Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 3502 0 пікір 4 Ақпан, 2014 сағат 07:38

Төлен Әбдік: Біздің биліктегілер шайтанның да одағына кіріп кетеді...

Жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, көп жылдар лауазымды қызметтер атқарған Төлен Әбдік мырзамен тарихшы ғалым Жұмамұрат Шәмшінің әңгімесін оқырман назарына ұсынып отырмыз. Екуара әңгіме Елбасымыздың биылғы жолдауынан бастап өрбіп, Украинадағы ахуал мен еуразиялық одақтың жай-жапсарын шолады. Қазақстанның орысшыл өкіметін сынға алған қаламгер бір сөзінде: «Биліктегілердің дені қазақша білмейтін рухсыз болғаннан соң, ертең балаларының болашағына алаңдап орысшадан айырылмай отыр. Олардың бойында үрей бар, ертең ел басына қазақтілді басшы келсе, барлық мемлекеттік игіліктерден құр қаламыз деп ойлайды. Оларға салсаң,  «ләббай, тақсыр» дегеннен әрі аспайды. Ақша мен лауазымды қызмет берсең, шайтанның да одағына кіріп кетеді», - деп ашынады. 

- Төлен аға, жуырдағы Елбасының 18-шы жолдауынан не түйдіңіз?

Жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, көп жылдар лауазымды қызметтер атқарған Төлен Әбдік мырзамен тарихшы ғалым Жұмамұрат Шәмшінің әңгімесін оқырман назарына ұсынып отырмыз. Екуара әңгіме Елбасымыздың биылғы жолдауынан бастап өрбіп, Украинадағы ахуал мен еуразиялық одақтың жай-жапсарын шолады. Қазақстанның орысшыл өкіметін сынға алған қаламгер бір сөзінде: «Биліктегілердің дені қазақша білмейтін рухсыз болғаннан соң, ертең балаларының болашағына алаңдап орысшадан айырылмай отыр. Олардың бойында үрей бар, ертең ел басына қазақтілді басшы келсе, барлық мемлекеттік игіліктерден құр қаламыз деп ойлайды. Оларға салсаң,  «ләббай, тақсыр» дегеннен әрі аспайды. Ақша мен лауазымды қызмет берсең, шайтанның да одағына кіріп кетеді», - деп ашынады. 

- Төлен аға, жуырдағы Елбасының 18-шы жолдауынан не түйдіңіз?

- Шынын айтсам, Елбасының дәстүрлі жолдауы жылда жолданып жатқаннан кейін бе науқаншылыққа ұласуда. Өйткені, республикамыздағы барлық мемлекеттік органдарда Елбасының жолдауын үгіттеп-насихаттау үрдіске айналғалы қай заман. Сол үгіт-насихаттардың елді ығыр қылғаны соншалықты, жолдаудың әңгімесін тыңдауға келген жұрттың ұйқысы келіп отырады. Себебі, жолдауда жазылған талаптардың басым көпшілігі орындалмайтынын қазір жас бала да біледі. Осы күні бос сөз кімге керек? Сондықтан қысыр әңгіме айтудың қажеті жоқ. Енді оған келіп баяғы көк түріктің «Мәңгілік ел» дегенін қосыпты.

«Американы ашудың» немесе «велосипед ойлап табудың» мүлдем қажеті жоқ. Өйткені, бізге дейін адамзат баласы эволюциялық дамудың арқасында өркениетке қадам басты. Кім жабайы болмады десеңші, кез келген халықтың тарихына үңілсең, барлығы уақыт өте келе дамыды. Жылда жолдауды жолдай бергенше, халықты жұмыспен қамтамасыз ету, олардың әлеуметтік ахуалын әл-ауқатын көтеру маңыздырақ болар еді деп ойлаймын. Өзінің баспанасы жоқ, біреудің пәтерін жалдап тұратын, қалтасында ақшасы жоқ, қарны аш адамға жолдаудың көк тиынға керегі бар ма?..

- Былтырғы жылдың қараша айында (23 жұлдызы)   «Халық өкілдерінің құрылтайы» деген атпен жиын өтті. Сол құрылтай туралы не айтасыз? Осы күні ел іші биліктің таусылып бітпейтін бағдарламаларынан шаршап, нақты идеялар мен жүзеге асуы ықтимал әрекеттерге көңіл аудара бастаған сияқты ма, қалай?

- Мемлекеттік тіл төңірегіндегі әңгіме қозғалса, Мұхтар Шахановты айтамыз, өйткені көп жылдардан бері бұл мәселемен Мұхтар айналысып жүр. Жалпы, қазақ тілі туралы әңгіме өте көп.  Қазақ тілі бала бақшадан бастап мектепте және жоғарғы оқу орындарынан бастап жоғарғы мемлекеттік қызметте қалай қолданылып, қалай орындалуы керек деген проблемалар шаш-етектен. Өзге ұлт өкілдеріне қалай үйрету қажет? Оқулықтар мен материалдық-әдістемелік құрал жабдықтарымыз қай деңгейде? Алайда,    мәселенің бәрін бір жерге үйе бергеннен түк өнбейді. Мемлекеттік тілді өз тұғырына қондырсақ, қалған проблемалар өзінен-өзі шешіледі. 2006 жылы Ресейде орыс тілі туралы заң қабылданды.  Әлгі заңда шет елдерде орыс тілін үйрету курстарына дейін ойластырылған. Аталған заң қазір тым жақсы жұмыс істеп тұр.  Бүгінгі РФ билігі орыс тілін дамытуға қыруар қаржы шығындап отыр. Бізге ауадай қажет заң, міне, осындай – заң.     

Құрылтайға келетін болсақ, ол өте асығыстықпен өтті. Оны ұйымдастырған ешкім танымайтын үш жігіт екен. Меніңше, сол үш жігітті де Ақ орда дайындап жібергенге қатты ұқсайды. Өздерін ешкім танымаған соң, Мұхтарды пайдаланып отырған секілді.

Бүкіл қоғамдық ұйымдар әртүрлі партия белсенділері мен қоса ұлт зиялылары бір адамның баласындай ымыраға келіп, биліктен талап етсе, сонда ғана олармен лауазымды шенді-шекпенділер санасар ма еді, кім білсін. Ал біз болсақ, бір-бірімізбен тіл табыса алмай жатырмыз. Осы құрылтайда Айдос Сарым, Мұхтар Тайжан, Расул Жұмалы, Смағұл Елубай, Софы Сматаев, Жанболат Мамай, Жармахан Тұяқбай, Болат Әбілов, Әміржан Қосанов, Гүлжан Ералиева, Әзімбай Ғалилар бой көрсетпепті. Әлі күні бір қазақтың баласы болғанымызға қарамастан, жүзге, руға, атаға бөлініп жүрміз, Құдайым-ау. Тіпті, тас дәуірінің өзінде де сырттан жау келгенде үңгірдің ішіндегі адамдар тас-түйін болыпбірігіп жаудан қорғанбап па еді. Қазір – XXI-ғасыр, мемлекетті қорғайтын арнайы әскер жабдықталған. Сондықтан бір елде тұрып бөлінудің мүлдем қажеті жоқ. Азаматтар дүниетанымы мен рухани көзқарасы, саяси ұстанаымы арқылы біріге бергені абзал.

- Енді әңгімені сырт елдердегі жағдайға қарай бұрайық. Украинада билік пен бұқара халық арасындағы  теке-тірес ушығып, ел үкіметі отставкаға кетті. Ойымша, Украинаның экс-пермьері Азаров азамат екен. Өзіңінің қызметтен кетуін ол мемлекеттің тұтастығымен байланыстырды. Одан кейін Украинаның бұрынғы-соңғы президенттері жиналып отырып ел тағыдырын ойласты. Мұның бәрінен өзіңіз де құлағдар болып отырған шығарсыз. Сөздің қысқасы, Украинадағы ахуалға  байланысты не айтасыз?

- Бұл – тұтастай украин халқының оянғандығының айғағы. Кеңестік санадан айырылып өз алдына мемлекет болғысы келетін елдің тірлігі. Үш айға жалғасып барады, премьер-министр Николай Азаров отставкаға кетсе де, майданға жиналғандардың тарқайтын түрі жоқ. Украинаның Еуроодақ табалдырығын аттағалы тұрғанын естіп барлығы бір ауыздап қолдап, болашақта Еуропаша білім алып, өмір сүрудің тиімділігін тілге тиек еткен болатын. Еуроодақ келісімінен бас тартқан билікке өкпелері қара қазандай.

    Еуроодақтың есігін ашып, табалдырығыннан енді аттағалы тұрған ресми Киевке  Ресейдің шовинисттік пиғылдағы  қазіргі билігі қысым жасағанын жеті жастан жетпіс жасқа дейінгінің бәрі біледі. Әуелі кәмпиттердің құрамында зиянды заттар бар деп дабыл қатты, одан кейін газдың бағасын үш есеге көтермін деп тағы шулады. Оған пысқырып жатқан украиндер жоқ еді. Еуромайдан украина ұлтының ертеңіне бей-жай қарай алмайтын, саяси ұстанымы нық нағыз саясаткерлерді дайындап берді. Украина жастары көкірек көзі ашық, саяси жағынан сауатты  екен. В. Жириновский болса, бұл сәтті пайдаланып, «Украинада 48 млн-ға жуық халық тұрады, оның 8 млн-ы ғана орыстар. Украин деген ел ешқашан болмаған. Олар Ресейдің көлеңкесі іспеттес. Католиктерді Батысқа, православтарды Шығысқа топтастыру керек немесе Ресейге қосып жіберуге болады» деп араңдатушылық танытып үлгерді. Бұл тартыстың соңы немен аяқталатыны уақыттың еншісінде. Негізі, украиндер жеңісіне сенімім мол, түптің түбінде жеңетініне күмәнім жоқ. Өйткені, рухы асқақ елдің әрқашан дегеніне жететінін ақсақал тарих сан-мың рет дәлелдеген болатын.

- Украина халқы Еуроодаққа ұмтылса, біз аладғы  сәуір айының 17-сінде Еуразиялық одаққа қол қойғалы жатырмыз Нақтылай айтсақ, үш елдің президенттері Мәскеуде бас қосып Еуразиялық одақты жария етпек. Оның соңы бір парламент, бір валюта болуы да мүмкін деген болжамдар бар.

- Кедендік одақтың ақыры, Еуразиялық одаққа алып келетінін сезгенбіз. Өйткені, Ресейдің мақсаты – Қазақстан мен Белоруссияны өз уысынан шығарып алмау. Ресейдің пиғылы белгілі – сол баяғы  Совет одағына ұқсаған империя құру, оны өздері ашық айтып та жүр, аңсайды, армандайды жымысқы саясатын жүргізгісі келеді. Біздің басшылардың соларды қолдайтындықтарын екі дүниеде де түсіне алмайтын шығармын.  Еуразиялық одақ дегеніміз – өзің қазған орға өзің секірумен тең деген сөз. Неге олар (әсіресе, орыстар) Назарбаевтың  Түркияны да одаққа қосайық деген ұсынысын ести сала ат-тондарын ала қашты. Өйткені, Ресейге Түркия секілді бәсекелес керек емес. Абыройы асқақ ел төмендегісі жоқ. Өзінен төмен елге доқ көрсетіп тұру ғана Ресейдің қолынан келеді. Өзінен жоғары АҚШ-қа, Еуропаның елдеріне немесе Жапонияға ол әдісі жүрмейді.

Ресей Белоруссияға немесе Украинаға одақ боламыз десе, тілі де, діні де шекарасы да барлық жағынан келіп тұр. Ал бізге не жоқ, үш қайнаса сорпамыз қосылмайды. Біз одақ болсақ, өзімізге жақын ағайындар: қырғыз, өзбек, түркімен, әзірбайжан, түріктермен жарасады. Тілмашсыз бір-бірімізді түсінеміз, дініміз мұсылман, шекарамыз тиіп тұр. Неге біз геосаяси жағынан да тиімді қарым-қатынастардан қашамыз? Өйткені біздің ел басқарып отырған шенеуніктер құлдық санадан арылмаған. Құлдық қамтын киген, орыссыз өмір сүруді көз алдына елестете алмайтын сорлылар отырғанда біздің тегі бір туыс елдермен жақын байланыста болуымыз мүмкін емес.Биліктегілердің дені қазақша білмейтін рухсыз болғаннан соң, ертең балаларының болашағына алаңдап орысшадан айырылмай отыр. Олардың бойында үрей бар, ертең ел басына қазақтілді басшы келсе, барлық мемлекеттік игіліктерден құр қаламыз деп ойлайды. Оларға салсаң,«ләббай, тақсыр» дегеннен әрі аспайды. Ақша мен лауазымды қызмет берсең, шайтанның да одағына кіріп кетеді. Еуразиялық одақ қазаққа жақсылық әкеледі деп өз басым ойламаймын. Енді қазақ тәуелсіздігінен айырылса, оны қайтадан қалпына келтіруді ойлаудың өзі қорқынышты.

- Оның үстіне ішікі жағдайымыз да ала-құла болып бара жатқан жоқ па? Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұлдың Парламент қабырғасында діни бірлестіктердің ушығып бара жатқандығы туралы дабыл  қаққанын естіген шығарсыз?

- Расында кейінгі уақытта діни ағымдардың шамадан тыс еркінсіп бара жатқандығы ойланарлық жайт. Әрине, біз зайырлы мемлекетте өмір сүргеннен кейін әркім өзі біледі, қай  дінді ұстаймын десе де өз еркі. Бірақ біз 70-80  пайызы мұсылман  болып табылатын елде тұрамыз,  ата-бабамыздан келе жатқан сара жолымыз бар. Ол жолдан ауытқымауымыз керек.

Дін адамның санасынан тыс дүние. Адамның ішкі жандүниесін тазарту үшін, хайуан болмауыүшін, иман әр адамның жүрегінде болуы керек. Содан кейін барып, Алладан үміт күтіп жүресің. Біздің кейбір шаласауат имамдарымыз мешітке барып пітір-садақаңды беріп, Мекке мен Мәдинеге қажылыққа барып келсең, дұға оқысаң мұсылмандық парызың орындалды деп ойлайды, мен онымен мүлдем келіспеймін.

Барлық рәсімдерін бұлжытпай орындап, күндіз бес уақыт намазын оқып, кісіге қиянат жасаса, жала жауып, өсек-ғайбатты бортаса, түнде адам өлтірсе, немесе моншада қыздармен зина жасаса, ондай адамға қарағанда, Құдайға құлшылыққа уақытты жоқ, жүрегі таза, біреудің ала жібін аттамайтын, ешкімге қиянат жасамайтын адам Аллаға бір табан жақын деп ойлаймын. Кезінде Еуропаны Ватикан католик дінімен алақанында ұстаған уақытта, Осман имериясына салық төлеп тұрды, кейін дін өз алдына бөлінген соң, ғылым мен техника шарықтап дамыды. Дінді мемлекеттің істеріне араластырмаған дұрыс, өйткені ол мемлекеттің дамуына кедергі келтіреді. Мұсылман елдеріндегі қақтығыстардан неге сабақ алмаймыз? Осыны да мықтап ойлаған жөн.

- Ал, енді, аға, сіздің шығармашылық әлеміңізге келейік.  Дәстүрлі сұрақ:  не жазып жүрсіз?

- «Өлара» романымның екінші томын жазып қойып едім. Одан кейін «Көрші» деген әңгіме бастап қойдым. Алла өмір берсе, бір жылда жазып шығамын. «Өлараны»  аяқтап тастаймын деген жоспарым бар. Барлығы уақыттың еншісінде. Ой көп, бірақ, оның жүзеге асу жағы тағы бар. Адам адам болғаннан соң, жоспар құрмай отыра алмайсың. Әдебиет те өмір секілді күрес. Біреуді біреу қолдайды, біреуді қолдамайды, жатқан қарама-қайшылықтар. Кезінде Асқар Сүлейменов айтып еді, «былай да ми ашып жүрген қазақтың миына мипалау жасаудың қажеті жоқ» деп. Сол сөздің орайына келтіріп ойымды мына бір мысалмен түйіндейін. 1978 жылы адамгершілігі мол Исламбек Таукенов деген азамат мені көшеде кездестіріп қалып: «Төлен аға, сіздің спектакліңізді көріп, кір жуғыш машинадан шыққандай тазарып келе жатырмыз» дегені әлі есімде. Шын әдебиет те солай – адамның жанын мөлдір суға шомылдырғандай әсер етуі қажет.

Сұхбаттасқан – ЖұмамұратШәмші, тари хғылымдарының кандидаты

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1463
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5321