Дүйсенбі, 23 Желтоқсан 2024
Ақмылтық 2553 20 пікір 27 Тамыз, 2024 сағат 13:43

Біз білетін Тоқаев...

Суреттер: Abai.kz және Sputnik / Павел Бедняков

ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев мырзаның назарына!

Үкімет басқарып тұрған кезінде Асқар Мәмин де, Әлихан Смайылов та президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Көші-қон саясаты бойынша берген тапсырмалары мен нұқауларын өз деңгейінде орындаған жоқ. Өз деңгейінде орындау былай тұрсын, кері кетірді!

Биылғы 20 ақпанда Сенатта өткен Үкімет сағатында Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев: «Оңтүстіктен солтүстікке ерікті түрде қоныс аудару бағдарламасы біз күткен нәтиже бермегенін мойындауымыз керек!», - деді.

Мен Мәулен Сағатханұлының бұл сөзін Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 30 желтоқсанда бекіткен «Қазақстан Республикасы көші-қон саясатының 2023 – 2027 жылдарға арналған тұжырымдамасына» да, одан бұрынғы бағдарламаларға берілген ең ӘДІЛ баға деп есептеймін!

* Сенат демекші, 2023 жылы 19 сәуірде Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитеті мақұлдаған «Халықтың көші-қоны туралы» заңның 20-бабының 5) тармағы Үкімет айқындаған сегіз облыстан басқа тоғыз облыс пен Алматы, Астана, Шымкент – үш қалаға өз бетімен көшіп келіп қоныстанғысы келетін этникалық қазақтардың «Қандас» мәртебесін алуын шектеп тастады;

* Бұрын Халыққа қызмет көрсету оталығынан бес жұмыс күні ішінде оп-оңай беріліп келген «Қандас» мәртебесі енді «Құтты мекен» мобильді қосымшасы арқылы отыз бес жұмыс күнінде берілетін болып, қиындатылды;

* Тамара Дүйсенова Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары әрі Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болып тұрған кезінде Заңға енгізілген «Ата жолы» картасына байланысты, «Ата жолы» картасын алған этникалық қазақтардың құқықтары мен міндеттері Заңмен бекітілмеген болып шықты;

Қытайда тұратын қазақтар тағы да саяси қысымға ұшырап, ондағы қазақ зиялылары топ-тобымен қамаққа алына бастады...

Бұл мәселелдер БАҚ-та толассыз көтеріліп келеді. Президентке, Парламентке, Үкіметке, министрліктерге жазылған хаттарда есеп жоқ.

Қысқасы, алдыңғы екі Үкімет Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қасиетті парызын» ҚАСЫРЕТКЕ айналдырып жіберуге тырысып бақты!

Сурет туиттер скрині

Өз басым Көші-қон саясаты осы шулы күйінде қала береді деп ойламаймын.

Ерте ме, кеш пе, Олжас Бектенов басқаратын Үкімет бұл саланы қайта қолға алып, көші-қон үрдісін реттеуге арналған заңдарды қайта қарайды деп сенемін.

Сондықтан, алдағы жерде қатысты заңдар Парламентте қайта қаралып жатса, бұл саладағы кемшіліктерді түзету үшін ұсыныстар беруіміз керек қой.

Ол үшін осы салаға жауапты министрлік өкілдерімен кездесіп, түйткілді түйіндерді олардың назарына салуымызға тура келеді.

Осы мақсатпен, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Әсетұлы Бақаев мырзаға хат жазып, қабылдауын сұраған едік.

14 тамызда Әлібек Бақаев емес, оның орнына СІМ Консулдық қызмет департаментінің директоры Ақатаев Бауыржан Рымқанұлы қабылдады.

Айтар жоқ, Бауыржан Рымқанұлы өте жылы қабылдады. Қасында Консулдық қызмет департаментінің бірінші хатшысы Бауыржан Сапарбаев бастаған тағы үш қызметкер болды. Еркін отырып, бір сағаттан артық уақыт ашық әңгімелестік.

Консулдық қызмет департаментінің директорымен әңгімені сұрау қоюдан бастадық.

Сурет Ауыт Мұқибектің жеке мұрағатынан алынды.

Ауыт Мұқибек:

Құрметті Бауыржан Рымқанұлы, жақында Астанада ШЫҰ-ның кезекті саммиті өтті. Осы Саммит қарсаңында, Қазақстанға ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин мемлекеттік сапармен келді. Қытай мен Қазақстан арасында отызға жуық құжатқа қол қойылды. Айтыңызшы, осы Қытай мен Қазақстан арасындағы жоғары дәрежедегі келісімдер барысында, Сіздер жағынан Қытайдағы этникалық қазақтардың тағдырына қатысты мәселе кетерілді ме?!

Бауыржан Рымқанұлы:

– Мен ол келісімдерге қатынасқан жоқпын, білмеймін!

Ауыт Мұқибек:

Онда мен бұл сұрақты құбылтып, басқа қырынан қояйын Сізге. Өзіңіз жақсы білесіз, 2017 жылдан бері Қытайдағы этникалық қазақтар саяси қысымға ұшырап келеді. Бұл жөнінде Сіздер толық хабардарсыздар. ШЫҰ-ның саммиті қарсаңда манағы отызға жуық келісімнің жобасы кемінде жарты жыл талқыланған болуы керек... Ендеше, осы келісімидердің жобасы дайындалып жатқан кезде, СІМ Консулдық қызмет департаментінің директоры ретінде, Қытайдағы этникалық қазақтардың тағдырына қатысты Сіз өз тарапыңыздан қандай ұсыныстар бердіңіз?! 

Бауыржан Рымқанұлы:

– Мемлекеттік саясатты Президент жүргізеді. Біз Президенттің саясатын орындаймыз!

Ауыт Мұқибек:

Құрметті Бауыржан Рымқанұлы, дұрыс қой, мемлекеттік саясатты Президент жүргізеді. Бірінші, Президенттің өзінің саясаты бар. Екінші, Президент Сіздер арқылы ақпараттар алады да, сол ақпараттардың негізінде өз саясатын белгілейді. Осылайша, мемлекеттік саясат қалыптасады...

Бауыржан Рымқанұлы:

– ...

Сыртқы істер министрлігі Консулдық қызмет департаментінің директоры Бауыржан Ақатаев мырзамен болған әңгімеміз осылай басталды.

Көріп отырсыздар, ШЫҰ-ның саммиті қарсаңда жасалған келісімдер аясында Қазақстан тарапынан Қытайдағы этникалық қазақтардың тағдырына қатысты мәселе мүлде көтерілмеген. Ұмыт қалған. Ешкім елемеген...

Егер, «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тәуелсiздiгi туралы» заңның 8-бабындағы «Қазақстан Республикасы Республика шегiнен тыс жерлерде тұратын қазақтардың ұлттық-мәдени, рухани және тiлдiк қажеттерін қанағаттандыруға қамқорлық жасайды, олар азаматы болып отырған мемлекеттермен жасалған шарттар негiзiнде бұл азаматтардың мүдделерiн қорғайды», - деген норманы негіз ете отырып, екі ел арасындағы келісімдердің жобасы жасалып жатқан кезде Сыртқы істер министрлігі тарапынан Президентке Қытайдағы этникалық қазақтардың тағдырына қатысты ұсыныс берілгенде, «Қай мемлекетті мекен етсе де, қазақтың бір ғана тарихи Отаны бар, ол – Қазақстан. Сондықтан біз шетелде тұратын бауырларымызды қолдауға қашанда баса мән береміз...», - деген сөзді Қасым-Жомарт Кемелұлы ол ұсынысты ешқашан шетке қақпайтын еді!

Біз білетін Тоқаев сонау Сыртқы істер министрі болып тұрған кезінен бері шекара сыртында қалған қандастарына өзінің қамқорлығын аямай жасап келе жатқан тұлға.

Қасекеңнің қандастарына жасаған өзім білетін қамқорлықтарын мен Сіздерге шетінен тізіп айтып берейін.

Мысалы, «ҚР Салық кодексiнің» 628-бабына сай, Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ адамдар Консулдық алым төлеуден босатылған.

Бұл норманың Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі болып тұрған кезде енгізілгенін біз өте жақсы білеміз.

Бұл туралы ақын Алмас Ахметбекұлы «Егемен Қазақстан» газетіне берген «Көк ту – азаттық рухы» атты сұхбатында: «2004 жылы шетелде тұратын ұлты қазақ адамдарға Қазақстанға келу үшін ресімделетін виза тегін берілсін (консулдық алымдардан босатылсын) деген қаулы шықты. Қаулыға қол қойған сол кездегі Сыртқы істер министрі Қасым-Жомарт Тоқаев еді. Ал оған хатпен ұсыныс жасаған біз едік...», - деп еске алады.

Қасекеңнің қандастар үшін жасаған тағы үш қамқорлығын айтайын.

Бұрын Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны, салық салу және еңбек заңнамасы саласындағы құқық бұзушылық үшін әкімшілік жауаптылыққа тартылған жағдайда, қандастарымыз бен этникалық қазақтарды да бес жылсыз Қазақстанға орала алмайтын етіліп, келген еліне шығарып жіберетін.

Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұруға рұқсат алған және тұрақты тұруға рұқсат берілген күннен бастап ретімен келетін кез келген он екі айлық кезең шегінде күнтізбелік бір жүз сексен үш күннен атық шетелде тұрған этникалық қазақтар мен олардың отбасы мүшелерінің  «Ықтиярхатының» күші жойылатын...

2019 жылы Президенттің қабылдауына кірген кезімде осы мәселені де көтердім.

Қасым-Жомарт Кемелұлының тікелей тапсырмасымен «Халықтың көші-қоны туралы» заңының 49-бабының 17) тармағына «осы баптың бірінші бөлігінің 13 және 14-1) тармақшаларының күші қолданылмайды» деген норма енгізіліп, шеттен оралған ұлты қазақ азаматтар аталған екі ауыр жазадан құтылды.

Сол қабылдауда Қасым-Жомарт Кемелұлына тағы 18 қарашаны «Ұлттық көші-қон күні» деген атпен атаулы күндердің тізбесіне енгізу туралы ұсыныс жасадым.

Қасекең бұл ұсынысымды да жерге тастаған жоқ. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің VI отырысында осы мәселеге ерекше тоқталып, «Ұлы көш 1991 жылы басталды. Бұған Елбасының тапсырмасымен Қазақ КСР Министрлер Кабинеті қабылдаған №711 Қаулы ресми түрде жол ашты. Бұл құжат 1991 жылғы 18 қарашада қабылданды. Көп ұзамай Елбасы «Алыста жүрген ағайынға ақ тілек» атты жолдауын жариялап, шеттегі қандастарымызды елге шақырды. Соның нәтижесінде бір жарым миллионнан астам қазақ Отанына оралды. Бүгінде олар егемен елімізді өркендетуге өз үлесін қосуда. Солардың ішінде Ауыт Мұқибек және тағы басқа қоғам қайраткерлері ұлы көштің тарихи рөлін ескеріп, арнайы күн белгілеу қажеттігін айтып жүр. Үкіметке осы тарихи датаны атаулы күндер тізбесіне қосу мәселесін жан-жақты қарастырып, тиісті ұсыныс енгізуді тапсырамын», - деді.

Өкінішке орай, Әлихан Смайлов Президенттің бұл тапсырмасын орындаған жоқ!..

Мұның бәрі жай сөз емес, Қасекеңнің қиырдағы және Атажұртына оралған бауырларына тікелей өз қолымен жасаған жақсылықтары мен қамқорлықтары.

Біз Қасым-Жомарт ағаның бұл жақсылықтары мен қамқорлықтарын ешқашан ұмытқан емеспіз және айту мен жазудан жалығып көрген жоқпыз!

Демек, Министрліктер жағынан Президентке көші-қон саясатына, қандастарға қатысты дұрыс ақпарат жетпейді және тиімді ұсыныстар жасалмайды.

Егер, жетсе, жасалса, біз білетін Тоқаев ол ақпараттар мен тиімді ұсыныстарға ешқашан бейжай қарамайды. Оңтайлы шешу, жүзеге асыру туралы бірден тапсырма береді.

Реті келіп тұрғанда айта кетейін, Ақордада Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі – Президенттің Баспасөз хатшысы Берік Уәли мырзаның қабылдауында болып, аты шулы 20-баптың 5) тармағын алып тастау туралы ұсынысымды қолына беріп, оған «Құрметті Ауыт Мұқибек! Сіздің хатыңызда көтерілген мәселелер ұсыныс ретінде енгізілетінін хабарлаймыз» деген жауап алғаныма, міне, тоғыз айдың жүзі болды.

Шамасы, сол Берік Уәли мырзаның өз қолына ұстатқан хатым Қасым-Жомарт Кемелұлына жеткен жоқ!

Жетсе, баяғыда шешім табар еді...

Әуелгі сөзімізге оралайық.

Сөйтіп, Сыртқы істер министрлігі Консулдық қызмет департаментінің директоры Бауыржан Ақатаев мырзамен болған кездесуімізде осы әңгіменің бәрі айтылды.

Тіпті, 2015 жылы біздің ұсынымызға сай, бір ауыз қазақша білмейді деп жұрт жабыла сынайтын Ерлан Ыдырысовтың ықпалымен шеттен келетін ұлты қазақ адамдарға үш жылға көп мәртелі виза беру тәртібі енгізілгенін де қалдырмай, атап өттік...

Оны қойып, Қытай мен Қазақстан арасындағы бір айлық визасыз тәртіп туралы да сөз қозғадым.

Шамасы, екі ел арасында бір айлық визасыз тәртіп енгізу – Қытай тарапынан болған ұсыныс. Оған біздің Еліміз бірден келісім беріп, визасыз тәртіпті іске асырды.

Қытай мұндай ұсынысты Қырғыз Республикасына да қойғаны белгілі.

Бірақ, қырғыз ағайындар бірден «ЛӘППАЙ, ТАҚСЫР!» дей салмаған. Олар Гонконг пен Макао ерекше әкімшілік райондардың тұрғындарына, сосын АКШ-қа, Англияға және Еуропа одағына визасы бар кытай азаматтарына ғана Қырғызстанға жеті күнге визасыз кіруге келісім беріпті деп естідік.

Қысқасы, қырғыз туғандар Қытай билігіне осындай талап қоя алған және ол талабына қанішер империяны көндіре де білген...

Иә, Ұлтқа деген жанашырлық ниет болса, бәрін жасауға болады!

Тоқаев пен Ыдырысов жасаған дүниеді Мұрат Нұртілеу жасай алмайды дегенге өз басым сенбеймін. Бер жағында отырған Әлібек Бақаев, Бауыржан Ақатаев секілді жігіттер біздің ұсыныстарымызды Министрдің назарына ұсынса, Министр Президентке жеткізсе, тағы қайталап айтайын, Қасым-Жомарт Кемелұлы оған бейжай қарамас еді. Бәрін оң шешер еді.

Мәселе, көріп отырсыздар, жеткізбей желкесін қияды емес пе?!

Бұл бір ғана Сыртқы істер мининстрлігіне ғана емес, Көші-қонға қатысты барлық министрліктерге қаратылған сөз. Әсіресе, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне...

Сонымен, лекция оқып отыра беретін емес, Консулдық қызмет департаментінің директоры Бауыржан Ақатаев мырзамен кездесудедің соңында ЕКІ ҰСЫНЫСЫМДЫ ортаға қойып, алдағы жерде көші-қон үрдісін реттеуге арналған заңдар қайта қаралып жатса, министрлік тарапынан қолдап беруін өтіндім.

Ол – Елімізге Қытайдан визасыз тәртіппен бір айлық мерзімге келген ұлты қазақ адамдарға Қазақстаннан бірден үш жылға дейінгі көп мәртелі виза беру тәртібін енгізу;

Екінші – «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тәуелсiздiгi туралы» заңның 8-бабының «Қазақстан Республикасы Республика шегiнен тыс жерлерде тұратын қазақтардың олар азаматы болып отырған мемлекеттермен жасалған шарттар негiзiнде бұл азаматтардың мүдделерiн қорғайды.» деген бөлігін «Халықтың көші-қоны туралы» заңының 10-бабындағы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің және Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелерінің құзыретіне де қосу...

Ауыт Мұқибек

Abai.kz

20 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1970