Девальвацияны үш мәрте бастан өткерген Қазақстанның төл теңгесi қазiргi құнын қанша уақытқа дейiн ұстап тұра алады? Сарапшылар бiр доллар үшiн 185 теңге болып белгiленген бағамды артық қормен жасалды деп есептейдi. Десек те бұл теңге алдағы жылдары құнсызданбайды дегенге кепiлдiк бола алмайды. Сарапшы Айдар Әлiбаев елiмiз нақты өндiрiс орындарын ашып, өнеркәсiптi жолға қоймайынша, теңге араға белгiлi бiр мерзiм салып қайта құнсызданады деп есептейдi.
Девальвацияны үш мәрте бастан өткерген Қазақстанның төл теңгесi қазiргi құнын қанша уақытқа дейiн ұстап тұра алады? Сарапшылар бiр доллар үшiн 185 теңге болып белгiленген бағамды артық қормен жасалды деп есептейдi. Десек те бұл теңге алдағы жылдары құнсызданбайды дегенге кепiлдiк бола алмайды. Сарапшы Айдар Әлiбаев елiмiз нақты өндiрiс орындарын ашып, өнеркәсiптi жолға қоймайынша, теңге араға белгiлi бiр мерзiм салып қайта құнсызданады деп есептейдi.
– Айдар Байдәулетұлы, Ұлттық банктiң төрағасы Қайрат Келiмбетов ресейлiк “Огонек” журналына берген сұхбатында жарты жылдың iшiнде теңгенiң бұрынғы бағамын ұстап тұру үшiн 6,4 миллиард доллар жұмсалғанын, сондықтан девальвация мәжбүрлi шара болғанын айтты. Бұл расында да солай ма, әлде одан қашып құтылудың жолы бар ма едi?
– Жоқ, одан қашып құтыла алмайтын едiк. Бұл – осымен теңгенiң үшiншi мәрте девальвацияға ұшырауы. Алғашқы екi құнсыздану әлемдiк дағдарыс кесiрiнен болды деп, оның себептерiн сырттан iздедiк. Ал қазiргiсiне Ресей рублiнiң қысымы болмаса, басқа сыртқы факторлар әсер еткен жоқ.
Өз басым девальвацияның бiрнеше себебiн атап өтер едiм. Бiрiншiден, Ресей рублiнiң құнсыздануы. Бұл бәрiбiр теңгеге әсер етпей қоймайды. Екiншiден, әдетте теңгеге мұнай бағасы әсер ететiн. Қазiр қара алтынның бағасы тұрақты, баррелiне 100 доллардан артық. Сондықтан мұнай факторы да жоқ. Дегенмен теңгеге бұл жолы тау-кен металлургиялық өнеркәсiп секторындағы шикiзат бағасының төмендеуi әсер еттi. Металдың әлемдiк нарықтағы бағасы арзандады.
Тағы бiр себеп – мемлекетте ақшаның тиiмсiз жұмсалуы. Мұнайдан түскен табыс, бюджет қаржысы, халықтан салық ретiнде жиналатын алым-салым көп-көрiм болғанымен, бұл ақшаға зауыт-фабрикалар салынбады. Бiз ештеңе өндiрмеймiз. Олай болса, теңгенiң құнын толтыратын ештеңе жоқ. Оның құны жоқ, ол бос, былайша айтқанда тек долларға байлаулы мұнай теңгелерi. Мұнай бағасына тәуелдi мұнай теңгелерi десек те болады. Өнеркәсiп және тұтынушылық тауарлар, қызметтер, азық-түлiк түрiндегi нақты бағасы жоқ.
Өзге дамыған елдерге экономикалық дағдарыс нелiктен онша ауыр тимейдi? Себебi олардың экономикасы мықты. Ал мықты экономика деген не? Бұл өз елiн өнеркәсiп, өндiрiс тауарларымен қамти алатын, өз елiн киiндiретiн, өз елiн тамақтандыруға қабiлеттi экономика. Бiзде мұның бiрi де жоқ. Сондықтан теңге әлсiз.
Соңғы он жылдың iшiнде юаньнiң долларға қатысты құны отыз пайызға күшейдi. Он жыл бұрын 100 доллар үшiн 805 юань берсе, қазiр 600 юань санап бередi.
Тайланд баты туралы да осыны айтуға болады. Бес жыл бұрын баттың құны бiр доллар үшiн 42-43 бат болса, қазiр ол 31-32 батқа жеттi. Нелiктен? Былай қарағанда, Тайландтың ешқандай шикiзаты жоқ. Қытайда шикiзат бар болғанымен, ол елдiң тұтыну көрсеткiшi жоғары, сондықтан шикiзатты сырттан сатып алады. Шикiзаты жоқ немесе тапшы елдердiң өзi валюталарын нығайта алды. Себебi бұл елдердiң өндiрiсi жолға қойылған,өз өнеркәсiбi бар. Бүкiл тұтынушылық қажеттiлiктерiн өздерi өтейдi. Қытай өз қажеттiлiктерiн былай қойғанда, әлемнiң жартысын киiм-кешек, басқа да тауарлармен қамтамасыз етiп отыр. Валютасы сондықтан мықты.
Девальвацияның тағы бiр себебi – Ресей рублi әлсiрегендiктен, бiздiң экспортерлер ұтыла бастады. Олардың бүкiл әрекетi арзандады деген сөз. Ал бiздiң елде экспортерлер мүддесi алдыңғы орынға қойылады. Экспортерлердi қолдау үшiн де девальвация жасалды. Оларға мықты теңге тиiмсiз.
– Ақшаны оңды-солды шашу, тиiмсiз жұмсауды құнсызданудың бiр себебi ретiнде айттыңыз. Бұл ретте мемлекеттiң бюрократиялық аппараты туралы сөз болып отыр ма?
– Мемлекеттiк имидждiк жобаларға көп ақша жұмсайды. Азиада, Экспо, тағы да басқа шараларға кететiн шығын шаш етектен. Бұл бiзге табыс әкелмейдi, керiсiнше, iс-шара аяқталған соң сол қондырғылар мен құралдарды ұстап тұру үшiн де ақша кетедi.
Елдегi бюрократиялық аппарат та тым үлкен. Министрлiктер, әкiмдiктер, мемлекеттiк компаниялар, “Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қорында қызмет етiп жүрген жүз мыңдаған адам бюджет есебiнен қаржы алады. Күштiк құрылымдар, әскер да солай. Олардың ешқайсысы ештеңе өндiрмейдi. Тек мемлекет есебiнен жақсы қаржы алып күн көрiп жүр. Бар өндiретiнi – қағаздарға жазылған жобалар, пайдасыз конференциялар.
– Демек, бұлай жалғаса берсе, алдағы жылдары да девальвациядан көз ашпайтын шығармыз?
– Иә, девальвация бола бермек. Бiрақ оның нақты мерзiмiн, араға қанша жыл салып теңге қайта құнсызданатынын тап басып айта алмаймын. Қазiр девальвация артық қормен жасалды. Осы қор теңгенi бiрнеше жыл бойы деальвацияламай, бейқам өмiр сүруге мүмкiндiк бередi. Әрине, мұның өзi мұнай құны төмендемеген жағдайда ғана мүмкiн нәрсе. Ал егер мұнай 70-60, тiптi 50 долларға дейiн құлдыраса, бiздi тағы да девальвациялық процестер күтiп тұр.
Десек те елде зауыт, фабрикалар жоқ болғандықтан, бәрiбiр девальвация бола бермек. Ал қазiргi саяси режимде зауыт, фабрикалар салынбайды. Себебi мұның тәуекелдерi тым көп. Жемқорлық көрсеткiшi жоғары, оның үстiне бөлiнген қаржы талан-таражға түседi. Демек, тығырықтан шығарар жалғыз жол – саяси өзгерiстер. Бiзге тәуелсiз соттар, әдiлеттi жолмен сайланған парламент, халыққа және парламентке есеп беретiн министрлер керек. Шенеунiктердiң халық алдындағы жауапкершiлiгi болуы керек. Шенеунiктер бағдарламаны қалай орындады, бюджет қаржысын қалай жұмсады, сол үшiн жауапкершiлiктi атқарып, парламент алдында есеп беруi тиiс.
Бұлай болмайынша, бiздiң экономика девальвациялық бола бередi. Девальвация осы экономиканың мазмұны болып тұр.
– Теңге девальвациясынан кейiн халықтың салымдары, оның iшiнде зейнетақы салымдары да құнсызданды. Бұдан шығудың қандай жолы бар?
– Иә, жұрттың зейнетақы салымдары, банктегi депозиттер, жастықтың астына жасырған жиған-тергенi, жалақысы құнсызданды. Оның үстiне бәрi сырттан әкелетiндiктен, тауарлар бағасы да өседi. Халықтың сатып алу қабiлетi төмендедi. Былай қарағанда, зейнетақы шоттарында жатқан халықтың салымы теңгемен сақталғандықтан ол сол күйiнде жатқан сияқты. Десек те ол қаржының құны төмендедi. Мұны ендi өтейтiн нақтылы мүмкiндiктер де жоқ.
Мұндай жағдайда тығырықтан шығудың жалғыз жолы – жұмыс берушiлер жалақыны 20 пайызға көтерсе, мұның септiгi тиер едi. Бiрақ оны бәрi бiрдей жасай бермейтiнi түсiнiктi.
Мұндай жағымсыз үрдiстердiң iшiнде көңiл жұбататын жалғыз нәрсе – бәрiбiр шикiзат ресурстарының арқасында теңгенiң әйтеуiр бiр құны бар. Шикiзаты жоқ посткеңестiк мемлекеттермен салыстырғанда бiздегi жалғыз жағымды нәрсе – осы шикiзат болып тұр.
– Әңгiмеңiзге рақмет!
Әңгiмелескен
Елнұр БАҚЫТҚЫЗЫ.
"Жас Алаш" газеті