып жатыр, Қандастар!  Олар өскен ортасының тозығын тастап, озығын бойына сіңіріре отырып жаңа күш, жаңа қан болып оралады.

Омарәлі Әділбекұлы

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2063