Сенбі, 23 Қараша 2024
Дін мен тін 2014 16 пікір 31 Шілде, 2024 сағат 14:15

Қазақ қайда барасың? Шығар жол қайсы?

Сурет автордың жеке мұрағатынан алынды

Қазақстан Республикасының
Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың!
Мәдениет және ақпарат министрі
Балаева Аида Ғалымқызының!
Дін істері комитетінің төрағасы
Нүкенов Ержанның назарына!

Соңғы кездері еліміздің дамуы баяулап, ұстанған бағыт-бағдары қауіпті сипат алып бара жатқаны айқын көріне бастады. Көп векторлы саясат ұстанамыз деп, осы күнге дейін айналамыздағы алпауыт мемлекеттер мен Батыс пен Шығыстағы мемлекеттердің көңілін табуға тырыстық. Қазақтың мүддесін емес, сол шетелдік алпауыттардың мүддесін өзіміздің мемелекеттік мүддемізден жоғары қойдық. Мемлекеттік мүддесін қорғауы тиіс идеологияны ысырып тастап, оның орнына батыстың попкультурасы мен өмір салтын қоғам санасына енгіздік. Нәтижесінде қандай қиын кезеңдерді басынан өткерсе де мойымай, өзінің рухани-мәдени болмысын сақтай алған қазақ халқы соңғы отыз жылдық тарихында өзінің жүздеген жылдық тарихында жоғалтпаған құндылықтарынан,  рухани-мәдени тұтастығынан ажырап, тобырға айналған жайы бар. Бұл қазақ халқының  аса қатерлі кезеңді басынан өткеріп жатқандығының басты көрсеткіші деп айтса болады. Өкінішке орай, сол рухани тоқырау мен азғындықтың басты себебі – тіл деп есептеген біздің кейбір депутаттар бұл мәселені Мәжіліс деңгейінде көтеріп, қазақтың бар проблемасы орыс тілі арқылы келіп жатыр деп, орыс тіліне қарсы науқанды бастады.  Тілдің қоғамдағы ролін бұлай асыра бағалаудың соңы үлкен өкінішке апару ықтималдығына бас ауыртып жатқан жанды көрмедім. Тілге егер анықтама беретін болсақ – тіл ең бастысы қатынас құралы. Сол тіл арқылы біз өзіміздің қажеттіліктерімізді өтеп, қоғамда қатынасқа түсеміз. Өзіміздің жинақтаған құндылықтарымызды сол тілде сақтаймыз. Тіл кеме сияқты, үстіне не артсаң да қабылдай береді. Жақсы ма, жаман ба – ажыратып жатпайды. Егер тілде өзіне берілген қызметтен артық функция болғанда, қазақтың рухани-мәдени болмысына орасан зор зиян келтіріп жатқан қазақ болмысына жат идеялардың ешбірін қазақтың рухани болмысына өткізбей, қорғап қалған болар еді. Мысалы, уаххабилік-салафилік идеология қазақтың санасына қазақ тілі арқылы келіп улады емес пе?  Одан басқа қаншама қазақтың рухани болмысына уын шашып жатқан идеялар өзіміздің қазақ тілі арқылы келуде. Бұл қазіргі күні тіл мәселесін көтеріп, қоғамдағы бүкіл проблемаларды шешіп тастау мүмкін еместігін көрсетеді. Қазіргі тіл мәселесін ушықтырып, шу көтеру Украинаның жүріп өткен жолын, қателігін қайталау болып табылады. Оған дәлелді ұзақтан іздеп қажеті жоқ.  Біздің депутаттардың осы әрекетіне  орай Ресей Думасы төрағасының орынбасары П.Толстой тарапынан жасалынған мәлімдемесі дәлел бола алады. Егерде осы қарама-қайшылық ары қарай өршіп жалғаса беретін болса, онда ертеңгі күні біз қазіргі Украинаның кебін киюіміз әбден мүмкін. Сонда не істеу керек деген заңды сұрақ туады? Шығар жол қайсы? Бұл сұрақтарға жауап беру үшін біз алдымен осы проблемалық мәселелердің шығу негіздеріне талдау жасауымыз керек.

Біздің еліміз тәуесіздікті ала салысымен АҚШ бастаған Батыс елдерінің идеологиялық қақпанынына түсті. Биліктегі серкелердің массондар қатарына кіріп, солардың мүшесіне айналуы оларды қазақ халқының ұлттық мүддесін қорғау құқынан айырды. Н.Назарбаев бастаған билік басындағылар қазақ халқын ұлтсыздандыру, рухани-мәдени болмысынан ажыратып, тобырға айналдыру саясатын жанын сала жүргізді. Қазақты өзінің рухани тұғырынан ажырату бағытындағы іс-әрекет мемлекеттік деңгейде жүргізіліп, елімізге түрлі бағыттағы діни-рухани бағыттағы секталар мен ағымдар тоғытылды. Әрине, олардың ішіндегі ең ықпалдысы уаххабилік бағыттағы ағымдар болатын. Ал, уаххабилік ағымға Израилдің екінші президенті  Ицхак Бен-Цви мынадай анықтама береді: «Ваххабизм – это скрытая иудейская группа, целью которой является борьба с исламом под флагом ислама». Демек, бүкіл Ислам әлемін қанға бөктіріп жүрген ағым өкілдері иудаизм мүддесі үшін арпалысып жүргеніне бұл нақты дәлел. Міне, осындай ағым өкілдері жиырма жылдан аса уақыт елімізде жетекші діни бағыт ретінде  қызмет етті және әлі де етіп келеді. Қаңтар қырғынының негізгі қозғаушы күші болған да, сол қырғынды ұйымдастырған да осы күш болатын. Өкінішке орай, сүйеніші мықты бұл ағымның өкілдері қаңтар қырғынында кінәсі айқын көрініп тұрса да жазадан құтылып кетті. Бұл бағыттағы әшкерелеу жұмыстарына сыртқы күштер тыйым салды. Нәтижесінде қаңтар қырғыны үшін мемлекеттікті сақтап қалу жолында төтенше жағдай жариялаған Ел Президенті кінәлі болып шықты. Өкініштісі, соның барлығын біле тұра біздің мемлекеттік органдар тарапынан бұл ағымды ауыздықтау туралы ешбір шара әлі күнге қабылданар емес. Мәжіліс депутаттарының уаххабилік-салафилік бағытқа тыйым салуға бағытталған заң қабылдау туралы әрекеттері нәтижесіз аяқталуда. Еліміздегі діни-рухани ахуалға жауапты Қазақстан мұсылмандары діни Басқармасы өзінің ұстанған бағытын біртіндеп Ихсан іліміне-сопылыққа қарай бейімдейміз деген ниеті әлі іске аспай келеді. Себебі, Бас Муфти Наурызбай қажы Тағанұлы қанша әрекет еткенімен отыз жыл бойына халық санасына сіңірілген уаххабилік-салафилік ағым орнын өз еркімен босатқысы жоқ. Босатпайды да. Оған толығымен көзім жетті. Ханафи мазхабы деген бетпердені киіп алған имамдар сөз жүзінде Ханафи мазхабындамыз деп сайрағанымен іс жүзінде сол баяғы уаххабилік-салафилік бағыттағы уағыздарын жалғастырып, әлі күнге Рух-әруахпен, қазақтың салт-дәстүрімен арпалысып келеді. Осыдан екі айдай шамасы бұрын Атыраудан бір жігіт телефон соғып, мұндай болған Ханафи мазхабың құрысын. Бұл ешқандай қазақтың дәстүрлі діні емес, сол кешегі уаххабилік-садафиліктен ешқандай айырмасы жоқ, неліктен ҚМДБ-ны қорғап жүрсің деп мені біраз жерге апарып тастады. Өйткені, мен екі жылдай іштей ырылдаса бермей, ақыл қосып, елдің тыныштығын бірлесіп қорғайық деген ҚМДБ басшылығының дегеніне сеніп, сарапшылар кеңесінің құрамында болдым. Нәтиже болмағаннан кейін қайтадан олармен бұдан ары бірге болуым мүмкін еместігін айтып, Бас муфтиге хат жазып, мәлімдеме жасадым. Себебі, бұдан ары қарай үнсіз қарап отыру қазақты сатқанмен бірдей екенін түсіндім. Өкініштісі, қазақтың ішкі рухани болмысының трансформацияға түсіп, өзінің қалыпты рухани-мәдени болмысынан ажырауы күн санап айқындалып келеді. Кешегі қазақтың рухани болмысы мен мәдениетін бойына сіңірген қазақтың небір асыл қасиеттері қазіргі уаххабилік-салафилік уағыздардың жетегінде кеткендердің санасынан мүлде өшіп кеткен немесе көмескіленіп жоғалуға айналған десе болады. Оның себебі, қазақтың Рух-әруаққа қатысты таным түсінігін уаххабилік-салафилік бағыттағы имамдар жоққа шығарады. Ал, рух-әруақ мәселесі қазақ үшін бар құндылықтың ұшар шыңы десе болады. Рухани әлем мен адам арасын байланыстырушы негізгі тетік, Ар-иманының негізгі тірегі. Ол үшін қазақ малы түгіл, жанын аямаған. Сол үшін де атам қазақ «Малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы» деген аталы сөз қалдырған. Осы негізде қазақтың санасында адами болмыс пен ізгілік қағидалары, Алланың мейір- махаббаты, адалдық пен әділдік салтанат құрды. Ең бастысы мұның барлығы Құранның негізгі қағидалары мен талаптарына сай келіп жататын. Біз оны Абай атамыздың мына бір өлеңіне қарап-ақ біле аламыз. «Махаббатпен жаратқан адамзатты, Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті. Адамзаттың бәрін сүй бауырым дап, Және Хақ жол осы деп әділетті.» Абай атамыздың бұл өлеңі Құрандағы «Аср» сүресінің тафсир-түсіндірмесі екендігін көп адам сезіне бермейді. Бұл қазақтың дәстүрлі діні мен діни танымы исламдағы барлық руханиаттың шыңына көтерілген жол екендігін түсінбейді, түсінгісі келмейді.   Ал, уаххабилік-салафилік бағыттағы имамдар қазіргі қазақтың санасына нені сіңіріп, не егіп жатыр? Айтатындары «Намаз оқы, намаз сенің қорғанышың. Намаз оқысаң болды, Алла сенің бар күнәңді кешеді. Намаз оқымас бұрын алдымен иманның шарттары «Алланың бірлігі мен барлығына, пайғамбарларына, кітаптарына, періштелеріне, ақырет күнінің болатынына, адам баласының қайта тіріліп, Жаратушы Құдіреттің алдына жауап беретініне сену» мәселесі мүлде айтылмайды. Бұл талап уаххабилердің басты кітабы «Үш негіз» атты  кітабында иман мәселесі соңғы орындардың бірінде. Ал қазақтың дәстүрлі діні имансыз намаз оқуға рұқсат берген емес. Намазын оқып өзіне қорған жасап алған «әсіре мұсылмандар» ойына келгенін жасайды. Кісіні алдайды, арбайды, зорлық қылады, қос-қостан әйел алып, оларды тояттап болаған күні өзі сияқты бір «әсіре мұсылманға» сыйлай салады. «Мен ана әйелдікке алған жас қазақ қызының обалына қалдым-ау, бұл да адамның баласы-ау» деген түсінік санасына кірмейді де. Бар білетіндері фиқх ілімінің негіздері. Қалай дәрет алу керек? Намаз қалай оқылу керек, т.сс. Алла алдындағы сауаптың үлкені сақал мен орамал. Әр сақалдың түбінде отырған бір періште сені Алланың алдында қандай күнәң болса да арашалап алады. Мешіттерде айтылатын уағыздар сол ислам дінінің алғашқы кезеңінен асып шықпайды. Араб қоғамындағы сол кезеңдегі қарым-қатынас, шариғат тсс.  Ал ол кезеңде араб қоғамында Ахл ал-Хадис өкілдері билік жүргізгені, олардың талабы мұсылман болу үшін алдымен араб салт-дәстүрі мен мәдениетін қабылдауы қажет деген талап болғандығы туралы мәселе сол күйінде қазіргі мешіттерде айтылып жүр. Ең бастысы бұл бағыт өкілдері әуел бастан Мұхаммед (сАс)пайғамбардан кейін Алла мен адам арасында байланыс болу ықтималдығын жоққа шығарған болатын. Ал, бұл Құран талаптарына мүлде қайшы екендігі сол мешітке барып уағыз тыңдап жүргендердің көпшілігі сезбейді де. Әйтпесе, Құранда айтылған «Біз әрбір үммет үшін бір елші жібердік», «Әр бір үммет үшін бір шариғат пен жол жібердік» аяттардың мәнісін түсінген болса керек еді. Бүкіл он сегіз мың ғаламды жаратқан Тәңір Тағаланың адам балаларын жер шарының әр жеріне орналастыра отырып, олардың өмір сүріп жатқан ортасының табиғи ерекшелігіне орай, салт-дәстүрі мен мәдениетін, керек десе, не ішіп, не жейтін тамағына дейін анықтап бергендігін түсінсе керек еді. Осы мәселелерге талдау жасай отырып, Абу Ханифа Нұғман бин Сабит атты ғұлама былай деген екен: «Алла Тағала бір халыққа адал еткенді, екінші халыққа арам етті». Демек, сол мұсылман халықтарының өзі табиғи ерекшеліктеріне орай бірі ішкен тамағын екіншісіне арам болатыны туралы мәселені айтып отыр. Мысалы, қазақ үшін адал жылқы еті, арабтар үшін арам. Оның себебі табиғат ерекшелігі. Олардың тағамға қолданатын кесірткесі мен шегірткесін қазақ тамақ ретінде қолдана алмайды. Мұның барлығы біздің діни танымымыздың бастауында тұрған  «Ахл ар-Рай» атты бағытта негізделгенін көпшілік қауым түгіл, дін саласының мамандарының өзі хабарсыз. Бұл бағыттың негізін қалаған Али ибн Абу Талибтің ұлы Мұхаммад ибн Ханафийа да оның соңына ерген оның шәкірттері де Рухани әлем мен адам рухы арасындағы байланыс үзілмеуі тиіс деген түсінікте болды. Араб жеріне сыймай ⅤⅢ ғасырдың екінші жартысында Түркістан жеріне келген Ахл ар-Рай» өкілдерінің аттарына қарап-ақ, олардың Рухани әлеммен байланысы болғандығын көруімізге болады. Мысалы, Исхақ баб, Абд ар-Рахим баб, Абд ал-Жалил баб. Бұл жердегі кісі аттарына жалғанған «баб» сөзінің мағынасы – қақпа-Рухани әлемге өтетін қақпа. Бұл рух-әруақ туралы таным-түсінік түркілердегі таным-түсінікпен сай келіп, түркілер арасына еш қиындықсыз сіңіп кетті. Олар ислам дінінің жалпы адамзаттық маңызы бар негізгі ұстанымдарын мен ғылыми тұжырымдарын Түркістан жеріне алып келді. Бұл Түркістан жерінің Ислам дінінің ғылыми бағытын дамытқан негізгі орталыққа айналуына ықпал етті. Түркістан жерінде астрономия, математика, музыка, тіл ғылымы т.б. ғылым салалары дамып, әлем халықтарының дамуына ықпал етті. Әбу Насыр Әл-Фараби сияқты ғұламалар осы мектептің өкілдері болатын. Қарахандық билеуші Сатух Бұғра Абд ал-Каримнің Ахл ал-Хадис бағытын қабылдауы Түркістан жеріндегі ислам ғылымдарын тоқыратты. Мұның соңы жалпы Ислам әлемінің рухани тоқырауға түсуіне ықпал етті. Өкінішке орай, бізге қазіргі күні сол салафилердің заманында ұстанған ислам дінінің  өмір сүру формасы келіп отыр. Басқаша айтқанда, қазақ халқының дәстүрлі діні мен салт-дәстүрі мен жалпы мәдениетіне қарсы  бұл бағыттың қазақты бұзары болмаса, қазаққа берері жоқ. Қазақ қоғамын ұлтсыздандыру мақсатына қызмет етуде. Осыған қарап-ақ біздегі салафилік бағыттың ұстанымы жаһандану саясатын жүргізіп отырған алпауыт мемлекеттердің ұстанған саясатына толығымен сай келетінін көруімізге болады.

Алайда, сыртқы күштер еліміздің ішкі тұтастығын бұзу үшін тек уаххабилік-салафилік бағыттағы ағымдарды қолдаумен ғана шектеліп отырған жоқ. Басқа қаншама исламдық емес ағымдар, секталар бар. Солардың ішіндегі қазақ үшін ең қауіптісі – тәңіршілдік. «Қазақтың дәстүрі мен мәдениетін қорғау» мақсатында әрекет етіп жатқан бұл топ, қалайда ислам дініне қарсы қазақ санасында теріс пиғыл қалыптастырып, исламофобияны өршіту болып отыр. Егерде бұл «тәңіршілдердің» пайда болу кезеңін қарайтын болсақ, онда сол 1990 жылдардың соңы 2000 жылдардың басына сай келеді. Сорос қорының көмегімен бұл ағымды қолдан жасап шыққан марқұм журналист-Әуезхан Қодар болатын. Кезінде «Тамыр» атты журнал шығарды. Кезінде бұл топтың ұстанған бағыты қазақты іштен ірітуге соншалықты ықпалы бола қояды деп ойламап едім. Бірақ олардың соңғы жылдардағы белсенді әрекеттері олардың мақсаты қазақ халқының мүддесін қорғаған болып, ислам дінін қазақ санасынан өшіруге бағытталғанын көріп отырмыз. Оларды алғашында адасып жүргендері болса, ақиқатқа қарай бет бұрар деген үмітпен қаншама ғылыми материалдарды ұсындым. Алайда, олар мен ұсынған мақалалардың біреуін де оқымады. Керісінше, жалпы ислам дініне ғана емес, қазақтың дәстүрлі дініне қарсы әрекетті одан ары өршіте түсті. Демек, бұл «тәңіршілдік» бағыт өкілдерінің мақсаты шындыққа жету емес, қазақ арасына діни таным негізінде жік салып, қазақтың ішкі рухани тұтастығын ыдыратуға, мүміндік болса қазақ қоғамын іштей ірітіп, тіке-тірес деңгейіне дейін апару. Олар өздерінің мақсатына біршама жетті деп те айтуға болады. Демек, бұл өздерін «дәстүрлі ислам өкілдеріміз» дейтін ҚМДБ құрамындағы мешіттердің ұстанған бағыты да, «тәңіршілердің» ұстанған бағыты да қазаққа жат екендігін көрсетеді. Екі бағыт өкілдерінің ұстанған мақсаттары бір: қазақтың ішкі рухани тұтастығын бұзып, жік салу, тобырға айналдыру. Сондықтан қазақ бұл екі бағыттан да бас тартып, өзінің ата-бабасының жолына, Қожа Ахмет Йасауи негізін салған йасауийа тариқатына бет бұруы керек. Сонда ғана қазақ өзінің рухани-мәдени болмысы мен елдігін сақтап қалуға мүмкіндік алады. Кезінде қазақтың дәстүрлі діні Йасауи жолын қорғамақ болған Исматулла қари бастаған сопылар түрмеге тоғытылды. Себебі, егерде Исматулла қари мен шәкірттерін түрмеге жаппағанда қазақ мұншалықты азғындап, тобырға айналмаған болар еді. Жаһанданудың сойылын соққан олардың еліміздегі өкілдері КТК арнасының сол кездегі басшысы Арман Шораев пен «Хабар» телеарнасының бас продюсоры Серік Аббас шах сияқты эмиссарлары сопылардың соңына шам алып түсіп, ақырында соттатып тынды. Мақсаттары  – уаххабилік-салафилік идеологияға жол ашу болатын. Қазақтың сол кездегі руханиатына қорған болған «Қазақстан» телеарнасы басшыларының өзі қуғынға түсті. Жаһандану үдерісінің өкілдері жеңіске жетті. Нәтижесінде қазақ халқы өзінің рухани-мәдени болмысынан ажырап, тобырға айналды. Бұл айтылғандардан жаһандану үдерісі өклдерінің қазақ халқын діни-рухани болмысынан ажырату бағытындағы әрекеттерінің қандай жетістіктерге жеткеніне көз жеткізе аласыздар. Жаһандану үдерісі өкілдерінің әрекеті тек діни-рухани саламен шектеліп қалып жатыр ма? Жоқ. Мәдениет пен БАҚ саласы толығымен солардың жетегінде десек жаңылыспайтын шығармыз. Әсіресе, телеарналардағы беріліп жатқан хабарлар халықтың рухани болмысына мүлде көңіл бөлмейді десе болады. Қазақтың дәстүрлі өнерінің өкілдері анда-санда жыл құсындай бір көрінеді. Ал, айтыс өнерін уаххабилер жекешелендіріп алды. Қазақтың руханиатын, қоғамдағы өткір мәселелерді көтеруге тиіс хабарлардың орнына мән-мағынасы жоқ қазақтың санасын бұзбаса, дамытпайтын жеңіл-желпі хабарлар мен музыкаға берілген. Көшілігіне халық қарсы болғанына қарамастан «Қалаулым» сияқты хабарлар эфирден түспей келеді. Осындай жеңіл, адам санасына ешқандай ой салмайтын хабарлар легі халықтың рухани қуатын сарқып, олардың орнын қазақ болмысына жат түрлі адам болмысын азғындатын идеялар басты.  Қазіргі қазақ қоғамы бірі батыстың, бірі шығыстың, бірі арабтың, бірі қытайдың, бірі орыстың мәдени ықпалына еріп, қазақ мәдениетін талапайға салуда. Ең бастысы осы күнге дейін қазақта киелі, қасиетті саналып келген ұғымдардың барлығы құнсызданып, ел мен жердің киелілігі, Отанның киелілігі туралы ұғымдар өзінің қадір-қасиетін жоғалтты. Олардың орнын Батыстың азғындық ұстанымдары мен ЛБГТ сияқты топтардың ықпалы басты.  Және бұл қазіргі қазақ қоғамының жетістігі ретінде бағалануда. Оған плюларизм деп айдар тақтық. Ол аз десеңіз адасқан қазақты одан ары адастыруды мақсат еткен, шет елдік гранттармен күн көріп, ақша алып, солардың мүддесіне қызмет ететін мыңдаған блогерлер армиясы тоқтаусыз қазақтың санасына шабуыл жасауда. Мақсаттары – Қазақстан  мемлекетінің мемлекеттік жүйесін күйрету, қазақ қоғамында русофобияны қалыптастырып, Қазақстанды Ресеймен жауластыру. Блогерлердің бұл мақсаттары кімнің мүдесі үшін жасалып жатқанын білу оншалықты қиын емес. Олардың артында Ресейдің күшін қалайда сарқуды мақсат ететін АҚШ-тың саясаты тұр. Өздерінің осы мақсатын іске асыру үшін блогерлерге ақшаны аямай беріп, қолдап отырған да солар. Ертеңгі күні солардың жоспары іске асып, Ресей мен Қазақстан арсында соғыс өрті тұтанатын болса, қазақ халқы да, украин халқы сияқты АҚШ мүддесі үшін құрбандыққа шалынбақ. Ал, осыны ойлап жатқан жан бар ма? Әлі күнге сол АҚШ-қа, Батыс елдеріне жалтақтаумен күн кешудеміз. Мұның соңы құрдым екенін мойындағымыз келмейді. Егерде бұдан ары еліміз Батыстың идеологиялық ықпалынан бас тартып, тәуелсіз, қазақ халқының дәстүрлі дін мен мәдениетін қалпына келтіру бағытындағы саясатын жүргізбейтін болса,  онда қазақ халқы да, Қазақ мемлекеті де тарих сахнасынан кетеді. Оның үстіне жалпы адамзат баласының басына ақырзаман келіп, әлемнің көптеген елдерінде түрлі апаттардың күн санап көбеюі әлем халқын шошындырып отыр. Соған қарамастан әлі де болса, қазақ халқын адамзат баласының басына төніп тұрған ақырзаман апатынан да, Батыстың улы идеологиялық ықпалынан да аман алып қалу мүмкіндігі бар. Кезінде Рухани әлем мен адамзат рухы арасындағы байланыс үзіліп, адамзат қоғамы азғындыққа түскенде Қожа Ахмет Йасауи Исламды жаңа сатыға, тариқат деңгейіне көтеріп, Рухани әлем мен адамзат рухын қайта байланыстырған болатын. Сол кісінің осы жанқиярлық  еңбегі арқысында адамзат баласы өмірін ары қарай жалғастыруға мүмкіндік алды. Рухани әлем мен адамзат рухы арасындағы байланысты өзі ғана байланыстырып қоймай, үнемі сол байланысты үзбей жалғастырып тұратын Әулилер мектебін қалыптастырды. Сол үшін кезінде Йасауи бабамызға «Ахмади-с-сәни-Екінші Мұхаммед», «Қтуб ал-Ақтаб-Дүниенің тірегі»  деген атақтар берілген болатын. Сол еңбектің арқасында ғана адам баласы осы күнге дейін өмір сүруге мүмкіндік алды. Міне, осы Йасауи бабамыздың жолын-йасауийа тариқатын қайта тірілтіп, Рухани әлем мен адамзат рухы арасындағы байланысты қайта қалпына келтіре алсақ, онда мына келе жатқан ақырзаман апатынан да аман қаламыз, халқымыздың азғындауын тоқтатып, санасын жаңа сатыға көтеруге мүмкіндік болады.  Ол үшін – мемлекеттің діни-идеологиялық саясатын өзгертіп, халықтың санасына 800 жылдан бері орныққан Йасауи жолына- йасауийа тариқатына жол ашып, мемлекеттік идеология деңгейіне көтеру керек. Сонда қоғам санасын өзгерту оншалықты қиындыққа соқпайды. Тіл мәселесі де өздігінен шешіледі. Йасауийа тариқатын кім алып жүреді деген мәселеге келер болсақ, оған бас ауыртып қажеті жоқ. Кеше қазақтың руханиатын қорғау жолында сотталып, қуғынға түскен Исматулла қари мен ол кісінің шәкірттері бар. Сол кісілер бұл істі қуана-қуана қолға алады және қоғамды қайта қалпына келтіруге барын салады деген ойдамын. Оның үстіне Қожа Ахмет Йасауидің өміріне, рухани мұрасына, йасауийа тариқатының түркі халықтары тарихындағы роліне қатысты қаншама зерттеу еңбектері бар. Осылардың бәрін ретімен қолдана білсек, Йасауи бабамыздың жолын қайта қалпына келтіру оншалықты қиын шаруа емес. Оның үстіне қазақтың барлық рухани мұрасы Йасауи ілімі негізінде өрілген. Қазақтың жыршы-жырауларын телеарналардан сайратып қоятын болса, солардың өзі қанашама халықтың жүрегіне жол табады.

Алайда, мұндай мемлекеттік деңгейде күрделі де, түбегейлі өзгеріс жасауға сыртқы күштер мүмкіндік бере қоймайды. Ол үшін мемлекеттің бүкіл ішкі, сыртқы саясатын өзгертетін бірнеше батыл қадамдар керек: Біріншіден, АҚШ пен Батыс елдері қысым жасай алмас үшін Ресей мемлекетіне арқа сүйеу керек. екіншіден, қазақ халқының рухани-мәдени болмысына қарсы әрекет жасап жатқан түрлі секталар мен ЛБГТ сияқты адам баласын азғындатын ұйымдарға тыйым салынып, елден аластатылу керек; үшіншіден, мемлекеттің бүкіл саясатына қарсы шығып, қазақ халқының санасында русофобияны қоздыруды өздеріне ту етіп алған шетелдерден қаржыландырылып отырған блогерлердің барлығының әрекетіне тыйым салынып, шет елдерден келетін қаржы көздерін жабу керек; төртіншіден, шет елдерден қаржыландырылатын саяси партияларға тыйым салынуы тиіс. Сонда ғана мұндай реформаны жүргізуге мүмкіндік туады. Егерде осы бағытта белсенді әрекеттер жүргізілмейтін болса, онда қазақ халқы рухани азғындық батпағына батып, халық ретінде жер бетінен жойылады. Оның соңы ақырзаман апатына ұласары хақ. Біздің еліміз шындығына келгенде өткен жылдың ортасына дейін әруақтардың қорғауында болдық. Бір жиында әруақтарға қарсы ауыр сөздер айтылған күні Семейде орман өрті басталды. Сол жолы Атырау мен Алтайдың арасында тарыдай шашылған Йасауи жолы өкілдері жиылып зікір салып, Тәңір Тағаладан сол өртті өшіретін жауын сұрады. Алла тілектерін қабыл қылып, жауын жауып, өрт өшірілді. Ал биылғы көктемгі су тасқыны қай жерлерде орын алғанына қарайтын болсаңыздар, қай жерлерде Рух-әруахқа қарсы жерлердің барлығы дерлік су тасқынына ұшырапты. Бір ғана мысал, Құлсары қаласында бар қаланы су алғанда бір үйдің ауласына да, үйіне де су кірмеген. Бұл ненің құдіреті? Бұл сол әруақтардың құдіреті. Біздің Түркістанда Әбубәкір қари деген кісі өткен. Сол кісі айтады екен «Ойнама бала әруақпен, Әруақ ұрар әр баппен» деп. Сондықтан біз бар қазақ баласы болып, ата-бабамыздың жолына Рухани әлеммен біздің рухымызды байланыстыратын Қожа Ахмет Йасауи жолына бет бұрайық. Бұл біздің басымызға түскен бар тауқыметтен құтқаратын жалғыз жол және соңғы мүмкіндік. Таңдау өздеріңізде?!

Зікірия Жандарбек

Abai.kz

16 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5338