Жұма, 22 Қараша 2024
Саңлақ 1663 2 пікір 30 Шілде, 2024 сағат 14:02

Париж-2024: Сенген Сенам сен болсаң...

Сурет: olympics.com

Триатлон деген спорт түрі бар: аты айтып тұрғандай, үш сайыстан тұрады – суда жүзіп жарысу, одан шыға сала безектеп белесебет тебу, сосын «шайтанарбадан» түсе сап, жүгіру. Үш сайыстың нәтижелері бөлек-бөлек тіркеледі де, үшеуінің қорытынды есебі бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталады. 

Осы триатлоншылар бүгін, яғни 30 шілде күні жарысты бастап кетуі керек еді, бірақ сайыс ертеңге қалдырылды. Неге? Жүгіретін жер жетеді, «великпен» желдей есетін жолдар да дайын. Сөйтсек, проблема... суда екен. Суда жүзу жарысы Париж қаласын қақ ортадан жарып өтетін Сена өзенінде өтуге тиіс-тін. Ал дәл қазіргі Сена – таза емес. Түсуге болмайды. Денсаулыққа аса зиянды. Судың тазалығын оның құрамындағы (медицинада «кишечные палочки», яғни «ішек таяқшалары» деп аталатын) бактериялардың мөлшерімен анықтайды. Бүгін таңғы төртте тексеріп көрген екен, рұқсат етілген нормадан әлдеқайда асып тұр деседі.

Сонда не, француздар Олимпиада өткізерде өзендерінің өте лас екенін білмеген бе? Халықаралық олимпиялық комитет тексермеген бе?

Әрине, білген. ХОК та тексерген. Өткенде, мамыр айында, Париж мэрі мадам Анн Идальгоның өзі Сенаға бір сүңгіп шыққан. Өйткені зерттеу нәтижесінде судағы зиянды бактерия мөлшері нормадан төмен екені мәлім болған. Содан үсті-басы су-су боп тұрып А.Идальго ханым: «Міне, көріңіздер, сеніңіздер, Сенаға өзім де түсіп шықтым, өзен таза, қауіпсіз!» – деп қуана мәлімдеген еді.

Екі ай ішінде не өзгерді?

Алдымен осыдан 101 жыл бұрын-ақ, яғни сонау 1923 жылдан бастап Сена өзеніне түсуге, шомылуға ресми түрде тыйым салынғанын айтуға тиіспіз. Себеп – өзен суының өте ластығы. Қаладағы канализация, жерасты сулары қуыс-қуысты аралап, иіс-қоңыс, қоқсық-қобырдың бәрін өзімен ілестіре Сенаға кеп құяды екен. Қазір бұл өзенде балық тұқымы атымен жоқ. Суын бұралқы иттер де ішпейді деседі. Рас, өзен суын тазалауға қаншама талпыныстар жасалды, бірақ ешбірі жағдайды түбегейлі жақсарта қоймады. Париждің қазіргі мэрі Анн Идальгоның сайлауалды бағдарламасының бір тарауы тікелей осы мәселеге арналған екен. Үкіметтен 1,4 миллиард еуро бөлдіріп, канализация мен жерасты суларын өзенге жеткізбей бұрып әкетіп бөлек жинайтын арнайы резервуар да салдырыпты. Осының нәтижесінде өзен суы уақытша болсын сәл тазарып қалатын болса керек. Бірақ сәл жауын жауса-ақ селдей жүйткіп Сенаға ағатын лас көше суы өзенді қайтадан бәз-баяғы қалпына бір-ақ түсіреді.

Олимпиада ашылған күні Парижде үздіксіз жаңбыр жауып тұрғанын көрдік. Әуелде едәуір тазарып қалғандай болған Сена содан қайта ластанса керек, судағы бактерия мөлшері адам түсе қоятындай болмай тұр дейді.

Сонда триатлон жарыстарын бір күн кейінге ауыстырғанда не өзгереді? 24 сағат ішінде өзен суы өзгеріп кете ме?

Ауа райын болжаушылардың бүгін және ертең Парижде күн ыстық болатынын айтуы (30 градустан асады екен) ұйымдастырушыларды үміттендіріп отыр. Өйткені ыстық ауа мен күн сәулесі энергиясының әсерінен судағы бактериялар мен балдырларда химиялық реакция жүреді де, фотофосфорлану, яғни фотосинтез үдерісі нәтижесінде суда оттегінің мөлшері күрт артып, әлгі «ішек таяқшасы» деген неме әлсіреп, азая бастайды.

Жарайды, солай-ақ болсын. Бірақ спортшылар ресми жарысты бастамас бұрын алдымен өзенде біраз жаттығу жасап алуы қажет емес пе?

«Дұрыстап тексеріп алынбаған жерде маңызды жарыс ұйымдастыруға болмайды. Бәлкім, су суықтау шығар, ағыс күші қаншалықты екен, спортшыға кедергі болар кедір-бұдыры, анау-мынауы жоқ па – спортшылар бәрін тексеріп, кемінде екі рет жаттығу жасап, бой үйретіп алуы керек қой. Өзеннің лас екені өз алдына. Бірақ ұйымдастырушылар қайткенде де жарысты Сенада өткізеді, басқа амалдары жоқ. Бірақ бұл – қатысушыларды мазақ ету секілді нәрсе» депті кезінде ашық су бетінде жүзуден Олимпиада чемпионы болған итальян спортшысы Грегорио Пальтриньери.

«Мазаққа ұшырағандар» осы триатлоншылар болғалы тұр. Тек ашық суда жүзіп жарысатындар үшін Париждің қиыр шетіндегі «Фор-сюр-Мари» стадионы төңірегінде үлкен қосалқы жүзу бассейні бар. Ескек есу сайыстары сол жерде өтіп жатыр. Бірақ судан шыға салысымен бірден веложарысқа, сосын 10 шақырымға жүгіруге кірісіп кетуге тиіс триатлоншылар үшін, өкінішке қарай, Сенадан басқа лайықты локация жоқ.

Күн ысып, бактерияның азаюына үміт артпай қайтсін енді...

* * *

Ал серфинг спортынан сынға түсетіндер Сенаны «менсінбейді». Олар Парижге тіпті келген де жоқ. Өйткені серфинг жарысы Франция астанасынан 16 мың (!) шақырым жерде – Таити аралында өтіп жатыр (француз территориясы саналады). Көлкіген көк судың ортасында орналасқан Таитиге ең жақын қара жер – Австралия құрлығы. Франция мен Таити уақытында 12 сағат айырма бар!

Сурет википедиядан алынды

Париждегі спортшылар үлкен Олимпиялық ауылда жыпырлап, тығыз орналасқан болса, серфингшілер теңіз ортасындағы арнайы аппақ кемеде жатып-тұрады. Дүниенің рахаты соларда!

Сәкен Сыбанбай

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1455
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3218
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5264